АЛМАТЫДАҒЫ АКЦИЯ
Алматыда Жібек жолы көшесінің бойында өткен акцияға елуге жуық адам жиналды. Олардың арасында ұйғыр диаспорасының өкілдері де болды.
Акцияға қатысушылар "Қытай экспансиясына қарсылық символы" ретінде кеудесіне сары лента байлап алды. Азаматтық белсенді Марат Тұрымбетов "Настоящее время" тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі шараның әлем бойынша жүріп жатқан Гонконгтегі наразыларды қолдау акциясы аясында өтіп жатқанын айтты.
Наразылар акция кезінде Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасап отырған қысымын айыптап, "Пекин олардың тілін, мәдениетін жоюды көздеп отыр" деп сөкті.
Ұйғыр диаспорасының өкілдері Шыңжаңда тұратын туыстарымен байланыс үзілгенін айтып, олардың сотсыз, тергеусіз жазықтан-жазықсыз "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне қамалып жатқанын" айтып налыды. "Біздің кінәміз не? Түсіндірсін!" деп халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады.
"Бұрын көбіне жастарды ғана қамайтын, қазір кәрі-жас деп жатқан жоқ. Бұған дейін ол жаққа дипломаттар барып "олар орталықтарда билеп жатыр" деп келді. Солай деп айтуға бола ма? Бірде-бір Еуропа мемлекетін орталыққа кіргізген жоқ. Диктатуралық режимі бар елдерді ғана кіргізді. Ол жақта нағыз геноцид жүріп жатыр" деді акцияға қатысушылардың бірі.
Қарай отырыңыз: Лагерьдегі "бақытты өмір және халал тамақ" (Қаңтар айы, 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Акция кезінде сөйлеген азаматтардың бірі "Пекин мұның бәрі терроризммен күрес деп ақталғысы келеді, қайдағы терроризм? Қарапайым тұрғындар террорист пе сонда? Оның еш қатысы жоқ" деді.
"Біз отансыз өмір сүрудің не екенін білеміз. Өмір бойы Қытай қысымына ұшырап келеміз. Сіздер отанның, жердің қадіріне жетіп, оны қорғаңыздар. Біздің басымызға түскен нәрсені құдай басқа алмасын. Біз сияқты қан жылайсыңдар. Өкінішке қарай, біздің орнымызда кез келген ұлт, этностың болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды" деді жылап сөйлеген әйелдердің бірі.
Акцияда сөйлегендердің ешқайсысы аты-жөнін таныстырған жоқ. Азаматтардың бірі "билік ұлттық маңызы бар келісім-шарттарға халықпен санаспай қол қойды, енді ел экономикасы Қытайға қатты тәуелді болып отыр" деп осы тәуелділіктен арылу қажеттігін алға тартты. Жиналғандар арасында "Оян, қазақ!" деп ұран көтерді.
Шарада сөйлеген оппозициялық саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы биліктің Қытаймен тым ''жақын қарым-қатынасын" сынап, "Қытай тілін білетін, Қытайда дипломатиялық қызмет атқарған президент Тоқаев неге бейқам отыр?" деген сұрақ қойды.
"Тоқаев бұрынғы келісім-шарттарды қайта қараймыз, халық соны талап етіп жатыр, 55 зауыттың жөнін қайта қараймыз, Қытай инвестициясын шектейміз, ол бізге өте қауіпті, Қытай несиелерін қарыздан тезірек беріп құтыламыз да, қарыз алмайтын боламыз. Қытай біздің парақор екенімізді біледі; Осы осал жерден ұстап мемлекетті құртуға айналды, отан патриоты ретінде келісім-шарттың бәрін қайта қараймын деп неге айтпайды? Осыны айтпағаннан кейін қауіптеніп отырмыз. Біз өз мемлекетімізді сақтап қалуды ойлап отырмыз. Ұрпағымызды сақтауды ойлап отырмыз. Жерімізді қорғауды ойлап отырмыз. Отанымызда еркін өмір сүргіміз келеді. БҰҰ Қытайдың Шыңжаңдағы саясатының дұрыс емес екендігін айтты. БҰҰ мінберінде Қытайдың адам органдарын сатып, миллиардтаған табыс табатыны жайлы айтылды. Осыдан соң ондай мемлекетті қалай құшақ жая қарсы аламыз? - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Аты-жөнін атамаған жастардың бірі "Настоящее время" телеарнасы тілшісіне "Қытай экспансиясы" мәселесіне алаңдап келіп отырғанын айтты.
- Өз басым анық білетін жайт - Шымкент жанында шағын қытайлық жұмысшылар қалашығы бар. Қазақстан басшылары Қытай басшыларымен жиі кездеседі. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Қазақстан екінші Шыңжаң аймағына айналмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Мен осы мәселеге алаңдаймын, - деді ол.
Шара ортасында өзін ұйғыр мәдени орталығының өкілі Ахметжан Шарденов деп таныстырған адам жиналғандарға Қытай картасы белгіленген баннерді алып тастауды талап етіп, "заң бұзбауларын" ескертті. Бірақ наразылар "заң бұзбағанын, Конституция бойынша пікірлерін ашық жеткізуге құқығы бар екенін" жеткізіп, Шарденов талаптарына ашуланды. Оның алдында жиналғандарға прокуратура өкілдері де келіп, ескерту жасаған. Полиция қызметкерлері оқиғаны сырттай бақылап тұрды.
АСТАНАДАҒЫ АКЦИЯ
Астанадағы акция Алматыға қарағанда шағындау болды. Түскі 12 шамасында "Бәйтерек" монументі алдына он шақты адам жиналып, Қытай қысымына ұшыраған Гонконгтегі наразыларды қолдайтынын жеткізді. Олар "Қазақстан бай мемлекет, өз байлығы өзіне жетеді, Қытаймен қарым-қатынасты шектеу керек" деген ойды айтты.
Олардың қолында плакат болмады. Сәлден соң полиция "Бәйтерек" маңын екі жақтан қоршай бастады. Бұл кезде адамдар тарап кеткен еді.
Бүгін әлем бойынша 24 елде 65 қалада Гонконгтегі наразыларды қолдау акциясы өтіп жатыр. Гонконгте үш айдан астам уақыттан бері өтіп жатқан акция әуелі тұтқындарды Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасына қарсылықтан туғанымен, уақыт өте келе белсенділер талабы көбейе түсті. Қазір олар Гонконг басшысын Пекин емес, қала тұрғындарының өзі сайлай алатындай құқық беруді, ұсталған наразыларды босатуды, толқу кезінде жұртты күшпен таратқан полицияның әрекетін тергеуді талап етеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Гонконгте наразылық күшейген тұста Қытай шекара маңына әскер әкелді
Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ "бір ел – екі жүйе" принципімен жүреді. Гонконгтің өз заңы бар, елдегі азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады.
2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде этникалық қазақтарға да қысым көрсетіліп, "саяси лагерь" аталған жаппай қамау орындары пайда болғаны туралы хабар тарай бастаған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.
Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.
Қарай отырыңыз: Ресей мен Венесуэланың БҰҰ-дағы өкілдері Шыңжаңға барды (Ақпан айы, 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Жақында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.
Бұған дейін Қазақстанның бірнеше қаласында "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық шаралары өткен. Оған қатысқандар "Қытайдың 55 зауытын салуға" қарсылық білдіріп, биліктен Қытай жобаларынан бас тартуды, көрші елден несие алмауды, онымен қарым-қатынасты шектеуді талап еткен.
Ал ресми Нұр-Сұлтан "Қытаймен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар арқасында елде мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатқанын" алға тартқан. Қыркүйек айының басында сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек "наразылыққа түрткі болған жобалар жайлы ақпараттың халыққа дұрыс жетпей жатқанын айтып", жергілікті билік халықты қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуі қажет деген. Биліктің түсіндіруінше, "инвестициясыз ел экономикасын алға жылжыту мүмкін емес және Қазақстан тек Қытай ғана емес, өзге де елдермен экономикалық әріптестік орнатып, бірлесіп түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр".
"Қытай экспансиясына қарсы" наразылыққа қатысқан азаматтарды полиция 16 қыркүйектен бастап ұстап, кейбірін әкімшілік жазаға тартты, кейбіріне ескерту жасап босатты.
(Мақаланы жазуға Шолпан Оразбекова, Сәния Тойкен қатысты).