"Келесі жолы кел". Шеттен келген қазақ неге сенделеді?

Қазақстанға шетелден көшіп келіп, ықтиярхат ала алмай жүрген қазақтар Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп тұр. Жамбыл ауданы, Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл.

Тарихи отанына оралған этникалық қазақтарға азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен беру заңда қарастырылса да, жылдар бойы оған қолы жетпей жүргендер аз емес. Көші-қон мекемесі бұл жайлы сауалға жауап беруге құлықсыз. Заңгер оралмандарға құжат өткізгені туралы анықтама алуды ұмытпауға кеңес береді. Сарапшы көші-қон қызметіне білікті маман жетіспейтінін айтады.

ТӨРТ ЖЫЛҒА ЖАЛҒАСҚАН СЕРГЕЛДЕҢ

22 жастағы Әйгерім Ізтұрғанова Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанда туған. Өзбекстанда әке-шешесі қатар қайтыс болған соң өзінен екі жас кіші інісі Бауыржан екеуі әжесінің қамқорлығында қалған. 2007 жылы әжесі екі немересін алып, екінші қызы тұратын Қазақстанның Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаратұрық ауылына көшіп келген.

Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ аудандық көші-қон қызметіне кезекті рет келіп, бұл жолы да қанағаттанарлық жауап ала алмай тауы шағылған Әйгерім мен нағашы әпкесі Ақмарал Ермекбаеваны Азаттық тілшісі сол жерден жолықтырды. Әйгерім Қазақстанға тоғыз жасында келгенін, бірақ әлі күнге азаматтық ала алмай жүргенін айтып шағынды.

Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген Әйгерім Ізтұрханова. Есік қаласы, Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы. 23 маусым 2020 жыл.

- Әжемнің ұлты қарақалпақ еді. Сондықтан ол кісі Қазақстан азаматтығын ала алмады. Ал мен 18 жасқа толар шағымда әжем дерттен қайтыс болды. Інім Бауыржанды нағашы әпкем өз қамқорлығына алғандықтан қазір ол – Қазақстан азаматы, - дейді Әйгерім.

Қазақстан заңы бойынша 18 жасқа толмаған адамның азаматтық қабылдау туралы өтінішін олардың заңды өкілдері ұсынады. Ал Әйгерімнің заңды өкілі Қазақстан азаматы болмағандықтан бұл құқықты пайдалана алмаған.

Әйгерім қазір тұрмыста. Бір жасар баласы бар. Екіншісіне аяғы ауыр. Ақмарал Ермекбаеваның айтуынша, анасында құжат болмағандықтан Әйгерімнің баласына мемлекеттен ешқандай жәрдемақы берілмейді.

Біз аудандық көші-қон полициясына келіп-кетіп жүргелі бұл жерде төрт бастық ауысты. Ешқандай нәтиже жоқ.

- Әйгерім кәмелеттік жасқа жетіп қалған кезде анам (Әйгерімнің әжесі) рактан қайтыс болып кетті. Мұны ешқайсымыз қамқорлыққа ала алмадық. Өйткені біз құжаттарды рәсімдеп болғанша, Әйгерім 18 жастан асып кетті. Қазір баласында да туу туралы куәлік жоқ. Біз Әйгерімнің шаруасымен Еңбекшіқазақ аудандық көші-қон полициясына келіп-кетіп жүргелі бұл жерде төрт бастық ауысты. Ешқандай нәтиже жоқ, - дейді Ақмарал Ермекбаева.

Әйгерім Қаракемер ауылындағы орта мектепте үшінші сыныптан бастап тоғызыншы сыныпқа дейін ғана оқыған. Кәсіби білім алуына құжатының жоқтығы кедергі болған.

- Қазақстан билігі бұл қызға "Өзбекстанға барып, паспорт алып кел" дейді. Егер Әйгерім ол жаққа барса, құжатың жоқ, қашып жүрсің деп қамап тастайды ғой, - дейді нағашы әпкесі.

Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметінің алдында тұрған адамдар. Есік қаласы, Алматы облысы, 23 маусым 2020 жыл.

Ақмарал мен Әйгерім Еңбекшіқазақ аудандық көші-қон қызметінде құжат қабылдап отырған инспектордан бөлім бастығын шақырып беруді өтінген еді.

- Арғы жақтан барыңдар. Сендерді терезеден кіргізбеймін ғой, - деді инспектор аудандық ішкі істер бөлімі орналасқан келесі ғимаратты нұсқап.

Ол сілтеген жерге Әйгерім мен әпкесімен бірге Азаттық тілшісі де барды. Бірақ ғимаратқа кіретін есік аузында отырған кезекші:

- Ол кісі бұл жақта отырмайды. Терезеден шақыртып аласыздар, - деп кері қайтарды.

- Міне, төрт жылдан бері осылай. Бір-біріне сілтеп, жөнін айтпайды, - дейді Әйгерім Ізтұрханова ренішін жасырмай.

Жинап өткізген құжаттарымыздың қайда кететінін білмейміз, әйтеуір жоқ болып кетеді.

Қайта келгенімізде көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Еркін Төлебаев құжат тапсырушыларды қабылдайтын терезеге келген екен. Әйгерімнің құжаттарын мұқият қарап шыққан ол: "бірнеше құжаттың жарамдылық мерзімі өтіп кетіпті, егер соларды қайтадан алып келсең, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуға мүмкіндік бар" деп шығарып салды.

- Мұндай жауапты бұған дейін де талай естігенбіз. Осымен төртінші мәрте құжат жинағалы тұрмыз. Жинап өткізген құжаттарымыздың қайда кететінін білмейміз, әйтеуір жоқ болып кетеді, - дейді Ақмарал Ермекбаева.

"БҰҒАН ДЕЙІН ЕКІ РЕТ ТАПСЫРҒАН ҚҰЖАТТАРЫМ ҚАЙДА?"

Алматы облысындағы Есік қаласының тұрғыны Айша Оразбек тарихи атамекені Қазақстанға 2009 жылы Қытайдың Үрімжі қаласынан көшіп келген. Ықтиярхат пен оралман куәлігін алған, бірақ 2015 жылдан бері Қазақстан азаматтығын алу үшін аудандық көші-қон қызметіне екі рет құжат өткізгенімен, жинаған құжаттары "ұшты-күйлі жоғалып кететінін" айтады.

Қазақстанға Қытайдан көшіп келген этникалық қазақ құжаттарын көрсетіп тұр. Көрнекі сурет.

Айша Оразбектің шағымына байланысты Азаттық тілшісінің сауалына Еңбекшіқазақ аудандық көші-қон қызметі бөлімінің жетекшісі Еркін Төлебаев: "Айша Оразбектің кішкентай баласы бар, ол соған да азаматтық сұраған. Бірақ баласының Қазақстан азаматтығын алуына әкесінің рұқсаты жоқ" деп жауап берді.

Айша Оразбек баланың әкесі ондай рұқсат бергенін растайтын қолындағы қағазды көрсетті. 2017 жылы 25 шілдеде қазақстандық нотариус куәландырған қолхатта: "Мен, Қытай халық республикасының азаматы Чжан Луга осы өтініште кәмелет жасына толмаған балам, 2012 жылы 15 маусымда дүниеге келген, Қытай халық республикасының тумасы Чжан Аңсар Луганың Қытай азаматтығынан шығып, Қазақстан республикасының азаматтығын қабылдауына қарсы емесімді білдіремін" деп жазылыпты.

Айша Оразбек Азаттықтың сауалынан кейін аудандық көші-қон қызметіне үшінші мәрте қайтадан құжат жинап өткізгенін, мекеме өкілдері "бір айдың ішінде азаматтық беріледі" деп сендіргенін айтады.

- Сонда бұған дейін екі рет жинап өткізген құжаттарым қайда кетті? Егер жоғалып кетпесе, үшінші мәрте не үшін құжат жинадым? - дейді Айша Оразбек.

Азаттық тілшісі осы сауалды Еңбекшіқазақ аудандық көші-қон қызметінің бастығы Еркін Төлебаевқа қойған еді. Бірақ шенеунік сұраққа жауап беруден бас тартты.

"ТІРКЕУГЕ АЛДЫ ДА, КЕЙІН ЖОҚ ЕТТІ"

22 жастағы Серікжан Нұрланұлы 2019 жылы қыркүйек айында Алматы облысы Жамбыл аудандық көші-қон қызметіне Қазақстан азаматтығын алу туралы құжат тапсырғанын айтады.

- Төрт айдан кейін барғанымда "базада тұр екенсің, бір айдан кейін шығып қалады, күт" деді. Күттім. Сөйтіп жүргенде коронавирус карантині (2020 жылдың наурыз айы) басталып кетті. Енді қазір барсам, "базада жоқсың" дейді. Сонда қалай болғаны? - дейді ол түсінбей.

Қазақстанға шетелден көшіп келіп, ықтиярхат ала алмай жүрген қазақтар Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп тұр. Жамбыл ауданы, Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл.

Серікжан Нұрланұлы Жамбыл аудандық көші-қон қызметінен сұрақтарына мардымды жауап ала алмағанын, өткізген құжаттарын енді кімнен сұрарын білмей дал болып отырғанын айтады. Азаттық тілшісі бұл мәселе бойынша аудандық көші-қон қызметінен жауап ала алмады.

Тарихи отаны Қазақстанға шет мемлекеттерден көшіп келген этникалық қазақтар арасында не ықтиярхат, не оралман куәлігі, не Қазақстан азаматтығын ала алмай, бірнеше айлап, кейбірі жылдар бойы сергелдеңмен жүргендер әсіресе Алматы облысында жиі кездеседі. Жамбыл, Қарасай, Іле аудандарында талай уақыттан бері осындай әуре-сарсаңға түскен шетелден келген этникалық қазақтар туралы Азаттық бірнеше рет жазған.

Ауғанстан мен Сауд Арабиясынан келген қазақтардың мұңы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Құжатсыз жүру қажытты". Ауғанстан мен Сауд Арабиясынан келген қазақтардың мұңы

Мамырдың соңында Азаттық Жамбыл ауданында жарты жылдан бері құжатсыз жүрген, "көші-қон қызметінің жұмысына көңілі толмайтынын" айтып, шағымданған этникалық қазақтар туралы да материал жариялаған:

Ықтиярхат ала алмаған шетелдік қазақтардың сергелдеңі (27 мамыр 2020 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

Ықтиярхат ала алмай жүрген шетелдік қазақтардың сергелдеңі


ЗАҢГЕРДІҢ ПІКІРІ

Шетелден тарихи атамекеніне көшіп келген этникалық қазақтардың азаматтық алу мәселесімен айналысып жүрген заңгер Айна Шорманбаева оралмандардың құжаттану мәселесіндегі бірнеше кедергіні атап өтті. Оның сөзінше, кириллицадағы қазақ әліпбиін, Қазақстан заңдарын, орысша білмегендіктен шетелден келген қазақтар көбіне делдалдың қызметіне жүгінеді. Кейін солардан ықтиярхат, оралман мәртебесі я азаматтық алу мерзімі тым ұзаққа созылғаны, я тапсырған құжаттары ізім-ғайым жоғалып кеткені туралы арыз-шағымдар түсіп жатады.

Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева.

- Оралмандар, оның ішінде Қытайдан келген қазақтар кириллицадағы қазақ жазуын танымайды. Ал арыз бен өтініштің қай тілде жазылатыны белгілі. Сондықтан сырттан келетін қазақтардың басым бөлігі делдалға жүгінеді. Делдалдың қолына түскен кейбір құжаттар мүлдем жоғалып кетеді. Екіншіден, олар Қазақстанның көші-қон заңын білмейді. Ал аудандық көші-қон қызметінде заңды түсіндіретін маман жоқ. Бұл да сырттан келген қазақтардың дер кезінде құжат алуына кедергі, - дейді заңгер.

Шорманбаева аудандық көші-қон қызметі бөліміне ықтиярхат немесе азаматтық алу үшін құжат өткізген әрбір адам құжаты қабылданғаны туралы анықтама алуды ұмытпағаны жөн екенін ескертеді.

- Анықтамада құжатты кім, қашан қабылдап алғаны, қандай нөмірмен тіркелгені туралы жазылады. Оралмандар осы анықтаманы алмайды. Кейін құжат өткізгенін дәлелдей алмай жүреді. Шыныменде аудандық көші-қон қызметіне өткізген құжаттар салғырттықтан жоғалып немесе қараусыз қалып қоятын кездер болады, - дейді заңгер.

"КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІНЕ БІЛІКТІ МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ"

Алматы облыстық көші-қон қызметінде ұзақ жыл жұмыс істеп зейнетке шыққан Төлеужан Жүндібаев қазір оралмандардың құжат мәселесімен айналысатын "Отандас ел" қоғамдық бірлестігінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, 2018-2019 жылдары көші-қон қызметінде үш мәрте қысқарту жүргізілгеннен кейін аудандық көші-қон қызметінде этникалық қазақтар мәселесімен айналысатын маман қалмаған.

Көші-қон қызметіне үш тілді білетін білікті маманды сынақпен алу керек.

- Ең бірінші мәселе – көші-қон қызметіне үш тілді білетін білікті маманды сынақпен алу керек. Шын мәнінде ол жерге кешегі тергеушіні немесе жол полициясының қызметкерін болмаса ауыл инспекторын алып келіп отырғызады. Ал ол барлық жұмысты үйреніп болғанша үш жыл уақыт өтеді. Сөйтіп енді үйреніп келе жатқан кезде аудандық полиция басқармасының бастығы оны басқа салаға ауыстырып жібереді. Соның салдарынан көші-қон қызметі тұралап қалды, - дейді ол.

Төлеужан Жүндібаев бұрынғы кәсібінен әлі де қол үзе қоймағанын айтады. Ол көші-қон қызметін аудандық полиция басқармасынан бөліп алуды ұсынады.

Қытайдан көшіп келген қазақ отбасындағы адамдарға алған оралман куәлігін көрсетіп тұр. Алматы, 25 қаңтар 2019 жыл. Көрнекі сурет.

- Көші-қон қызметін аудандық полиция басқармасына емес, тікелей облыстық көші-қон қызметіне бағынышты ету керек. Ал облыстық көші-қон қызметі полиция департаментіне емес, тікелей ішкі істер министрлігіне қарағаны жөн. Сонда ғана жергілікті басшылық өз дегенін істеуді қояды. Бұл – басымнан өткен, көзім жеткен нәрсе, - дейді Жүндібаев.

Бұған қоса ол ішкі істер министрлігіне бағынышты жоғарғы оқу орындарында көші-қон қызметі мамандарын дайындауға көңіл бөлген дұрыс деп санайды.

- Шетелден келген, [орысша] тіл білмейтін, заңнан хабары жоқ адамға жөн сілтеп, құжаттарын дайындауға көмектесетін арнайы маман отыруы керек ол жерде, - дейді көші-қон қызметінде көп жыл қызмет атқарған маман.

ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚТАР

Тарихи атамекеніне оралған этникалық қазақтарды құжаттандыру мәселесіне байланысты Азаттықтың 17 маусымда жолдаған сауалына ішкі істер министрлігінен келген жазбаша ресми жауапта "Ұсынылған құжаттардың жоғалу фактісі тіркелмегені" ғана айтылған.

Ал құжаттандыру ісінің заңда көрсетілген мерзімнен не себепті асып кететіні, аудандық көші-қон қызметі бөліміндегі маман саны, Қазақстанның көші-қон туралы заңын білмейтін, кириллицадағы қазақ жазуын танымайтын этникалық қазақтармен жұмыс істейтін мамандар мәселесі, сонымен бірге 2020 жылы Қазақстан азаматтығы мен ықтиярхат алған қазақтар туралы Азаттық жолдаған сауалдар сол күйі жауапсыз қалды.

Ішкі істер министрінің 2015 жылы 4 желтоқсанда шыққан "Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ азаматтарға Қазақстанда уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру туралы қағидаттары бекіту туралы" № 992 бұйрығында азаматтар өтініші қажетті құжаттар пакетін тапсырған күннен бастап екі айдың ішінде қарастырылатыны жазылған. Бұдан басқа биыл 30 наурызда шыққан ішкі істер министрінің "Азаматтығы жоқ адамдарға жеке куәліктер және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктерге ықтиярхат беру мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" № 266 бұйрығына сәйкес ықтиярхат 17 жұмыс күні ішінде дайын болуы тиіс.

Министрліктің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №85 бұйрығында шетелден тұрақты тұру үшін көшіп келген этникалық қазақтарға Қазақстан азаматтығы жеңілдетілген тәртіппен үш айдың ішінде берілуі тиіс деп көрсетілген.