Митингіге шамамен 200 адам жиналды. Адамдар бірнеше сағат бойы саяси реформаны талап ететін ұран айтып, ортаға шығып сөйлегендерді тыңдады.
Билік жиынға рұқсат бергенімен, өту барысын қадағалады – полиция Ұлттық академия ғимараты алдындағы алаңды екі жағынан темір кедергімен қоршап, акцияны бақылап тұрды. Бірақ бұл жолы құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовтың ұйымдастыруымен 31 қазан күні өткен митингіге қарағанда полицейлер азырақ болды.
Митингіге келген әйел алдағы парламент сайлауына бойкот жариялауға шақыратын плакат ұстап тұр. Қазақстанда кезекті парламент сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген. Ол күні мәслихат сайлауы да өтеді. Белсенділер сайлаудың бұрмаланатынын, оның билік партиясы "Нұр Отан" жеңіп шығатындай етіп ұйымдастырылатынын айтады.
Қазақстандағы осыған дейінгі парламенттік сайлаулар жөнінде мына жерден оқысаңыз болады.
Журналист Гүлжан Ерғалиева мен саяси белсенді Жанболат Мамай митингшілер алдында селфиге түсті. Митинг барысында сөз сөйлеген Ерғалиева Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдап, оның демократия мен әділ сайлау қағидаттарына негізделген мемлекет құру туралы уәдесін орындамағанын айтты.
– Сіз құрған билік адамдардың сайлауға және сайлануға деген конституциялық құқығын шектейтін заңдар қабылдады, сайлану құқығын тек партиялық тізім бойынша жүзеге асыруға болатын кедергі құрды. Яғни ешқандай партияға мүше емес 11 миллион адам өкілетті органға сайлануға құқылы емес. Олар еліміздің кәмелетке толған халқының 90 пайызын құрайды. Оларды не үшін жазалап отырсыз? – деп сұрақ қойды Ерғалиева.
Мүгедек арбасына отырған ер кісі Алматыдағы митингіде. Плакатта "Тоқаев керең болма, 100 мың адамның талабына құлақ ас!" делінген. Тамыз айында Демократиялық партияны құру жөніндегі Жанболат Мамай бастаған бастамашыл топ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігіне несие амнистиясын жариялау туралы 100 мыңға тарта өтініш тапсырылғанын айтты.
Жанболат Мамай митингіде сөз сөйлеп тұр. Саяси белсенді алдағы сайлауға бойкот жариялауға шақырып, Қазақстанда саяси реформа жүргізу қажетін айтты.
Қазақстанның жалаушасы ұстаған әйел митингі өтіп жатқан жерде қашықта отыр.
Қазақстандағы парламент сайлауына бойкот шақыратын плакат ұстаған ер кісі.
Алматыдағы митингіде Қазақстанның жалаушасын ұстаған әйел.
Қазақстанның жалаушасын ұстаған ер кісі сөйлеушілерге қолдау ретінде ысқырып тұр.
Митингіде қол соққан ер азамат.
Сөз сөйлеген ер кісі.
Жиын аяқталғанда акцияның кейбір қатысушылары митинг қарсаңында ұсталған журналист Ермұрат Бапиді босатуды талап етіп, Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасына жол тартты. Бапи түрмеде белгісіз жағдайда қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділдің 13 қарашадағы жаназасына Алматыдан онлайн қатысқаны үшін айыпталып отыр.
Полиция Бапиді босатты, бірақ оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 6-тармағы (Заңсыз шараға қатысу) бойынша жаза төніп тұр. Аталмыш тармақта жазаның үш түрі қарастырылған: ескерту, айыппұл және 15 тәулікке қамау.