"Интернет те, дүкен де жоқ". Орал саяжайларының карантиндегі өмірі

«Колос» саяжайының тұрғыны Салтанат Қуанышәлиева. Батыс Қазақстан облысы, 14 қараша, 2019 жыл.

Батыс Қазақстан облысында шамамен 17 мың адам саяжайда тұрады. Саяжайлар Орал қаласының шетінде. Көпшілігінде азық-түлік дүкені жоқ, ал үйден екі шақырымнан артық ұзауға болмайды. Азаттық оқшауланып қалған саяжай тұрғындарымен сөйлесті.

«АЙЫППҰЛ САЛСА ҚАЙТЕМІН?»

Райса Жиенәлиеваның отбасы «Телецентр» ауданында тұрады. Бұл — Оралдың орталық бөлігінен жаяу жетуге болатын үлкен саяжай. Мұнда не жол, не мектеп, не дүкен жоқ. Карантин күшейген тұста саяжай тұрмысы қиындаған.

— 2012 жылдан бері саяжайда тұрамыз. Басында кішкентай баспана сатып алдық, кейінірек үлкен үй салдық. Жыл он екі ай осындамыз. Бұрын үйде от жағатынбыз, былтыр желтоқсан айында газ келді. Алты бала өсіріп отырмыз: үшеуі – әпкемнің, қалған үшеуі – менің балаларым. Әпкемнің балаларын кішкентай кезінен тәрбиемізге алдық. 2009 жылдан бері бізбен тұрады, бірақ оларды өз атымызға жаздырмағанбыз. Мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмаймыз, отбасын күйеуімнің жалғыз өзі асырайды, — дейді Райса Жиенәлиева.

Райса бұрын наубайшы боп істеп, денсаулығына байланысты жұмысынан босаған. Қазір карантин кесірінен басқа жұмысқа орналаса алмай жүр. Сегіз адамнан тұратын отбасы бір айда 70 мың теңгеге күнелтеді.

— Бізге ешкім ешқашан көмектескен емес. Биліктен көмек сұрағанмын. Бәрі «балалар сіздің атыңызға жазылмаған (Райса бірнеше жылдан бері әпкесінің үш баласын заң жүзінде қамқорлығына ала алмай жүр. — Ред.), сондықтан көмек күтпеңіз» деді. Бізге тек еріктілер ғана көмектесті,— деді Райса.

Орал қаласының шетіндегі "Колос" саяжайы. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан, 2019 жыл.

Жиенәлиевтер отбасы қазіргі оқшаулау кезінде қиын жағдайда қалған. Себепсіз үйден шығуға болмайды. Ал азық-түлікті үйден екі шақырымға дейінгі жерден ғана алуға рұқсат етілген.

— Бізге ең жақын дүкен мен дәріхана екі шақырымнан алыс. Жолда тоқтатып, айыппұл салса, қайтемін? - дейді Райса.

«Телецентр» тұрғындары жыл он екі ай бойы саяжайда тұрады. Олардың көбі қалада тіркелген. Енді карантин кезінде, әсіресе, балалары мектепте оқитын отбасылар қайтерін білмей отыр.

Сәуірдің 6-сынан бастап Қазақстан мектептерінде соңғы төртінші тоқсан басталды. Билік мектеп оқушыларын қашықтан оқуға көшірді. Енді оқушылар жаңа сабақты республикалық арнадан қарап, радиодан тыңдайды. Сонымен қатар әр оқушыда интернетке қосылу мүмкіндігі болуы керек. Мұғалімдер үй тапсырмасын мессенджер немесе «Күнделік» платформасы арқылы жібереді, ал оқушылар орындаған тапсырмаларының суретін жүктеп, баға алады. Оқу процесіне мессенджерлер мен «Күнделіктен» бөлек, электронды пошта, YouTube және видеоконференция қосымшалары керек.

Саяжай тұрғындарын бірі Айтқалиевтер отбасының төрт баласы да оқушы.Отағасы Берік Айтқалиевтің айтуынша, балалардың оқыту қиын болып тұр, өйткені саяжайда интернет жылдамдығы нашар. Оның үстіне, балалардың бәрінде бірдей телефон мен планшет жоқ.

— Біз «Зенит» саяжай қауымдастығында (бұл «Телецентр» бау-бақша серіктестігіне көршілес аумақ— Ред.) тұрамыз. Жанымызда шағын дүңгіршек қана бар. Дүкендер мен дәріханалар алыс. Үйде екі телефон ғана бар. Төрт балам екі телефонмен қалай сабақ оқитынын білмеймін, — дейді Берік Айтқалиев.

«ИНТЕРНЕТ КӨШЕДЕ ҒАНА ҰСТАЙДЫ»

Әсел Хамзина төрт баласымен Оралдың сырт жағындағы «Сокол» саяжай қоғамында тұрады.Бұл жер Трёкинский ауылдық округіне қарайды. Ең жақын дүкен Орал қаласындағы 6-мөлтекауданда. «Сокол» саяжайының тұрғындары оған жеке көлікпен 15 минутта, автобуспен одан ұзағырақ уақытта жетеді.

— Соңғы рет азық-түлікті наурыздың 30-ына күні алдым. Ол кезде карантин күшейген жоқ еді: блокпосттар тұрды, автобус жүрмейтін, бірақ жергілікті таксилер болатын. Көлікте үш адамнан артық болмаса, өткізіп жүрді. Әзірге азық-түлігіміз бар, бірақ бірнәрсе таусылса, үйден қалай шығарымды білмеймін.Жақында көршіме өтініш айтып, 25 килограм ұн алдырдым: нанды үйде жабамын,— дейді Әсел.

Әселдің айтуынша, саяжай тұрғындары азық-түлік пен дәрі алу үшін қалаға қалай шығарын білмей отыр. Ал оларға жағдайды түсіндіретін ешкім жоқ.

— Әкімдік әлі хабарласқан жоқ. Мені көмекке мұқтаж отбасылардың тізіміне қосамыз деп уәде берген. Түсінгенімше, әзірге бұл механизм дұрыс ұйымдастырылмаған. Сондықтан бізге қалай көмек беретіндерін білмеймін. Әзірге бізге жергілікті, Трекинскийдегі кәсіпкерлер көмектесіп жатыр,— дейді көпбалалы әйел.

Your browser doesn’t support HTML5

Саяжай жұрты газсыз қалды

Әсел Хамзинаның төрт баласының екеуі мектепте оқиды. Тоқсан басында балалардың қашықтан оқуға көшкені біраз қиындық туғызған. Өйткені интернет жылдамдығы әлсіз.

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы балалары мектепте оқитын отбасылардың 90 пайызында интернетке қосылу мүмкіндігі барын айтады.

—108 520 оқушының 9 288-інде компьютер жоқ. Оларға мектеп балансында тұрған 2 554 компьютер уақытша пайдалануға берілді. Аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің мәліметінше, оқушылардың 91,5 пайызында компьютер, ноутбук, планшет пен смартфон бар, олардың 86,9 пайызы интернетке қосылған, — деді Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тұржанова.

«ӘЗІРГЕ ТЕЗ ӨТКІЗІП ЖАТЫР»

Батыс Қазақстан облысында шамамен 17 мың адам жыл он екі ай саяжайда тұрады. Бұл мәліметті Орал қалалық бау-бақша қоғамының төрағасы Андрей Заозёров берді. Саяжайда тұратындардың көбі қалада тіркелген, бірақ олардың тұрмысы қаладағы өмірге мүлде ұқсамайды. Жол мен су жоқ, үй тек көмірмен жылиды, электр жарығы өшіп қала береді.

— Біздің қоғам — азаматтардың ерікті бірлестігі. Бізде не саяжай тұрғындарына, не әкімдікке ықпал етіп, оларға талап қою мүмкіндігі жоқ. Өйткені ондай заң жоқ. Ал шешілуі керек мәселе шаш-етектен, — дейді Заозёров.

Орал шетіндегі саяжай

Әкімдік қалалық бау-бақша қоғамын облыс бойынша саяжайда тұратын тұрғындардың тізімін беруге міндеттеген. Саяжайда жыл бойы тұратын 17 мың адамнан бөлек, тек жазда келетін «маусымдық» тұрғындар да бар. «Олар әлдеқайда көп», - дейді Андрей Заозёров.

Тізімді әкімдікке жібердік. Бірақ әзірге блокпосттардағы жұмыс жүйесі түсініксіз: саяжайда тұратындарды қалай тексеретінін, олардың аты-жөнін тізімнен қалай іздейтіндерін түсіндірген жоқ. Саяжайда бірнеше мың адам тұрады. Қағаз тізімдер болса, қажет адамның атын тапқанша, қанша уақыт өтеді, — дейді ол.

Облыста 40 саяжай қауымдастығы бар. Олардың бәрі Оралдың айналасында, блокпосттардың сыртында орналасқан. Өткен демалыс күндері әкімдік саяжай тұрғындарына учаскелерге шығуға рұқсат бергенде блокпосттарда кезек көбейген.

«КӨМЕК БЕРЕМІЗ»

Орал қаласының әкімдігі тұрмысы нашар отбасыларға көмек көрсетілетінін айтты. «Атаулы әлеуметтік көмек аясында 1-6 жас аралығындағы балалары бар тұрмысы нашар отбасыларға (көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті аналар) еріктілер арқылы кепілдендірілген әлеуметтік азық-түлік жібереміз. Мұндай көмек 1 804 бала өсіріп отырған 1 156 отбасыға беріледі. 6-18 жас аралығындағы баласы бар 1 042 отбасыға (2 018 бала) қаржылай көмек көрсетілді», — деді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Құбаш Сағидоллаұлы.

Хабарламада көмек қанша уақытта берілетіні көрсетілмеген. Орал қалалық әкімдігінің Азаттыққа берген жауабында «қазірге дейін меценаттардың қолдауымен 2 000 отбасыға азық-түлік берілді» деп жазылған.

"Колос" саяжайындағы үй. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан, 2019 жыл.

Облыстағы еріктілер қиын жағдайдағы отбасыларға белсенді көмектесіп жатыр. Осындай еріктілер қатарында Ғалия Бекқожиева да бар. Оның айтуынша, карантин кезінде көп отбасы ақшасыз қалған. Қаланы айдың соңында карантинге жапқан, ал жәрдемақы мен зейнетақы келесі айдың басында түскен.

— Алыс ауылдағы адамдарға көмектесудің жолын таптық. Дүкен иелерінің картасына ақша аударамыз, отбасылар осы ақшаға азық-түлік алады. Саяжай тұрғындарына азық-түлікті көмекшілерімізден беріп жібереміз. Қалада жүріп-тұруға рұқсаты бар жігіттер де көмектеседі,— дейді Ғалия Бекқожиева.

Наурыздың 16-сына Қазақстанда төтенше жағдай күшіне енді. Наурыздың 19-ына төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. 30 наурыз -7 сәуір аралығында Атырау, Қарағанды (іргелес қалаларды қоса алғанда), Орал, Петропавл, Шымкент, Ақтөбе және Тараз қалаларында карантин жарияланды.