"Аналар түрмесі". Жер бетіндегі тозаққа қамалған әйелдердің тағдыры

Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр 2024 жыл.

Ақмоладағы "Отанын сатқандардың" әйелдеріне арналған лагерь (қысқаша АЛЖИР) – сталиндік қуғын-сүргін дәуірінің ең қайғылы парақтарының бірі. Лагерь жұмыс істеген 15 жылда (1938-1953) 18 мың әйел қамауда болды. Лагерь болған жерде кейін тарихи-мемориалдық музей кешені салынған.

Your browser doesn’t support HTML5

«Тюрьма для мам». Аудиоверсия

Лагерьдегі азап шеккендердің қандай ауыртпалықты бастан өткергенін сезіну үшін АЛЖИР-ге аспанды сұр бұлт торлап, ызғарлы желі мен аязы сүйектен өтетін қыс кезінде бару керек. 1938 жылдың қысында Ақмоладағы "Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған лагерьге" жеткізілген тұтқындар дәл сондай жағдайға тап болды.

АЛЖИР-дегі алғашқы тұтқындардың бірі – Мәскеу көлік инженерлері институтының студенті Галина Степанова-Ключникова. Оны күйеуінің ізінше тұтқындап, 5 жылға лагерьге айдаған. Галина 1938-1942 жылдары АЛЖИР-де қамауда болды.

Галина Степанова-Ключникованың естелігінен:

"Саманнан соғылып, лайы кеппеген сыз барақтар әр қаладан келген әйелдерге толды. Көбі Мәскеуден, Украина, Белоруссия мен Грузиядан келгендер де бар... Әйелдерді көргенде таңғалдым. Бәрінің шашын тақырлап алып тастаған. Түрі жүдеу әйелдер жасөспірім балаларға ұқсайды. Көктемге қарай Қарлагтың 26-нүктесіндегі тұтқындар саны 8 мыңға жетті".

АЛЖИР-ге түскен әйелдерді "Отанын сатқандардың отбасы мүшесі" деп атайтын. "Халық жауының" жақын туысы болғаны үшін түрмеге қамалған. Лагерьден кейін Степанова-Ключникованы Петропавлға жер аударған. Ол 1956 жылы қазанда Коммунистік партияның әйгілі 20-съезінен кейін ақталды. Ол жиында Сталиннің жеке басына табынушылық сынға алынған-ды.

Галина Степанова-Ключникова лагерьдегі өмірі жайлы мемуар кітап жазды. Мақалада кітаптан бірнеше үзінді келтіреміз.

Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешенінде тұтқын әйелдерге қойылған ескерткіш. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

МУЗЕЙ

2024 жылдың көктемі Қазақстанның солтүстігінде суық әрі желді болды. Бірақ әртүрлі ғимаратқа толы Астанада, жазық даладағыдай емес, жел онша қатты сезілмейді.

Мемориал кешені орналасқан Ақмол қаласында ұшырып әкететіндей жел соғып тұр. Музей алдында үш жұмысшы жол бойындағы жарнама бағанына "АЛЖИР мемориалды мұражай кешені" деген жаңа баннерді іле алмай әуре болып жатыр. Жел екпінінен баннер ұшып кете жаздап, металл саты дірілдеп, жарнама тақтайшасы сықырлайды.

Музейді атаулы күнге орай өткізілетін кезекті іс-шараға дайындап жатыр. Қазақстанда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. Совет өкімет тұсында Қазақстан қолдан жасалған екі зұлматтан қатты зардап шекті.

АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені алдындағы жарнаманы жаңартып жатқан жұмысшылар. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Мұражай бұрынғы лагерь орнына емес, одан бірнеше километр қашықта салынған. АЛЖИР Жалаңаш көлінің жағасында болған. Қазір онда бұрынғы түрменің ізі де жоқ. Тек қамыс пен ағаштар қалған. Сондықтан сталиндік қуғын-сүргін дәуірі жайлы бүкіл естелік сырты қоңыр тақтаймен қапталған, үлкен әрі елеусіз ғимаратқа жиналған. Тоталитаризм музейі осындай болу керек шығар: нысанға бір қарағаннан өзіңді жайсыз сезінесің.

Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Музейге кіреберісте 18 метрлік "Қасірет аркасы" монументі тұр. Ескерткіш күйеуі мен балаларын жоқтаған әйел бейнесінде жасалған. Осында қалыптасқан дәстүр бойынша, үлкен қақпаның астынан АЛЖИР азабын көргендерге тағзым ретінде бас иіп өту ләзім дейді ондағылар.

"Қасірет аркасы". Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Галина Степанова-Ключникованың естелігінен:

"Күн мен түн, қақаған қыс пен апшыны қуыратын аптап жаз зымырап өтіп жатты. Бүкіл өміріміз еш үміт жоқ, ауыр, сұрқай күндерден тұрады. Таңертең тұтқындарды барақ алдына шығарып түгендейді. Кейін асханадан сұйық ботқа жейміз. Таңғы астан кейін жұмыс басталады. Кешкі асқа таңертең жеген ботқаны қайта береді. Тамақтың бетінде жылт еткен майы жоқ. Күніне 12-14 сағат демалмастан жұмыс істейміз".

Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Музей қақпасында лагерьдегі тәртіпті қадағалайтын қарауыл тұратын мұнара орнатылған. Қарауылдың көп міндетінің бірі – АЛЖИР-ге тұтқын жеткізетін вагонды бақылау.

Мұражай аумағында вагон да бар. Музей қызметкерлері вагон сол заманнан қалған дейді. Вагон іші қарапайым: қосқабатты темір төсек пен "буржуйка" аталап кеткен пеш қойылған. Төсекте әйел бейнесіндегі мүсіндер отыр. Қарауыл мен тұтқындардың келбетін әдейі тірі адамға ұқсамайтындай етіп жасаған.

Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешенінде тұрған "сталиндік" вагон. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Қуғын-сүргін жылдары тұтқындарды "теплушка" деп атайтын осындай вагонмен тасыған. Музей қызметкерлерінің дерегінше, бір вагонға 70-тен астам адамды тығатын. Аядай жерге сонша адам қалай сыйғанын елестетудің өзі қиын.

Тұтқындар тасымалданатын вагонның ішінде отырған тұтқын әйелдерді бейнелейтін қуыршақтар. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Сталиндік репрессияны басынан өткерген жазушы Евгения Гинзбург лагерьдегі өмірі туралы жазған "Крутой маршрут" кітабында өзі көргенін былай жазған:

"Мені итеріп салған вагонның нөмірі 7 екенін байқап үлгердім. Бір вагонға сонша адам тиегеннен, аяқ басып тұратын жер таба алмадық. Теплушка. Бірақ бұған қуандық. Түрме заңы бойынша, мейлінше лас, тар, тамағы нашар, қарауылы дөрекі болған сайын, тірі қалу мүмкіндігі жоғары. Осыған дейін үнемі солай болатын".

Лагерьде баласымен бірге қамауда отырған әйелді бейнелейтін қуыршақ. Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Музей экспозициясы лагерьдегі өмірді айнытпай, қаз-қалпында көрсетуге тырысқан: міне, тұтқын тергеуде отыр, жұмыс істеп жүр, бесіктің жанында жатыр.

Осының бәрі адамға қатты әсер етеді. Музейге келуші адам көп, бірақ суретке түсіріп не өзара әңгіме айтып жүрген ешкім жоқ. Тыныштықты экскурсия жүргізген қызметкерлердің дауысы ғана бұзады.

– Музейге адам көп келеді, әсіресе, шетелдіктер мен ресейліктерді жиі көреміз. Топ болып, отбасымен, дипломатиялық делегациямен келеді. Мұнда келетіндер арасында қазақстандықтар да көп. Оқу бағдарламасында совет дәуірінің тарихы басталғанда оқушыларды да алып келеді.

– Мектеп оқушылары музейден қандай әсер алады?

– Әртүрлі. Бірі мән бермейді, кей балалар әзілге айналдыруға тырысады. Бірақ бәріне әсер етеді. Көздерінен байқаймын.

Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

"АҚМОЛА ҚАЛАСЫ. АНАЛАР ТҮРМЕСІ"

АЛЖИР-ге аяғы ауыр немесе жас баласы бар аналарды да жіберген. Олар жеке баракта тұрған. Оны "аналар үйі" деп атайтын. Тікен сымның артындағы балабақша деуге болады. Анасы ауыр еңбекте жүргенде балаларға тұтқындар арасынан сайланған күтуші қарайтын. Әйелдерге жұмыстан кейін балаларын көруге рұқсат берген. Баланы үш жасқа толған соң жетімдер үйіне жіберген. АЛЖИР жұмыс істеп тұрған жылдары лагерьде 1507 бала дүниеге келген.

Галина Степанова-Ключникованың естелігінен:

"Қатаң режимде хат-хабарсыз, сәлем-сауқат пен сыртқы дүниеден бейхабар бір жыл өтті. Бір күні бүкіл лагерьді дүр сілкіндірген оқиға болды. АЛЖИР тұтқындарының біріне хат келді. Кәдімгі маркасы мен пошта мөрі бар хат. Конверттің сыртына баланың қолымен "Акмолинск қаласы. Аналар түрмесі" деп жазылған. 8 жасар қыз ата-анасы түрмеге жабылғаннан кейін өзін де ұстап, балалар үйіне қамап қойғанын жазыпты".

АЛЖИР тұтқыны Лотта Райс кішкентай қызына тіккен киім. Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай АЛЖИР-де тұтқындардың жеке заттары қойылған көрме ашылған. Бұл заттарды мұражайға АЛЖИР құрбандарының балалары мен немелері өткізген.

Баланың иткөйлегі, бас киімі мен жейдесі жеке жерге қойылған. Тұтқын Лотта Райс бұл киімдерді балаларына әйелдердің ескі-құсқы киімдерінен құрап өз қолымен тігіп берген. Матаны басқа тұтқындарға темекіге айырбастап алған.

Балаларға арнап қолдан жасалған кітап. Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Ең үстіңгі сөреде "Ұлым Коляға" деген қолдан жасалған кітап жатыр. Лотта Райс бұл кітапты ағаш тақтайшаны күйдіріп жасаған. Ұлы Коляның жалғыз ойыншығы осы болған деседі.

"Пих-пах, ой-ой-ой,
Көжегім өлді!
Үйге әкелсек,
Тірі екен"
.

Бала портреті. Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Коля 1946 жылы Қазақстан аумағындағы тағы бір лагерь – Қарлагта (Қарағандыдағы еңбекпен түзету лагері, Қарағанды қаласынан 40 км жердегі Долинка ауылында болған. Совет одағындағы ең ірі лагерьлердің бірі – ред.) туған.

Ол лагерьден аман қалып, Қазақстаннан Германияға көшкен. Аты-жөнін Конрад Райс деп өзгерткен. 2022 жылы бір топ туриспен Қарлаг музейіне келіп, мұражай қызметкерлеріне лагерьдегі балалық шағы жөнінде, анасының естеліктерін қалай қағазға түсіргенін айтып берген.

Конрад Райс анасының оған мен қарындасына арнап тіккен киімдерін мұражайға өткізген. Қарындасы 8 айлығында лагерьде көз жұмған.

ТЕРГЕУ ИЗОЛЯТОРЫНЫҢ СЫРТЫНДА

Сталиндік террор жылдары тұтқындарды ұзақ тергеген. Тергеушілер жиі ауысып, күдіктіні 8 сағат бойы сұрақтың астына алатын. Адамды әбден сілесі қатып, есінен танып құлағанша тергейтін. Бұл да азаптаудың бір түрі болған.

"Тергеу жүйесі тергеуге алынған адамды моральдық-психологиялық және физикалық тұрғыдан діңкелетуді көздейтін", – деп жазады тарихшы әрі АЛЖИР бойынша маман Анфиса Кукушкина.

Тергеу абақтысының есігі. Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Тергеу изоляторының есігі де – музей экспонаты. Үлкен, бұзып шыға алмайтындай берік. Мұндай есікті сындыру мүмкін емес. Оның арғы жағындағы айғайлап-шыңғырғандарды, жылағандарды ешкім естімейді.

Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Есіктің жанында "Кісен" инсталляциясы бар. Онда темір торға жармасқан ондаған қол бейнеленген. Тордың арғы жағына қойылған айна тәрізді жылтыр жаймадан көрмеге келушінің бұлыңғыр сұлбасы көрінеді, ол қас-қағым сәтте өткен заман мен қазіргі кездің арасын кезіп шыққандай болады, – деп түсіндіреді инсталляцияны музей қызметкерлері.

Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Мұражай аса үлкен емес, бірақ ішін сағаттап аралауға болады. Тоқтап, буырқанған эмоцияңды басып, ары қарай жүріп, түрмедегі серуенге шыққан тұтқын сияқты залды шыр айналып шығасың.

Ақыр соңында таза ауа мен еркіндікке де жеттік-ау. Ғимараттың сыртында АЛЖИР құрбандарының аты-жөні жазылған қабырға бар. 15 жылда лагерьде 600 әйел көз жұмған. Құрбан болғандардың нақты санынан тарихшылардың өзі жаңылады.

Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған АЛЖИР тарихи-мемориалдық кешені. Ақмола облысы, 28 мамыр, 2024 жыл.

Тағы бір экспонат "Көз жасы" стеласы деп аталады. Темір тормен қапталған қабырғаға ГУЛАГ картасы салынған. Картадан Қазақстан аумағында болған 11 лагерьдің атауы жазылған.

Стеланың сырт жағында жасыл желек бар. Музей аумағын үлкен автокөлік жолынан осы тоғай бөліп тұр. Қалың ағаш арасынан осында ұя салып, балапандарына азық тасып жүрген қарғаның қарқылы естіледі.

1930-1959 жылдар аралығында Қазақстан аумағында еңбек лагерьлері болды. Сол кезеңде ішінде әлгі лагерьлерге 5 миллионға жуық адам айдалды. Сол лагерьлерде қаза болған адамдардың нақтсы саны әлі күнге белгісіз. Кей деректерде Совет одағындағы қуғын-сүргін кезінде 1,1 миллионнан астам адам көз жұмған дейді.