Қытайдан Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өтіп келген тағы екі этникалық қазақ – Бағашар Мәлікұлы мен Қайша Ақанға Қазақстан билігі босқын мәртебесін берді. Алматы облысы мен Алматы қалалық көші қон қызметі полициясы жанынан құрылған комиссия екеуіне бір жылға босқын мәртебесін бергенін 30 қазанда Азаттыққа олардың өздері айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан "Қытайдан қашқан" Қастер мен Мұрагерге бір жылға босқын мәртебесін бердіОсыдан екі аптадай бұрын Ақмола облыстық көші-қон қызметі полициясы жанынан құрылған арнайы комиссия былтыр Шыңжаңнан қашып келген қытайлық екі қазақ – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына бір жыл мерзімге босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдаған.
БАҒАШАР МӘЛІКҰЛЫ
Азаттық тілшісі хабарласқан Бағашар Мәлікұлының айтуынша, арнайы комиссияның отырысы 28 қазанда Талдықорған қаласында өткен.
– Отырысқа менен басқа алты адам қатысты. Шекарадан қашып өтуіме не себеп болғанын сұрады. Сосын қолыма босқын мәртебесі туралы куәлікті ұстатты, – дейді ол.
38 жастағы Бағашар Мәлікұлы 2019 жылы 19 желтоқсанда босқын мәртебесін сұрап, Алматы облысы көші-қон қызметі полициясына өтініш берген. Ол Талдықорғандағы комиссия отырысына адвокатсыз өзі ғана қатысқанын, өзіне босқын мәртебесін беру туралы комиссияның шешімін алмағанын айтты.
– Маған ешқандай шешім берген жоқ. Ондайдың болатынын да білмеймін ғой, – дейді Бағашар Мәлікұлы.
Шыңжаңның Моңғолкүре ауданынан 2015 жылы Қазақстанға қоныс аударған Бағашар Мәлікұлы бір жылдан кейін Қытайдағы ата-анасына қыдырып барып, кері қайта алмай қалған. Айтуынша, Қытайдың құқық қорғау органында жұмыс істейтін танысы оған "жақында саяси лагерьге қамалатынын" ескерткен соң, 2017 жылы қаңтар айында Қытайдан жаяу қашып шығып, үш күн жүріп, Қазақстанның Алматы облысындағы Нарынқол ауылына жеткен.
2019 жылы 23 қарашада Қазақстан билігі Бағашар Мәлікұлының үстінен "шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша іс қозғаған, алайда 23 желтоқсанда іс қысқарған. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі ол туралы сұраған Азаттыққа былтыр желтоқсанда жолдаған ресми жауабында Мәлікұлына қозғалған қылмыстық істің қысқартылу себебін, "шекараны заңсыз кесіп өту әрекетін анықтау шараларында" не анықталғанын ашып жазбаған.
Қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында тұрып жатқан Бағашар Мәлікұлының кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар. Балалардың үлкені 13-те, кенжесі бір жаста. Әйелі мен үш баласы да Қазақстан азаматы.
– Әйелімнің денсаулығы мәз емес. Оның үстіне омырауда баласы бар. Сондықтан қолыма тиген жұмысты істеп жүрмін. Қазір құрылыстамын. Куәлік алғаныма екі-ақ күн болды. Бүгін соны көші-қон қызметіне тіркетейін деп кетіп барамын. Ары қарай не істейтінімді білмеймін. Жөн сұрайтын адвокатым да жоқ, – деді Бағашар Мәлікұлы жұма күні Азаттыққа.
ҚАЙША АҚАН
Алматыда тұрып жатқан Қайша Ақанға Алматы қалалық көші-қон полициясы босқын мәртебесі туралы куәлікті 29 қазанға табыс еткен.
Қытайдағы қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын "Нағыз Атажұрт" ұйымы Facebook-тағы парақшасында Қайша Ақанға берілген босқын куәлігінің суретін де жариялады.
Бұл ақпаратты Азаттық тілшісі жұма күні хабарласқанда Қайша Ақанның өзі растады.
– Бір жыл мерзімге ғана берді. Кеше таңертеңнен кешке дейін (Алматы қалалық көші-қон полициясында) жүріп, ауырып қалдым, – деген босқын ұзақ сөйлесуге шамасы жоғын айтып, адвокатына сілтеді.
Онымен бірге комиссия отырысына қатысқан адвокаты Абдолла Бақберген Қайша Ақанның комиссияға "Қытайда биліктен қысым көргеніне дәлелдер келтіргенін" айтады. Адвокаттың сөзінше, бір жылға берілген босқын куәлігінің мерзімі бітуіне бір ай қалғанда Қайша Ақан оны созуды сұрап тағы да өтініш бере алады.
– Заң бойынша шетел азаматы ретінде Қазақстанда бес жыл тұрғаннан кейін немесе Қазақстан азаматымен некелескен жағдайда үш жылдан кейін Қазақстан азаматтығын алуға құқылы, – дейді адвокат.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытайға әкетуі мүмкін". Шыңжаңнан қашқан Қайша Ақан депортациядан қауіптенеді2019 жылдың желтоқсан айында Алматы облысы Панфилов аудандық соты Қайша Ақанды "шекара бұзғаны" үшін шартты түрде жарты жылға бостандығынан айырған. Сот оны 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға Қытайдан заңсыз өткені үшін айыпты деп таныған. Шыңжаңда туып-өскен Қайша Ақан сотта Қытайда өзіне "лагерьге қамалу қаупі төнген соң" Қазақстанға қашып өтуден басқа амалы қалмағанын мәлімдеген.
Қайша Ақан 2019 жылы қыркүйек айында босқын мәртебесін сұрап Алматы облыстық көші-қон полициясына өтініш жазған болатын. Қазақстанның "Босқындар туралы" заңында "Уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат тіркелген күннен бастап үш ай ішінде босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды. Шешім қабылдау үшін қосымша тексеру қажет болған жағдайларда түпкілікті шешім шығару бір жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады" деп көрсетілген.
Қайша Ақан 2019 жылы Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққан.
Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның заңгері Гүлмира Қуатбекова Қайша Ақан мен Бағашар Мәлікұлына босқын мәртебесін беру туралы биліктің шешімін құптайды.
– Олардың жұмыс істеуге, медициналық қызметті пайдалануға хақы бар. Бірақ босқын мәртебесін уақытша ғана алғандықтан, қолында тұрақты тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) бар адамдармен салыстырғанда құқықтары шектелген. Сондықтан босқын мәртебесі туралы куәлік пен жол жүру құжаттарын апарып, ықтиярхат рәсімдеуі керек, – дейді заңгер.
ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚЫСЫМ: БАТЫС АЙЫПТАЙДЫ, ПЕКИН ТЕРІСТЕЙДІ
2018 жылы Шыңжаңдағы "билік қысымынан қашып", Қазақстандағы отбасына қосылу үшін шекараны бұзып өтіп келген этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісі халықаралық деңгейде резонанс туғызды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытайдан қашқандарға шыққан үкім – Пекинмен ренжіспеудің амалы"Қазақстан соты Қытай қайтаруды сұраған Сауытбайды экстрадициялаған жоқ. Қазақстаннан сұраған босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған Сауытбай мен отбасын былтыр Швеция паналатты. Қазақстан билігі Сауытбай тәрізді шекарадан заңсыз өткен және "Шыңжаңдағы қысымнан қашқанын" мәлімдеген Қытай қазақтары Қайша Ақан, Тілек Тәбәрікұлы, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы, Бағашар Мәлікұлын Қытайға депортациялаған жоқ.
Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отырған болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. Кейін ол лагерьлерде азаптау, мәжбүрлеп жұмысқа жегу туралы хабарлар тарады. Биліктің қырына алғандарды аңдып, қысым мен қудалайтыны жайлы Шыңжаңдағы жағдайды көргендер де растады.
Биыл маусымның соңында жарияланған баяндамада Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттардың санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия елдері Шыңжаңдағы жағдай жайлы неге үнсіз?АҚШ пен Батыс мемлекеттері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. АҚШ – Қытайға Шыңжаңдағы іс-әрекетіне бола санкция енгізген алғашқы ел.
Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.
2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.