Джиу-джитсудегі жеңіс пен каратэдегі жеңіліс

Руслан Исраилов джиу-джитсуден ерлер арасында 77 келіде барлық қарсыласын жеңіп, чемпион атанды. Ол финалда қырғызстандық Нұрсұлтан Алимкуловтан басым түсті. 

"Жарыс өте қиын болды. Қарсыластарым да мықты. Екінші кездесуде Иордания спортшысы әлем чемпионы [Хамза әл-Рашидті] жеңдім. Ал финалдағы қарсыласым [Нұрсұлтанмен] осыған дейін бір рет кездесіп, жеңіске жеткенмін" деді Руслан Исраилов Азаттық тілшісіне. 

Руслан Исраилов (ортада) алтын медалін алған сәт. 

Каратэден ерлер арасында 67 келіде қазақстандық Дидар Әмірәлі финалда Әли Абдулазизден (Кувейт) жеңіліп, күміс алды. 

Дидар Әмірәлі мен Әли Абдулазиз арасындағы жекпе-жек. Қазақстан каратэ құрамасының бас бапкері Жасталап Санауов "Азия ойындарында Дидар финалға шығады деп күтпеген едік" деді. 

Дидар Әмірәлі марапаттау рәсімінде тұр. Каратэ 2020 жылы Токио олимпиадасының бағдарламасына енген. 

Қазақстандық Элина Михина 400 метрге жүгіруден әйелдер арасындағы жарыста қола медаль иеленді.  Ол бұл қашықтықты 52,63 секундта жүгіріп өтті. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында Михина 53,94 секунд уақытпен 9-орын алған.

26 жастағы қазақстандық атлет Ольга Сафронова (алтыншы жолда) 100 метрлік жарыста 6-орынмен шектелді. Ол бұл қашықтықты 11,43 секундта жүгіріп өтті. 2014 жылғы Азия ойындарында Сафронова 100 метрді 11,45 секундта жүгіріп, қола алған. Алтынды Бахрейн спортшысы Одионг Эдидон (төртінші жолда) иеленді - 11,30.

Қазақстан садақ ату құрамасының мүшесі Адель Жексенбинова жарыс кезінде. Джакартада Қазақстан садақшылары жүлдесіз қалды. 

Құзға өрлеу жарысында қазақстандық Әсел Марленова (ақ формада)  бесінші нәтиже көрсетті.

Ришат Хайбуллин ерлер арасындағы құзға өрмелеу жарысында 4-орын алды. 

Жағажай волейболынан қазақстандық жұп Ирина Цымбалова (сол жақта) мен Татьяна Машкова жартылай финалда Жапониядан жеңілді. Енді олар қола жүлде үшін өтетін ойында Индонезия спортшыларымен кездеседі.