2020 жылы күллі әлемге тараған коронавирус пандемиясынан бастап, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында күрделі оқиғалар көп болды. Олардың арасында 2019 жылдың соңында Алматының іргесінде болған, 13 адамның өмірін қиған ұшақ апаты, азаматтық қоғам өкілдерін қудалау, белсенді Дулат Ағаділдің тергеу абақтысындағы жұмбақ қазасы, Қордайдағы ұлтаралық жанжал, оңтүстіктегі су тасқыны, коронавирус індеті әкелген қасірет, наразылықтар мен бірнеше саяси заңның қабылдануы, парламент және жергілікті мәслихаттар сайлауын жариялау, биліктің төңірегіндегі адамдардың шетелдегі жылжымайтын мүлкі мен күмәнді қаржысы туралы журналистік зерттеулер, т.б. атауға болады.
Қазақстан қоғамы 2020 жылды қалай өткізді? Елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтан соң президенттікке келген Қасым-Жомарт Тоқаев тың өзгеріс жасай алды ма? Халық тұрмысында не өзгерді? Пандемия мен оның салдарына қарсы Ақорданың жүргізген саясаты қаншалықты тиімді болды? Билік қоғам сынынан қорытынды шығарды ма? Президент Тоқаев уәде еткен "еститін үкімет" қоғамның талап-тілегіне құлақ асып отыр ма? Митинг, сайлау, саяси партиялар туралы "жаңартылған" заңдарды жұрт қалай қабылдады? 2021 жылғы 10 қаңтарға жоспарланған парламент сайлауы қалай өтпек? Осы және өзге де сауалдарға Азаттық студиясында сарапшылар жауап беріп, ой-пікірін ортаға салды.
AzattyqLIVE тікелей эфиріне журналист Әсем Жәпішева, саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт және сайлау бақылаушысы Ғалымжан Оразымбет қатысты. Хабарды жүргізген - журналист Қасым Аманжол.