Республика алаңындағы қырғын. Билік Қанды қаңтарда қаза тапқандардың ісін құпия қылды

Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова

Былтырғы қантөгістегі ең қайғылы оқиғалардың бірі – 6 қаңтарда Алматының орталық алаңында қарусыз тұрған демонстранттарға жөн-жосықсыз оқ жаудыру болды. Қазақстан билігі "мемлекеттік төңкеріске талпыныстың жолы кесілгенін", тіпті "мемлекет үлкен сынақты еңсергенін" тынбай қайталағанымен, тәртіпсіздіктер болған күннің ертесіне елдегі ең ірі қаланың қақ ортасында не болғанын әлі күнге айтпай отыр.

2022 жылғы 6 қаңтардың тұманды кешінде Алматының орталық алаңында атылған адамдардың қазасы бойынша қозғалған бір де бір іс сотқа жетпеді. Күш құрылымдары қызметкерлерінің бейбіт халыққа атқан оғынан қанша адам мерт болғаны белгісіз. Куәгерлер алаңда не болғанын айтып, оқ атқандардың қылмысын дәлелдейтін айғақтар ұсынса да, Ақорда бейбіт демонстранттарға қарсы қару қолданылғанын жоққа шығарып отыр. Жақында парламентте Қаңтар оқиғасы жайлы ресми мәлімдеме жасаған бас прокурор да бұл тақырыпты мүлде қозғамады.

Азаттық 6 қаңтарда алаңда атылған азаматтардың туыстарымен сөйлесіп, тергеу қалай жүргенін, Қаңтардан кейін не өзгергенін, кінәлілер неге жауапқа тартылмағанын сұрады.

"КЕУДЕСІН ЕКІ ОҚ ТЕСІП ӨТКЕН". БЕЛСЕНДІНІҢ ҚАЗАСЫ

"Уақыт емші деп жатады ғой. Емдемейді екен. Әлі жүрегім ауырады. Жараның орны жазылған жоқ...". Томирис Изгутдинова бір жыл бұрынғы оқиғаны есіне алған сайын еріксіз жылай береді. Қаңтар қырғыны 20 жастағы бойжеткенді бір кеште анасынан айырып, өмірін астан-кестен қылды.

Кеудесін екі оқ тесіп өткен. Азаматтық белсенді Нұрәлия Айтқұлова 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматының қақ ортасында көз жұмды.

Сол күні жүздеген адам Республика алаңына жиналған еді. Халық ешкімге соқтықпай, өзін бейбіт ұстаған. Бір күн бұрын болған бүлік кезінде әкімдік ғимараты өртеніп, президент резиденциясы бүлінген. Әртүрлі жастағы адамдар билікке қоятын талаптарын қағазға түсірген. Арасында "президент Қасым-Жомарт Тоқаев отставкаға кетсін", "бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен алыстатылсын", "ҰҚШҰ әскерін елге кіргізбесін" деген талаптар болды. Тәуелсіздік монументі алдында от жанып жатты. Жиналғандар сол жерде тамақ дайындаған. Нұрәлия да ошақ басында жүрген еді.

Кешкісін қолына "Террорист емеспіз, қарапайым халықпыз" деген жазуы бар үлкен мата ұстаған бейбіт адамдар алаңда тізіліп тұрды. Олар ақ матаға қара бояумен жазылған сөздер президент Тоқаевтың құлағына жетеді деп сенген. Мемлекет басшысы қалаға "20 мың террорист" шабуыл жасағанын айтып, төтенше жағдай режимін енгізген еді.

Қас қарая алаңға әскери көліктер келіп, сол жерде тұрған халыққа бірден оқ ата бастаған. Наразылар жан-жаққа бытырай қашқан. Тірі қалғаны көз алдында көп адамның құлағанын көрген. Қарулы әскер жаралы адамдарға көмектесіп жатқандардың үстінен оқ жаудырған.

Түнде үкімет "қала аумағы қылмыстық топтардан тазартылды" деп есеп берді.

Томирис Изгутдинова анасы қылмыскер емесін жақсы біледі. Нұрәлия Айтқұлова ел тағдырына алаңдап, жалғыз қызының еркін қоғамда өмір сүруі үшін күрескен.

Белсенді Нұрәлия Айтқұлова (сол жақта) мен қызы Томирис

– Анам әр азаматта таңдау еркіндігі болуы үшін ұзақ күресті. Бейбіт митингілерге қатысты, полиция талай рет автозакқа сүйреп апарып салды. Митинг өтеді деп жоспарланған күндері анамды үйдің алдынан немесе жұмысынан күтіп алып, ұстап әкететін. Шынайы қылмыскерлерді іздеудің орнына бейбіт азаматтарды қудалап отыр. 2022 жылы қаңтарда болған митингіде халық төзімі таусылғанын көрсетті, ал әскер бәрін атып тастады.

Томирис сол кеште анасына қанша рет хабарласқанымен сөйлесе алмаған. Таңертең суық хабар алған. Туыстары марқұмды көруге барған. Томирис анасының қазасына сене алмағанын айтады. Күйеуінен жастай жесір қалған Нұрәлия қызын жалғыз өзі өсірген.

Жаназадан кейін үйге тергеушілер келген. Эксгумация жасауға көндірмек болыпты. Олар қылмысты ашу үшін марқұмның сүйегін қазып алуымыз керек деп түсіндірген.

– Эксгумация жасауға қарсы болдық. Тергеуші "анаңның террорист болмағанын дәлелдеу керек" дегенге келтірді. Тура айтпаса да, сөзінен түсіндік. Анам онсыз да кісі қолынан өлді. Солар өлтіріп отыр. Анамның ағасы "сүйегін қазып алуға рұқсат бермейміз" деді. Тергеушілерді табалдырықтан аттатпай қойды. "Тағы бір қадам жасасаңдар, үстіме бензин құйып өрт қоямын" деп айқайлады. Әйтеуір эксгумация жасалмайтын болды.

Демонстранттар "Қазақстан халқы террорист емес!" деген жазуы бар плакатты Тәуелсіздік ескерткішіне іліп қойған еді. Республика алаңы, Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл

Қаңтар оқиғасынан кейін Томиристің өмірі күрт өзгерген.

– Қайғымды ұмыту үшін бас алмай жұмыс істедім. Кофеханада отырып, шаруадан босамайтынмын. Бұрын студент кезімдегі өмірім қызық еді. Қазір ештеңе істегім келмейді. Жұмыс пен үйдің ортасында жүрмін. Депрессия не апатия емес, бірақ жарам жазылмағанын сеземін. 6 қаңтар есіме түскен сайын бойымды үрей билеп, тағы бір жақынымнан айырылып қаламын ба деп уайымдай бастаймын.

Томирис анасының өлімі бойынша қозғалған істің қалай жүріп жатқанын білмейді. Нұрәлия Айтқұлова Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны деп танылған. Томиристің ағасы құжаттарын жинап, өтемақы алып берген. Биліктегілердің бір де бірі Томириске көңіл айтып келген жоқ. Қарапайым қазақстандықтар анасы туралы жаңалықты оқып, хабарласып, жәрдемдесуге тырысқан. Бойжеткен өзіне қолдау көрсеткендерге алғыс айтып, "жанашыр адамдар қайғыны жеңілдетуге көмектеседі екен" дейді.

Томирис анасымен бірге тұрған қала сыртындағы үй қазір қаңырап бос тұр. Бойжеткен бұрынғы үйіне барғысы келмейді. Үйден анасының дауысын естімеу, табалдырықтан аттағанда, оның жылы жүзін көрмеу ауыр тиетінін айтады. Алдыңғы жылы Томиристің әжесі, кейін анасы, үш айдан кейін ағасы қайтыс болған.

"БИЛІГІН АСЫРА ПАЙДАЛАНУ" БАБЫ

Айнұр Байтханова телефонынан күлімдеп тұрған адамның суретін көрсетті. "Қамқор, мейірімді еді. Бәріне көмектесуге тырысатын" дейді Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан бауырын еске алған әйел.

Қаңтарда қалада дүрбелең болып жатқанда Жомарт үйде қол қусырып отыра алмаған. Өз ауданындағы бірнеше азаматпен бірге қоғамдық тәртіпті сақтап, қаланы бұзақылардан қорғауға шыққан. Айнұр Байтханованың айтуынша, 5 қаңтарда бауыры Самал ыықшамауданындағы сауда орындарын тонаушылардан қорғап, Республика алаңы жақтағы өртті сөндіруге көмектескен. Үйге таңға жуық келіп, бір әйелді өрттен аман алып қалғанын айтқан. 6 қаңтар кешкісін Жомарт тағы да алаңға барған. Бірақ бұл жолы үйіне оралмады.

35 жастағы Жомарт Байтханов (оң жақта) 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыда қаза тапты

Отбасы 35 жастағы Жомарт Байтхановтың оққа ұшқанын 7 қаңтарда естіген. Мәйітханадан берілген анықтамада "кеудесіне оқ тиіп, іш құрылысы мен қан тамырларының зақымдануы салдарынан қатты қансырап қайтыс болғаны" жазылған.

– Басында Медеу аудандық полиция басқармасына арыз жаздық. Өйткені Самал ықшамауданы сол ауданға қарайды. Олар "Бостандық ауданына жазыңдар" деді, сөйтсек Республика алаңы соларға қарайды екен. Кейін полиция департаменті істі Медеу ауданына қайтарды. Олар әскери-тергеу басқармасына жіберді. Басқарма "әскери қызметкерлер билігін асыра пайдаланған" деді. Іс қайтадан полиция басқармасына келіп түсті. Жыл бойы істі бір-біріне итеріп жатқандай көрінді. Жазда прокуратураға бардық, өйткені тергеу жылжымай қойды, – дейді Айнұр.

Күзде қылмыстық құқықбұзушылық табылмады деген желеумен істі жауып тастаған. Жомарттың туыстары ол қаулыны қазан айында бір-ақ алған. Олар іс материалдарымен таныса алмаған, өйткені бүкіл құжат құпия қаралған.

– Адвокат "істі аяғына дейін жеткізе алмаймыз" деді. Не істерімізді білмей отырмыз. Шындық су сияқты, ерте ме, кеш пе, бәрібір жолын тауып сыртқа шығады. Бірнәрсені анық білемін: саясатқа араласпаймыз деп, болып жатқан оқиғаларға немқұрайды қарауға болмайды. Желтоқсан оқиғасы кезінде жас едік, ештеңе түсінген жоқпыз. Жаңаөзен оқиғасы болған шақта басымызға келмеген соң тағы үндемедік. Қаңтар – ауқымы үлкен трагедия, біздің немқұрайды қараумыздың салдары, – дейді Айнұр Байтханова.

Жомарт Байтханов пен әпкесі Айнұр Байтханова

Былтыр 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлау қарсаңында (сайлауда көпшілік күткендей, Қаңтар оқиғасынан кейін позициясын нығайтқан Тоқаев жеңіске жетті) Байтхановтар отбасын өтемақы алу үшін "Қазақстан халқына" қорына құжат өткізіңіздер деп асықтыра бастаған. Оған дейін шенеуніктер "Жомарттың кездейсоқ оққа ұшқаны дәлелденген жоқ" деп келсе, сайлау қарсаңында санаулы күн ішінде өтемақы аударған.

Жомарт шаңырақ көтеріп үлгерген жоқ. Әпкесінің екі баласын туғанындай тәрбиелеген, олар да ағасын қатты жақсы көретін. Айнұрдың айтуынша, 19 жастағы қызы мен 10 жастағы ұлы ағасын жиі еске алып, тірі болса қайтер еді, бізге қандай кеңес берер еді деп отырады.

ӘУЕСҚОЙ АРХЕОЛОГТЫҢ ҚАЗАСЫ. "БІТПЕЙТІН " ТЕРГЕУ

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан бейбіт адамдардың қазасына байланысты қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Қаңтардың бесі және жетісі күндері басына оқ тиіп мерт болған 12 жастағы Сұлтан мен төрт жасар Айкөркемнің қазасына кінәлілер табылған жоқ. Қылмыстық іс материалдары құпия сақталады. Бұған оқтың күш құрылымдарына тиесілі қарудан атылғаны себеп болуы мүмкін. Бейбіт адамдардың қазасы бойынша қозғалған істердің көбі "Билігін асыра пайдалану" бабы бойынша қаралып жатыр. Талдықорғанда осы бап бойынша айып тағылып сотталған әскери қызметкер алты жылға бостандығынан айырылды. Бұл – айыптау үкімімен аяқталған жалғыз іс. Сот айыпталушы әскери бөлім маңынан өтіп бара жатқан салт атты адамды атып, билігін асыра пайдаланды деген үкім шығарған.

"Адам өлтіру" бабымен қаралып жатқан аз істің бірі – 49 жастағы Ерлан Жағыпаровтың қазасы. Оқ атқан адам қамауға алынған жоқ, ол сотқа қорғану құқығы бар куәгер ретінде қатысып жатыр.

Әуесқой археолог Ерлан Жағыпаров 6 қаңтар кешке Самал ықшамауданындағы үйінен Республика алаңына қарай барған. Сағат 19:52-де досына хабарласып, өзін сабап жатқанын айтқан. Телефоннан әлдекімнің балағат сөзі, ұрып-соққаны естілген. Әңгіме үзіліп кеткен. Одан кейін тұтқаны ешкім көтермеген. Соңғы қоңырауға жауап берген, өзін Ұлттық ұлан қызметкерімін деп таныстырған адам "террористер" берілсін деген талап қойған. Бірнеше күннен кейін туыстары Ерланның сүйегін мәйітханадан алып кеткен. Марқұмның денесінде азаптау іздері қалған, қолы кісендеулі болған. Үйден құжаттары мен телефонын алып шыққанына қарамастан, Ерланның аяғына ілінген қағазға "кім екені белгісіз азиат" деп жазылған.

Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан ағасына не болғанын анықтауға тырысқан. Қазір Лондонда тұратын, бұрын қазақстандық коммерциялық банкте менеджер болып істеген Нұрлан Алматыға келіп, тергеушілермен кездескен, прокуратураға барған. Ол "ағам еш жазықсыз, қатыгездікпен өлтірілді" деп санайды.

– Істі созбаққа салып отыр. Тергеушілер ауыса береді, қазір істі үшінші қызметкер қарап жатыр. Сараптама жасады, оқ атылған қаруды тапты. Оқтың көмегімен анықтады. Ағамның өліміне қатысы бар адамдар да белгілі. Оларды күдікті деп атамайды. Бірақ олар ағамды өлтіруге қатысқан. Кім атқаны да анық. "Жағдай солай болды" деп тұр. Басында кінәсін мойындаған жоқ, бірақ сол атқаны анықталды, – дейді Нұрлан Жағыпаров.

Іс материалдарын жариялауға болмайды, сондықтан марқұмның інісі тергеушілер "Ерлан Жағыпаровты өлтірді" деп көрсеткен адамның аты-жөні мен қызметін атай алмайды. Нұрланның сөзінше, атқан адам қарапайым азамат болмаған. Ол Украинадағы Буча қырғынына (Ресей әскері басып алғаннан кейін қаладан кісі қолынан өлген жүздеген бейбіт тұрғын табылған) дәл осындай қатыгез, тасжүрек адамдар қатысқанын айтады.

Ерлан Жағыпаровты 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңы маңында ұстаған. Бірнеше күннен кейін туыстары марқұмды мәйітханадан тапты

Нұрлан Жағыпаров "сараптаманы тергеу жүргізіп жатқан органның дайындауы мүдде қайшылығына жатады" дейді. Ол тергеушілер атқан адамды ақтап алу үшін істі бұрмалауға тырысуы мүмкін деп алаңдайды.

– Мұндай адамдар бостандықта жүргенде ешкім өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Мінездемесін оқығанда, адамдықтан безген кісі екенін түсіндік. Әскери қылмыстың мерзімі болмайды. Қазір жазадан құтылып кетуі мүмкін, бірақ заң бойынша қудалауды жалғастырамыз. Әділдікке қол жеткізе алмасақ, халықаралық соттарға жүгінерміз. Тергеушілердің ешнәрсені кесіп айта алмауы бұл көп адамның тағдырымен байланысты іс болғандықтан шығар, – дейді Нұрлан Жағыпаров.

Жақындары Ерланның басына жартасқа қашалған сурет түріндегі ескерткіш орнатып, жанына балбал тас қойған. Марқұм туған өлкесінің тарихын зерттеумен айналысқан, археологтармен талай рет экспедицияға барған. Ежелгі тастарды жойылып кетуден сақтауға үлес қосқан. Өмірге аса құштар, жоспары да көп болған.

Жағыпаровтар отбасы ақшалай өтемақыдан бас тартқан. Нұрлан мемлекеттің ағасын өлтірген адамдарды жазалауының өзі көмек болатынын айтады. "Бұл көмек емес, биліктің міндеті" дейді ол.

"КӨЛІКТІ ТОҚТАТҚЫСЫ КЕЛСЕ, ДӨҢГЕЛЕКТІ АТПАЙ МА?"

6 қаңтарда оққа ұшқандардың арасында жаппай тәртіпсіздікке мүлде қатысы жоқ адамдар да бар. Талғар қаласының тұрғыны Руслан Қуат Алматы әуежайында жұмыс істеген. Қаңтардың басында еңбек демалысына шығып, жеңіл көлігімен Алматыға адам тасып, ақша тауып жүрген. Әйелі Айгүлдің айтуынша, несие борышы болғандықтан, күйеуі қарап отырмай, ақша табуға кеткен. Айгүлдің аяғы ауыр еді.

Рөлде отырған Руслан Қуат оқ тиіп қаза болғаннан кейін, көп оқтан шұрық-тесік болған жеңіл көлігі жол шетіндегі ағашқа соғылып тоқтаған

6 қаңтар кешке Руслан Қуатты Республика алаңына жақын маңдағы Назарбаев даңғылының бойында атып өлтірген.

– Қалада не болып жатқанын білмедік: интернет болмады, өзіміз қаланың сыртында тұрамыз. Күйеуім митингіге қатысқан жоқ, қалаға адам алып кетті. Алаңға неге барғанын білмеймін. Оқ жаудырған кезде қайтыс болған жолаушы сол жаққа бара жатқан шығар. Артқы орындықта отырған тағы бір кісі тірі қалды. Ол көлік тоқтатқан кезде жүргізушінің жанында жолаушы болғанын айтты. Олар болған жағдайды талқылап отырған. Әлгі кісінің айтуынша, күйеуім "Қазақ қазақты атпайды ғой" депті. Қылмыстық істе солай жазылған, – дейді марқұмның жесірі Айгүл.

Жүргізушісі оқ тиіп қаза болған, сыртын түгел оқ тескен "Лада" жеңіл көлігі жол шетіндегі ағашқа барып соғылған.

Түнде Айгүлге белгісіз біреу хабарласып, күйеуінің қайтыс болғанын естірткен. Отбасы Русланның қалада қалғанын білсе де, жете алмаған. Ол кезде комендант сағаты еді.

– Бізді де атып тастай ма деп қорықтық, – дейді Айгүл.

Таңертең Русланның ағасы қалаға барып, марқұмды алып қайтқан. Медициналық құжаттарда белгісіз қарудан атылған оқ жүргізушінің желкесіне тигені жазылған.

Руслан Қуат 2022 жылғы 6 қаңтарда қаза тапты. Оның көлігіне Республика алаңы маңында оқ жаудырған

Қылмыстық іс материалдары құпия қаралып, кейіннен іс жабылып қалған.

– Оны әскери адамдар атып өлтірді. Прокуратурадағылар "Билігін асыра пайдалану" (451-бап) деді. Русланды төтенше жағдай режимін бұзды деп айыптады, – дейді Айгүл.

Айгүл жеті миллион теңге өтемақы алған. Талғар әкімдігі жерлеу рәсіміне алған несиесін жабуға көмектескен.

Қазір Айгүл балаларымен бірге (үлкен қызы 17 жаста, ұлдары 15 және 12 жаста, кенже қызы Раяна әлі жасқа толмаған) құрылысы бітпеген үйде тұрады. Руслан үйін өзі салған. Тапқанын құрылысқа жұмсаған. Бірақ екінші қабатын көтеріп, айналасын қоршап үлгермепті.

– Балалар тез есейіп кетті. Бұрын ерке болатын. Қазір салмақты болып қалды. Мені уайымдайды. Руслан балаларын қатты жақсы көретін, олардың айтқанын екі етпей орындайтын. Үйде мен қатал, ол мейірімді еді. Аяқ асты хабарласып, бәрімізді тауға демалуға алып кететін. Орны ойсырап қалды.

Руслан Қуат (суретте әйелі және балаларымен бірге отыр) жеке көлігімен адам тасып табыс тауып жүрген. 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңы маңында оның көлігіне оқ жаудырған

Айгүл әуелгіде күйеуінің қазасына кінәлілер жауапқа тартылады деп үміттенген. Қазір әділдік барына сенбейді.

– Жазықсыз адамды атып тастап, жазасыз жүргендері жаныма батады. Атқан адамдардың аты-жөнін кім береді? Өлтіргісі келді, өлтіре салды. Жеті миллион беріп құтылды. Күнде күйеуімнің қашып бара жатқаны, артынан оқ атқандары елестейді. Көлікті тоқтатқысы келсе, неге дөңгелекті атпайды? Өлтірудің не қажеті бар еді?

АСЫРАУШЫСЫНАН АЙЫРЫЛҒАН ТАҒЫ БІР ОТБАСЫ

42 жастағы Ермек Кебекбаев жүргізуші болып істеген. 6 қаңтарда көлігіне жанармай құю үшін досымен бірге қалаға шыққан. Ертеңіне қала сыртына барып, жаңа жылдан кейін ата-әжесінің қолында қалған қызын алып қайтпақшы болған. Жаппай тәртіпсіздіктен кейін жанармай бекеттерінің көбі жабық тұрған еді. Ермек үйінен ұзап кеткен. Сағат 19:00-дан кейін әйелі Ақтотыға хабарласып, көп ұзамай үйге қайтатынын айтқан. Бұл ерлі-зайыптының соңғы рет сөйлесуі еді.

Ақтоты күйеуіне қайта телефон шалғанда тұтқаны досы көтерген. Ол алаңға жақын маңдағы Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында көлікке оқ жауғанын айтып, Ермектің қайтыс болғанын естірткен.

Ақтоты күйеуін медициналық жедел жәрдем ауруханасы мәйітханасынан тапқан. Басына, кеудесі мен иығына төрт оқ тиіпті. Ермекті туған жері Есікке апарып жерлеген. Екі аптадан кейін полиция марқұмның сүйегін көрден қазып алған. Сараптамада Ермектің оқ тиіп қаза болғаны жазылған.

Осыдан кейін Ақтотыны тергеуге шақыра бастаған. Полиция күйеуіне жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айып тақпақшы болған. Ақтотының сөзінше, тергеушілер онымен "террористің әйеліндей" сөйлескен.

– Соңғы рет күйеуімнің телефоны мен киімдерін алуға бардым. Сұрақ қойып, видеосын, сараптама қорытындысын көрсетті. Ермекке тиген төрт оқтың біреуі де табылмаған. Көлікте бір оқ болған. Тергеушілер "автоматтың оғы екен, бұл қару жай адамда да, әскери қызметкерде де болуы мүмкін" деді. Көлігін қайтарған жоқ, әлі айыппұл тұрағында жатыр.

Ермек Кебекбаев 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыда қаза тапты. Ол айдап келе жатқан жеңіл автокөлік тұтқиылдан атылған оқ астында қалған. Суретте Ермек әйелі Ақтотымен бірге отыр

Наурызда Ақтоты Кебекбаеваның адвокатына полиция департаментінен құжат келген. Онда "Республика алаңы мен Алматының басқа бөліктерінде белгісіз адамдар жаппай тәртіпсіздікке қатысып, ғимараттарды өртеп, мүліктерді қиратып, қару мен жарылғыш заттар қолданған. Соның салдарынан құқық қорғау органдары қызметкерлері, жауынгерлер мен басқа да азаматтар зардап шеккен. Бәрі қалалық ауруханалар мен сот сараптамасы институтына жеткізілген. Олардың қатарында Ермек Жеңісұлы Кебекбаев та болған" деп жазылған.

Ақтоты қазір тергеу барысы мен марқұмға тағылған "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып туралы ештеңе білмейді. Адвокаттың қызметіне ақша төлей алмайды, өздері әзер күн көріп отыр. Ақтоты тоғыз, сегіз және бес жастағы үш баласын жалғыз өзі асырайды. Көлік тұрағына оператор болып жұмысқа тұрған. Айына 120 мың теңге жалақы алады. Оның өзін пәтерақысына береді. Отбасы 66 мың теңге жәрдемақыға күн көреді.

Ермек Кебекбаевтың жеңіл автокөлігін 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңы маңында атқылаған. Ертесіне әйелі марқұм күйеуін мәйітханадан тапқан

Жақында Қаңтар оқиғасы кезінде кездейсоқ атылған азаматтардың отбасына өтемақы төлейтін "Қазақстан халқына" қоры хабарласқан. Ақтоты қорға сұраған құжаттарын тапсырған.

– Күтіп отырмын. Балаларым көшеде қалмас үшін ипотекаға болсын үй алғым келеді. Олар әкесі оралмайтынын біледі. Неден қайтыс болғанын да естіп өсті. "Мама, енді сен ғана барсың" дейді.

Алаңда оқ атылғаннан кейін бірнеше күннен соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Бейбіт шеруге шыққандарға қарсы ешқашан қару қолданған жоқпыз және қолданбаймыз да" деп мәлімдеген. Бір айдан кейін президенттің жақын серігі, сол кезде мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Ерлан Қарин жергілікті ақпарат құралына берген сұхбатында "6 қаңтарда Алматыда әскерилер бейбіт тұрғындарға қарсы оқ атқан жоқ" деп мәлімдеді.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы зерттеушілері 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында түсірілген видеоларды қарап, жер серігінен түсірілген, карталар мен суреттерде көрінетін нысандарды салыстырып шыққан. Видеоның түсірілген уақытын анықтау үшін ақпарат құралдарындағы деректер мен әлеуметтік желілердегі жазбаларға, күн шығатын және бататын, кадрда көрсетілген уақытқа қарап, зерттеп, шолу жасаған. Екі жарым минуттық бір видеоның өзінде жүзден аса рет атылған қару дауысы естіледі. Зерттеушілер 6 қаңтарда күш құрылымдары алаңда тұрған бейбіт демонстранттарға оқ атты деген үш куәгермен сөйлескен. Олардың сөзі зерттелген видеолар мен ақпарат құралдарында жарияланған деректерге сай келеді. Құқық қорғау ұйымы бейбіт халыққа "шектен тыс" күш қолданылғанын растайтын айғақтар жеткілікті деген қорытынды жасап, Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасы бойынша халықаралық зерттеу жүргізуге шақырған. Президент Тоқаев бұл ұсыныстан бас тартты.

Қаңтар оқиғасынан кейін бір жылдан соң Бас прокуратура "2022 жылы қаңтарда арнаулы қызметтің бұрынғы басшылығы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп мәлімдеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісі жабық сотта қаралып жатыр.

Билік Қазақстанның бірнеше қаласын қамтыған Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтар тізімін тамызда бір-ақ жариялады. Онда марқұмдардың тегі жазылған, бірақ аты-жөнінің тек бас әрпі көрсетілген. Олардың қайда, қашан, қандай жағдайда қаза болғаны туралы дерек жоқ. Жақында бас прокуратура Қазақстан бойынша Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 238 азаматтың 151-і Алматы қаласының тұрғыны екенін айтты. Бірақ олардың қаншасы 6 қаңтарда алаңда атылғаны белгісіз.