БӨЛІМШЕГЕ ШАҚЫРУ, ТІНТУ ЖӘНЕ ТЕЛЕФОНЫН ТАРТЫП АЛУ
Жекеменшік құрылыс компаниясының құрылтайшысы әрі басшысы, кәсіпкер, көп балалы әке Абайбек Сұлтанов бір апта бұрын қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған.
44 жастағы кәсіпкер тергеуге алынғаны туралы тамыздың 13-і күні білген. Содан бір күн бұрын ол Алматы қалалық полиция департаментіне шақырту алған. Таңертең полиция департаментіне барған Сұлтанов өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын тергеуші Толғанай Ержановадан естіген.
- Тергеуші іспен таныс деп маған қағаздар берді. Бірінші парағын ғана қарадым. Қолыма бергені қаулы болды ғой деймін. Құжатта менің суреттерім, төлқұжатымның көшірмесі бар екен. Онда мені әлдебір экстремистік ұйымның белсенді мүшесі деп жазыпты. "Мынаны біреу жазған ғой, сол үшін қылмыскер боп шықтым ба?" деп сұрадым, - дейді Сұлтанов.
Сұлтановтың ісінде аталған ұйым – 2009 жылдан бері шетелде тұратын, Қазақстан билігін сынаушы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы. Өткен жылы наурыз айында астаналық сот "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.
Мені әлдебір экстремистік ұйымның белсенді мүшесі деп жазыпты. "Мынаны біреу жазған ғой, сол үшін қылмыскер боп шықтым ба?" деп сұрадым.
Тергеушімен әңгімеден кейін Абайбек Сұлтановты тінту басталған. Кәсіпкердің айтуынша, полиция оның департамент ғимаратына кіреберісте қалдырған телефонын мөр басылған қаптамаға салып, бұл процесті видеоға түсірген. Бұдан кейін қала сыртындағы Сұлтанов әйелі және төрт баласымен (кенжесі екі жаста) бірге тұратын үйді тінтуге барған.
- Ескі 26 [компакт] дискіні тәркіледі. Қазір ондай дискілерді ешкім қолданбайды ғой деймін. Мен тіпті оларда қандай ақпарат барын да білмеймін. Мүмкін үйде түсірілген видеолар немесе фильмдер жазылған шығар. Дискілерді үйдің шатырындағы бөлмеден тапты. Әйелімнің флешкасын да алып кетті. Ескі компьютер олардың қаптамасына сыймаған соң, қатқыл дискісін шешіп, тіркеп алды. Кетерінде оларға қалтама артық зат салып жібермегендері үшін алғыс білдіріп, телефоныма бөтен ақпарат жүктемейді деп үміттенетінімді айттым, - дейді тергеу қалай жүргенін еске алған Абайбек Сұлтанов.
"АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫМДЫ БІЛДІРГІМ КЕЛДІ"
Абайбек Сұлтанов полицияның назарына "билік рұқсат етпеген митингілерге қатысқаным үшін іліндім" деп санайды. Алматылық кәсіпкер - маусымның 9-ы күні ұсталған бірнеше мың азаматтың бірі.
Батыс бақылаушыларының бағалауынша, биыл Қазақстанда алғаш рет президент сайлауы елді отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткен кезде көптеген заңбұзушылық тіркеліп, үкіметке қарсы акцияға шыққан азаматтар жаппай ұсталған. (Ішкі істер министрлігінің дерегінше, маусымның 9-12 күндері аралығында Алматы мен Нұр-Сұлтанда өткен наразылықтар кезінде төрт мыңға жуық азамат ұсталып, 700-і тұтқындалған, 300 адамға айыппұл салынған.) Абайбек Сұлтанов 6312 теңге (16 долларға жуық) көлемінде айыппұл төлеген.
Шілденің 6-сы, Астана күні мерекесін тойлау кезінде Алматының орталық алаңындағы жаяу жүргінші жолында тұрған Сұлтановты полиция ұстап, аудандық полиция бөлімшесіне апарған. Сұлтановпен бірге бөлімшеге басқа ондаған адамды жеткізген.
- Бізді түнгі сағат 1:00-де әкімшілік сотқа апарды. Полиция өкілдерінің сөзінен біздің ісіміз бойынша жаза кесуге жеткілікті дерек болмаған деп түсіндім. Түнгі сағат екінің шамасында бізді босатты, - дейді Сұлтанов.
Алматыда полиция жүзге жуық адамды ұстады. 6 шілде 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Абайбек Сұлтановты өткен жылы да бірнеше рет ұстаған. Оның барлығында полиция кәсіпкерді "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы митинг өтетін орын деп алдын ала атаған жерлерден әкетіп отырған. Сұлтанов ол қозғалысқа қатысы жоғын, митинг туралы ақпаратты интернеттен алғанын, наразылық акциясына Конституцияда жазылған бейбіт жиын өткізу құқығын пайдалану үшін барғанын айтады.
"БҰЛАЙ ӨМІР СҮРУГЕ БОЛМАЙДЫ"
Абайбек Сұлтанов биыл шілде айының соңында отбасымен бірге демалуға Қырғызстандағы Ыстықкөлге бармақшы болған. Бірақ Жамбыл облысындағы Қордай шекара бекетінде оған қылмыстық іс бойынша шетелге шығуға тыйым салынғанын айтып, Сұлтановты Қазақстаннан шығармаған. Бірнеше аптадан кейін Абайбек Сұлтанов Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Сот шешімімен қызметіне тыйым салынған немесе экстремизм, терроризммен айналысқаны үшін жұмысы тоқтатылған қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның қызметін ұйымдастыру не оған қатысу") бойынша тергеуге алынғаны туралы естіген.
Қазір Сұлтанов адвокат іздеп жүр. Өз күшіне ғана сеніп үйренген кәсіпкер басқа адамнан көмек сұрауға дағдыланбағанын айтады.
Абайбек Сұлтанов жеке кәсібін 30 жасқа толмай бастаған. Оның шағын құрылыс фирмасы соңғы он бес жылда қиын-қыстау кезеңді де басынан өткерген. Сұлтанов өзі басқаратын кәсіпорын атынан сотқа бірде-бір шағым түспегенін, компанияға қарсы ешқандай іс қозғалмағанын, тиімді тапсырыстар алу үшін "көкелердің қамқорлығын" пайдалануға келіспегенін айтады. Жеке кәсібін ашқанға дейін Абайбек Сұлтанов құрылыс саласы бойынша арнаулы орта білім алған, кейін заңгер мамандығын алып, кәсіби жұмыс істегісі келген.
- Заң факультетін қызыл дипломмен бітірдім. Полиция қызметкері болуға талпынып көрдім. Ішкі істер министрлігінің аудандық бөлімшелерінің бірінде тағылымдамадан өттім. Ондағы жағдаймен жақынырақ таныстым. Алла мені құқық қорғау саласындағы қызметтен сақтап қалды, - дейді ол.
Құрылыс саласында жұмыс істей жүріп, Абайбек Сұлтанов жер сілкінісі кезінде ғимараттардың тұрақтылығын сақтауға көмектесетін металл конструкцияға патент алған. Ол ойлап тапқан "сейсмобөлме" жерасты дүмпулері кезінде адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қабырға мен шатыр құлаған кезде аман қалуға септеседі. Сұлтанов соңғы уақытта шешімін таппаған мәселесі көбейіп, жағдайы қиындағанын айтады.
Абайбек Сұлтанов "Табысты кәсіпкерді наразылыққа шығуға не итермеледі?" деген сұраққа "Бұлай өмір сүруге болмайды" деп жауап береді.
Санамда бір дауыс мені үнсіз отырмай, елде болып жатқан жайттардан тыс қалмауға үндейді.
- Көп фактор әсер етті… Туыстарым, қызметкерлерім, жұмысшылар, қарызға батып, несиеге байланған құрылысшы мамандар… Білім беру сапасының төмендігі, жемқорлық. Шынымды айтсам, жақындарым мен таныстарымның бәрі: "Сенде бәрі бар, тыныш өмір сүрсең болады ғой. Ойыңды ашық білдірудің қажеті қанша?" деп сұрайды. Өзгеше ойламауға көндіруге тырысады. Білмеймін. Санамда бір дауыс "бұлай өмір сүруге болмайды" дейді. Сол дауыс мені үнсіз отырмай, елде болып жатқан жайттардан тыс қалмауға үндейді.
Азаттық Алматы қалалық полиция департаментінен Абайбек Сұлтановтың ісі туралы пікір ала алмады. Телефон тұтқасын көтерген тергеуші Толғанай Ержанова өзіне Азаттық редакциясынан хабарласып тұрғанын естісімен: "Маған енді хабарласпаңыз" деп қысқа қайырды.
БІР ЖЫЛ БЕС АЙ
"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына тыйым салынғаннан бергі өткен бір жыл бес айда елде бұл ұйымның ондаған ықтимал және шынайы жақтастарының үстінен қылмыстық істер қозғалып, олардың кейбіріне сот жаза кескен.
Қазір Алматыдағы тергеу абақтысында ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікпен ұсталған үш әйел қамауда отыр. Олар – көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызілікті аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуова. Оларға қарсы (405-бап бойынша) қозғалған істі тергеуші Толғанай Ержанова жүргізеді. Тергеуші белсенді бұған дейін Данияр Хасеновке шетелге шығуға тыйым салған. Белсенді әлеуметтік желіде Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша өзіне "қорғау құқығы бар куәгер" мәртебесі берілгенін жазған. Жақында жоғарыда аталған әйелдердің ісіне Human Rights Watch халықаралық ұйымының Еуропа мен Орталық Азиядағы директоры Хью Уильямсон назар аударды. Ол осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазып, оны елде реформа жүргізуге шақырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Human Rights Watch Тоқаевты "қысымды доғаруға" шақырдыНұр-Сұлтанда ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікпен Серік Жахин, Гүлмира Халықова және Ақмарал Керімбаева қамауға алынған. Талдықорғанда жыл басынан бері "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деп екінші рет (наурыз айында сот бір жылға бас бостандығын шектеген) айыпталып отырған зейнеткер Болатхан Жүнісов тұтқындалған.
Заңгерлердің бірқатары "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімінде түсініксіз әрі қайшылықты тұстар бар екеніне назар аударып, азаматтарды қудалауға негіз жоқ деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шеруге қатысқым келсе, велосипедсіз шығар едім"