WhatsApp хабары ілік болған іс. "Прецедент" деп бағаланған үкім

Қарлығаш Адасбекова (сол жақта) мен Дария Нышанованың сот үкімі жарияланар алдында түскен суреті. Алматы, 27 қаңтар 2020 жыл.

Алматыда сот "алауыздық қоздыру" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу" айыбы тағылған екі әйелдің бостандығын шектеді. Қылмыстық іс қозғауға WhatsApp мессенджеріндегі хабарлар себеп болған. Құқық қорғаушы сот үкімін прецедент деп атады. Бұған дейін сот мұндай іске қатысы бар, кінәсін мойындаудан бас тартқан және тергеу кезінде өзіне қысым жасалғанын мәлімдеген азаматтарды түрмеге қамайтын.

Қаңтардың 27-cі күні Алматыда сот 45 жастағы Қарлығаш Адасбекова мен 29 жастағы Дария Нышанованың бостандығын бес жылға шектеуге үкім етті. Сот оларды "діни алауыздық қоздырғаны" және Қазақстанда "экстремистік" деп танылған "Хизб ут-Тахрир" ұйымының "қызметіне қатысқаны" үшін айыпты деп тапты. Алматының Алмалы ауданы сотында төрт ай бойы қаралған іс осылай аяқталды.

Судья Ернар Қасымбеков екі әйелге ауыр баптар бойынша айыптар тағылғанына қарамастан, оларға "ең төменгі шектен де төмен" жаза тағайындайтынын айтты. Сот үкіміне әйелдердің "Хизб ут-Тахрир" идеяларын насихаттаудан бас тартуы, Адасбекованың жалғызілікті ана болуы, ал Нышанованың қарт туысын бағып отырғаны себеп болған.

Сот үкімі оқылғаннан кейін Дария Нышанова біраз уақыт көз жасына ерік берді. Жарыссөз кезінде прокурор айыпталушылардың әрқайсысына алты жылға бостандығынан айыру жазасын сұраған соң, түрмедегі өмірге дайындалып, сот залына жылы киімдерін ала келген Қарлығаш Адасбекова да қуанышын жасырмады.

Тергеу мен сот процесі кезінде қала аумағынан шықпау туралы қолхатпен жүріп, үкімді естігеннен кейін көңілі босаған әйелдер өздерін қолдауға келген жақындарымен бірге сот ғимаратының алдында суретке түсті.

Дария Нышанова (оң жақтан екінші) және Қарлығаш Адасбаеваның (оң жақтан үшінші) сот аяқталған соң жақтастарымен бірге тұрған суреті. Алматы, 27 қаңтар 2020 жыл.

WHATSAPP-ТАҒЫ ЧАТ ҮШІН ТІНТУ

Қарлығаш Адасбекова ата-анасынан ерте айырылып, Алматы облысында әкесінің туыстарымен бірге тұрған. Жетімдіктің азабын көріп өскен қыздың жастық шағы Совет одағы тарағаннан кейінгі қиын кезеңге тап келген. Мектеп бітірген соң технологиялық училищеге "лаборант-технолог" мамандығына оқуға түскен. Ұзақ уақыт тұрақты жұмыс таба алмаған: инфляция кезінде жалақысын не кешіктіріп, не мүлде бермей, әуреге салған. Кейінірек Қарлығаш құрылыс компаниясына жұмысқа тұрған.

- Сол жерде болашақ күйеуіммен танысып, тұрмысқа шықтым. 2006 жылы қызым дүниеге келді. Қаржыдан тарығып, отбасында қиындықтар туды. Жер учаскесін сатып алуға зорға ақша жинап, үйдің құрылысын бастадық. Екінші балама жүкті болдым. Күйеуім жұмыстан кейін үйдің құрылысымен айналысатын. Мен жүктіліктің соңғы айларына қарамастан, жұмысқа шығып жүрдім. Ақша жетпеген соң, құрылыс саласындағы жұмысымды тастай алмадым. 2010 жылы мерзімінен бұрын босандым. Ұлым шала туып, өте әлсіз болды, бір тәуліктен кейін шетінеді. Баламнан айырылғаным жаныма қатты батты. Күйеуіме де бұл жағдай ауыр тиді. 2011 жылы ажырастық. Мінезі қатал еді. Сыртынан жамандағым келмейді, жай ғана айырылысып кеттік, - дейді көзі жасқа толған Қарлығаш Адасбекова.

Жаңа туған сәбиі мен сүйген адамынан қатар айырылған Қарлығаш күйзеліске түскен. Сол кезде дінге ден қойған.

- Сол кездегі сынақтар болмаса, бұл өмірде ақиқатты тауып, ислам туралы білмес едім. Алла мені сынақ арқылы осы жолға салды. Исламда Алла алдында бәрі тең. Шенеунікке халықтың құқығын шектеуге болмайды. Билеуші халқына қамқор болуы керек. Алла қасиетті Құранда "Бір-біріңе шопан сияқтысыңдар. Шопан өз отарына қамқор болады" дейді. Билеуші өз халқына қамқор болуға міндетті. Ер адам әйелінің қамын ойлауы керек. Әйел балаларын жеткізуге міндетті. Бәрінің бір-бірінің алдында міндеті бар, - дейді әңгімесін жалғаған Адасбекова.

Үкім жарияланғаннан кейін көзіне жас алған Қарлығаш Адасбекова жақтастарын құшақтап тұр. Алматы, 27 қаңтар 2020 жыл.

Адасбекова өз ойын WhatsApp мессенджеріндегі өзіне таныс және бейтаныс әйелдерден тұратын топта бөлісе бастаған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу жүргізген қылмыстық іс материалдарында Адасбекованың WhatsApp-та "алауыздық қоздыратын" ақпарат таратқаны айтылады.

- Мен осы ойларымды бөлістім. Бұл қылмыстық іс қозғауға себеп болды. Діни мәтіндерде артық ештеңе болған жоқ. Онда әйелдер мен балалардың құқығы туралы айтылады. Исламда әйел мәртебесінің жоғары екені сөз болады. Осы үшін қылмыстық іс қозғады, - дейді Адасбекова.

Қарлығаш Алматы облысы Көлді ауылында жетінші сыныпта оқитын қызымен бірге Қырғызстанға кеткен кезде тергеушілер оның туыстарының үйіне тінту жүргізген. Қарлығаштың елден кетуіне мектеп әкімшілігінің қызына сабаққа орамалмен келуге тыйым салуы себеп болған. Көрші елде отбасы пәтер жалдап тұрған. Қарлығаш жұмысқа орналасқан, қызы ақылы мектепке барған. Оқу жылы аяқталған кезде анасы мен қызы елге оралған. Қарлығаш Қырғызстанда жүргенде Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері оның жеңгесінің үйін тінтіп, WhatsApp желісінде таратылған мәтіндер сақталған телефонды алып кеткен.

- Қырғызстаннан келген соң ҰҚК қызметкерлері артымнан аңдыды. Олар тұратын жерім мен жұмыс істейтін орнымды біліп алып, бір күні тінтуге келді. Олар өзімді және пәтерімді тексерді. Бәрінің астаң-кестеңін шығарды. Мені алып кетті. Адвокатсыз тергеді, - дейді сотта сол кезде берген түсініктемесінен бас тартқанын айтқан Қарлығаш Адасбекова.

Сот процесі кезінде Қарлығаш Адасбекова мен Дария Нышанова өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеген. Олар елде сөз бостандығы бар деп ойлап, өз ой-пікірін білдіргенін, "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысы жоғын мәлімдеген.

Дария Нышанова өзіне шыққан сот үкімін естіген соң көз жасын сүртіп тұр. Алматы, 27 қаңтар 2020 жыл.

"ПРЕЦЕДЕНТ ДЕП АТАУҒА БОЛАДЫ"

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі, Адасбекова мен Нышановаға үкім шығатын сәтті видеоға түсірмек болғаны үшін судья Ернар Қасымбековтың шешімімен залдан шығарылған (сот аудио және видеожазба жүргізуге тыйым салды) Бақытжан Төреғожина сот үкімін салыстырмалы түрде жұмсақ болды деп бағалайды. Құқық қорғаушының пікірінше, осыған дейін мұндай процестерде өзіне тағылған айыпты мойындаудан, прокурормен келісімге келуден бас тартқан айыпталушыларға сот түрме жазасын беретін. Төреғожина WhatsApp-та хабарлама жазғаны үшін бес жарым жылдан сегіз жылға дейін түрмеге жабылған тоғыз азаматтың ісін мысалға келтірді (айыптау нұсқасына сәйкес, олар қасақана терроризмді насихаттайтын және діни алауыздық туғызатын радикалды пікір айтқан). Тергеу абақтысында жарымжан болған айыпталушылардың бірі жеті жылға бас бостандығынан айырылған.

- Бізде ҰҚК өкілдерінің көптігі соншалық, әрқайсымыз үшін қолдан құрастырылған істер арқылы өзінің қажет екенін дәлелдеуге тырысатын, өзара бәсекелес екі қызметкер бардай көрінеді. Президент Тоқаевтың маңайындағылар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазіргі іс-әрекеті ұлттық келісім мен елдің шетелдегі беделіне нұқсан келтіретінін түсінген сияқты. Біздің елде прецедентсіз құқық болғанына қарамастан, билікке сот үкімін прецедент ретінде пайдалану керек деп ойлаймын, - дейді Төреғожина.

Адасбекова мен Нышанованың сот процесі Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысы бар деп айыпталған 42 жастағы Бекжан Шалабаевтың ісімен бір уақытта қаралды.

Қазақстанда тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысы бар деген айып тағылған Бекжан Шалабаев сот залында отыр. Алматы, 26 қараша 2019 жыл.

Шалабаевқа да "терроризмді насихаттау" бабы бойынша айып тағылған. Айыптау тарабының нұсқасы бойынша, Шалабаев Facebook желісі мен WhatsApp мессенджерінде насихат жүргізген. Бірінші топтағы мүгедек Бекжан Шалабаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол "Хизб ут-Тахрир" ұйымына мүше болғанын, бірақ мұны қылмыс деп санамайтынын айтты. Соттағы іс жарыссөзге ұласқан кезде, айыпталушы Шалабаев жоғалып кетті. Сот оған іздеу жариялады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, өткен жылдың тоғыз айында Қазақстанда "Хизб ут-Тахрир" ұйымының мүшелері деген күдікке ілінген азаматтардың үстінен алты қылмыстық іс қозғалған; 2019 жылдың қазан айындағы дерек бойынша, аталған ұйымға қатысы бар деп айыпталған 11 адам түрмеде отыр. Өткен жылы "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысы бар деген күдікпен жауапқа тартылған екі адам кінәсін мойындап, процестік келісімге отырған. Оларға бостандығынан айырудан басқа жаза қолданылған.

"ХИЗБ УТ-ТАХРИР" ҰЙЫМЫНА ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС

1953 жылы Иерусалимде ислам дінінің маманы ән-Набхани негізін салған "Хизб ут-Тахрир" ұйымына Еуропа мен Азия мемлекеттерінде көзқарас әртүрлі.

Көрші Ресейде идеологиясы бүкіләлемдік халифат құруға негізделген құрылым "террористік ұйым" деп танылған. 2014 жылы Мәскеу Украинаның Қырым түбегін аннексиялағаннан кейін ондаған қырым татарының қудалауға ұшырауына байланысты (Украинада "Хизб ут-Тахрир" қызметіне тыйым салынбаған) соңғы жылдары Ресейде "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысты істер қоғам назарына іліккен. Құқық қорғаушылар қырым татарларының белсенділерін саяси тұтқындар деп атап, оларды діни көзқарасы үшін қудалап жатқанын айтады.

"Хизб ут-Тахрир"-ді экстремистік ұйым қатарына қосқан Қазақстанда арнаулы қызмет "Хизб ут-Тахрир" ұйымы жақтастарының террористік топ құрамында Сирия мен Ауғанстандағы қарулы қақтығыстарға қатысқанын растайтын сенімді дәйектері барын айтады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа берген ресми жауабында Қазақстанда "Хизб ут-Тахрир" ұйымының мүшелері "терроризмді насихаттағаны" үшін жауапқа тартылғанын жазған.

"Хизб ут-Тахрир" ұйымының шетелдік насихатшылары ұйым қызметінде зорлық сипаты жоғын айтады. Бірақ "хизби" доктринасының көпшілікке жариялауға арналмаған бөлімінде өркениетті мемлекеттегі билікті басып алу үшін белгілі бір кезеңде қарулы әдістерге рұқсат берілетіні жазылған" делінген ҰҚК жауабында.

Германияда "Хизб ут-Тахрир" ұйымының қызметі шектелгенімен, толықтай тыйым салынбаған. Неміс соты ұйым мүшелерін діни көзқарасы үшін қудаламайды. Еуропа одағының басқа елдерінде де ұйымға еркіндік берілген. АҚШ мемлекеттік департаментінің террористік ұйымдар тізімінде "Хизб ут-Тахрир" жоқ.