"Қадірін кейін білдік". Парламентті бір шешімімен "таратқан" Конституциялық сот қалай жойылды?

Қазақстан конституциясының үлкейтілген көшірмесінің жанында тұрған құрметті қарауыл.

1993 жылы қаңтарда тәуелсіз Қазақстан алғашқы конституциясын қабылдап, оның аясында "Конституциялық сот" дейтін жаңа институт құрылды. Конституциялық сот Жоғарғы кеңесті тарату туралы шешім қабылдады да, кейін өзі де жойылды. Оның орнына Конституциялық кеңес пайда болды. Сарапшылардың бірі "Конституциялық сот құзыреті қазіргі Конституциялық кеңестен әлдеқайда жоғары болды" дейді.

Бүгін, 30 тамыз күні Қазақстанның қазіргі конституциясы қабылданғанына 26 жыл толып отыр. Мереке қатарына қосылып, демалыс күндердің біріне айналған бұл күн жақындағанда ресми баспасөз бетінде Қазақстан констиуциясын дәріптейтін материалдар жиі шыға бастайды.

Билік 1995 жылғы конституцияның қабылдануын "Қазақстанда демократиялық жолға бастаған маңызды қадам" деп сипаттайды. Алайда мұндай пікірлермен келіспейтіндер қазіргі конституция "билік институттарының тепе-теңдігін бұзып, супер президенттік республика орнатуға жол ашып берді" деп санайды. Олардың сөзінше, 1995 жылы қабылданған конституция "жоғары биліктегі тепе-теңдікті ұстап тұрған Конституциялық сотты да жойып жіберген".

Бірақ сол жылдардағы саяси процестердің куәгерлері Конституциялық сот өзін өзі жоюға алып келді дейді. Олар соттың тарауына оның сол жылдардағы әрекеттері түрткі болғанын айтады.

"КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫ ПАЙДАЛАНУ"

1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы кеңес мерзімінің аяқталуына бір жарым жыл қалғанда өзін-өзі тарататынын жариялады. Құзыреті президент құзыретімен пара-пар Жоғарғы кеңесті таратуға Қазақстанның сол кездегі президенті Нұсұлтан Назарбаев мұрындық болды деген болжам жиі айтылады.

Назарбаевтың өзі естеліктерінде "Жоғарғы кеңес нарық реформаларын жылдам жүргізуге кедергі жасады" деп сипаттайды.

Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі болған Алматы әкімі Заманбек Нұрқаділовтің ықпалымен Алматы қаласы Алатау аудандық кеңесі өзін-өзі таратып, республикадағы жергілікті кеңестерге үлгі көрсетіп үндеу жасады. Көп ұзамай басқа да кеңестер осы жолды таңдап, Жоғарғы кеңестің де тарамасқа амалы қалмады. Кейін оппозицияға кетіп, 2005 жылы жұмбақ жағдайда қаза тапқан Заманбек Нұрқаділов "елді демократиялық жолдан тайдыратын әрекетке барып, Назарбаевқа көмектескені үшін өкінетінін" бірнеше рет айтты.

"Егемен Қазақстан" газеті 1993 жылы 29 қаңтарда Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданғанын хабарлады.

Жоғарғы кеңестің 12-шақырылымының орнына сайланған 13-шақырылым да көпке ұзамады. Небәрі бір жылдан кейін, 1995 жылы наурыз айында бұл Жоғарғы кеңес те тарауға мәжбүр болды. Бұл жолы Заманбек Нұрқаділовтің "рөлін" Конституциялық сот атқарды.

1995 жылы 6 наурызда Конституциялық сот депутат болып сайлана алмаған Татьяна Квятковскаяның арызына сүйеніп, "Жоғарғы кеңес заңсыз сайланған" деген шешім шығарды.

Заңгер, академик Салық Зиманов (2011 жылы қайтыс болған) бұл шешімнің заңдылығына күмән келтірген еді.

"Серікболсын Әбділдин басқаратын Жоғарғы кеңес пен өзге билік тармақтарының арасында тартыс болғаны рас. Өзге де себептері жайлы ұзақ айтуға болады. Ал одан кейін сайланған Жоғарғы кеңестің аяқ астынан "заңсыз бола қалғаны" түсініксіз еді. Өйткені сайлауда өте алмаған Татьяна Квятковскаяның арызында "сайлаудың заңсыз өткені, сайлаушылар дауысының дұрыс есептелмегені жайлы айтылмаған. Ол тек "сайлаушылар санының әр сайлау учаскесінде әртүрлі болғанына, өзі түскен Алматы қаласындағы Абылайхан сайлау округінде сайлаушылардың басқалармен салыстырғанда тым көп екеніне шағымданған. Мысалы, Абылайхан сайлау округінде 90 мың сайлаушы болса, Байқоңыр округінде 17 мың ғана сайлаушы бар" деп көрсеткен" деп жазды кейін Зиманов 2011 жылы жарық көрген "Тәуелсіздік жариялаудың қиын жылдарындағы Қазақстан парламенті" дейтін кітабында.

Академик Салық Зиманов.

Конституциялық сот осы шешімінен кейін ресми баспасөзде мәлімдемелер бірінен кейін бірі жарияланып, Жоғарғы кеңесті тарату процесі үдей түсті.

"НАЗАРБАЕВ ПЕН КЕКІЛБАЕВТЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ"

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев соттың шешімін "күтпеген жағдай" деп бағалап, "өкімет билігінің тұрақтылығы үшін 8 наурызда конституциялық сот қаулысына қарсылық білдірдім" деп мәлімдеді.

Баспасөздегі сөзіне қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев Конcтитуциялық сотқа айтарлықтай "қарсылық көрсеткенге" ұқсайды. Ол "Бұл мәселе Конституциялық соттың құзырында емес. Квятковская арызындағы талаптар жалпы сотта ғана қаралуы тиіс, шынын айтқанда осыдан бір жыл бұрын сайланған республика парламентінің атқарар жұмысы зор екеніне кәміл сенемін" деп үстемеледі.

Бұрынғы парламент депутаты Татьяна Квятковская "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке қарсы куәлік беріп отыр. Алматы, 12 маусым 2009 жыл.

Конституциялық сот шешімі Жоғарғы кеңес депутаттарына да ауыр тиді. Олар "Егер Парламентті тағы да тарату керек болса, оны конституциялық жолмен жүзеге асыру керек еді" деген үндеу жариялады.

Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Жоғарғы кеңестің 13-шақырылымына төраға болып сайланған жазушы Әбіш Кекілбаев мұнан да әрі кетті. "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правда" газеттері: "Жоғарғы кеңес ... Конституциялық соттың 6 наурыздағы қаулысына қарсылық енгізді. Республиканың Негізгі заңының 131-бабына (1993 жылғы конституцияның 131-бабы. Заңдарды конституцияға қайшы деп тану олардың күшін жояды. – ред.) сәйкес, Конституциялық соттың бұл қаулысы тоқтатылады" дейтін Әбіш Кекілбаев қол қойған Жоғарғы Кеңес қаулысын жариялады.

Қазақстан президенті мен Жоғарғы кеңес төрағасының "қарсылығы" Конституциялық соттың қарауына 9 наурыз күні түсті. Небәрі бір күннен соң, 10 наурызда олардың қарсылығы қабылданбайтыны туралы шешім шықты.

Заңгер Салық Зимановтың жазуынша, "парламентті заңсыз деп тану" жөніндегі шешімді шығаруға Конститутиялық сотқа мүше 11 адамның небәрі алтауы ғана қатысқан. Үшеуі қатысудан бас тартқан, екеуі қарсы дауыс берген. Ал президент пен Жоғарғы кеңес төрағасының қарсылығын еңсеруге бір сағат қана жеткілікті болған.

"Конституция бойынша тек Қазақстанның Жоғарғы кеңесі мен президентінің ғана халық атынан сөйлеуге қақы бар. Басқа ешбір билік, ешбір орган, соның ішінде Конституиялық сот та бұл екі органның тағдырын шеше алмайды. Егер парламентті тарату, Президентті орнынан кетіру керек болса, [Конституциялық сот] арнаулы Жоғары комиссия құру жөнінде ұйғарым шығарып, бастама көтере алады" деп жазады Салық Зиманов.

Алайда осы "қарсылықтарға" қарамастан, Жоғарғы кеңес бәрібір таратылды. Нұрсұлтан Назарбаев мұны "Конституциялық сот шешіміне бағыну, амалсыздан жасалған қадам" деп түсіндіріп, Жоғарғы кеңестің заң шығару билігін өз қолына алды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың Әбділдин туралы, Әбділдиннің Назарбаев жайлы айтқаны

Ол көп ұзамай Қазақстан халқы ассамблеясын құрып, артынша алғашқы сессиясын шақырды да, жаңа Конституция жобасын жариялады. Президенттің өзі құрған ассамблея мен ресми баспасөз жаңа жобаны сөзге келмей құптай кетті.

Бірер ай "жалпы халықтық талқылаудан кейін" 1995 жылы 30 тамызда конституцияның алғашқы жобасынан біршама айырмасы бар басқа нұсқасы қабылданды. "Парламентті бір шешімімен таратқан" Конституциялық сот жаңа конституцияға енбей қалды. Оның орнына Конституциялық кеңес құрылды.

Қазақстан президентінің жарлығымен бірнеше айдан кейін мемлекеттік хатшы деп аталатын жоғары лауазым ашылып, оған тарап кеткен Жоғарғы кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаевты тағайындады.

Осы сәттен бастап Қазақстан президент билігін мейлінше күшейтіп, автократиялық билік жолына бастаған конституциямен өмір сүре бастады.

"КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ҚАДІРІН КЕЙІН БІЛДІК"

1990 жылдары таратылған Жоғарғы кеңес депутаттары Конституциялық соттың "Қазақстандағы ең биік, тәуелсіз сот органы ретінде құрылған еді" деп еске алады.

Жоғарғы кеңестің бұрынғы депутаты Серік Әбдірахмановтың сөзінше, "Конституциялық сот Қазақстан президентінің де, Жоғарғы кеңесінің де шешіміне баға бере алатын институт ретінде құрылған".

Серік Әбдірахманов.

– 1993 жылы тұңғыш конституцияны қабылдағанда өркениетті елдің тәжірибесі ретінде Конституциялық сотты кіргізген едік. Оған президент те бағынатын. Оны парламентті таратуға пайдаланды да, кейін жойып жіберді. Конституциялық сот шешіміне қарсылық білдіріп, бір топ депутат аштық жарияладық, – дейді ол.

1995 жылы қабылданған конституциядан кейін сайланған қос палаталы парламенттің депутаты атанған Ирак Елекевтің сөзінше, Конституциялық соттың жойылуына тым жоғары құзыреті де әсер еткен болуы мүмкін.

Ирак Елекеев.

– Ол кезде мемлекет мүлкін жекешелендіріліп жатқан еді. Конституциялық сот ірі нысандардың қаншалықты заңды жекешеленгенін қарай алатын. Біз оның қадірін кейін білдік. 1995 жылдары миллиондаған тонна мұнай өндіріп, мемлекетке табыс әкеліп тұрған "Маңғыстау мұнай газ" мекемесі жекеменшікке өтті. Оның қаншалық заңды сатылғанын Конституциялық кеңестен сұрамақ болдық. Сонда ғана оның бұрынғы сот емес, жай ғана кеңес екенін, Конституциялық сотты жоюдың не үшін керек болғанын түсіндік, – дейді ол.

Ирак Елекеевтің сөзінше, Конституциялық сот төрағасын Жоғарғы кеңес ұсынатын және Конституциялық сотқа Жоғарғы кеңестің кез келген депутаты және кез келген қарапайым судья өтініш түсіре алатын. Қазіргі Конституциялық кеңес төрағасын Қазақстан президенті ұсынады, бұл кеңеске депутаттар қандай бір іс бойынша жеке өтініш бере алмайды.

– Қазіргі Конституциялық кеңестің құзырында ештеңе жоқ. Атынан көрініп тұрғандай кеңес берумен ғана шектеледі. Біздің жағдайымызда, әрине конституциялық сот тиімді еді, – дейді ол.

Құрылғаннан тарағанға дейін Конституциялық сот судьясы болып істеген Сабыр Қасымов Конституциялық соттың "конституцияға қайшы келетін президент жарлығы мен заңдарды, мемлекеттік орган актілерінің күшін жоятын" құзыреті болғанын айтады.

– Ең бастысы қандай да бір мәселенің конституцияға қаншалық сай келетіні жөнінде қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың үндеуін қарастырып, шешім қабылдайтын еді. Қазіргі Конституциялық кеңесте жоқ өзге де құқықтары болды, – дейді ол.

2020 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен құрылған "Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" комиссия жетекшісі Сабыр Қасымов Конституциялық соттың не себептен кеңеске айналдырғаны жайлы егжей-тегжейлі айтқысы келмейтіні байқалды.

– Конституциялық сотты үлкен саясатқа араластырмағанда, еліміз басқа жолмен дамитын еді, – деп қысқаша жауап берді. "Үлкен саясат" дегенде нені меңзегенін, кім араластырғанын нақтыламады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жартысынан астамы өзгеріп, Назарбаевты "елбасыға" айналдырған 95 жылғы Конституция

"ОНДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТА ТАРАР ЕДІ"

Біз сөйлескен сарапшылар "Конститутиялық сотқа қысым жасалды, президент оны парламентті тарату үшін пайдаланды, сот төрағасы Мұрат Баймаханов құзырын толық пайдалана алмады, Конституциялық сотты президент билігіне жығып берді" деп санайды.

– Конституциялық сот жойылардың қарсаңында Конституциялық сот төрағасы Баймаханов өзінің құзырын пайдалана алмады. "Мақұл" дей салды, – дейді бұрынғы депутат Серік Әбдірахманов.

Мұрат Баймахановтың қарамағында Конституциялық сот судьясы болып жұмыс істеген Сабыр Қасымов оны "интеллигент, ғалым, жұмсақ адам еді" деп сипаттап, "құзыреті күшті институтты "қасқыр" мінезді адам болмаса басқару қиын" деп атап өтті.

Салық Зимановтың жазуына қарағанда, "Жоғарғы кеңес заңсыз сайланған" деген шешім шығарардың алдында Конституциялық сот судьяларының екі топқа бөлініп тартысқаны байқалған.

– Оның үстіне баспасөз бетінде депутаттардың "Конституциялық соттың кейбір шешімдері заңсыз" деген сын мақалалары жиіледі. Бәлкім парламентті заңсыз деп тану туралы шешім осындай шабуылдардан өзін қорғау үшін туған реакция шығар, – деп жазды Зиманов.

Осыған ұқсас пікірлердің сол кездің өзінде жиі айтылғанға ұқсайды. 1995 жылы 15 наурызда "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Конституциялық сот төрағасы Мұрат Баймаханов бұған жауап беруге де тырысып, "Конституциялық сотқа ешқандай да қысым болған жоқ" деген.

Газет тілшісі "Егер сіздер заңсыз деп тапқан Жоғарғы кеңес 6 наурыздан бұрын, сіздерден бұрын Конституциялық сотты тарату жөнінде шешім қабылдап жібергенде қайтер едіңіздер?" деген сұрақ қойған. Конституциялық сот пен Жоғарғы кеңес депутатары арасында текетірес болғанын білдіретін бұл сұраққа Баймаханов "Онда Конститциялық сот тарар еді" деп жауап берген.

Конституциялық сот жойылып, орнына құрылған Конституциялық кеңес Конституция нормаларына түсініктеме берумен шұғылданады. Парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, халықаралық келісімдердің Конституцияға сай болуын бақылайды.

Конституциялық кеңестің 7 мүшесі бар. Төрағасы мен екі мүшесін Қазақстан президенті, екі мүшесін мәжіліс, екі мүшесін сенат 6 жылға тағайындайды.

Конституциялық кеңеске заң бойынша президент, премьер-министр, парламент сенаты мен мәжілісінің төрағалары, парламент депутаттарының бестен бірінің қолы жиналған жағдайда депутаттар және құқықтық актіде азаматтардың құқығы мен бостандығы шектелген жағдайда соттар ғана өтініш түсіре алады.

Конституциялық кеңес мүшесі Иоган Меркельдің баспасөзге айтуына қарағанда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеңеске 28 мәрте жүгінген.

Қазақстан Конституциясының 71-бабының 1-тармағы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де Конституциялық кеңестің ғұмыр бойы мүшесі болып саналады.

Сарапшылардың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев президент болған кезеңде түрлі ұсыныстар негізінде президенттің өкілеті кеңейе түсті. Кейін Назарбаевқа "елбасы" мәртебесі беріліп, оның президенттіктен кеткеннен кейін де билікке ықпалын сақтап қалуына заңды негіз қаланды. Бірақ Конституциялық кеңес бұған қатысты пікір білдірген жоқ.

Есесіне, биыл маусымда бұл орган "Назарбаев пен Тоқаевтың бірігіп жұмыс істегені "тиімді болды" деген қорытынды шығарды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев. Компартия хатшысынан "елбасына" дейінгі жолы