САЯБАҚТАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ
1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелік шара өтіп жатқан Алматының орталық мәдени және демалыс саябағына жиналған ондаған адам "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шал, кет!" деп айқайлады.
Саябақта соңғы кезде Қазақстанда билікті сынаушылар арасында қанатты сөзге айналған "Шындықтан қашып құтылмайсың!" деген ұран да жиі естілді. Сәуірдің 21-і күні Алматы марафонында осы сөз жазылған баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков сот шешімімен 15 тәулікке қамалған. Бұл іс қоғамда резонанс туғызып, қамаудағы белсенділерді қолдау акциялары Қазақстанмен бірге шетелде де өткен. Чехия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Канада мен Венгрияда оқып жатқан қазақстандық студенттер арнайы акция өткізген.
Сәрсенбі күні Алматының орталық саябағына жиналған азаматтар Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өткен айда президент қызметінен кеткеннен кейін билік биыл маусымның 9-ында өтеді деп жариялаған кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға да шақырды.
Бұған қоса олар билікке сот үкімімен қамалған және қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқан белсенділер жайлы талаптар да қойды. Мұндай талапты бүгін Нұр-Сұлтанда билікке наразылық білдірген азаматтар да көтерді.
Олар "Саяси тұтқындарды босатыңдар!", "Арон Атабекті босатсын!", "Мұхтар Жәкішевке бостандық берілсін!", "Айгүл Ақбердіні босатыңдарІ" деп ұрандады. Бұған дейін Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін "билікті құлатпақ болды" деп айыпталған Айгүл Ақбердиева мен соған ұқсас айыппен тағы бірнеше белсендіні жауапқа тартқан Қазақстан билігін құқық қорғаушылар сынап, оларды "саяси тұтқын" деп таныған. Билік "елде саяси тұтқын жоқ" дейді.
Мамырдың 1-і күні Алматыда билікке наразылық білдіргендер "саяси істер" бойынша айып тағылған адамдарды түрмеден босатып, оларды қудалауды доғаруды талап етті.
"Елдің талап-тілегін айтқандар қамауда отыр, ал нағыз қылмыскерлер бостандықта жүр" деді наразылардың бірі.
"Астана атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыруды әп-сәтте шешті, оған көп қаржы жұмсайды. Ал көп балалы аналар мәселесін әлі шешкен жоқ" деді тағы бір адам.
Жиналғандардың арасында әлеуметтік жағдайының нашарлағанын айтып, елді бірігуге шақырғандар да болды.
"Мен - мұғаліммін, мойнымда қарыз көп, елдің жағдайы нашарлады, менің шыдамым таусылды. Ағайын, бірігейік, мен халықпен бірге болғым келеді!" деді сөйлегендердің бірі.
Саябаққа жиналған наразыларды полиция сырттай бақылап тұрды.
Саябақтың шойын қақпасын полиция жауып, жұртты жібермей тұрды. Осы жерге келген Алматының Медеу ауданы әкімі Сұлтанбек Мәкежанов "заңсыз жиын" өткізбей тарауға шақырды. Шенеунікпен сөз таластырған азаматтар биліктің саясатымен келіспейтіндерін айтып, өз пікірлерін білдіргені үшін қудаламауды талап етті.
- Біз Назарбаевты құрметтейміз, бірақ ол халықпен санасуы керек, - деді ел астанасының атауын өзгертуге қарсылығын білдірген, өзін қарапайым такси жүргізушімін деп таныстырған адам.
Біраз уақыттан полиция саябақ қақпасын ашып, адамдардың шығуына мүмкіндік берді. Наразылар саябақтан шығып, Гоголь көшесінің бойымен кетіп бара жатқан кезде ондаған адамды полиция ұстап, күштеп көлікке салып, алып кетті.
Фотогалерея. Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразыларды ұстады
"РЕЗЕҢКЕ ТАЯҚПЕН ҰРДЫ"
Мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтанда "Астана" концерт залы (бұрынғы Конгресс-холл) алдына жиналған наразы адамдар "өтіріктен шаршағандарын" айтып, "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Әділ сайлауды қалаймыз!", "Сайлауға - бойкот!", "Адалдық!" деп айқайлады.
Наразылардың жанына келген Сарыарқа ауданы әкімі Ерғали Егімберді бұл жиын заңға қайшы екенін айтып, оларды тарауға шақырды. Бірақ өз ой-пікірін білдіру үшін бейбіт түрде жиналуға құқы барын айтқан азаматтар тараған жоқ. Кейін наразыларға прокуратура өкілі де әлгіндей ескерту айтты.
Бұдан соң наразылар Нұр-Сұлтан әкімдігіне қарай жаяу беттеді. Көше бойымен жүрген жүз шақты адаммен бірге полиция қызметкерлері мінген автобус қатарласа ілесіп жүріп отырды. Сағат 14:00-тен асқанда әкімдік пен прокуратура өкілдері жұртты "рұқсат етілмеген жиынды доғарып, тарауға" тағы да шақырды. Арада біраз уақыт өткенде сол жерге жеткен полиция арнайы жасағы бірнеше адамды ұстап әкетті. Олардың наразыларды ұстаған кезде резеңке таяқ қолданғаны байқалды. Сәлден соң жасақ наразыларды резеңке таяқпен ұруды дереу тоқтатты.
Наразы азаматтардың бір бөлігі тарап кеткен соң, қалған жұрт көшеде полиция ұстаған адамдар отырған автобустың алдын бөгеп, оларды босатуды талап етті. Нұр-Сұлтан полиция департаменті басшысы Ержан Сәденов пен оның орынбасары Бақытжан Малыбаев жиналғандар түгелдей тарайтын болса ұсталғандарды босатуға уәде берді. Бұдан соң автобустың есігі ашылып, бағана ұсталған оннан астам адам босап шықты.
Наразылардың бірі полицияға арнайы жасақтың азаматтарды резеңке таяқпен ұрғанын, сол сәтті видеоға түсіріп алғанын жеткізді.
Малыбаев полицияның наразыларға "күш қолданғанын" жоққа шығарып, "олар (ұсталғандар - ред.) ғайбат айтады" деді.
Алматы мен Нұр-Сұлтандағы оқиғалар қалай өтті?
Біраз уақыт өткен соң адамдар тарай бастады. Тротуармен жаяу кетіп бара жатқан оларға жолай өткен автокөліктер дыбыспен белгі беріп, жаяулар оларға қол бұлғап, бір-біріне сәлем жолдап жатты.
Ал полиция билікке талаптарын айтуды жалғастырып, әлгі жерде қалған өзге азаматтарды автобусқа күштеп салып, белгісіз жаққа алып кетті.
ЖУРНАЛИСТЕР ЖҰМЫСЫНА КЕДЕРГІ
Мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтанда белгісіз адамдар Азаттық тілшілерінің жұмысына бөгет жасады.
Түске дейін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен жай киім киген екі адамның наразылар жиналады деп алдын ала хабарланған жерге беттеген кей азаматтарды ұстап жатқанын түсіріп тұрған сәтте белгісіз екеу оның қолын қайырып, телефонын тартып алған. Меншік затын қайтарып беруді талап еткен журналист әлгі адамдардың қолындағы өз телефонын қайтарып алған.
Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін әлдекімдер шағып кетті. Қазақстан халқының бірлігі күні Нұр-Сұлтанда елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан жиынды түсіруге барған Азаттық операторы Тимур Айтмұханбетовтің тұрақта тұрған мәшинесінің алдына әлдекімдер автокөлік қойып, жолын жауып тастады.
АБАЙ АЛАҢЫНДАҒЫ ТЕКСЕРУ
Мереке күні Алматыдағы Республика сарайы алдындағы Абай алаңы қоршауға алынып, ол жерге мерекелік шараны көруге келген адамдарды арнайы құралдардың көмегімен тексергеннен кейін ғана алаңға өткізді.
БАҚ өкілдері кіретін арнаулы жерде тұрған мерекелік шараны ұйымдастырушылар "аккредитацияларың жоқ" деген уәжбен Азаттық тілшілерін Абай алаңына кіргізбеді.
Осы алаңда өткен шарада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ел тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.
Нұр-Сұлтан қаласында бұрынғы президент Назарбаев қатысып, халықты құттықтаған шараға келген жұртты да ол жерге тексеріп өткізді. Алматыдағы тәрізді Нұр-Сұлтанда да ресми тұлға қатысқан шара өткен алаңға қоршау орнатылды.
Сәрсенбі күні Ақтөбе, Қарағанды мен Шымкент қалаларында да ондаған азамат көпшілік орынға жиналып, "әлеуметтік мәселелерді шешуге құлық танытпай отырған" билікті сынап, ерте президент сайлауына, астана атауын өзгертуге қарсылық білдірген. Қарағандыда бірнеше адамды полиция ұстаған.
Апта басында Қазақстан Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде жұртты мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған ақпарат тарап жатқанын айтып, азаматтарға рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жауапқа тартылатынын ескерткен болатын.
Дүйсенбіде жариялаған үндеуінде прокуратура "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп мәлімдеді.
Бұған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1996 жылдан бастап мамырдың 1-і елде мемлекеттік мереке ретінде демалыс күні болып жарияланған. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні кенеттен президенттіктен кетіп, орнына сол күнге дейін парламент сенаты төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырды. Ал сенат төрағасы болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланған.
Наурыздың 20-сы күні Қазақстан президенті қызметін атқаруға кіріскен Тоқаев мемлекет астанасының атауын Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынған. Бірнеше күннен кейін Астананың атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді.
Сәуірдің 9-ы күні президент Тоқаев биылғы маусымның 9-ында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы Тоқаевты ерте сайлауға ұйым атынан үміткер ретінде ұсынған.
Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар кезектен тыс сайлауға бойкот жариялауға шақырған.