8 наурызда Алматыда әйел құқығын қорғауға арналған митинг өтті. Жергілікті билік шараны Ганди саябағында өткізуге рұқсат берді. Бұл – қалалық мәслихат бейбіт жиын өткізуге бөлген орындардың бірі. Саябақ ішіндегі 200 адамға арналған алаңға, құқық қорғаушылардың есебінше, әйел құқығын қолдауға 1000-ға жуық адам жиналды.
Жыл өткен сайын әкімдік фем-белсенділерді Алматының шетіне қарай ығыстырып жатыр: Ганди атындағы саябақ орталықтағы Республика және Астана алаңдарынан бес шақырым қашықта.
Әйелдерді қорғау мақсатындағы алғашқы шеру (әкімдіктің келісімінсіз) үш жыл бұрын – 2020 жылғы 8 наурызда болды: ол кезде 50 шақты қыз Жібек жолы және Панфилов көшелерімен жүріп өткен еді.
Ал 2021 жылы әйел құқығына арналған шеруге 500-ден астам адам жиналды: митингіге қатысушылар Ганди саябағынан Ұлттық ғылым академиясына дейін жүріп өтті. Шеру кезінде билік өкілдері Шевченко көшесінің бес шақырымға жуық бөлігін жауып тастады. 2022 жылы Алматы әкімдігі әйелдер шеруіне рұқсат бермеді. Бірақ Шевченко көшесінің бойындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында митинг өткізуге орын бөлді. Мыңға жуық адам әйел құқығы туралы пікір білдіруге келді.
2023 жылы билік феминистердің шеру өткізу туралы өтінішін тағы да қанағаттандырмады. Митингіге белсенділер наразылығынан соң ғана рұқсат берді. Оның өзінде Махатма Ганди атындағы саябақтан 200 адамға арналған алаң ғана бөлді. Сахна алдындағы шағын алаңға жиналғандардың бәрі сыйған жоқ. Көпшілік алдына шығып пікір білдіріп, ұрандатып жатқан қатысушылар сөз арасында "газонды баспаңыздар" деген өтініш айтып тұрды. Саябақ іші митинг өткізуге қолайсыз: ағаш көп, халық жиналатын ашық кеңістік аз.
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль жылдан-жылға феминистік акцияға қатысушылар саны артып келе жатқандықтан, билік әйелдер шеруіне рұқсат бермей отыр дейді.
– Көбі "Әкімдіктен неге рұқсат сұрауымыз керек?" дейді. Біріншіден, өз сөзіміз бен хабарламаларымызда шараны әкімдіктің рұқсатымен өткізіп жатқанымызды жоққа шығарамыз. Жай ғана билікке ескертіп, шеру өткізуге қолдау көрсетуін талап етеміз. Бізге рұқсат емес, қауіпсіздік керек, өйткені, билік былай тұрсын, шеруге қарсы адамдардың өзінің шамына тиетін өзекті мәселелерді көтереміз. Сондықтан бар ойымыз биліктен рұқсат алу емес, жиналғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді Татьяна Чернобиль.
– Әкімдіктің шарты бойынша, митингіге 200 адамнан көп жиналмауы керек еді. Мыңға жуық қатысушы келгені үшін жауапқа тартылатын шығармыз. Бірақ келгендерді қуып жібере алмадық, адамдар өзі жиналды. Әкімдікке 8 наурыз туралы жазбамыз 1000-нан астам лайк пен пікір жинағанын айтқанбыз. Көп адам келетіні белгілі еді. Әкімдік өкілдері адам саны асып кетсе, митингіні тоқтатамыз деді. Бірақ халық көп болса да, ешкімді қуып жатқан жоқ, – деді белсенді Фариза Оспан.
Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бақылап тұрды. Олар саябақ ішінде митингіге қатысушылардың айналасында жүрді. Халықтың арасынан азаматтық киімдегі қызметкерлерді ажырату мүмкін болмады. Олар жиналған жұртты таратуға тырысқан жоқ.
Митинг перформанстан басталды: фем-белсенді Мөлдір Албан сахнаға ақ түсті киім киіп шықты, екі қыз әйелдердің басынан өтіп жатқан зорлық белгісі ретінде матаның үстіне "қанды із" қалдырды.
– Жыныстық зорлық – қабылданған термин. Кейінгі жылдары осы термин қолданыла бастады. Өйткені бұл – келісім арқылы болатын жыныстық қатынастан бөлек нәрсе. Бұл қылмыста жыныстық сипат жоқ. Сондықтан терминді жыныстық сипаттағы деп өзгертті, – дейді Татьяна Чернобиль.
Биыл алдыңғы жылдармен салыстырғанда ерлер көп болды. Олардың біразы плакат ұстап келді.
Биыл алдыңғы жылдармен салыстырғанда ерлер көп болды. Олардың біразы плакат ұстап келді.
Сахнаға фем-белсенді Жанар Серкебаева шықты:
– Қазақстан халқының жартысын құрайтын әйелдер неге азшылық саналады? Біз неге өзімізді, денеміздің еркіндігін қорғайтын заң қабылдай алмаймыз? – деген Жанардың сұрағын жүздеген дауыс қолдай кетті. – Неге түнде көшеге шығуға қорқамын? Жұдырығыма пәтердің кілтін түйіп алып, қашанғы жүремін? Өмірім үшін қашанғы қорқамын? Жігіттер зорлықтан бір-ақ рет әскерде болған кезде ғана қорқады. Ал мен әйел ретінде туғаннан осы қорқынышпен өмір сүремін!
Митингіге қыздардың көбі ұлттық стильде киініп, әшекей бұйымдар тағып келді. Мұның да өз мәні бар: жастар этностық дүниетанымын сақтап, Украинадағы соғысқа байланысты жиі айтылып жүрген деколонизация процесінен бұрын дәстүрлі мәдениетті заман ағымына сай бейімдеп, қолдануға тырысып жатыр.
Бейбіт жиында соғысқа қарсы символдар мен пікірлер де болды: митингіге қатысушылар Ресей әскері оккупациялаған аудандардағы қаза тауып, жапа шегіп жатқан украин әйелдерінің жайына назар аударуды талап етті.
Дәстүрге сүйеніп, әйелді екінші санаттағы адам көретін, тұрмыстағы зорлық мәселесін жасырып, зорлық көрген әйелдердің өзі ашық киінген деп кінәлайтын патриархал түсінікті сынаушылар да көп кездесті.
Белсенді Жанар Серкебаева әйелге қарсы жасалатын қылмыс саны өршіп тұрғанын еске салды.
– Дина Таңсәрі ("НеМолчи.kz" қоғамдық қорының басшысы – ред.) жіберген ақпаратты оқып берейін: әлі айдың ортасы болған жоқ, бірақ наурыздың басынан бері 244 әйел қордан көмек сұраған. Бір әйел өлген, үшеуі өлім аузынан қалған, біреуінің денсаулығына ауыр зиян келген, екі әйел зорланған, екеуін интим суреттеріңді жариялаймын деп қорқытқан. Қашанғы төзуге болады? Мұндайға жол бермеуіміз керек!
"ҚазФем" тобының белсендісі, отбасындағы зорлық туралы "Есепке алынады" жобасының негізін қалаушы Вероника Фонова билікке "Бізге сөйлеуге тыйым саласыңдар, ал зорлықшыларға шара қолданбайсыңдар" деді.
Митинг екі сағатқа жалғасты. Кейін жиналғандар біртіндеп тарай бастады. Билік митингіге қатысушылардың талаптарына құлақ аса ма, жоқ па, белгісіз. Алдағы акцияларда марш өткізуге рұқсат беріле ме деген сұраққа да ешкім нақты жауап айта алмайды.