Қазақстанда коронавирус індетінің бақылаудан шығып кеткенін дәлелдейтін 5 факт

Алматы көшесінде кетіп бара жатқан тұрғындар. 29 маусым 2020 жыл.

Қазақстан 13 наурызда елде алғашқы коронавирус жұқтырған адам табылғаны ресми хабарланған соң үш күн ішінде індеттің тарауын тоқтату үшін төтенше жағдай мен карантин жариялады. Екі ай елде ТЖ режимі болды. Билік вируспен күреске 10 миллиард доллар бөлгенін де мәлімдеді. Бірақ қазір Қазақстан коронавирус жұқтырғандар көптігі бойынша әлемдегі қырық елдің қатарында тұр. Үкімет коронавирустың тарауын тоқтату үшін елде қайта бір айдай қатаң карантин жариялауды жоспарлайды.

Ел билігі сәуірдің соңында бірнеше рет "вирустың тарауын бақылауға алдық, мамырдың соңына дейін елде бес мыңнан аса адам дертке шалдығып, вирус тарауы бәсеңдейді" деген. Бірақ мамырдың соңында вирус жұқтырғандар биліктің болжамынан бірнеше есе көп болды. Ал сәуірде Қазақстанның коронавируспен күресу тәсілін мақтаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 26 маусымда бұл елді "вирус жылдам тарап жатқан" елдердің қатарына қосты. Елдегі пандемия ахуалының нашарлап кеткенін дәлелдейтін бес фактіні ұсынып көрелік.

Вирус жұқтырғандар күрт көбейді

Қазақстан билігі 13 наурызда елде COVID-19 коронавирусын жұқтырған алғашқы екі адам тіркелгенін мәлімдеді. Үш жарым айдың ішінде елде 32 мыңнан аса адам вирус жұқтырды. Мамырдың ортасына дейін Қазақстан вирус тарауын тоқтатқандай көрінген. Бірақ 11 мамырда елдегі төтеше жағдай режимі аяқталып, билік экономиканы жандандырмаққа карантин шараларын жеңілдетті. Тамақтану орындары, базарлар ашылды. Жолаушылар пойызы, әуе рейстері, автобус қатынасы қайта қалпына келді. Қалаларда қойылған блокпостар алынды. Араға бір апта салып, елде вирус жұқтырғандар саны күрт өсіп, күн сайын 500-600 адамнан вирус анықтала бастады. Маусым айында тәулігіне мыңнан аса адамнан вирус анықтау үйреншікті жағдайға айналды. Билік басында мұны тест санының көптігімен байланыстырған. Бірақ кейін "халық сақтық шараларын сақтамады" деді. Кейбір сарапшылар "халық вирусқа сенбей сақтық шараларының сақтамады. Ал билік халыққа вирустың қаупін дер кезінде түсіндірмеді" деп санайды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде бір ай карантин жарияланса тамыздың соңына таман күн сайын анықталатын вирус жұқтырғандар саны 2,5 мыңдай адам болады деп болжайды. Министрдің есебі бойынша, Қазақстанда тамыздың соңында вирус жұқтырғандар саны кемінде 80 мыңнан асуы мүмкін.

Тест тапсыру қиынның қиыны

Қазақстанда COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар көбейген соң науқастармен байланыста болған адамдардың да саны күрт өсті. Аурудан қауіптенген жұрт зертханаларға ағылды. Ыстығы көтеріліп, жөтеліп, иіс-дәм сезбей қалғанын (бұл – коронавирус симптомдары) айтқан адамдар да зертханаларға барып жүрді. Жағдай ушыққан соң жұмыс орындары да қызметкерлерінен тест талап ете бастады. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында зертханалар алдында кезек көбейіп кетті. Келушілердің көптігінен кейбір зертханалар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Билік елде коронавирус сынамасын тексеретін 53 зертхана бар, күніне 30 мыңдай анализ алып жатырмыз десе де, ағзасында коронавирустың бар-жоғын анықтай алмай жүргендердің қарасы әлі көп. Денсаулық сақтау министрлігі жұртты дәрігердің жолдамасы болмаса себепсіз тексерілмеуге үндеді. Жұмыс берушілерді де қызметкерлерінен коронавирусқа тексерілу қорытындысын талап етпеуге шақырды.

Ауруханада орын жоқ, жедел жәрдем үлгермей жатыр

Қазір Қазақстанның бірнеше аймағында инфекциялық стационарлар мен провизорлық орындар 90 пайызға толы. Алматыда COVID-19 коронавирусын жұқтырған, жағдайы орташа және ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі жоспарлы операциялар мен ем-домды кейінге қалдырды. Дәрігер жетіспей жатыр. Төрт айдан бері үйіне бармай жұмыс істеп жүрген медқызметкерлер де бар. Елде жедел жәрдем шақыратындар күрт көбейді. Жедел жәрдем келмей жатқанын айтып шағымданған жұрттың да қарасы көп. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасы 18-25 маусымда жедел жәрдемге 28 мың қоңырау шалынғанын, оның 10 мыңына жедел жәрдем бара алмағанын мәлімдеді. Елде ыстық түсіретін, тұмау тигенде ішетін дәрі-дәрмек те тапшы. Жұрт парацетамол, аспирин сияқты дәрілерді таппай жүр.

Пневмонияға шалдыққандар да көбейді

Ақтөбе, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында пневмонияға шалдыққандар күрт көбейіп кетті. Ақтөбеде пневмониямен ауырып жатқандар алты есе, Шымкентте жеті есе көбейген. Дәрігерлер кейбір науқастардан коронавирус анықталса, кейбірінен вирус белгісі табылмағанын айтады. Денсаулық сақтау министрлігі де пневмонияның неліктен өршігенін түсіндірген жоқ. Бірақ Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы пневмонияға шалдыққандарды COVID-19 дертіне арналған хаттамаға сай емдеп жатқанын мәлімдеді.

26 маусымда Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасы қалада 25 жастағы тұрғынның пневмониядан қайтыс болғанын хабарлады. Басқарма марқұмнан коронавирус табылған я табылмағанын айтпады. 30 маусымда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде күн сайын 2,5 мыңдай адам пневмонияға шалдығып жатқанын мойындады.

Қазақстандық дәрігер Қайырғали Көнеев "анализінен коронавирус белгісі табылмаған, бірақ пневмониямен ауырып жатқан адамдардың барлығын коронавирус статистикасына қосу керек. Қазір жаз мезгілі. Басқа қандай инфекция болуы мүмкін? Басқа қандай инфекция пневмонияға себеп бола алады? Әрине, коронавирус" дейді.

Вирустан қайтыс болғандар да көбейді

Қазақстанда 1 маусымда коронавирустан 41 адам қайтыс болған. Елде бір айдың ішінде 147 адам COVID-19 індетінен көз жұмды. Бұл статистикаға енбеген марқұмдар бар. Қазақстан билігі коронавирус жұқтырған кейбір адамның өліміне COVID-19 дерті себеп болған жоқ деп, оларды ресми статистикаға қоспай отыр. Сонда да елде коронавирустан көз жұмғандар саны күн санап өсіп келеді. Елде пневмониядан қайтыс болғандардың да саны күрт көбейді. Билік олардың ресми статистикасын әлі ұсынбай отыр.