КОРОНАВИРУСТЫ АНЫҚТАЙТЫН ТЕСТЕР
Коронавирусқа байланысты Ресеймен шекара жабылардан бірнеше сағат бұрын Қазақстанға кіріп үлгерген Фариза Әбдірайымова Мәскеу университеттерінің бірінде магистратурада оқиды. Наурыздың 29-ына түнгі сағат 10-да Мәскеуден Алматыға ұшқан, небәрі екі сағаттан соң Ресей шекарасын жапқан.
Фаризаның айтуынша, Қазақстанға келген бойда жолаушылардың температурасын тексеріп, коронавирусты анықтауға арналған тестен өткізу үшін Алматыдағы жатақханалардың біріне карантинге жатқызған. Ертеңіне тест тапсырған.
- Төменгі қабаттағы бөлмеге біртіндеп кіргізді. Түскі бірдің кезі болатын. Тамағым мен мұрнымнан сұйықтық алып, қолыма 41-нөмір ұстатты. Бөлмеден шықтым. «Тест қорытындысы 10 сағат ішінде дайын болады» деді. Бізге Новосибирскіден келген тестілерді пайдаланды. Наурыздың 31-іне түнгі екіде коронавирус анықталған адамдарды жедел жәрдеммен әкеткендерін көрдік. Келесі күні түнде 9 адам мен олармен байланыста болған тағы 20 адамды әкетіпті, - дейді Әбдірайымова.
Фариза карантинде бір тәулік қана болған. Онымен бір рейсте келген бірнеше танысын үш күнге дейін ұстап, қайтадан тест алған. Ал Фаризаға коронавирус жоғын растайтын анықтама беріп, үйіне қайтарған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда коронавирусты анықтайтын тест жеткілікті. Жақында тестен ерікті түрде ақылы өтуге болатыны жөнінде ақпарат тарады. Бірақ ол жөнінде ақпарат аз. Қазір ауру белгісі байқалған науқасты дәрігерлер арнаулы тестен өтуге жібереді. Соңғы кезде 18,5 миллион халқы бар мемлекетте коронавирус жұқтырған науқастар күннен-күнге көбейіп келеді.
Наурыздың 30-ы күні өткен онлайн баспасөз конференцияларының бірінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «қазір әлемде тек генетикалық ПЦР тесті ғана қолданылады» деді. Фариза Әбдірайымова да осындай тестен өткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус тіркелген елдерге арналған нұсқаулығына сәйкес, ПЦР тестін (полимеразды тізбекті реакция әдісі) ауру белгісі байқалмаған адамдар мен инфекция жұқтырған науқаспен байланыста болғандарға да қолдануға болады. ПЦР тесті кезінде науқастың ауызы мен мұрнынан сынама алынады. Полимеразды тізбекті реакция әдісі ағзада вирус өте аз болған күннің өзінде биоматериалдағы патогеннің ДНК-сын анықтауға көмектесіп, нақты нәтиже көрсетеді.
Біртановтың сөзінше, Қазақстанда 20 зертхана ПЦР тестін өткізе алады. Бұл зертханаларда күніне алты мың тест өткізуге болады. Тағы бірнеше зертхана ашылады деп жоспарланып отыр.
Қазақстанда 20 зертхана ПЦР тестін өткізе алады.
— Мемлекет тарапынан 380 мың тегін тест өткіземіз. Тесттер тәуекел тобына кіретін созылмалы ауруы бар және қарт адамдарға, науқаспен байланыста болған азаматтарға және полиция мен медицина қызметкерлеріне арналған. Тестті тек мемлекеттік емес, жекеменшік зертханалар да жүргізеді. Қазір тесттердің шетелден келгенін күтіп отырмыз. Тестен ақылы өтуге де болады, — деді денсаулық сақтау министрі.
Коронавирусты саусақтан қан алып анықтайтын жедел тесттер де бар. Жекеменшік зертханалар осындай жедел тестен өтуді ұсынады. Аталған тестте қазір ағзада бар немесе бұрын болған ауру туралы хабар беретін антиденелер анықталады.
— Жедел тест адам қанындағы антиденелерді анықтайды. Антиденелер [коронавирус инфекциясымен] ауырып жүрген немесе жеңіл сырқаттанып, жазылып кеткен адамда болуы мүмкін, — дейді министрліктің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған видеода сөйлеген тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, жедел тесттер вирусты ертерек анықтауға жарамайды.
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлігі тек ПЦР тестін қолданады. Қазір жедел тесттер көп. Олар инфекция жұққан науқасты анықтап, емдеуге жарамсыз, — деді Біртанов.
Бюрабекованың айтуынша, Қазақстанға 200 мыңнан астам жедел тест келеді, олардың бір бөлігі жекеменшік зертханаларға жеткізіледі. Адамдар жекеменшік зертханаларға барып, жедел тестен ақы төлеп өте алады.
Азаттық Қазақстандағы жедел тесттердің қаншалықты қолжетімді екенінанықтауға тырысты.
ЖЕКЕМЕНШІК ЗЕРТХАНАЛАРДЫҢ ҮНСІЗДІГІ
Денсаулық сақтау министрлігіжедел тест өткізуге кемі екі зертханаға — Invivo мен «ОЛИМП» мекемесіне рұқсат берген. Бұл екеуі Қазақстандағы жекеменшік ірі зертханалар. Наурыздың 26-cына өткен брифингте денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова жедел тесттердің алғашқы бөлігі Қазақстанға осы аптада келетінін айтты.
Азаттық «Қазір жекеменшік зертханалар жедел тестен өткізе ме?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Invivo зертханасы Азаттық тілшілерінің «Қазір жедел тестен өткізу қызметі бар ма?» деген сұрағына не телефонмен, не WhatsApp-пен жауап бермеді. Зертхана басшылығымен сөйлесу мүмкін болмады.
«ОЛИМП» зертханалар желісінің өкілі екі күн бойы Азаттық тілшісіне тест мәселесін түсіндіруге уәде беріп, ақыры осыған дейін ресми сайтта жарияланған баспасөз хабарламасын жіберуімен шектелді.
Хабарламада «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы жақын арада тәуекел тобына кіретін адамдарды коронавирусты анықтауға арналған жедел тестілеуден тегін өткізе бастайтыны жазылған.Бұл акция Әсел Тасмағамбетова (Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Иманғали Тасмағамбетовтың қызы – Ред.) мен оның күйеуі, бизнесмен, олигарх Кеңес Рақышев негізін қалаған «Сәби» қорының демеушілігімен жүзеге асып отыр.
«ОЛИМП» зертханалар желісі алдағы уақытта Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы жүз мың науқасты нәтижесі 15 минутта дайын болатын жедел тестен өткізу жоспарда барын мәлімдеді.
Зертхана сайтында жедел тест кезінде науқас ағзасында коронавирус бары анықталған күннің өзінде оған коронавирус инфекциясы диагнозы қойылмайтыны, өйткені тест вирусты емес, иммундық жүйенің вирусқа әсерін ғана көрсететіні жазылған.
Жедел тест қан құрамынан IgG/IgM тобына жататын, SARS-CoV-2 деп аталатын жаңа коронавирусқа қарсы түзілген екі түрлі антиденені анықтайды. Антиденелердің бұл түрі аурудың әртүрлі кезеңінде пайда болады. Вирус жұқтырғаннан кейін бір аптадан соң адам ағзасында IgM тобына жататын антидене, екі не үш аптадан кейін IgG тобының антиденесі түзіледі. Жедел тест антиденелердің осы түрлерін анықтайды.
Адам ағзасынан IgG тобына жататын антиденелердің табылуы COVID-19 вирусына қарсы иммунитет қалыптасқанын көрсетеді. Бірақ зерттеушілер жаңа коронавирусқа қарсы иммунитет ағзаны қанша уақытқа дейін қорғауға қабілетті екенін нақты білмейді. Жедел тест кезінде антиденелер анықталмаса, бұл адамның ағзасында коронавирус жоқ дегенге кепіл бола алмайды. Өйткені тест жүргізілген кезде ағзада аурудың алғашқы кезеңі басталып, әлі антидене түзіліп үлгермеген болуы мүмкін.
Жедел тестен өткісі келген азаматтар арнаулы сайтқа тіркелуі керек. ОЛИМП зертхана желісі сайт атауы кейінірек белгілі болатынын айтты.
Хабарламада «Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологтары қараған тізім ОЛИМП-ке түседі. Содан соң тестке шақырамыз. Алдын-ала анкета толтырмай, өздігінен келуге болмайды» делінген.
«ОЛИМП» зертханалар желісінің бас директоры Ерлан Сүлейменов наурыздың 21-і күні Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында жедел тестен бірінші кезекте тәуекел тобына кіретін адамдар өтетінін, содан кейін басқа азаматтар ерікті түрде тексеріле алатынын айтқан. Осыған дейін сәуір айынан бастап ерікті түрде ақылы тест тапсыруға болатыны жөнінде хабар тараған. Азаттық тілшілері зертхана өкілдерінен бұл туралы толық ақпарат ала алмады.
ТЕСТ САНЫ МЕН ӨНДІРУШІЛЕР ТУРАЛЫ ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ДЕРЕКТЕР
Шенеуніктердің шетелден келетін жедел тесттер туралы мәлімдемесінен түрлі қайшылық байқалады.
Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік тесттер барын Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы адам шыққан наурыздың 13-і күні хабарлаған.
— Бізде Ресей, Қытай, БАӘ, АҚШ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Германияда жасалған тест жүйесі бар.Барлығы 15 мың тест келді. 3 389 науқас пен «ықтимал науқасқа» 5 093 тест қолданылды. Қазір қолымызда 9 907 тест жүйесі бар, — деді баспасөз конференциясында министр Біртанов.
Наурыздың 24-і күні денсаулық сақтау министрі Біртанов Қазақстан «қосымша 250 мың тест» сатып алатынын, қазірдің өзінде 60 мың ПЦР тесті барын айтты. Одан бөлек, демеушілер қаржысына 260 мың жедел тест сатып алынған.
Дәл осы күні ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев брифинг кезінде наурыздың 29-ына Алматыға коронавирусқа арналған 226 мың тегін тест келетінін айтты. Министр тесттің қай түрі екенін нақтылаған жоқ.
Сәуірдің 2-сіне Біртанов Қазақстан тәулігіне 12 мың ПЦР тестін өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. «Дүйсенбі [6 сәуір] 250 мың тест келеді өзімізде 10 мың тест бар. Артығымен жетеді. Өңірлерге де таратып жатырмыз. Бұл ПЦР тесттері. Мемлекеттік комиссия қосымша рұқсат берді, тағы 300 мың тест сатып аламыз. Барлығы 550 мың тест болады», - деді Біртанов.
Мемлекеттік комиссия қосымша рұқсат берді, тағы 300 мың тест сатып аламыз. Барлығы 550 мың тест болады
Оның сөзінше, ақпан айынан бері 35 мың тест өткізілген. Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасимованың мәліметінше, Қазақстанның 10 мыңнан астам азаматы коронавирус тексерісінен өткен. Қазақстан жедел тесттің қаншасын сатып алғаны белгісіз, бірақ оның саны жарты миллионға жуық ПЦР тестінің көрсеткішіне жақын болуы керек.
Біртанов Қазақстан халықты тестен өткізу жөнінен көшбасшы мемлекеттер қатарына қосылғысы келетінін айтты.
«Қазір бізде жүз адамға шаққанда 190 тест бар. Мәселен, Ұлыбританияда – 230, Оңтүстік Кореяда 838 тестен келеді», - деді Біртанов.
ЖАППАЙ ТЕКСЕРІС: ӘЛЕМ ТӘЖІРИБЕСІ
5,3 миллион халқы бар Норвегияда 98 587 тест жүргізілген. 100 мың адамға шаққандағы тест саны – 1800.
Швейцарияда 100 мың адамға шамамен 1500 тест жүргізіледі.
Германия коронавирус жұқтырған адамдар жөнінен әлемде бесінші орында тұр. Онда 68 мың науқас тіркеліп, 700 адам COVID-19 вирусынан қайтыс болған. Бірақ коронавирустан қайтыс болғандар бір пайызды құрайды. Неміс сарапшылары бұл көрсеткіштің төмендігін халықты жаппай тексеруден өткізу және науқастарды алдын-ала оқшаулау шарасымен байланыстырады. Наурыздың 9-ына Германияда 410 мыңнан астам тест өткізілген. Жүз мың адамға шаққандағы тест саны - 1 000.
Оңтүстік Корея халқын коронавирусқа жаппай тексеру жөнінен алда тұрған мемлекеттердің бірі. Бұл елде тестті көліктен шықпай-ақ тапсыруға болады. 51 миллион адамы бар елде күн сайын 16-18 мың адам тестен өтеді. Сәуірдің 6-сындағы мәлімет бойынша, елде 437 мыңнан астам тест өткізілген. Жүз мың адамға шаққандағы көрсеткіш 850-ге жеткен.
Денсаулық сақтау жүйесі жоғары дамыған АҚШ-та 270 мың адам коронавирус жұқтырып, 7 500 адам қайтыс болған. АҚШ коронавирус жұқтырғандар жөнінен әлемде бірінші орында тұр. 327,2 миллион халқы бар мемлекетте 100 мың адамға небәрі 550 тестен келеді. Соңғы деректер бойынша, осы уақытқа дейін елде 1,8 миллион тест жүргізілген.
Ұлыбританияда 66,4 миллион адам тұрады. Сәуірдің 6-сына дейін 253 мыңға жуық тест жүргізілген. Жүз мың адамға шаққандағы тест саны – 245.
144 миллион халқы бар көршілес Ресейде 340 мыңнан астам тест өткен. Жүз мың адамға шаққандағы көрсеткіш – 380. https://www.rferl.org/a/why-testing-is-so-crucial-for-curbing-the-spread-of-covid-19/30520352.html
18,5 миллион халқы бар Қазақстанда өткен аптадағы дерек бойынша, 35 мыңнан астам тест жасалып, 10 мың адам тексеруден өткен. 100 мың адамға шаққандағы көрсеткішті есептесек, Біртановтың 190 тест деген дерегі дұрыс шығады.
Халықты жаппай тексеруден өткізу тесттің сапасы жақсы болғанда ғана лайықты нәтиже береді. Украина, Грузия, Испания сияқты мемлекеттер қытайлық BioEasy компаниясының «жарамсыз жедел тесттерін» сатып алғаны жайлы ақпарат тарат тарады. Испанияның сыртқы істер министрлігі тесттің сапасыз партиясын Қытайға қайтарса, Грузия аталған компаниямен келісімшартын бұзды. Тесттің коронавирусты анықтау мүмкіндігі 30 пайыз болған. Бұл көрсеткіш 80 пайыздан кем болмауы керек. Қытай билігі аталған компанияның коронавирусқа арналған тест шығаруға лицензиясы жоғын айтқан.
Жедел тесттерді демеушілердің қаржысына "ОЛИМП" зертханалар желісі сатып алады.
Наурыздың 29-ы күні inbusiness.kzсайты денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Людмила Бюрабековадан Қазақстан тесттерді қандай фирмадан сатып алатынын сұраған. Комитет төрағасы бұл сұраққа «Қазақстан тек ПЦР тесттерін сатып алады. Демеушілердің қаржысына жедел тесттерді сатып алумен "ОЛИМП" зертханалар желісі айналысады» деп жауап берген. Жағдайға қатысты пікір білдірген «ОЛИМП» зертханалар желісінің бас директоры Ерлан Сүлейменов қытайлық Zybio Inc. мен Shanghai Eugene Biotech Co компанияларының тесттерін сатып алғанын айтқан.
«Эпидемия Қытайда басталғандықтан, бұл компаниялардың тест-жүйелерін дайындаудағы тәжірибесі мол», — деген Сүлейменов.
Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ғалымдарын «аз уақытта» коронавирусты анықтауға арналған отандық тест жасап шығаруымен құттықтады.
Дәрілік препараттар мен медициналық құралдарды сараптамадан өткізу бойынша ұлттық орталық директоры Арнұр Нұртаев Inform.kz сайтына берген сұхбатында отандық ПЦР тесттердің алғашқы партиясы мамыр айына қарай дайын болатынын айтқан.
- 6-7 мың данадан тұратын алғашқы тобы мамырдың 1-не қарай дайын болады деп отырмыз. Бұл зертханада амплификаторларға қолданылатын ПЦР тесттер. Көркемдік мысалмен түсіндірсек, ПЦР тесттер қалың шөп арасынан көзге көрінбейтін иненің өзін табуға көмектеседі. Олар вирус көшірмесін өте көп микроағзадан аз уақыт ішінде іздеп табады. Біз оларды тексердік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы растады, көрсеткіштер толықтай сәйкес келеді, - деді Нұртаев.
Наурыздың 20-сына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінен соң коронавирусқа қарсы күрес қоры құрылып, бір тәулік ішінде ірі бизнесмендерден 41 миллион доллар (шамамен 18,5 миллиард теңге) жинаған. Жиналған ақша коронавирусқа қарсы күреске қажет құралдар, оның ішінде тесттер сатып алуға жұмсалады дейтін ақпарат тараған.