Жақсыбековтің әкесінің атындағы "Алланың гүлі" мешіті
Ақшанқан мешіт ғимараты ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендіріліп, постмодернистік стильде салынған. Негізгі ғимарат үшбұрышты көлбеу қабырғалар мен күмбезден тұратын күрделі пішінде тұрғызылған. Сәулетші Сағындық Жанболатовтың сөзінше, осыған ұқсас мешіттер Малайзияда, Германияда, араб елдерінде бар. Жобаға тапсырысты "Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы" республикалық мұсылмандар діни бірлестігі берген. Ғимарат жеке азаматтардың қаржысы есебінен салынған. Құрылысшылар жобаға қанша ақша жұмсалғанын айтпады.
Көлемі 3695 шаршы метр болатын мешіт жайғасқан жер учаскесінің аумағы – 1,44 гектарды құрайды. Күмбездің диаметрі 20 метр, ғимараттың диаметрі - 53 метр, биіктігі – 26 метр. Жаңа мешіт Астананың Сарыарқа ауданындағы С-409 көшесінде орналасқан.
Мешіттің солтүстік беткейіндегі биіктігі 43,5 метр мұнарасы Алланың сөзін Құранға жазып жеткізген "қасиетті қалам" пішінінде тұрғызылған. Мешіт басқарушысы Руслан Абдуллаевтың сөзінше, нысан құрылысына қазақстандық материалдар мен бұйымдар пайдаланылған.
Жаңа мешіт архитектуралық пішінімен ғана емес, сонымен бірге күннен қуат алатын қондырғылармен жабдықталғанымен де ерекшеленеді. Жоба авторларының айтуынша, ғимаратты жылытуға және жарықпен қамтамасыз етуге сол қондырғылар пайдаланылады.
Жаңа нысан еуропалық компаниялардың қондырғыларымен: тиімділігі жоғары қуат үнемдейтін желдеткіш жүйесі және күннен қуат алатын, көлемі 1295 шаршы метрді құрайтын панельдермен жабдықталған.
Жаңа мешітті қуатпен қамтамасыз етуге пайдаланылатын балама энергия көздері, мешіт басқарушысының мәліметінше, қажетті мөлшерден үш есе артық қуат өндіре алады, ал өндірілетін электр қуатының көлемі нысан қажеттілігінен төрт есеге жуық көп, бұл артылған электр энергиясын сыртқы тұтынушыға сатуға мүмкіндік береді. Әзірге артық энергияны сатуға кіріспеген.
Мешіт имамы Яхия қажы Исмаиловтың сөзінше, ислам діні артық нәрсені сатуға рұқсат етеді. "Мұсылманның адал еңбегімен тапқан өнімін сатуы – әлимсақтан бері бар. Пайғамбарымыз: "Саудамен айналысыңдар, ол - сүннет әрі адал еңбек. Әділ саудагер қиямет күні менің жанымда болады" деп айтқан", - деп жауап берді жаңа мешіттің имамы артылған электр қуатын сату шариғатқа қаншалықты сай келетіні туралы сұраған Азаттық тілшісіне.
Жаңа мешіт 750 адамға лайықталып тұрғызылған. Алайда, имамның айтуынша, мешіттегі алғашқы жұма намазына жиналған мыңнан аса адамның барлығы ғимарат ішіне сыйған. Ерлерге арналған намаз оқитын орын бірінші қабатта, әйелдерге арналғаны – екінші қабатта орналасқан.
Мешіттің ішінде де ақ түс басым, көлбеу қабырғалардағы үлкен витраждардан түскен күн сәулесі ғимараттың ішіне ерекше жарық беріп тұр.
Бірінші қабатта әйелдер мен ерлер үшін екі бөлек киім шешетін орындар мен аяқ киім қоятын сөрелер бар.
Дәрет алатын орындар да көп адам сиятындай кең етіп салынған.
Мешітке кіре берісте мүмкіндігі шектеулі адамдардың ғимаратқа кіріп-шығуына арналған көтергіш құрылғылар орнатылған.
Мешітке жапсарлас жерде автокөлік қоюға арналған орын бар.
Астанада ашылған жаңа мешітке Ырыскелді қажының есімі берілген. Ол 1928 жылы Қостанай облысы Тастыөзек ауылында дүниеге келген. Совет заманында 25 жыл Целиноград облыстық кинофикация басқармасын басқарған. 1980 жылдары үш рет облыстық халық депутаттары советіне сайланған, коммунистік партия мүшесі ретінде Қазақ ССР компартиясы съездерінің жұмыстарына қатысқан. Ырыскелді Жақсыбековтің ұлдары бұл күндері жоғары лауазымды шенеуніктер: Әділбек Жақсыбеков президент әкімшілігін басқарса, тағы бір баласы Серік Жақсыбеков – парламент Сенатының депутаты.
Қазақстанда қазіргі кезде 2600 мешіт жұмыс істейді. Ырыскелді қажы мешіті – Астанадағы тоғызыншы мешіт.