Қазақстандағы Covid анализінің айналасындағы керағар деректер. Статистиканы түсіндіреміз

Коронавирус тестін тапсыру кезегінде тұрған жұрт. Алматы. 2020 жылдың маусымы.

Қазақстан Covid статистикасына тек зертхана талдауынан коронавирус табылғандарды ғана қосады. Демек, елде күніне қанша адамнан тест алынғаны және оның қандай сапада жасалатыны ресми статистиканы, елдегі эпидемия ахуалын анықтауда шешуші рөл атқарады. Мамырдың соңында тест санын 25 мыңнан асырған Қазақстанда кейінгі кезде анализ саны азайғаны байқалады. Бұған қоса, тест төңірегінде керағар дерек те бар. Азаттық анализ айналасындағы бірнеше деректі шолып шығып, статистиканы қалай "оқуға" болатынын түсіндіреді.

Екі миллион тест екі миллион адамнан анализ алынды дегенді білдірмейді

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 100 мың адамға шаққандағы тест саны бойынша әлемнің көп елінен алдамыз деп мақтанады. Бірақ бұл тестілеудің тиімді екенін білдіре ме? Мәселен, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметіне сәйкес, 13 наурыз бен 26 шілде аралығында Қазақстанда 2 миллион 64 мың 778 тест тапсырылған. Бұл деректі 2 миллион адам тест тапсырды деуге болмайды. Себебі бір адам бірнеше рет тест тапсыруы мүмкін. Ресми дерекке сай, осы күнге дейін коронавирустан 57 мың адам жазылып шыққан. Бұлардың бәрі ауырғанын және жазылып шыққанын растау үшін кемі екі рет тест тапсырған. Бұдан бөлек, коронавирус науқастарын емдеуге арналған стационарлардың, ПТР талдауын жасайтын зертханалардың және амбулаториялық бөлімшелердің қызметкерлері белгілі бір жиілікпен тұрақты түрде тест тапсырып тұрады. Оған жоғары лауазымдағы шенеуніктерді қосуға болады. Кейбір компаниялар профилактика мақсатында қызметкерлерінің жиі тест тапсыруын қадағалайды. Мысалы, BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев 5000 қызметкерінің апта сайын тест тапсыратынын айтты. Егер оның сөзі рас болса, тек BI Group компаниясының өзі ай сайын 20 мың тесті алып отыр.

Анализдегі оң нәтижені деңгейі 5 пайыздан аспауы керек

АҚШ-тың Джонс Хопкинс университеті ДДСҰ-ға сілтей отырып "карантин шектеулерін алып тастау үшін кейінгі 14 күнде оң нәтиженің деңгейі 5 пайыз не одан төмен болуы керек" дейді. Оң нәтиже деңгейі дегеніміз - тапсырылған ПТР тестің жалпы саны мен вирус табылғандардың арасындағы қатынас. Яғни, тест тапсырған 100 адамның ары кетсе бесеуінен ғана вирус табылуы керек. Бестен асып кетсе, бұл халықтың тестімен жеткілікті қамтылмағанын көрсетеді.

18 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ПТР тестің тәуліктік саны 32 мыңға жеткенін айтқан. Алайда қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, ПТР тесті бойынша шілдеде орташа тәуліктік көрсеткіш 21 мың шамасында болған. Ал шілдеде коронавирус жұқтырғандардың орташа тәуліктік саны 1,6 мың шамасында. Яғни тапсырылған тест пен оң нәтиже арасындағы қатынас - 7,6 пайыз. Демек Қазақстандағы ПТР тестің саны елдегі эпидемиялық ахуалдың шынайы келбетін көрсету үшін жеткіліксіз. ДДСҰ кеңесіне сай, мұндай көрсеткішпен карантин шектеулерін алып тастау қауіпті.

"Симптомы барлардың" "симптомсыздардан" асып кетуі тестің аздығын көрсетеді

Қазақстан билігі маусымның басында вирус жұқтырғандарды симптомы бар және "симптомы жоқ"деп екіге бөле бастады. Маусым бойы "сипмтомы жоқтарды" ресми статистикаға да қоспады. Бірақ кейін бұл әдістен бас тартып, барлығын бірге есептей бастады. Қазір күнделікті вирус жұқтырғандар статистикасын ұсынғанда қанша адамда симптом бар, қаншасында симптом жоғын көрсетеді.

Маусымда Қазақстанда "симптомы жоқтардың" саны "симтомдылардан" басым болған. Яғни, 6 маусым күні 183 симптомды және 357 симптомсыз науқас тіркелген. 7 маусымда 165 симптомды және 313 симптомсыз науқас анықталған. Елде вирус өршіп карантин шектеулер қайта енгізілген соң, 5 шілдеден бастап симптомдылар мен симптомсыздар саны бір-біріне жақындап, 14 шілде күні алғаш рет ауру белгісі бар науқастар ауру белгісі жоқ науқастардан асып түсті. Сол күні вирус табылған 1759 адамның 915-і симптомды, 844-і симптомсыз болған.

18 шілдеден бастап симптомы бар науқастар саны симптомы жоқ науқастар санынан тұрақты түрде жоғары болып келеді.

Демек, қазір Қазақстанда ПТР тестін негізінен коронавирус симптомы байқалған адамдар тапсыратынын білдіреді. Мұны денсаулық министрі Алексей Цой да растады. 9 шілде күні ол "қазір денсаулық сақтау министрлігі алдында барлығын 100 пайыз тестілеу міндеті тұрған жоқ, басымдық ауру белгілері бар адамдарға беріледі" деген еді. Ал эпидемияның ауқымын анықтауда симптомы жоқ науқастардың саны да маңызды.

Экспресс-тестін тапсырғанның 50 пайызында антидененің табылғаны халықтың тең жартысы коронавируспен ауырған дегенді білдірмейді

24 шілде күні "КТК" телеарнасы Қазақстан халқының жартысында коронавируске қарсы иммунитет бар деген ақпарат таратты. Арна тілшілеріне сұхбат берген "Инвитро" зертханасының басшысы Фуат Дивеев коронавируске қарсы иммунитеттің барын анықтайтын экспресс-тестін 300 адам жасатқанын, оның 60 пайызында Covid-ке қарсы иммунитеттің болғанын айтқан. Аталған 300 адам елдегі ахуалдың көрсеткіші бола алмайды. Әлеуметтану ғылымында халықтың белгілі бір тобынан сауалнама алу арқылы елдегі жалпы ахуалға баға беру тәжірибесі бар. Бірақ ол үшін сауалнамаға қатысушылар кездейсоқ адамдар қатарынан жасы, жынысы, білімі және тұрғылықты жері секілді санаттар бойынша іріктеледі. "Инвивоға" келген адамдар осы жолмен таңдалуы екіталай. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай талдауды эпидемиялық белгілері бар адамдарға ғана ұсынып жатыр.

КТК арнасының тілшілері "Олимп" зертханасының коммерциялық директоры Алексей Баласьтың да пікірін келтірген. Арна тілшісі зертхана өкіліне сілтей отырып, онда 100 мыңнан астам адамның экспресс-тестін тапсырғанын, ал соңғы аптада тест тапсырғандардың 50 пайызында коронавируске қарсы антиденелердің анықталғанын айтқан.

Зертхана қызметкері Азаттыққа үміткердің алдымен өтініш-сауалнама толтыратыны, одан кейін денсаулық сақтау министрлігінің осы үміткерлердің арасынан эпидемиялық көрсеткіштер бойынша кімнің тест тапсыратынын анықтайтынын айтты. Тест тегін тапсырылады және оны кім тапсыратынын тек денсаулық сақтау министрлігі шешеді. Бұл тесті зертханада ақылы тапсыруға болмайды. Демек, министрлік түзетін тегін тесті тапсырушылардың нәтижесі елдегі антиденесі бар адамдардың толық мөлшерін көрсете алмайды.

КТК жаңалығын билік партиясы "Нұр-Отанға" тиесілі "Литер" газеті және мемлекет меншігіндегі "24.kz" телеарнасы да қайталаған.