Ел тарихындағы екінші алтын. Токио паралимпиадасы чемпионының жеңіс жолы

Токиодағы паралимпиада ойындарында пауэрлифтингтен чемпион атанған қазақстандық Давид Дегтярев марапаттау рәсімі кезінде. Токио, 26 тамыз 2021 жыл.

Давид Дегтярев жаттығу залына кездейсоқ тап болған еді. Ал бес жылдан соң Токиодағы паралимпиада ойындарында чемпион атанды. Түрлі қиындықты жеңіп, үздік өнерімен озған атбасарлық пауэрлифтер мен мүмкіндігі шектеулі өзге де атлеттер қайсарлығы және табандылығымен күллі әлемдегі миллиондаған жанкүйерін тәнті етіп келеді.

Қазақстан ұлттық құрамасы үшін сәтсіз аяқталған Олимпиада ойындарынан кейін (команда олимпиададан не алтын, не күміс медаль алмай, сегіз қола жүлдемен оралған) Токио төрінде Қазақстанның мемлекеттік әнұраны шырқалды. Ол пауэрлифтер Давид Дегтяревтің құрметіне қойылды: Ақмола облысының тумасы, 25 жастағы спортшы паралимпиадада алтын медаль жеңіп алды.

Your browser doesn’t support HTML5

Давид Дегтярев – Токио паралимпиадасының чемпионы

Мүмкіндігі шектеулі жігітке мұндай жетістікке жету оңайға түскен жоқ. Оған жылдар бойы жаттығып, қаншама жарысқа қатысып, өзіне және басқаларға діттеген мақсатына жетіп, рекорд орната алатынын дәлелдеуге тура келген. Ал осы жеңіске әкелген жол күтпеген жерден басталған еді...

"ЖАТТЫҒУ ЗАЛЫНА ДОСЫМНЫҢ АЙТУЫМЕН БАРДЫМ"

Индустриалды-техникалық колледжде білім алып жүрген Давидты бірге оқитын досы спорт залына "темір көтеруге" шақырған.

– Жарты жылдай жаттығып жүрдім, маған ұнады. Кейде досыммен, кейде өзім баратынмын. Сөйтіп жүргенде Ксения Полукаровамен таныстым. Ол сол кезде кәдімгі дені сау пауэрлифтерлер арасында треборға қатысып жүрген кәсіпқой спортшы еді. Ксения мені байқап қалып, көп көмектесті, жаттықтырушым болды. Нәтиже шыға бастағанын байқаған соң, мені өзінің жаттықтырушысы Юрий Колесниковпен таныстырды. Қазіргі жаттықтырушым – сол кісі. Ол мені Қазақстандағы жарыстарға шығарды, – дейді Давид.

Давидтың бірінші рет қатысқан жарысы – "Үміт" деп аталатын облыстық спартакиада. Ол спорттағы карьерасы 2016 жылы Көкшетауда өткен осы турнирден басталғанын айтады. Спортшы сол жарыстан кейін республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, Дубайда өткен әлем кубогында Қазақстанның намысын қорғаған.

Дегтярев биыл паралимпиадаға бірінші рет қатысты. Ол Токиоға жетістігі көп, белді спортшы есебінде барды. Давид – Азия чемпионатының қола, 2018 жылғы паразиада ойындарының күміс жүлдегері. Дегтярев 2021 жылы мамырда Тбилисиде өткен әлем біріншілігінде 185 келі көтеріп, әлем рекордын орнатқан.

Қазақстандық спортшы паралимпиада ойындарында 54 келі салмақта сынға түсіп, 174 келі көтерді. Ол бәсекелестері – 165 келі көтерген француз Аксель Бурлон мен грек Димитрос Бакохристостан озды.

Қазақстандық Давид Дегтярев Токиодағы паралимпиада кезінде. Жапония, 26 тамыз 2021 жыл.

Бірақ спорттың аты – спорт, мұнда күтпеген жағдай жиі болып тұрады. Давид та бәсекелестерінен күші басым екенін сезсе де, сайыстан бұрын жеңіске жететініне 100 пайыз сенімді болмағанын айтады.

– Жеңіп шығатыныма толық сенімді болдым демеймін, әрине. "Бәсекелесің қалай болады?" деген күдік әркез қалмайды, – дейді Давид жаттықтырушысының стратегиясына сүйенгенін айтып.

Спортшы Азаттық тілшісінің "Алтын медаль жеңіп алғанда қандай күйде болдыңыз?" деген сұрағына "Шаттық кернеді" деп жауап берді.

АТБАСАРДАН ШЫҚҚАН ҚАРАПАЙЫМ ЖІГІТ

Давид Дегтярев жан-дүниесіне сай келетін спорт түрін таңдаған. "Пауэрлифтинг" ағылшын тіліндегі "power – күш, lifting – көтеру" деген екі сөзден құралған. Давид та – өмірде кездескен қиындыққа мойымай, алға ұмтылған рухы биік тұлға.

Қазақстандық чемпион Токиодағы жеңісіне қарамастан, өзін өте қарапайым ұстайды. Ол қазір демалып жатқанын, аз ғана үзілістен кейін жаттығуды қайта бастайтынын айтады.

– Мен үшін ең бастысы бұлшық етті жаттықтыру мен жарыс алдындағы жаттығу. Аптасына екі сағаттан үш не бес рет жаттығу болуы мүмкін. Сенбі, жексенбі – демалыс. Оны бапкер шешеді, – дейді чемпион.

Давид диета ұстанады. Бірақ күнделікті тамақ рационында спортшының дене бітімін сақтауға арналған ерекше ештеңе жоқ. Өз айтуынша, спортшы майлы тамақ ішпейді, таңертең ботқа, түсте немесе кешке дәнді дақылдан жасалған түрлі тамақ жейді.

Дегтярев өзі жайлы айтқанды ұнатпайды. "Бос уақытыңызда немен айналысасыз?" деген сұраққа жауап бергісі келмей, "ол құпия болып қалсын" деп қысқа қайырды.

Давидтың туған қаласынан басқа жаққа көшетін ойы жоқ. Мұнда жақсы жабдықталған, ірі спорт кешені (ондай нысандар астана мен Алматы қаласында ғана бар) болмаса да, Атбасар өзіне ұнайды.

Давид Алматыға жаттығуға барған. Ол Алматының тауы мен көркем табиғаты ерекше ұнағанын, ал 2018 жылы ашылған су жаңа паралимпиада жаттығу орталығы бар Нұр-Сұлтан қаласына бойы үйрене алмағанын айтады. Спортшы жарты жыл тұрған астананы "беймаза қала" деп сипаттады.

Совет одағы тұсында салынған көпқабатты үйлер, жеке сектор мен теміржол станциясы бар Атбасарда 30 мың адам тұрады. Сырттан келген кісіге Атбасар ауыл болып көрінуі мүмкін, ал Давидке бұл жер аса ыстық көрінеді. Спортшы туған қаласының болашағы жарқын болар деп үміттенеді.

– Мұнда 25 жылдан бері тұрамын. Кейінгі жағдайлардан соң Атбасарда да жақсы өзгерістер болатын шығар. Мүмкін олимпиада медалінің Атбасар қаласы үшін бір маңызы болар, – дейді ол.

Давид спорттағы жолын жалғастыруға ниетті болғанымен, әзірге болашағы жайлы жоспар құруға асықпайды. Азаттық тілшісінің "2023 жылы Парижде өтетін паралимпиада ойындарына қатысасыз ба?" деген сұрағына ол "Кейінгі кезде көп жағдай болды. Алдымен осы олимпиададан кейін өзіме келіп алайын, содан кейін ойланамын” деп жауап берді.

2 қыркүйекте қазақстандық ақпарат құралдары Ақмола облысының әкімі паралимпиада чемпионы Давид Дегтяревке Көкшетаудан үш бөлмелі пәтер мен көлік кілтін табыстағанын жазды. Қазақстанда шенеуніктердің олимпиада жеңімпаздарына сый-құрмет көрсетуі дәстүрге айналған.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ПАРАЛИМПИАДА: ТОКИОДАҒЫ РЕКОРД

Давид Дегтярев – Қазақстанға жазғы паралимпиада ойындарынан алтын жүлде әкелген екінші спортшы. Бірінші алтын медальді 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жүзуден Зүлфия Ғабидуллина жеңіп алған.

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен паралимпиада ойындарында суға жүзуден чемпион атанған қазақтандық Зүлфия Ғабидуллина. Астана, 22 қыркүйек 2016 жыл.

55 жастағы Зүлфия Ғабидуллина Жапониядағы паралимпиадаға да қатысты. Спортшы бұл жолы финалға жете алмады, бірақ ол көпшілікке қазірдің өзінде аңызға айналып үлгерген. Қоларбамен жүретін Зүлфия ауыр жол апатынан кейін сал болып қалған. Тағдырға мойымай, барлығын қайта бастап, қайсарлығы мен қажырлы еңбегінің арқасында бұлшық етіне жан бітіріп, жартылай қозғалатын халге жеткен. Зүлфияның өмірі басқаларға шабыт беретін жарқын үлгіге айналды.

Бұған паралимпиадаға қатысқан спортшылардың көбеюі де дәлел. Биыл Токиода өткен паралимпиадаға Қазақстаннан 25 атлет барды. Бұл – рекордты көрсеткіш. Қазақстандық спортшылар Токиодан бес медальмен оралып, жүлде саны бойынша да рекорд орнатты.

Дзюдошылар Әнуар Сариев, Теміржан Даулет пен Зарина Байбатина күміс медаль иеленсе, жүзу шебері Нұрдәулет Жұмағали қола жүлдегер атанды. Риодағы паралимпиаданың күміс жүлдегері, пауэрлифтер Раушан Қойшыбаева медальға бір қадам жетпей, төртінші орынға тұрақтады. Қазақстан спорты үшін сәтсіз аяқталған Олимпиададан кейін паралимпиадашылардың табысы елге үлкен қуаныш сыйлады.

Қазақстан делегациясы Токиодағы паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында. Жапония, 24 тамыз 2021 жыл.

Қазақстан биылғы паралимпиада ойындарында жүлде саны бойынша 52-орынға ие болды. Алғашқы үштікте Қытай, Ұлыбритания мен АҚШ тұр. Риода өткен паралимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан 58-орын алған еді.

Дамыған елдермен салыстырғанда, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар әлжуаз топқа жатады: олардың ақпарат алу, медициналық қызметтерге қол жеткізу, табыс табу мүмкіндігі аз. Қазақстан 2015 жылы БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы конвенциясын ратификациялап, осы топтағы азаматтар құқығына қатысты бірқатар міндеттеме алған. Бірақ құқық қорғаушылар қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамға дұрыс жағдай жасалмағанын, әртүрлі кедергі көп кездесетінін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Біз дәрменсіз емеспіз". Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен күресі