"Кемел Жемелевич", вышиванка, нағыз борщ. Алматыда Украинаға арналған шара өтті

Украинаға арналған шараға келген қазақстандық белсенді Украина туын көтеріп ұстап, селфи жасап тұр. Алматы, 10 сәуір 2022 жыл.

Алматыда Украинаға арналған қайырымдылық фестивалі өтті. Оған қатысушылар украин тағамының дәмін татып, концерт, йога семинарын және басқа да қызықты шараларды тамашалады. Суретшілер мен қолөнершілер Украина тақырыбына салынған суреттер мен украин символикасы бар заттарын сатса, даладағы ошақ басында майталман аспаз украин ұлттық асы – борщты дәмді етіп пісірудің қыр-сырын бөлісті.

Алматыдағы Бөрібаев көшесіндегі 36-үйде ығы-жығы адам, ұзын әрі кең дәліздің бойында нешетүрлі зат сатылып жатыр: арасынан Украина туыныкі сияқты көк және сары түске боялған ыдыс түрлерінен бастап, орыс әскери кемесіне "бағыт сілтейтін" сөз жазылған шолақ қол жейдеге дейін бар. Бұл жердегі саудадан түскен қаржы түгелдей украин халқына көмек ретінде Украинаның Қазақстандағы елшілігіне тапсырылады.

Енді бір жерде украин ұлттық киімі вышиванка – ою-өрнекпен кестелеп тігілген жейде сатылып жатыр.

– Сізге шақ келетін вышиванка қалмады-ау, бәрін кеше сатып алып кеткен, – деді маған сатушы қыз. – Бүгін тек қалғанын сатып тұрмын. Егер тапсырыс бергіңіз келсе, жазыңыз, бірақ біраз күтуге тура келеді, өйткені біз оларды Өзбекстаннан тіктіріп әкелеміз.

Қазақ кәсіпкерлерінің украин вышиванкасын Өзбекстанда жасатуы қазақстандық мультикультурализмнің жарқын үлгісі іспеттес.

Украинаға арналған фестиваль өтіп жатқан жердегі суретші Мұрат Ділмановтың туындылары. Алматы, 10 сәуір 2022 жыл.

Алматылық белгілі суретші Мұрат Ділманов бүгінгі шараға өзі салған суреттер мен плакаттарды әкеліпті. Олардың арасында әсіресе Владимир Путинге ұқсайтын адам бейнесі, "Kemel Jemelevich" деген жазуы бар портрет бірден көзге түседі. Биыл қаңтарда көпшілік алдында сөйлеген кезде Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі мен әкесінің атын есіне түсіре алмай, "Кемел Жемелевич" деп айтып қалып, ол сөзі кейін қоғамда мысқыл-әжуаға айналған.

Суретші Мұрат Ділманов Украина тақырыбына салған суреттерінің жанында тұр. Алматы, 10 сәуір 2022 жыл.

– Соғысқа, зорлық-зомбылық атаулыға түбегейлі қарсымын, олай істеуге болмайды, – дейді Мұрат Ділманов. – Қазір Қазақстан қоғамында Украинадағы соғыс жайлы қарама-қайшы пікір-көзқарас бар. Егер ru-кеңістікте тұрып жатсаң, ондайға таңқалмайсың.

Қазақстан қоғамында Украинадағы соғыс жайлы түрлі пікір барын алматылық белсенді Денис Стадничук та растайды. Денисті біз фестивальда жүрген жерінен жолықтырдық.

Стадничуктың пікірінше, Қазақстан қоғамы қазір жолайырықта тұр, олардың арасында Ресейдегі кремльшіл ақпарат құралдарының пропаганда ықпалына түскендер аз емес. Көрші елдегі авторитар биліктің ақпараттық қаруына айналған басылымдар ресейліктердің ғана емес, қазақстандықтардың да санасын жаулап үлгерген.

Украина туындағыдай сары және көк түсті лента тағылған жеміс ағашы. Алматы, 10 сәуір 2022 жыл.

– Кейінгі жылдары, тіпті ондаған жылдар бойы ресейлік пропаганда біздің қоғамға да дендей еніп алды, өйткені ақпарат кеңістігіміз де, экономикамыз да Ресеймен тығыз байланысты, – дейді Денис Стадничук. – Қазір Қазақстан қоғамында Украина тап болған қауіп-қатерге байланысты сұрақтарға бірде бір жауап жоқ. Орыс тілінде сөйлейтіндер әдетте YouTube пен телеарнадан өзі көріп-естіп жүрген ресейлік ақпарат кеңістігіндегі ой-пікірге көбірек құлақ асады. Бірақ Қазақстан қоғамы бәрібі басқадай, сондықтан оны Ресейдікіне теңестірудің қажеті жоқ, бізде шығыс пен батыстың мәдениеті бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Қоғамымыздың сол құндылығын сақтай білуіміз керек.

Украинаға арналған шараға қатысушылар. Алматы, 10 сәуір 2022 жыл.

Бұл кезде фестиваль өтіп жатқан жердегі аулаға орнатылған үлкен баннерді адамдар сары және көк түсті ленталардан қазақ және украин өрнектерімен безендіріп жатты. Ондай өрнекті тілек білдірген кез келген адам салуына болады дейді ұйымдастырушылар.

Украинаға арналған шара кезінде украин ұлттық тағамы - борщ пісіріп тұрған адам. Алматы, 10 сәуір 2022 жыл.

Далада адамдар ошақ үстіндегі үлкен қазанда украин ұлттық тағамы – борщ пісіріп, дәмнің өзге де түрлерін ұсынып тұр. Келесі бір жерде Украинаға гуманитарлық көмек жинап жатыр, әрбір адам осы жерде украин азаматтарына тілегін айтып, хат жаза алады.

Украинаның Қазақстандағы елшілігінің баспасөз хатшысы Валерия Самойлова. Алматы, 10 сәуір 2022 жыл.

– Соғыс басталған күннің ертесіне қазақстандықтар "Бiз бiргемiз, Украина!" деген ұранмен Украина халқына көмек жинауды бастап кетті, – дейді Украинаның Қазақстандағы елшілігінің баспасөз хатшысы Валерия Самойлова. – Алматы мен астанадағы адамдар мұрындық болған бұл акция бүкіл елге тарады, қазір Қазақстанның бірнеше аймағында – Шымкент, Петропавл, Орал мен Қарағанды және басқа жерлерде онға жуық штаб жұмыс істеп жатыр.

Украинаға арналған акцияға қатысушылар Украина туын ұстап жүр. Алматы, 10 сәуір 2022 жыл.

Валерия Самойлованың сөзінше, елшілік Қазақстаннан жиналған гуманитарлық көмекті Украинаға жөнелтуге көмектесіп отыр. Ресей соғыс ашқан Украинаға қазір бұрынғыдай ұшақ ұшпайтындықтан, бұл жүк Украинаға көрші елдер, негізінен Польша және Венгрия арқылы жеткізіледі.

Украинаға арналған шара өтіп жатқан жерде жүрген ит. Алматы, 10 сәуір 2022 жыл.

– 8 сәуірде гуманитарлық көмек тиелген екі жүк көлігін жөнелттік. Олар әрине, Ресейге кірмей, оны айналып өтіп Украинаға барады, сондықтан екі-үш апта жол жүруіне тура келеді, – дейді Валерия Самойлова. – Осы кезге дейін жеті жүк көлігі және көптеген әуе рейсімен Қазақстаннан жиынтығы 170 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтілді. Сондықтан бізге зор қолдау көрсетіп жатқан көпке алғысымыз шексіз.