Қытай консулдығы қасында пикет жалғасты. Нұр-Сұлтан мен Пекин Шыңжаңдағы қазақтар жайын талқылады
60 жастағы Зауатхан Тұрсынның үш жылдан бері Шыңжаңда қамауда отырған ұлы Баймұрат Наурызбекұлына іздеу салып, Алматыдағы Қытай консулдығы алдына пикетке шығып жүргеніне екі аптадан асты. Консулдық күзетшілері наразылық пикетін сырттай бақылап тұр.
Зауатхан Тұрсын тағы бір ұлы Байболат Күнболатұлын Алматы әкімшілік соты 10 тәулікке қамағаннан кейін, оның орнына Қытай консулдығы алдына күнделікті пикетке өзі шығып, Қытай мен Қазақстан билік орындарынан екі ұлын босатуды талап етіп жүр.
Зауатхан Тұрсынның екінші ұлы Байболат Күнболатұлын Алматы соты 9 ақпанда Қытай консулдығы алдына "заңсыз пикетке шыққаны" үшін жазалаған. Бұған дейін Байболат Күнболатұлы Шыңжаңдағы інісі туралы ақпарат талап етіп, Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігіне барған, бірақ Қытайда қалған туысы жайлы ешқандай хабар ала алмаған.
Фарида Қабылбек жұбайы, Қазақстан азаматы Рахыжан Зейнолланың Қытайдан қайта алмай отырғанына 16 жылдан асқанын айтады. Қабылбектің сөзінше, 13 жыл түрмеде, бір жарым жыл "саяси лагерьде" болған күйеуін Қытай билігі Қазақстанға қайтармай отыр. Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Фарида Қабылбекке жұбайының ісіне байланысты Қытай елшілігіне ресми нота жолдағанын хабарлаған.
Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда наразылық акцияларына шығып, жақындарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алғанын, Қытай консулдығы жауап бермегенін айтады.
Гүлзат Ермекбай Қытай үкіметінен Шыңжаңда қалған бауыры Бірлесбек Ермекбайдың тағдырын білгісі келеді. Алматы, 26 ақпан 2021 жыл.
Күмісхан Бабан Шыңжаңдағы туысына сұрау салып, Қытай консулдығы алдына пикетте тұр. Алматы, 26 ақпан 2021 жыл.
Алмахан Мырзан Шыңжаңда қалған туысы Бақытжан Мырзанның тағдырына алаңдайды. Екі аптадан астам уақыттан бері пикетте тұрған адамдарға Қытай консулдығы өкілдерінен ешкім шықпаған. Алматы, 26 ақпан 2021 жыл.
25 ақпанда Алматының әкімшілік соты Қытай консулдығы алдындағы наразылық акциясына қатысып жүрген белсенді Марат Құрбановты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 12 тәулікке қамады. Сот шешімінде Құрбановтың 23 ақпанда қолына "Қытайда 5 отбасы жоғалды" деген жазуы бар плакат ұстап, консулдық алдында "Қытай геноцидіне қарсы шығып, саяси ұрандар көтергені, туыстарымен хабарласа алмай отырғанына шағымданғаны, рұқсат етілмеген акцияға" қатысқаны жазылған. Құрбанов өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Прокурор оны 20 күнге қамауды сұраған.
Қытай консулдығы алдына пикетке шығып жүргендердің кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагеріне қамалғанын, кейбіреуі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, енді біреулерінің құжатын Қытай билігі тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі 25 ақпанда Пекинмен Қытайда қалған қазақтар мәселесін онлайн режимде талқылағанын хабарлады. "Консультациялар барысында Қазақстан тарапы екі мемлекеттің ұлты қазақ азаматтарынан құралған отбасылардың қайта қосылу мәселелерін көтерді" дейді Қазақстан СІМ. Қысқа хабаралмада екі ел азаматтарының виза алуы, кіріп-шығу мәселелері де талқыланғаны жазылған.
Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Басында ондай лагерь барын жоққа шығарған Пекин кейін оларды "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған. БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген.
Human Rights Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы есебінше, 2016 жылдан бері Шыңжаңда 250 мыңнан аса адам сотталып, түрмеге қамалған. Бұл Шыңжаңдағы "саяси тәрбие лагеріне" қамалған миллиондай адамның есебінен бөлек.
Халықаралық ұйымдар мен зерттеушілер Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарды күштеп лагерьге қамайды; мұсылмандарды жұмысқа жегеді; әйелдерді стерилизациялайды; лагерьдегі әйелдерді зорлайды; балаларды ата-анасынан айырады деп санайды. АҚШ мемлекеттік департаменті мен Канада парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп атаған.