Тоқаев учаскесін өзгертті, Назарбаев бақыт пен табыс тіледі: Астанада референдум қалай өтті?

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыұлттық референдум. Астанадағы дауыс беретін учаскелердің бірінде отырған байқаушылар. 6 қазан, 2024 жыл.

АЭС салу туралы референдум өткен күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беретін учаскесін өзгертті, көптен бері жұрт көзіне түспеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев төбе көрсетті, астаналық полицейлер азаматтық белсендіні ұстады. Азаттық тілшісі Астанадағы дауыс беру барысын бақылаған еді.

Қазанның алтысы, жексенбі. Астанадағы Оқушылар сарайы маңында қарбалас: ғимаратты жағалай темір қоршау қойылып, оның сыртында полиция көлігі қаптап тұр. Күш құрылымдары өкілдері мен журналистердің қарасы қалың. Мұндағы №60 референдум учаскесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс береді деген болжам бар.

Бұрынғыдай емес, бұл жолы Ақорда президенттің қай уақытта және қай жерде дауыс беретінін жариялаған жоқ. Журналистер сұрағанымен, жауап болмады. Ал Оқушылар сарайында Тоқаев бұған дейін кемі екі рет: 2022 жылдың маусым айында Конституцияға өзгертулер енгізу жөніндегі референдумда және сол жылы қараша айында ел президентін сайлаған кезде дауыс берген.

Айнала қоршалған Оқушылар сарайы алдын күзетіп тұрған полиция қызметкері. Астана, 6 қазан, 2024 жыл.

Алайда, бұл жолы Тоқаев журналистерді сан соқтырды: күтпеген жерден дауыс беретін орнын өзгертіп, Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітапханасы жанындағы №211 референдум учаскесінде дауыс берді. Сол жерде шағын баспасөз мәслихатын өткізіп, алдын ала іріктелген мемлекеттік БАҚ журналистерінің сауалдарына жауап берді.

"Бізді ол учаскеге бәрібір кіргізбейтін еді, – деді әріптестеріміздің бірі микрофонын жинап жатып. Дауысынан реніш байқалды. – Себебі учаскеге алдын ала бекітілген тізімдегі журналистерді ғана кіргізді әрі оларға кездесу туралы күнібұрын ескертілді".

Басқа ақпарат құралдарының көңілін ауламақ болғандай, Оқушылар сарайындағы референдум учаскесіне Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов келді. Қолындағы бюллетенін мұқият орап, бос жәшікке тастаған шенеунік қаптаған камераға бір сәт қана назар аударды да, журналистердің сұрағына жауап беріп тұратын уақыты жоғын аңғартқандай, ғимараттан шығып кете барды.

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыұлттық референдум кезінде Астанадағы учаскелердің бірінде дауыс берген премьер-министр Олжас Бектеновті алыстан суретке түсіріп жатқан журналист. 6 қазан, 2024 жыл.

Көп жылдан бері ел ішіндегі саяси оқиғалар туралы жазып жүрген Vlast.kz басылымының Астана бюросының шеф-редакторы Тамара Вааль мұндайды бұрын-соңды көрмегенін айтты.

– Әдетте біз, журналистер, партия жетекшілері болсын, парламент депутаттары болсын, кімнің қайда дауыс беретінін біліп жүреміз… Бұл жолы ешкім ештеңе айтқан жоқ, бір-бірімізден естіп білдік, – деді Вааль. – Премьер-министрдің бұл жерде дауыс беретінін де білген жоқпыз. Біз мұнда Тоқаевты көреміз деп келгенбіз, оның орнына Бектеновті кезіктірдік. Бүгін бірде-бір парламент депутатын не партия төрағасын көрген жоқпын. Бұл тіпті күтпеген жағдай.

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыұлттық референдум. Астанадағы референдум учаскелерінің бірінде дауыс беріп жатқан адам. 6 қазан, 2024 жыл.

Тоқаевтың келмеуі мен Бектеновтің жауап бермеуі журналистердің көңіл-күйін түсірді. Енді олар Astana Opera ғимаратында орналасқан №256 референдум учаскесіне қарай бет түзеді. Мұнда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев дауыс беруі керек.

Бұл ақпарат рас болып шықты: шамамен сағат 11-лер кезінде залға Назарбаев кіріп келді. Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бастығын учаскелік референдум комиссиясы мүшелері отырған үстелге бастап барды. Назарбаев өз фамилиясының тұсына қол қойды да, дауыс беретін кабинаға кірді. Журналистер мен фотографтар жәшіктің жанына қаздай тізіліп, экс-президенттің әл қимылын қалт жібермеу үшін демін ішіне тартып тұра қалысты.

– Не істеп кетті? Қалай дауыс беруді ұмытып қалғаннан сау ма? – деді бірінші президентті тағатсыздана күтіп тұрған әріптестердің бірі.

Осыны күтіп тұрғандай, кабинаның пердесі түрілді де, бұрынғы президенттің төбесі көрінді. Бұрын әр қадамын нық басатын Назарбаевтың жүрісі қазір біршама баяулап, шау тартқаны біліне бастапты. Қолындағы бюллетенін шыны жәшіктің тесігіне әрең салғандай болды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде АЭС салу туралы жалпыұлттық референдум кезінде дауыс беріп тұр. Астана, 6 қазан, 2024 жыл.

– Хал-жағдайыңыз қалай, Нұрсұлтан Әбішұлы? Қазір Қазақстанда тұрып жатырсыз ба? – деп сұрады әріптесім, Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.

Бюллетенін салғаннан кейін экс-президент жәшікке сәл ғана сүйеніп, мінберде тұрғандай қолын көтерді де: "Сәлематсыздар ма? Табысты болыңдар, бақытты болыңдар, жарай ма?!" – деді. Содан кейін баспасөз хатшысымен бірге учаскеден шығып кетті.

Назарбаев көптің алдына былтырдан бері шықпаған. Осыдан бір ай бұрын баспасөзде бұрынғы "ұлт көшбасшысы" Өзбекстанға барды деген ақпарат тараған. 6 қыркүйек күні Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Бұқарадағы тарихи ескерткіштерді аралады. Экс-президенттің бұл сапарының негізгі мақсаты көпшілікке сол күйі жұмбақ болып қала берді.

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыұлттық референдум. Астанадағы дауыс беретін учаскелердің біріндегі комиссия мүшесі. 6 қазан, 2024 жыл.

Орталық референдум комиссиясының мәліметіне қарағанда, жексенбі күні сағат 14-тегі есеп бойынша, референдум учаскелеріне 6,3 миллион адам, яғни тізімдегі сайлаушылардың 51,77 пайызы белсенді болған жоқ. Дауыс берген адамдар бұл жай ғана дауыс беру емес, ел үшін сындарлы сәтте азаматтық ұстанымды білдіру екенін айтып жатты.

– Атом станциясы болғанын қалаймыз ба, қаламаймыз ба, бәрі бізге байланысты. Сол себептен келіп, көзқарасымды білдіруім қажет деп ұйғардым, – деді сайлаушылардың бірі Гүлбарам Сағитова.

– Қазақстанда АЭС салынуы мүмкін екені үрей тудырмай ма?

– Бір жағынан қорқынышты, себебі бізде Семей ядролық сынақ алаңы болды ғой. Екінші жағынан, бұл – болашақтың әңгімесі. Станция салына бастаса, жаңа жұмыс орындары пайда болады, электр энергиясы арзандайды. Президент балаларымыздың болашағы әлдеқайда жақсы болатынына уәде беріп отыр ғой.

– Референдум туралы ақпаратты, АЭС салудың пайдасы мен зияны туралы мәліметтерді қайдан оқып білдіңіз?

– Әлеуметтік желіде ақпарат көп болды ғой, оқыдым, таныстым. Пайдасымен қатар жағымсыз жағын айтқан пікірлерді де естідім. Сөйтіп қалай дауыс беретінімді анықтадым. Дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын, ал әрі қарай не болатынын халық өзі шешеді.

АЭС салу туралы референдум күні дауыс беру учаскесі ашылған кезде ойналған әнұранға құрмет танытып, алақанымен жүрек тұсын басып тұрған адамдар. Астана, 6 қазан, 2024 жыл.

Түстен кейін №293 референдум учаскесіне бардым. Көңілді музыка ойнап тұр, учаскелік комиссия мүшелері келген әр адамды күлімдей қарсы алып жатыр. Адам аса көп емес, шамамен бес минуттың ішінде үш адам дауыс бергенін байқадым.

– Учаскеге халықтың келу көрсеткіші қалай? – деп сұрадым сайлау комиссиясының мүшесінен.

– Бұл сұрағыңызға жауап берсем де, өзімнің байқағанымды ғана айта аламын.

– ОРК сайлаушылардың 51 пайыздан астамы дауыс беріп қойды деді, сіздердегі көрсеткіш қандай?

– Сұрағыңызды ОРК-ге қойып нақтылап алсаңызшы.

Орталық референдум комиссиясына сұрақ қойып жүретін уақыт болмады: учаске орналасқан маңда полиция қаптап, "Жастар" сарайының алдын қоршауға алды. Қазір шетелде тұратын қуғындағы оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Астанада үкіметке қарсы митингіге жиналатын орын ретінде осы жерді көрсеткен болатын (ол басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы елде экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған, Еуроодақ қарарларында бұл ұйым бейбіт оппозиция ретінде аталған).

"Жастар" сарайының алдын айнала қоршаған темір шарбақтың ішінде жүрген полиция қызметкері. Астана, 6 қазан, 2024 жыл.

"Жастар" сарайы жанындағы алаң темір шарбақпен қоршалып, оның сыртында полиция қызметкерлері жүр. Форма киген жігіттер журналистерді алыстан байқап, бірден телефонына түсіре бастағанымен, менен ешкім құжатымды сұраған жоқ. Полиция көлігіне жақындап, сұрағымызды қойдық.

– Мұнда не болып жатыр, неге қоршау қойылған?

– Білмейміз, концерт па, бірдеңе болатын шығар. Басқа біреуден сұраңызшы.

"Жастар" сарайының алдында көлікте отырған полиция қызметкерлері. Астана, 6 қазан, 2024 жыл.

Сәлден кейін "Жастар" сарайына жақын маңнан АЭС құрылысына қарсы наразылық акциясына шыққан белсенді Эльвира Бекзадинаны полиция қызметкерлері ұстап әкеткені белгілі болды.