"Ешкім елемейді". Түрмедегі коронавирус және тұтқын жағдайы

Алматы облысы Заречный кентіндегі түзеу мекемесі. Көрнекі сурет.

Коронавирус жұқтырған қамаудағы азаматтар қажет ем-домды толық көлемде алмайды, олардың талап-тілегі ескерілмейді дейді туыстары мен адвокаттар. Билік түрмелерде барлық медициналық ережелер қатаң сақталады деп сендіргенімен, Covid-19 вирусын жұқтырғандар қанша екенін айтпайды.

"БІР КАМЕРАДА 25 АДАМҒА ДЕЙІН ОТЫРАДЫ"

Юлия Ильченконың күйеуі ұрлық жасағаны үшін айыпты деп танылып, сот үкімімен 2019 жылы қыркүйекте 4 жылға бостандығынан айырылған. Қазір Тараз қаласындағы ЖД 158/2 орташа қауіпсіз түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Азаттық тілшісі әңгімелескен Юлия осыдан бір ай бұрын күйеуі отырған колонияда Covid-19 коронавирусын жұқтырғандар бар деп естігенін айтады.

– 15-16 шілдеде күйеуіммен сөйлескенімде колонияда 4 адамнан коронавирус анықталғанын айтты, осыдан кейін бәрінен (жазасын өтеушілерден – ред.) тест алған, – деді ол.

Түзеу мекемесі аумағына кіргелі тұрған полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Юлияның сөзінше, жұбайының тест қорытындысы теріс болып шыққан, Бірақ ол қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқандардың жағдайына дұрыс көңіл аударылмайды деп алаңдайды.

– Оған төсек жаймасына дейін өзіміз апарып бердік. Маска берілмеді, болса да тым сирек дейді. Санитарлық тазалық шарасы жүргізілмейді, таза ауаға шығармайды. Бір камерада 25 адамға дейін отырады, ондай жерде кез келген ауруды жұқтырып алуы мүмкін ғой, – дейді Юлия.

Оның жұбайы жазасын өтеп жатқан түзеу мекемесі Қазақстанда наурыз айының ортасында коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай жарияланған соң карантинге жабылған. Сол уақыттан бері Юлия күйеуімен кездеспеген, тек телефон арқылы сөйлеседі.

Қатаң тәртіптегі қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйел. Көрнекі сурет.

Тараз тұрғыны Альбина Киштайдың туысы 2016 жылы сот үкімімен бес жарым жылға бостандығынан айырылған. Төрт жылдан бері Тараздағы ерекше режимдегі ЖД 158/7 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Альбина түрме басшылығынан қысым бола ма деген қауіппен туысының аты-жөнін айтудан жасқанады. Оның сөзінше, елде коронавирус өршіп, вирус жұқтырғандар күрт көбейген шілденің басынан бері хабар алмаған туысымен тамыздың басында аз ғана уақыт телефонмен сөйлескен.

– Жағдайым қалыпты, уайымдамаңдар деп асығыс-үсігіс айтты да, телефонды қоя салды, – дейді ол.

Альбина түзеу мекемесінде вирус жұқтырып алмады ма екен деп қамауда отырған туысының жағдайына алаңдайды.

Шілдеде сөйлескенімізде түрме әкімшілігінің карантинді сылтауратып таза ауаға да шығармайтынын айтқан еді.

– Түрмеде 6-8 адамға арналған камерада 10-15 адамға дейін отыра береді екен. Бұның алдында шілдеде сөйлескенімізде түрме әкімшілігінің карантинді сылтауратып таза ауаға да шығармайтынын айтқан еді. Содан кейін қалай ауру жұқпайды, вирус тарамайды? Жағдайының қандай екенін біле алмай уайымдап отырмыз, – дейді ол.

Альбина түрмедегі туысына маска, антисептик, парацетомол, аспирин тәрізді дәрі-дәрмек, қорғаныш құралдары мен иммунитетін көтеру үшін деп өрік-мейіз, бал беріп жіберген. Ол қамаудағылармен кездесу карантинге байланысты тоқтатылғанын, тек зат беріп жіберуге болатынын айтады.

Азаттық Тараз қаласындағы УЖД 158/2 және УЖД 158/7 түзеу мекемелерінде коронавирус жұқтырған адамдар бар-жоғын сұрап, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне хабарласты. Департамент Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) сілтеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмеде отырғандарды коронавирусқа байланысты босату керек пе?

ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ЖАУАБЫ

Азаттық радиосының сауалына Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Есқали Саламатовтан келген жазбаша жауапта Қазақстанда нақты қай түзеу мекемесінде қанша қызметкер мен жазасын өтеушінің вирус жұқтырғаны айтылмаған.

"Коронавирус инфекциясын жұқтыру фактілері тек бірқатар мекемелерде ғана тіркелген. Аталған инфекцияны жұқтырған қызметкерлер де, ҚАЖК мекемелерінде қамауда отырған адамдар да дер кезінде оқшауланып, олардың басым бөлігі аурудан толықтай жазылып шыққан, ал қалғандары ем қабылдап жатыр", – деп жазады Саламатов.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ғимаратының алды. Архивтегі сурет.

ҚАЖК төрағасының орынбасары "мекемелердің медицина бөлімінде коронавирус инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін деген күдікке ілінген науқасты оқшау ұстау үшін санитарлық-эпидемиялық талаптарға сәйкес инфекциялық изолятор жабдықталған. Мұнымен қоса, егер науқастың жағдайы мекемелердегі медициналық қызметкерлердің тұжырымына сәйкес қосымша әрі қарқынды медициналық емді талап етсе, жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының емханаларына немесе ауруханаларына жеткізіледі" дейді.

"Мекеме қызметкерлерінің қызуы көтеріліп, бойынан респираторлық инфекция белгілері байқалса, олар қызметтен (жұмыс орнынан) дереу шеттетіледі. Қазір қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты" деп сендіреді комитет өкілі.

Саламатов бұған қоса бас санитарлық дәрігер қаулысының талаптарына сәйкес, ҚАЖК қарамағындағы мекемелерде бірқатар шектеулер енгізілгенін, атап айтқанда, "сотталғандар мен тергеу қамауында отырған азаматтардың туыстарымен кездесуіне, жаппай мәдени іс-шараларға тыйым салынғанын" да жазған.

ТЕРГЕУ АБАҚТЫСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Алматылық адвокат Әсет Бердалы қорғауындағы азаматтың тергеу абақтысында отырғанда коронавирус жұқтырып алғанын, соған қарамастан, ешқандай ем алмағанын, тіпті карантинге де жатқызылмағанын айтады.

Петропавлдағы тергеу абақтысында. Солтүстік Қазақстан облысы.9 маусым 2019 жыл. Көрнекі сурет.

– Ол 16 маусымда абақтыда өзінен коронавирус симптомдарын байқаған. Сол кезде жаңа тәжірибе енгізіліп, тергеу абақтысына түскендердің бәрінен ПТР-тест алынып жатқан еді. Қорғауымдағы азаматқа вирус жұққаны анықталғаннан кейін оны инфекциялық ауруханаға жатқызды. Онда дәрі де жоқ, ата-анасы апарып берген. Бірақ бір күннен соң, бізге хабарламастан оны қайтадан тергеу абақтысына ауыстырған. Оны ең болмағанда өзгелерден оқшаулап ұстауы керек еді, оны да жасаған жоқ, жалпы камерада отырды, қасында кемінде төрт адам болды, – дейді адвокат.

Бердалы сотқа өтініш жазып, клиентінің вирус жұқтыруына байланысты оны ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен немесе кепілдікпен босатуын сұраған. Бірақ сот оның өтінішін қанағаттандырмаған.

– Иә, оған ауыр қылмысқа байланысты айып тағылып отыр, бірақ тек бір эпизод бойынша. Оның тұрақты мекен-жайы бар, сондықтан ешқайда шықпау туралы қолхатпен жіберсе де болар еді. Біз тіпті кепіл сомасын белгілеуді де сұрадық. Вирус жұқтырғаннан кейін оның толыққанды емделуі керек, бірақ өтінішіміздің ешбірі қанағаттандырылмады. Енді ешқайда шағымдана алмайсың, – дейді Әсет Бердалы.

Ақтөбедегі тергеу абақтысы. Көрнекі сурет.

Қамаудағы азаматтың адвокатымен оңаша жолығуға құқығы бар, алайда карантинге байланысты олар видеобайланыс арқылы сөйлескен.

– Шыны әйнектің екі жағында отырып телефонмен тілдесеміз, оны тыңдап тұратыны да түсінікті, – дейді Бердалы.

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын адвокат Әсел Тоқаева да өз клиентінің тергеу абақтысында коронавирус жұқтырғанын айтады. 18 мамырда тұтқындалған азамат 19 маусымда науқастанып, 23 маусымда одан коронавирусқа ПТР-тест алынған.

Адвокат Әсел Тоқаева.

– Ол коронавирус жұқтырған болып шықты, бірақ әдетте бір күнде дайын болатын тест қорытындысын бізге 20 күннен кейін ғана берді, – дейді адвокат.

Тоқаеваның сөзінше, бес тәулік бойы тергеу абақтысында жасалған ем-дом көмектеспеген тұтқын туыстары беріп жіберген антибиотиктерді қабылдаған. Осыдан кейін ғана жағдайы тәуір болып, беті бері қараған. Денсаулығы қалпына келген соң екінші қайтара алынған тест қорытындысы коронавирус жоғын көрсеткен дейді адвокат.

Азаттық Алматы мен Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтылары басшылығынан коронавирус инфекциясына байланысты ахуалды анықтамақ болуға талпынғанымен, олардан комментарий алу мүмкін болмады.

"ҚАЗАҚСТАН БҰҰ, ДДСҰ КЕҢЕСТЕРІН ЕЛЕМЕЙДІ"

Қамауда отырған адамдардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова абақтыда отырған азаматтың еркіндіктегі адаммен бірдей дәрігерлік жәрдем алуға хақы барын айтады.

– Олардың [қамауда отырғандардың] барлық құқығы сақталған, тек еркіндігі ғана шектелген. Егер еркін өмірде карантин жарияланып, сақтық шаралары енгізілсе, онда түрмеде де солай жасалуы тиіс, – дейді құқық қорғаушы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құқық қорғаушы тұтқын құқығы бұзылғанын жазды. Түрме басшылығы оны сотқа берді

Семенова карантинге байланысты түзеу мекемлері әкімшілігі тұтқындарға туыстарымен кездесуіне рұқсат бермей отырғанын, алайда мекемеге қызметкерлердің бұрынғысынша емін-еркін кіріп-шығып жүргенін "ақымақтық" деп атайды.

– Колония қызметкерлері сыртқа шығады, өз туыс-достарымен араласады. Төтенше жағдай кезінде де, қазір де солай. Түрмедегілерге туыстары келмесе, оларға кім жұқтыруы мүмкін? Тек қана қызметкерлер, басқа ешкім емес. Мекемеде карантин деп жариялаған соң олар [түрме қызметкерлерін] да карантин талабын қатаң сақтауы керек, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғаушы Елена Семенова.

Биылғы мамыр айында Қостанай облысы Жітіқара қаласының маңындағы өмір бойына сотталғандар отырған "Қара бүркіт" түрмесінің 25 қызметкеріне коронавирус жұқтырғаны анықталған еді. Ол кезде билік "сотталғандар арасында вирус жұқтырғандар жоқ" деп мәлімдеген.

Қазақстан түрмелеріндегі тұтқындарды азаптау жайлы деректер жариялайтын Kuresker.org сайтының (Қазақстан аумағында бұғатталған - Азаттық) негізін қалаушы, қазақстандық бұрынғы саяси тұтқын, қазір Украинада тұрып жатқан Владимир Козлов Қазақстандағы түзеу мекемелерінде коронавирус инфекциясынан қорғану үшін енгізілген санитарлық норма, арақашықтық және өзге талаптар орындалмайды дейді. Билік тыйым салып, жапқан оппозициялық партияның жетекшісі болған Козлов 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде болған қырғыннан кейін "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айыппен (өзі тағылған айыпты мойындамайды) жеті жарым жылға сотталып, төрт жарым жылдан артық Қазақстан түрмесінде отырып, шартты жазамен мерзімінен бұрын қамаудан босатылған.

Бұрынғы саяси тұтқын Владимир Козлов.

– Мәселен, олар [түрме әкімшілігі] тәулігіне 2 рет мың адамға дейін плацқа жинап, тексеріс өткізеді немесе саппен жүргізеді. Тұтқындар бір-бірінен жарты метрден аспайтын жерде тұрады және бәрі де маскасыз жүреді. Карантин кезінде бұл нормаларды тоқтата тұруға болар еді, онсыз да ауа райы қолайсыз кезде ондай тексеріс барақта, камерада жүргізіледі. Ал туыс-жақындарымен екі сағаттық кездесуді қысқартуы мүлде түсініксіз. Олар әйнектің екі жағында отырып, телефон арқылы сөйлеседі ғой, ондайда карантин талабы бұзылмайды. Тек басшылық [коронавирус инфекциясына байланысты] қауіпсіздіктің қаншалықты нашар екені айтылғанын қаламайды, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Козлов колония әкімшілігі ондағы жағдай туралы есеп-баяндаулар тек "позитивті" көрінуі үшін шынайы жағдайды жасыруға мүдделі болады деп санайды.

– Жалпы ҚАЖК барынша жабық құрылым болуға тырысады, ал коронавирус инфекциясы өршіген кезде одан әрі жабық бола түсті, – дейді ол.

Лагерьлердегі науқастар мен қайтыс болғандар статистикасын жариялата алсақ, көптеген жайт түсінікті болар еді.

Владимир Козловтың пікірінше, Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан айтылған ұсыныс, кеңестерді елемегені былай тұрсын, пандемияны сылтауратып, қамалғандардың құқығын бұзуға барып отыр.

– Бұған азаматтық қоғамда да, түзеу мекемелерінде де мысал көп. Осы уақыт аралығында (карантин басталғаннан бері – ред.) лагерьлердегі науқастар мен қайтыс болғандар статистикасын жариялата алсақ, көптеген жайт түсінікті болар еді, – дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп атағаннан кейін, наурыз айында түзеу мекемелеріндегі жағдайға байланысты кеңестерін жариялаған. ДДСҰ індеттің таралу қаупі жоғары ауданнан келген кез келген жазасын өтеуші немесе Covid-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған адам 14 күнге дейін карантинге жатқызылуы тиіс екенін айтады. Егер жазасын өтеушіні бір адамдық медициналық изоляторға жатқызу мүмкін болмаса, инфекция симптомдары ұқсас бірнеше адаммен бірге карантин бойы бірге ұстау керек. Олардың хал-жағдайын бақылауда ұстап, тәулігіне кемінде екі рет медициналық тексеруден өткізіп, қызуын өлшеп отыруы тиіс.

Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай мен карантин енгізілген соң, сәуір айында түрмеде отырғандардың туыстары мен құқық қорғаушылар биліктен ауыр қылмыс жасамаған, жасы ұлғайған және дімкәс жазасын өтеушілерге рақымшылық жариялап, оларды қамаудан босатуын сұраған еді. Билік төтенше жағдай кезінде түрмеде отырғандарды босату заңда қарастырылмағанын айтып, олардың өтінішін қанағаттандырған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құқық қорғаушылар пандемия кезінде рақымшылық жасауды сұрайды

Ресми дерек бойынша, қазіргі кезде елдегі 82 пенитенциарлық мекемеде (66 түзеу колониясы, 16 тергеу изоляторы) 30 мыңға жуық адам қамауда отыр.