Қоршау сыртынан қоршау. Ақорда бекініп жатыр ма?

Ақорда айналасын қоршай салынған темір қабырға. Астана, 23 қыркүйек, 2024 жыл.

Астанада биік қабырғамен қоршалған Ақорданың сыртынан тағы бір қоршау салынып жатыр. Кей тұсына қақпа орнатылған. Ол қақпалар жабылса, жұрт әкімшілік орталыққа кіре алмай, Есілдің көрікті жағалауында серуендей алмай қалады. Бұл қоршау билікке не үшін керек болды?

Your browser doesn’t support HTML5

Ақорда маңы неге қоршалып жатыр?

Астананың әкімшілік орталығын жобалау кезінде-ақ Ақорданың қауіпсіздігіне аса мән берілген. Алдынан ұзындығы 1,5 шақырымға ұласатын министрліктер үйі түссе, қос қапталынан екі көпір салынған, ту сыртынан Есіл өзені ағып жатыр. Министрліктер үйінің екі жерінде арка тұр, ортасында жаяу жүргіншіге арналған аспалы көпір бар. Арканың ортасы асфальт жол, екі жағы қызмет көліктеріне арналған ішкі жол. Жаяу жүргінші ішкі жолмен өтетін.

Қамалдай қорғалған бұл аумақтың ішінде Ақордадан бөлек Жоғарғы сот, парламент мәжілісі мен сенат ғимараттары, үкімет үйі, Роза Бағланова атындағы концерт залы орналасқан. Осы үш жерден өтіп, аталған ғимараттың әрқайсының есігін қағуға болады. Тек Ақорда ғана ішінен тағы бір темір қоршаумен қорғалған.

Ақордаға кіреберіс.

Әкімшілік орталыққа қос қапталдағы екі көпірдің астынан және Есіл жағалауындағы серуен жолынан жаяу өтуге болады.

Қаңтар оқиғасынан кейін және Ақорда алдындағы ереуілдерден соң, билік әкімшілік аумаққа өтуге болатын жерлерге күзет қойып, кіріп-шығуды қиындатқан еді. Енді билік әлгі аркаларға қақпа қойып, оң қапталдан тағы бір қоршау салып, Есіл жағалауындағы серуендеу жолын да бөгеп тастай алады.

Ақорда айналасын қоршай салынған темір қабырға. Астана, 23 қыркүйек, 2024 жыл.

Есіл өзеніне жетіп тоқтайтын сыртқы қоршаудың айналасында құрылыс әлі жүріп жатыр. Серуен жолына қақпа қойылған, оны кез келген уақытта жауып тастауға болады. Әзірге ашық тұр. Айналасында құрылысшылар жүр. Олар қақпа күндіз ашық болып, кешке жабылатынын айтты. Биыл жазда басталған құрылыс жақында аяқталмақ деді жұмысшылар.

Құрылысшылар бригадирі Қалижан Исиннің сөзінше, олар Министрліктер үйінен басталып, Есіл өзеніне дейін созылған қақпаның іргетасын құю үшін жерді қолмен қазған. Бұл аумаққа техника кіргізуге болмайды деді ол. Тоғыз адамнан тұратын бригаданың жетекшісі жұмысын екі-үш күнде аяқтаймын деп отыр.

Қоршауды салып жатқан құрылысшылар. Астана, 23 қыркүйек, 2024 жыл.

Қоршау салынып жатқан аумақ – президент резиденциясының оң жағы. Сығанақ көшесіндегі "Арқар" көпірінен Ақорда мен Жоғарғы сот ғимаратына жаяу адамға арналған бірнеше жол бар. Темір дуал дәл осы жолдарды қақ бөліп тастаған. Құрылысшылардың сөзінше, нысанды полиция күзетеді. Одан бөлек Ақордадан "Арқар" көпірі арқылы Есіл өзенінің оң жағалауына, "Сығанақ" көпірі арқылы Керей мен Жәнібек көшелеріне шығатын асфальт жол бар, бірақ онымен тек ықпалды лауазымды тұлғалар ғана қатынай алады, қарапайым көлік жүргізушінің жүруіне тыйым салынған.

Ақорда айналасының картасы.

"ҚОРШАУДЫ САЛҒАНЫ – ХАЛЫҚТАН ҚОРЫҚҚАНЫ"

Ауа райының қолайсыздығынан ба, түсірілім тобы жүрген күні маңайдан қала тұрғындарын кездестірмедік. Есесіне, жанымыздан бірнеше рет топ-топ болып сарбаздар өтті.

Көп ұзамай арнайы жасақ жақындап, не істеп жүргенімізді сұрады. Осыдан-ақ аумақтың қаншалықты қатаң бақыланатынын түсінуге болар.

Қоршаудың іргесі бетоннан құйылса, үсті – темір қабырға. Құрылысшылардың айтуынша, дуалдың биіктігі – 4 метр.

Қоршаудың Сарайшық көшесі жағындағы бөлігі Жоғарғы сот ғимараты жанынан өтіп Министрліктер үйіне тіреледі. Жоғарғы сот бұған дейін де қоршалып тұрған. Жаңасы оның сыртынан салынған.

Құрылысшылар дәл осындай қоршау Ақорданың сол қапталынан да түсуі мүмкін деп айтып қалды. Толық жүзеге асса және билік қақпаларды жауып қойса, астаналықтар үшін Ақорданың түбіне жету тұрмақ, одан бері орналасқан ғимараттарға да кіру мүмкін болмай қалады.

Күзетшілердің айтуынша, қос аркадағы қақпалар кешкісін жабылып қалады.

Министрліктер үйінің Қонаев көшесі бойындағы аркасы.

Азаттық сөйлескен қала тұрғындарының бірі "қоршауды салғаны – халықтан қорыққаны" деді.

"Халықтан мұншама қорқып, қашып жатқаны дұрыс емес деп есептеймін. Халықпен бірге болу керек. Халықпен бірге президенттің де жаны бір болуы керек" деп нақтылай түсті пікірін қала тұрғыны.

Ақорда айналасын қоршай салынған темір қабырға. Астана, 23 қыркүйек, 2024 жыл.

Қақпалар ашық кезде Министрліктер үйіндегі аркалардан ішке қарай өтер болсаңыз, полиция жасағы қызметкерлері құжат көрсетуіңізді талап етіп, қайда, қандай мақсатпен бара жатқаныңызды сұрайды. Солардың бірін әңгімеге тартып көрдік.

Ары-бері өтуге бұрынғыдай шектеу бар ма? Кім қайда бар жатқанын сұрайсыздар ма?

Жалпы сұраймыз, иә.

Ол қауіпсіздік үшін бе?

Қауіпсіздік үшін, иә.

Бұрыннан сондай ма еді, жоқ соңғы кездері басталды ма ол?

Жоқ, бұрыннан емес, соңғы кездері ғой. Бірақ енді білмейміз. Мен ары қарай сізге ақпарат айта алмаймын.

Полиция жасағының күзетшісі әкімшілік орталыққа апаратын көпірден өткісі келетіндермен сөйлесіп тұр. Астана, 23 қыркүйек, 2024 жыл.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Ақорда маңында күзет күшейгенін Астана әкімдігі растады. Аумаққа бірнеше қақпа, қоршау салу ісін олар азаматтар мен әкімшілік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін деп түсіндірді. Азаттық сұрақтарына қала билігі атынан Астана әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі Русланбек Құлахметов жауап берді.

Әрине, Министрліктер үйі бар өздеріңіз білетіндей, әкімшілік нысан көп ол жерде, сол мақсатта орнатылды. Бірақ қазіргі таңда азаматтардың емін-еркін жүріп-тұруына ешқандай кедергі жоқ. Толықтай ашық тұр.

Қай уақытта ашылады, қай уақытта жабылады, қандай жағдайда бұл қақпалар қолданылады?

– Ашу-жабу жөнінде ешқандай бекітілген арнайы графика жоқ. Екіншіден, алдағы уақытта ондай бола ма деген сұраққа келетін болсақ, ол құқық қорғау органдарының құзыретіндегі дүние болғандықтан, мен сізге жауап бере алмаймын.

– Орнатып жатқан кім сонда? Әкімдік пе, жоқ әлде құқық қорғау органдары ма?

– Енді бұл жергілікті атқарушы орган болғаннан кейін жергілікті атқарушы органның құзыретіндегі дүние.

– Яғни әкімдік?

– Иә.

– Қақпа қою мәселесі қашан жоспарланды?

– Бұл қақпаларды биыл ғана орнатты.

– Қалалық мәслихатта талқыланып, сол жерде депутаттар дауыс беріп, бюджет қарастырып, солай жасады ма?

– Жалпы ондай мәселені толыққанды білмейді екенмін.

Жақында "Нұржол" бульварынан әкімшілік орталыққа өтетін көпірге де қақпа қойылған, бірақ көп ұзамай оны алып тастады.

Әкімдік өкілі мұның себебін түсіндіре алмады.

Русланбек Құлахметовтің айтуынша, жергілікті билік министрліктер үйіндегі қос аркадағы қақпалардың әрқайсына 1,5 млн теңге жұмсағанын, жалпы бұл жұмысқа 4,3 млн теңге бөлінгенін айтты. Қоршаудың жалпы ауқымына қарағанда, барлық жұмысты осы сомаға атқарғаны екіталай.

Министрліктер үйінің Қонаев көшесі бойындағы аркасы. Астана, 23 қыркүйек, 2024 жыл.

Ақорданың айналасында қауіпсіздікті күшейтіп, темір дуал салып, қақпа қоюдың мәнін түсіндіруді сұрап, Қазақстанның ішкі істер министрлігі, президент әкімшілігі мен президент іс басқармасына ресми сауал жолдадық. Ішкі істер министрлігі қолданыстағы заңға сәйкес аумақта күзет жүргізетінін растады. Бірақ кей сұрақты "құзыретімізге жатпайды" деп, жауапсыз қалдырды. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігі мен іс басқармасы материал жарияланғанша үн қатпады. Ресми хатта қарау мерзімі 20 қыркүйек деп көрсетілсе де, бұл екі органнан жауап келмеді.