ДАНИЯ ПАТШАЛЫҒЫНДАҒЫ "ҚОҒАМДЫҚ САНА МОДЕРНИЗАЦИЯСЫ"
Сиқыршы патша мен "таққа отыру үшін" әкесінің ажалын күтіп жүрген үш қыз, ханзада мен сәйгүлік – "Терезе алдындағы үш қыз, сиқыршы патша және салт атты ханзада" спектаклінің негізгі кейіпкерлері. Қойылым орта ғасырдағы Данияда болған оқиғаны сипаттағанымен, онда қазіргі Қазақстандағы жағдайды еске салатын көріністер де кездеседі. Мәселен, онда "қоғамдық сананы модернизациялау" сөзі мен байланыс министрі қызметі аталып, жол-көлік полиция қызметкері салт атты ханзададан пара талап етеді. Одан бөлек, қазақстандық шенеуніктің жинақталған образы да байқалады: мәдениет министрі немесе басқа қызметтегі лауазымды тұлға қойылым үстінде сахнаға жүгіріп шығып, онда болып жатқан жағдайға наразылық білдіреді.
Авторлар шығарманы "әртүрлі мағына, стиль мен форма араласып, біртұтас, өзара үйлескен коктейль" деп сипаттайды. Алматылық драматург Александр Диденконың пьесасы негізінде жазылған спектакльді режиссер және актер Куба Адылов сахналаған.
Қойылымда әдепсіз сөздер, философиялық мазмұндағы ұзақ монологтар, аңыз бен ақиқат, архаика мен қазіргі заман, музыка мен театр тәжірибесі үйлесім тапқан.
Көп әнді актерлер өздері шырқайды. Батыс рок-музыкасының бірнеше классикалық туындысы, совет эстрадасы мен қазіргі заманғы қазақ әндері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шырқалды.
Премьераға билет алдын-ала сатылып кетіпті. Ал "Үш қыз" спектаклі қойылған "Платформа" мәдени орталығы залында небәрі 45 орындық барын атай кеткен жөн.
Азаттық тілшісі премьерадан кейін көрермендермен сөйлесіп, спектакль туралы пікірін білді. Кейбірі сюжет пен актерлер ойынын сынаса, енді біреулері қойылымды "жаңашыл туынды" деп бағалады.
Қойылымды тамашалаған Галина есімді көрермен оны "постмодернистік сұмдық" деп атады:
- Жастар үшін қызық шығар. Қазір дәйексөз келтіру, көрініс пен шынайы өмір арасында байланыстар құру сәнге айналған. Бұл маған ұнамайды.
Спектакльді жылы қабылдағандар да бар. Өзін Айнұр деп таныстырған көрермен қойылымды "тамаша" деп бағалады.
- Қазақстанмен байланыстыратын тұстары көп – резеңке таяқ, патша, оның үш қызы мен басқалары. Олар ақылға қонбайтын көріністерді шегіне жеткізуге тырысқан. Бұл маған қатты ұнады. Қазақстанда болып жатқан жағдайларды бақылағанда, ақылға сыймайтын дүниелер күшейе түседі, - дейді ол.
АШЫҚ ДРАМАТУРГИЯ ЖӘНЕ СЕЗІМ ТЕАТРЫ
"Үш қыз" спектаклін жергілікті Theatre imenibaleta, Laboratory # 316, Arshat Band шығармашылық ұжымдары қойды. Режиссер Куба Адылов қойылымға негіз болған пьесаны "ашық драматургия" деп атайды.
- Бұл бір дүниеге назар аударатын драматургия емес. Бұл - тақырыптар емес, сезімдер театры. Бұл тұрғыдан Саша (Александр Диденко) екеуміз бұрыннан әріптеспіз. Бұл – біздің ортақ тәжірибеміз, - дейді Адылов.
Авторлар қойылымға балаларды алып келмеуге кеңес береді. "Бұл пьеса ересек көрерменге арналған, әркім өзінше сезініп, әртүрлі қабылдайды" дейді олар.
Адыловпен әңгімеде Азаттық тілшісі әдепсіз лексика неге қолданылғанын сұрады.
- Біз бұл қойылымда балағат сөздерді естімейміз. Ол мұнда табиғи түрде естіледі. Кездейсоқ қосылған жоқ. Егер балағат сөзді байқасаңыз, бұл сіздің сезінгеніңіз, - дейді Куба Адылов.
"Терезе алдындағы үш қыз, сиқыршы патша және салт атты ханзада" - алматылық драматург Александр Диденконың театр сахнасына шыққан екінші қойылымы. 2016 жылы Куба Адылов АРТиШОК театрында автордың басқа пьесасын қойған.
- Бұл - импульс, бұл - ағын. Мен осыны іске асырайыншы деп ештеңені ойдан құрастырмаймын. Өзімді мәтін авторы емес, оны жеткізуші ретінде сезінемін. Тұла бойымнан өткіземін. Ешқашан көкейкесті тақырып қумаймын, - дейді Адександр Диденко.
Драматург әңгіме барысында өзіне "Неге мәтінде балағат сөздер көп?" деген сұрақ жиі қойылатынын айтты.
- Өйткені осылай жазылды. Үнемі қойылатын сұраққа жауап берерде биіктегі мен төмендегінің арасындағы қайшылыққа назар аударғым келеді деп әзілдеймін. Шын мәнінде олай емес. Бар болғаны қойылымдағы кейіпкерлер солай сөйлейді. Неге екенін білмеймін. Өйткені мен мәтінді ойдан шығарып жазбаймын, адамдардың әңгімесінен жазып аламын. Қалай сезінсем, солай жаздым. Бірақ осы үлгіден айнымай қалмаймын. Біз қазір әңгімеге арқау етіп отырған қойылымнан кейін жазылған, бірақ ішінде ешқандай балағат сөз жоқ үш-төрт еңбегім бар. Балағат сөздер мәтінге бояу қосу, таңғалдыру үшін жазылмайды. Мұндай сөздерді құрал десек, мен оны түйсігіммен сезініп, пайдаланамын. Мәтіннің бір тұсына келгенде, сол жерге балағат сөз керек екенін сеземін, болды - дейді драматург.
Көрермендердің бұл қойылымнан қазіргі Қазақстандағы жағдайға ұқсас көріністер байқағанын айтқан Азаттық тілшісіне Диденко ешқандай саясат туралы ойламағанын, қойылымға ондаған жыл бұрын жазған мәтінін қосқанын айтты. Драматургтың айтуынша, ол өзін саясаттан аулақ ұстауға қанша тырысса да, шығармада осы сарындағы көріністер бәрібір қылаң берген.