Алматыдағы митинг: Билікке наразылардан гөрі полицияның у-шуы қатты естілді

Полиция митингіге шыққан адамды күштеп әкетіп бара жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

28 ақпанда оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов Алматы, Нұр-Сұлтан және Қазақстанның өзге қалаларындағы жақтастарын бейбіт митингіге шығуға үндеді. Алматыда Орталық мәдениет және демалыс саябағынан (Горький паркі) Жібек жолы көшесіне шеру тартып бармақ болған еді. Бірақ акция басталмай жатып полиция демонстранттарды саябақ қасынан ұстап әкете бастады. Дәл сол сәтте Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдында полиция Жанболат Мамайдың жақтастарын құрсауға алып, кешке дейін ұстады.

Қала билігінің митинг өтетін күнге жақсылап дайындалғанға ұқсайды. Тіпті бұл күні қоғамдық көлік бағыты да өзгерді: автобустар мен троллейбустарға митинг өтеді деп жоспарланған Орталық саябақ пен Орталық стадионның алдына тоқтауға тыйым салынды. Ресми ақпаратта ол аялдамаларда "жөндеу жұмысы атқарылады" деп көрсетілген.

Орталық саябақ жанында тұрған полиция қызметкерлерінің қасынан өтіп жатқан адамдар. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Орталық мәдениет және демалыс саябағы маңында полицияның көп болғаны соншалық, бір қарағанда, олар бәріне қолын бір сілтеп, наразылық акциясына ҚДТ (Қазақстан соты қызметіне тыйым салған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атайтын "Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы) жақтастарының орнына өздері шыққандай көрінеді.

Журналистер саябаққа жақындаған сайын полиция қызметкерлері де сақтық шараларын күшейте бастады. Олар жаяу адамдарды тоқтатып, қайда бара жатқанын сұрап, Орталық саябақта "тазалық күні" екенін ескертіп, басқа жаққа серуендеуге кеңес берді.

Оппозицияның наразылық акицясы өтеді деп хабарланған маңда жүрген полиция қызметкерлері. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

– Осы жақын жерде тұрамын. Дүкенге шығып едім, енді үйге қайтып барамын, – деді қолына полиэтилен пакет ұстаған аласа бойлы ер адам. Үйге басқа жолмен қайтуға кеңес берген полиция қызметкерлеріне ашуланған ол күңкілдеп, кері бұрылып кетті.

Саябақтың сыртқы қақпасына шынымен де парктің жабық екенін хабарлайтын үлкен екі плакат ілінген. Бірақ бұл жазуды журналистер ғана көрді, өйткені полиция ол жаққа ешкімді өткізген жоқ.

Орталық мәдениет және демалыс саябағы бұл күні жабық тұрды. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

"НЕ ІСТЕП ЖАТҚАНЫН ҚАРАҢДАР!"

Жергілікті әкімдік дерегі бойынша, митинг өтетін күні жөндеу жұмыстары жоспарланған бос аялдамаларда қолы бос дезинфекторлар ғана отырды. Олар арасында сирек келетін автобустарды дезинфекциялап, күні бойы сол жерде жүрді. Камера объективінен қашқан дезинфекторлар полицияның демонстранттарды ұстап жатқанын көргенде басын шайқап, аяушылық білдіріп, ақырын дауыспен "Не істеп жатқанын қараңдар!" деді.

Үкіметке талабы мен наразылығы жазылған плакат ұстап митингіге шыққан әйелдер. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Полиция қызметкерлерінің жаппай бақылауына қарамастан, кей белсенділер шағын топтарға бірікті. Бірнеше қарт әйел ағылшын тілінде "Саяси тұтқындарға бостандық", "Белсенділер – экстремист емес" деп жазылған плакаттарын жайып үлгерді. Олар ұран сөздерді үш минуттай ұстап тұрғаннан кейін полиция наразыларды автозакқа күштеп тиеп, плакаттарды жол шетіндегі лайға лақтырып тастады.

Полиция наразы азаматтардың қолындағы плакатын жұлып алып, таптап тастады. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Акцияға қатысуға келген басқа азаматтар да мұндайдан құтыла алмады. Олардың көбі наразылық білдіріп те үлгерген жоқ: полиция мұның алдын-алып, жарты минут бұрын орындықта отырған үш ер адамды автозакқа сүйрей жөнелді.

Фотографтар мен операторларға да оңай болған жоқ. Күш құрылымдарының ұзын бойлы, денелі бірнеше қызметкері журналистерді мұқият бақылап, азаматтарды ұстау шарасын түсіріп жатқанын байқаса, әдейі итеріп, нұқып, камераны қасақана көлегейлеп, объективке жармасты.

Полиция қызметкерлері наразылық акциясына шыққан адамды көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Олар журналистерді тағы бір рет итеріп қалған кезде, қолымнан фотоаппаратымды түсіріп ала жаздадым. Содан кейін ірі денелі палуанға ұқсайтын орта жастағы арнаулы жасақ өкілінің "Настоящее время" телеарнасы операторы Павел Энгельгардтың бүйірінен қойып қалғанын көрдім. Оператор құлауға шақ қалды. Арнаулы жасақ өкілі басқа біреу кінәлі сияқты кейіп танытып, "Әй, неге итересің!" деп зекіген болды.

– Қылмыстық кодексте "Журналистің қызметіне кедергі келтіру" деген бап бар. Сіздің әрекетіңіз сол бапқа сәйкес келеді, – дедім мен күш құрылымы қызметкерінің жанына барып. Ол масканың астынан жымиды да қойды.

Полиция жасағы үкіметке наразылық акциясына шыққан адамды әкетіп бара жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

БІР ШЫНЖЫРҒА БАЙЛАНҒАН

Полицияға наразылардың бір тобын ұстау қиынға соқты, өйткені бес демонстрант өздерін алдын-ала ауладағы ит байлайтын берік шынжырмен байлап тастаған еді. Полиция арнаулы жасақ өкілдерімен бірге бес азаматты автозакқа әзер салды.

Полиция үкіметке наразы адамдарды көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Көшенің арғы бетінен қолына плакат ұстаған әйелдер көрінді. Бас киімін көзіне баса түсіріп киген арнаулы жасақ өкілі әйелдердің біріне тап беріп, қолындағы плакатын жұлып алып, саяси тұтқындарды босатуды өзі талап етіп жатқандай, бірнеше секунд плакатты басына көтеріп тұрды. Сәлден кейін әйелдерді автозакқа салды, ал арнаулы жасақ өкілі плакатты шетке қарай алып кетті.

Полиция қызметкері наразылық акциясына шыққандардан тартып алған плакатты басынан асыра көтеріп ұстап тұр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Журналистердің есебі бойынша, бұл күні Орталық саябақтың алдында кемі 40 адам ұсталды.

Дәл осы кезде Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдында "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай мен оның жақтастары ұйымдастырған митинг өтіп жатты. 40 шақты адам Абай даңғылымен Республика сарайына дейін шеру тартып бармақ болған. Бірақ күш құрылымдарының қызметкерлері митингіге шыққандарды құрсауға алып, шетке қарай ығыстырды. Оларды көшеден өтіп жатқан жұрт көзінен тасада ұстау үшін спорт сарайының жанына жолаушы таситын бірнеше үлкен автобус қойды.

Полиция жасағы билікке наразылық акциясына шыққан азаматтарды қоршап тұр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Митингіге қатысушылар дауыс күшейткіш құралды пайдаланып, сөз сөйлеп, "Назарбаев кет!" деп айғайлады. Бұл кезде қоршаудың сыртында жүрген күш құрылымдары қызметкерлері дауыс зорайтқыштан Мамайды сынап-мінеп, айғайлаумен болды. Арасында "Мамай – ұятсыз" деген сөздер де естілді.

Полиция қоршауында қалған белсенді дыбыс зорайтқыш құралдың көмегімен билікке талабын айтып тұр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Кей наразылар күш құрылымы қызметкерінің қолынан дауыс зорайтқышты тартып алу үшін арнаулы жасақтың қоршауын бұзып шығауға талпынып көрді. Бірақ әлгі адам қоршаудан аулақтау жүруге тырысты.

Наразылық акциясын бақылап тұрған журналистер. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

– Әй, журналист! Қарт адамға босап шығуға көмектес, әжетханаға барғысы келеді, – деді қоршауда тұрғандардың бірі.

Бетіне маска тақққан, полковник шеніндегі полиция қызметкері зейнеткер мен тағы бірнеше адамды босатуға бұйрық берді. Қалған наразыларды полиция кешке дейін құрсаудан шығармай ұстап тұрды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Назарбаев хан емес, қазақ халқы мал емес!" Алматы мен аймақтағы наразылық қалай өтті?