Алматыда Шоқан Уәлиханов ескерткіші маңында өткен әйел құқығына арналған митингіге мыңға жуық адам жиналды. Бейбіт жиынның басты тақырыбы – әйелдердің саясатқа араласу мүмкіндігі болды.
Былтыр әйелдер шеруіне 500-ге жуық адам қатысқан. Биыл бейбіт жиын өткізуге өтініш берген азаматтар Шевченко көшесінің бойымен жүріп өтпек болған еді, бірақ қала әкімдігі "жол жөнделеді" деген сылтаумен шеруге рұқсат бермеген. Ұйымдастырушылар митингіге келерде әдейі Шевченко көшесімен жүріп, ешқандай жөндеу жұмысы жоғына көз жеткізгенін айтады.
Митинг әдеттегідей өтті: белгіленген орынға адамдар жинала бастады, олардың үстінде дрон ұшып жүрді, өйткені журналистермен қоса полицейлер де митингіні видеоға түсіріп алуға тырысты. Митинг өтетін аумаққа полиция қызметкерлері шоғырланды: патрульдік полиция көлігі митинг өтіп жатқан тұстағы кварталды жауып, жиналған жұрттың арасында жай киімдегі адамдар жүрді. Куәгерлер жақын маңдағы тұрғын үйлердің ауласына автозактар тұрғанын айтып келді.
Митинг қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Кейін фембелсенді Жанар Секербаева сөз алып, митинг қатысушыларының құқықтарын еске салды.
– Бұл митинг – бейбіт әрі қарусыз жиналуға мүмкіндік беретін конституциялық құқығымыздың көрінісі. Елімізде цензураға тыйым салынғанын, сөз бостандығы мен шығармашылыққа кепілдік берілгенін естен шығарған жоқпыз, – деді белсенді.
Митингіні ұйымдастырушылар консервативті қазақ қоғамына әйел құқығы мәселесін қабылдау қиын екенін ескертіп, түрлі арандатуға жол бермеуге тырысты.
– Құрметті халайық! Жеке басыңыз бен жақын адамыңызды қорлайтын кез келген сөз естіп, арандатушылыққа куә болсаңыз, ол жайлы еріктілерге айтуыңызды сұраймыз. Оларды күлгін түсті лентасына қарап ажыратасыздар. Сондай-ақ осында жүрген полиция қызметкерлерінен де көмек сұрауға болады. Артыңызға бұрылып, "өз" полицейіңізді тауып, оған қандай арандатушылық болғанын айтыңыз, – деді акцияны ұйымдастырушылардың бірі Фариза Оспан.
Бұған жиналғандардың біразы күлді.
Әйел құқығын қолдаушы азаматтар қатарында ерлер де болды: олардың кейбірі қолына плакат ұстап, қалғаны жағдайды сырттай бақылап тұрды. Бірақ әйел құқығын қолдайтын ұрандарға ерлердің бәрі қосылды.
Арман есімді азамат митингіге гендерлік теңдік мәселесін көтеруге келгенін айтады.
– Бұл плакат біраз мемлекеттің билік құрылымдарында жұмыс істеу және жалақы мөлшері бойынша ер мен әйел арасындағы теңдікке қол жеткізгенін көрсетеді. Исландияның мысалынан демократиялық трансформацияны, Еуропадағы бірінші әйел премьер-министрді көрдік. Одан бөлек, Руанданың үлгісі бар. Өкінішке қарай, ондағы өзгерістер кезінде геноцид жүрді, әйелдер ерлердің байырғы кәсібімен айналысуға мәжбүр болды. Бірақ олар билік құрылымдарындағы және жалақы мөлшеріндегі гендерлік теңсіздікті тоқтатты. Аталған елдерде ер мен әйелдің табысы арасындағы айырмашылық 10 пайыз шамасында. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 30 пайыз, – дейді Арман.
Митингіде Ресейдің Украинаға шабуылын айыптайтын плакаттар да кездесті. Жиналғандар украиналықтарға қолдау көрсетіп, билікте әйел отырса, соғыс болмас еді деген пікір айтты.
– Украинада сұмдық жағдай болып жатыр. Бірақ бұл аяқ астынан туған мәселе емес. Ерлер табиғатынан агрессивті келеді, оның үстіне, [Ресей президенті Владимир] Путиннің империялық мүддесінен басқа да комплексі көп сияқты. Мұны сізге психолог ретінде айтып отырмын. Путин шынайылықтан ажырап қалған, бұл оның мәлімдемелерінен анық көрінеді. Путинге жағдайды өз мүддесіне сай етіп көрсететін арнайы топ бар сияқты. Ал Ресей президенті ақымақ адамдай солардың айтқанын бүкіл әлемге қайталап отыр. Путиннің орнында әйел басшы болса, басқа мемлекетке соғыс ашпас еді, – дейді митингіге қатысқан Әлия есімді әйел.
Осы кезде сахнадан сөйлеп тұрғандардың бірі "Жұмыс істеп, салық төлеп жүрген әйел болсаң, "Иә" де!" деп айқайлады.
– Иә! – деді жиынға қатысып тұрған жұрт.
– Сайлауда дауыс беріп жүрсең, "Иә" де!
– Иә!
– Мәжіліс депутаты болсаң немесе атқарушы билік органдарында істесең, "Иә" де!
– Жоқ!
– Әйел болсаң, саяси реформалар жүргізуді, заңдардың бізді қорғағанын қаласаң, осындай заңдарды өзің жазғың келсе, президент боламын десең, "Иә" де!
Жиналғандар тағы да "Иә!" деп шулай жөнелді.
Микрофонды белсенді Арина Осиновскаяға тиді.
– Былтыр дәл осы сахнада ашық түсті киіммен тұрған едім. Бүгін қара түсті киім киіп келдім. Өйткені елімізде бейбіт жиын өткізу еркіндігі жиі бұзылады, жыл сайын тұрмыстағы зорлық салдарынан қаншама әйел өледі, жақында ғана "қанды қаңтар" оқиғасы өтті, көрші мемлекетте (Ресейде – ред.) фембелсенділерді азаптап, саяси белсенділігі үшін жауапқа тартып жатыр, ал Украинада жүздеген, мыңдаған әйел империялық амбиция құрбанына айналды.
Қазіргі жағдайымыз – осы, оны өзгерту керек. Бұл өзгерістер әйелдер шынайы саяси күшке ие болған кезде басталады. Бүгінгі митинг – әйелдердің саясатқа араласу мүмкіндігі, өз қажеттіліктері мен мәселелері туралы жанайқайы. Өзіңізді толғандырған мәселелер тым жеке болып көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. Жеке мәселенің өзі саяси дүниеге жататынын тарихтан білеміз, – деді Арина Осиновская.
Белсенділер сөзінше, парламент сенатының 49 депутатының тоғызы ғана әйел. Қазақстан үкіметі құрамында бір ғана әйел (қаңтарда Ажар Ғиният денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған) бар. Тағы бір әйел өңір басшысы (Гүлшара Әбдіхалықова – Қызылорда облысының әкімі) болып істейді.
Сағат 16:00 шамасында митинг аяқталып, полиция жұрттан тарауын сұрады.
– Митингіге осынша көп адам келгеніне қуаныштымыз, бірақ шеру басқа жерде өтуі тиіс еді. Билік ойдан шығарылған себепті сылтауратып, рұқсат бермей қойды. Шевченко көшесі бойында жол жөнделеді деді. Біз айтылған орынға барып көрдік, бірақ ешқандай жөндеу жұмысын байқамадық. Не болса да, бүгінгі мерекенің тыныш өткеніне қуанамын. Осында жиналғандардың бәрі бұл митингіні мереке әрі феминизмнің жеңісі ретінде қабылдайды деп үміттенемін, – деді құқық қорғаушы, митингіні ұйымдастырғандардың бірі Татьяна Чернобиль.
Алматы билігі митинг өткізуге рұқсат бергенімен, фембелсенділер елдегі әйел құқықтарының жайы әлі де қиын екенін айтады. 2021 жылы мамырда Шымкентте "Феминита" тобының негізін қалаған белсенділер Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаеваға шабуыл жасалып, полиция қылмыскерлерді емес, белсенділерді ұстаған. Шабуыл жасағандар лесбиян, бисексуал және трансгендер адамдардың құқығы туралы кездесудің шырқын бұзған. Былтыр шілдеде Қарағандыда агрессивті көңіл-күйдегі бір топ адам дәл осындай кездесудің шырқын бұзып, белсенділерге қоқан-лоқы көрсеткен.