Алматыда ауаның ластануына қарсы билік рұқсат еткен митинг өтті. Жиналғандар экологиялық мәселе ғана емес, Ресей әскерін Украинадан шығарып, соғысты доғару қажеттігін айтты.
Билік рұқсат еткен кез келген акция сияқты ауаның ластануына қарсы митинг Ғылым академиясы алдындағы Уәлиханов алаңында өтті. Аумаққа кемінде 300 адам жиналды. Көбінің қолында плакаттар болды. Сол тұрғыдан алғанда акцияны тек маңызды шара ғана емес, өте креативті акция деп атауға келеді.
Ең бірінші болып акцияны ұйымдастырушылардың бірі Равкат Мұхтаров сөйледі. Ол жұртқа келгені үшін алғыс білдіріп, Алматы әкімі Ерболат Досаевқа қарата:
— Досаев мырза, қазір сіздің алдыңызда өте маңызды таңдау тұр: не Алматы ауасының мәселесін біртіндеп шешесіз, ауаның ластануын тиімді шешуге жағдай жасап, халық есінде жақсы басшы ретінде қаласыз. Немесе халықтың үнін естімей, мұң-мұқтажына құлақ түрмей, [қаланың бұрынғы әкімі] Сағынтаев және өзге де маңызды тұлғалар сияқты қызметтен масқара болып кетесіз. Әділ сайлау әкімнің тиімділігін анықтауы тиіс деген пікірді қолдаймын, алайда бізге ауа мәселесін дереу шешу маңызды, сол себепті сіз бізді қолдайсыз деп үміттенеміз. Бірақ сізді митингіден көрмей тұрмын, бұл жақсылықтың нышаны емес, - деді.
Оқиғаны полицейлер бақылап тұрды, бірақ ешқандай ескерту жасамады. Ал алаңның жан-жағын қарап көрген журналистер митинг өтіп жатқан жерге жақын аумақта бірнеше автозак көргенін айтты. Әдетте саяси ұрандар айтылатын акциялар кезінде полиция ұсталғандарды сондай автозактарға отырғызып әкетеді.
Жиналғандар алдында "Табиғат" экологиялық одағының жетекшісі Мелс Елеусізов те сөйлеп, Алматы тұрғындары "газ камерасында тұншығып отыр" деп мәлімдеді.
– Совет кезінде СССР ғылым академиясы қаланың экологиялық сыйымдылығы – 700 мың адам екенін анықтаған. Одан артық болмайды. Қазір Алматыда үш миллионға жуық адам тұрады. Қала барған сайын ұлғайып барады. Ауылдар қаңырап, барлығы осы жаққа ағылып жатыр, себебі ол жақта шаруашылықтар қирап қалған. Күн сайын қалада миллионға жуық көлік жүреді. Көлік кептелісінен көз аша алмайсың, қозғалыс жоқ деуге болады. Ал бос жүріс кезінде өте көп қалдық шығады.
Белсенді Әсия Төлесова (Алматы тұрғындарына ауа сапасын біліп отыратын мобильді қосымшалар жасаған) мінберге шыққанда жұрт елең етіп, белсендіні қол шапалақтап қарсы алды.
— Батылдық танытып, бүгін осында келгендеріңіз үшін рахмет! Билікке айтар сөзім бар: біз сіздерге зерттеу деректерін бердік, барлық картаны қолдарыңызға жайып салдық, тиімді шешім қабылдар деп үміттендік. Бірақ бес жылға жуық уақыт өтті: ал біз сол баяғы орында жылжымай тұрмыз. Біз жылу электр орталығын (ТЭЦ) газға көшіру – тек қысқамерзімді мақсат екенін білеміз. Бірақ болашақта бізге, Алматы тұрғындарына және тұтас Қазақстан халқына Алматыны энергияны тиімді жұмсайтын, тұрақты, қауіпсіз қалаға айналдыру мәселесін шешуге тура келеді. Әлеуметтік желілерде бізге осындай үкімет лайық деген сөзді жиі естимін, алайда біз ең мықты үкіметке лайықтымыз деп айтқым келеді. Себебі бізде ақыл мен батылдық, ар-ұждан бар және біз тек "еститін" үкімет қана емес, біздің болашағымыз үшін сөйлей алатын, көре білетін, әрекет жасайтын үкімет құрауымыз керек.
Әсия сөзін "Украина жасасын!" деп аяқтады, ал оған жұрт тағы қол шапалақтады.
Әсия Төлесовадан кейін модератор Равкат Мұхтаров мінберге шығып, әкімдік өкілдері митингінің тақырыбынан ауытқымауды ескерткенін, Украинаны қолдап, соғысты айыптаған ұрандар айтпауын сұрғанын жеткізді.
"Менің ойымша, бұл цензура!" — деді ол.
Митингіде экологиялық мәселелерден бөлек, Украинадағы соғысты тоқтатуды талап еткен, украин халқын қолдаған плакаттар көп болды. Жұрт осындай қиын-қыстау кезеңде украин халқын қолдау үшін келгенін де айтып жатты.
—Біз бейбітшілікті қолдаймыз және бұл таза ауа, жүрек, өмір, адамдар қатынасымен тікелей байланысты. Менің ойымша, бейбіт халық қырылып, қайғыдан қан жұтып жатқанда бірдеңеге қол жеткізу мүмкін емес. Әрине, бұл жерге нақты бір істі жүзеге асыру үшін келген балаларды ұстап бергіміз келмейді, бірақ ақыры келдік пе, бейбітшілік үшін шығу – әрдайым дұрыс. Біз – қарапайым халықпыз, біз тек аспанымыз ашық, ауамыз таза, Күннің бәріне көрінгенін қалаймыз. Ал дәл қазір украин отбасылары, балалары ауасы тар жертөлелерде отыр. Бізде ол лас болса да бар, біз көшеге шығып тыныс ала аламыз. Украина халқы біздің осында олар үшін алаңдап отырғанын білгенін қалаймыз, – деді Даша есімді қыз.
Митинг аяқталған кезде полицейлер жиналғандардан тезірек тарауды сұрады. Шарадан соң Украина туын ұстаған, соғысқа қарсы плакаттары бар 20 шақты адам украин ақыны, ойшылы Тарас Шевченконың ескерткішіне барды.
Көбі "Путин – фашист", "Украина – Ресей емес", "Соғысқа жол жоқ", "Украина тәуелсіз" деп орыс және украин тілдерінде ұрандады. Оқиғаны алыстан полицейлер бақылап тұрды, бірақ кедергі келтірген жоқ.
Жарты сағаттан кейін полицейлер жиналғандарға келіп, тарауын сұрады. Жұрт тарай бастады. Бірнеше минуттан соң Шевченко ескертішінің алдында ешкім қалмады. Постаментте ғана әлдекім қалдырып кеткен Украина туының суреті мен "Соғысқа жол жоқ" деген жазуы бар қағаз тұрды.