Сәуірдің 29-ы күні Алматы қаласы арнайы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Захаровты "ұсақ бұзақылық жасады" деп айыптап, бес тәулікке қамауға үкім етті. Сотқа ешкімді кіргізбеді.
Сотқа қатысқан адвокат Ерлан Ерболатұлының сөзінше, полиция Захаровты "көшеге қоқыс тастады" деп айыптаған.
- Сотта полиция баннерді "қоқыс" деді. Ал Захаров көшеге қоқыс тастаған болып шықты. Полиция сотта ешқандай көше бойындағы камералардан дәлел ұсынған жоқ. Тек ұялы телефонға түсірген видеоны дәлел ретінде ұсынды. Біз телефондағы видеоны дәлел ретінде қарастыруға қарсы шағым түсірдік. Бірақ судья шағымды қабылдамады, - деді адвокат.
Сот алдына барған Азаттық тілшісінің айтуынша, Захаровты қолдауға ондаған адам жиналған.
Роман Захаровтың қорғаушысы Ерлан Ерболатұлы апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты.
Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетов Азаттыққа Роман Захаровтың бес тәулікке қамалғанын растады. Оның сөзінше, Захаров Әкімшілік кодекстің 434-бабы 1-тармағы - "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айыпталған.
- Захаров сәуірдің 29-ы күні таңғы 5:22-де ұсталды. Көше бойына тұрмыстық қалдық пен скотч тастаған, - деді Махамбетов Азаттыққа.
Алматы қаласы арнайы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні - Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.
Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия, Италияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдердеТөлесова мен Толымбековті қолдап, "Шындықтан құтыла алмайсың" акциясын өткізген.
28 сәуірде Нұр-Сұлтанда да бір топ жас қамаудағы белсенділерді қолдау шарасын ұйымдастырды. 29 сәуірде "Нұр-Сұлтан қаласында акция ұйымдастырған жастарды полиция шақыртты" деген ақпарат шыққан. Бірақ қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова акция үшін ешкім жазаланбағанын, қамалмағанын айтты. Ол Азаттық тілшісінің "акция өткізген жастарды полиция шақырды ма?" деген сауалына: "полиция ешкімді жазалаған жоқ, қамаған жоқ" деп жауап берді.