"Абақтыдан тірі қайтармады". Дулат Ағаділдің жұмбақ қазасына жыл толды, қоғамда билік сөзіне күмән қалды

Your browser doesn’t support HTML5

Дулат Ағаділдің тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмғанына жыл толды, қоғамда белсендінің қазасы туралы биліктің сөзіне күмән сейілген жоқ. (Видеоны әзірлеген - Өркен Жоямерген, Ержан Әмірханов.)

25 ақпанда азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмғанына бір жыл толды. Ол "жүрек талмасынан" қайтыс болды деген биліктің байламына сенбей, қазаның жай-жапсарын ашық, әділ тексеруді талап еткен туыстарының арызы қанағаттандырылмады. Құқық қорғаушылар мен белсенділер Ағаділді "саяси қастандық құрбаны" деп атады.

Әкесінің қазасынан кейін елдегі саяси жүйе мен билікті сынап жүрген 17 жастағы ұлы Жанболат Ағаділ былтыр қарашада кісі қолынан қаза тапты. "Ол жастар арасындағы төбелесте пышаққа түсті" деген тергеу нұсқасына қоғамда күмән келтіргендер де болды. Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында Қазақстанда былтыр қаза болған оппозицияның бес белсендісі қатарында Дулат пен Жанболатты атап, билікті "құқық органдарының заңсыз әрекеттері мен саяси репрессия" үшін сынады. Нұр-Сұлтан бұл айыптаулармен келіспейді.

Сот шешімі бойынша әкімшілік жазасын өтеген соң, қамаудан шыққан азаматтық белсенді Дулат Ағаділ. Ақмол кенті, Целиноград ауданы, Ақмола облысы. 26 қараша 2019 жыл.

Отбасы Дулат Ағаділдің жылдық асын Қостанай облысындағы ата-бабасының ауылында беруді ұйғарған. Ол тірі болғанда биыл 16 ақпанда 44 жасқа толар еді. Сол күні анасы Гүлбараш Жолмұханбетова Ақмола облысы Талапкер ауылында жерленген ұлының басына барып, құран бағыштады.

– Іштен тынамын ғой. Басына бардым, үйіне жора-жолдасы келді. Дастарханымды жайдым. Тағы да құран оқыдық, – деді Гүлбараш Жолмұханбетова Азаттыққа.

ОППОЗИЦИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІНІҢ АБАҚТЫДАҒЫ ҚАЗАСЫ

Осыдан тура бір жыл бұрын, 24 ақпан түнде қарапайым киімдегі полицейлер 43 жастағы белсенді Дулат Ағаділді "қылмысқа күдікті" ретінде Нұр-Сұлтаннан отыз шақырымдай жердегі Талапкер ауылындағы үйінен күштеп алып кеткен. Оның жақын серіктерінің бірі Серік Жахиннің сөзінше, Ағаділ өзге белсенділермен бірге 25 ақпанда Қазақстан астанасына келген Еуропарламент депутаттарымен кездеспекші болған.

Бірақ 25 ақпан күні таңертең Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болғаны туралы суық хабар тарады.

Дулат Ағаділ Қазақстанда билік рұқсат бере қоймайтын наразылық акцияларына қатысып, үкіметке талап қойған белсенді әрі қоғамда резонанс туғызған істер бойынша өткен сот процестерінен тікелей хабар таратқан блогер ретінде танылған. Ол биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаптауды тоқтатуды, азаматтардың бейбіт шеру өткізу бостандығын қамтамасыз етуді және әділ сайлауды талап етіп, наразылық акцияларына қатысты. Сол үшін бірнеше мәрте әкімшілік жауапқа тартылып, 60 тәулік қамауда отырып шықты.

Абақтыда жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділдің қазасына байланысты наразылық митингіне шыққан азаматтар белсендінің суретін ұстап тұр. Алматы, 27 ақпан 2020 жыл.

Оппозициялық белсендінің абақтыдағы жұмбақ қазасы қоғамды дүр сілкіндірді. Қазақстанның бірнеше қаласы – Алматы, Ақтөбе, Орал, Шымкент пен Таразда жүздеген адам наразылық акциясына шығып, биліктен Ағаділдің өлімін мұқият әрі ашық тергеуді, ішкі істер министрі мен елдің саяси басшылығының қызметтен кетуін талап етті. Олар Ағаділдің "жүрегі қысып қайтыс болған" деген ресми ақпаратқа сенбейтінін мәлімдеп, билікті айыптады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсендінің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс тергеуі аяқталмай, сот-медициналық сараптама қорытындысы шықпай тұрып, "ірі қоғамдық резонанс тудырған іспен мұқият танысып шықтым. Өкінішке қарай, белсенді Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды деп сеніммен айта аламын" деді.

Бірақ Ағаділді жерлегеннен кейін әлеуметтік желіде оның мәйіті көрсетілген видео тарады. Видеоны түсірген адам марқұмның алақаны қарайып, екі табаны мен өкшесінде қара дақ барын, жауырыны мен иығында жарақатқа ұқсайтын қарайған іздер қалғанын айтып, көрсетеді. Кейін прокуратура Ағаділдің денесіндегі "дақтар – биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеді.

Дулат Ағаділдің қазасы туралы баспасөз мәслихаты. Оң жақтан екінші - марқұмның анасы Гүлбараш Жолмұханбетова. Нұр-Сұлтан, 10 наурыз 2020 жыл.

Туыстары биліктен марқұмның өлімінің жай-жапсарын ашық, әділ тергеуді талап етті. Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер, халықаралық ұйымдар мен батыс елдері Нұр-Сұлтанды тергеуді ашық әрі әділ жүргізуге үндеді. 2020 жылғы мамырдың соңында Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы "жүрек талмасынан қайтыс болған Дулат Ағаділдің денесінен жарақат табылмағандықтан", оның өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлады.

Ағаділдің туыстары мен белсенділерінің билікпен тартысы мұнымен тоқтаған жоқ. Белсендінің ұлы Жанболат Ағаділ әкесінің қазасын тексеруден бас тартқан билік пен елдегі саяси жүйені сынады. Ұлының өлімін тексеруді талап еткен Гүлбараш Жолмұханбетованың бірнеше мәрте берген арыз-өтінішін билік қанағаттандырмады.

Дулат Ағаділді еске алуға жиналған адамдар. Талапкер ауылы, Ақмола облысы, 8 тамыз 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус пандемиясы кезінде қоғам өкілдері асар жасау туралы бастама көтеріп, Талапкер ауылындағы Дулат Ағаділдің үйін жаңадан қайта салып берді. Билік бұл шараға қатысқандардың кейбіріне айыппұл салды, кей белсенділер әкімшілік сот шешімімен қамауда отырып шықты.

Дулат Ағаділді үйден полиция әкетіп бара жатқанда соңғы көргендерді бірі – 17 жастағы ұлы Жанболат Ағаділ былтыр 11 қарашада кісі қолынан қаза тапты. Ресми тергеу ол "жаппай төбелес кезінде пышаққа түсіп, мерт болған" деген қорытындыға келген. Қазір Нұр-Сұлтанда осы қылмыстық іс бойынша айып тағылған алты адамның соты өтіп жатыр.

"ӘДІЛДІК ҮШІН КҮРЕСКЕН ҚАЙСАР ЖАН ЕДІ"

Дулат Ағаділді жақсы білген белсенділер Азаттыққа оны азаматтық бостандықтар мен әділдік үшін күрескен, жаны жомарт жан еді деп сипаттайды. Ол 2019 жылғы ақпанда ел астанасының іргесіндегі ықшамауданда шағын жер үйді жалдап тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасының кәмелетке толмаған бес баласы өрттен мерт болғаннан кейін Қазақстанда көп балалы аналар қозғалысы басталған кезде қоғамдық өмірге белсенді араласа бастаған.

Азаматты белсенділер (солдан оңға қарай) Дулат Ағаділ, Әлия Жакупова және Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

Дулат Ағаділдің сол кезде наразылық акцияларынан жүргізген тікелей эфир хабарлары оның Facebook-тегі жеке парақшасында әлі күнге сақталған.

– 2019 жылдың 3 маусымы еді. Ақорда маңында 300-ге жуық көп балалы әйел жиналдық. Бізді ОМОН қоршап тұрды. Жаздың аптабы төбемізден қуырып барады. Бір кезде әйелдер шу ете қалды. Қарасам Дулат келе жатыр. Қолында бір құшақ гүлі бар, екі езуі екі құлағында. Ол қолындағы гүлді әйелдерге таратып шықты, бірін маған сыйлады. Біз де қатты қуандық. "Біз жалғыз емеспіз" деп, бәріміздің көңіліміз көтеріліп қалды. Шын мәнінде, Дулат нағыз патриот еді, елдің болашағы, балалардың тағдыры мен көп балалы аналардың хал-жағдайы үшін жаны ауырды. Себебі өзі де көп балалы әке еді. Сол күні кешке дейін қасымызда болды, – деп еске алады көп балалы аналар лидері Қанағат Шүменова.

Полиция үкіметтен көп балалы отбасыларға әлеуметтік жәрдем жасауды талап етіп жиналған әйелдерді қоршап тұр. Нұр-Сұлтан. 3 маусым 2019 жыл.

Дулат Ағаділ көп балалы аналардың акциясын ғана емес, Қазақстанның өзге өңіріндегі адам құқығын қорғауға қатысты басқа да акцияларға барып қатысып жүрді. Ол 2019 жылы "Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған, Қытайдан қашып келген Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Шығыс Қазақстандағы сотына, "өкілеттігін теріс пайдаланды" деп айыпталып, екі жылға сотталған "Жер тағдыры" қоғамдық ұйымының басшысы Қайырлы Омардың соттына қатысып, тікелей хабар таратты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әділетсіздікке қарсы күрескен белсенді"

2019 жылы бірнеше рет үкіметке наразылық акциясына қатысқан Дулат Ағаділ "митинг заңын бұзғаны" үшін үш айда жеті рет әкімшілік жауапқа тартылып, сот оған жиынтығы алпыс тәулік қамау жазасын кескен. Соның бірінде ол абақтыдан қашып шығып, Бас прокуратура мен Жоғарғы соттан Ақмола облысы Целиноград ауданы полициясы, сот және прокуратура басшыларын жауапқа тартуды талап еткен. Кейін тағы он тәулікке қамалған болатын.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткен соң, елде кезектен тыс президент сайлау өткен 2019 жылғы 9 маусымда Азаттықтың тікелей эфиріне қатысуға келе жатқан Дулат Ағаділді полиция ұстап әкеткен. Кейін ол өзіне полиция қызметкерлерінің қол жұмсап, иығы шығып кеткенін мәлімдеген.

Полицейлер белсенді Дулат Ағаділді (ортада) күштеп әкеткелі тұр. Нұр-Сұлтан, 26 қазан 2019 жыл.

Дулат Ағаділ Азаттыққа берген сұхбатында саяси ұстанымының қалыптасуына 2016 жылғы сәуірде Атырауда белсенділер мен оларды қолдаған көпшіліктің үкіметтің жер реформасына қарсы өткізген шеруі әсер еткенін айтқан еді.

"ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТТЕР МЕН САЯСИ РЕПРЕССИЯ"

Биыл 11 ақпанда Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарар қабылдады. Қазақстандағы азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуын және сайлаудағы әділетсіздікті сынайтын қарарды дауыс берген 693 депутаттың 598-і қолдап, тек 43 депутат қарсы шыққан.

"Құқық қорғау органдары мен барлау ұйымдары жүргізген заңсыз әрекеттер мен саяси репрессия кесірінен 2020 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында Қазақстанда оппозицияның бес белсендісі қаза болды" деп айтылған қарарда Дулат Ағаділ, Жанболат Ағаділ, Аманбике Хайролла, Серік Оразов және Ғарифулла Ембергеновтің аты-жөні аталған.

Дулат Ағаділдің зираты. Талапкер ауылы, Ақмола облысы, 23 ақпан 2021 жыл.

Еуропарламент депутаттары Қазақстанда 26 саяси тұтқын барын, олардың кейбірі тергеу орнында, кейбірі түрме жазасына кесіліп, қамауда отырғанын атап көрсетті.

"Жыл сайын түрмеде азаптау, қорлау оқиғалары жүздеп тіркеледі, өмір сапасы және сотталушының құқықтарын сақтау тұрғысынан жазалау институттары халықаралық стандарттарға сай емес, Covid-19 кесірінен енгізілген шектеулер жағдайды тіпті ушықтырып жіберді" деп жазылған қарарда.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Еуропарламент қарарын "тексерілмеген ақпаратқа" негізделген және "елдегі ахуалды бұрмалайды" деп атап, құжатты "теріс ұстанымдағы саясаткерлер" ұсынған деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нұр-Cұлтанға 20 талап. Еуропарламент Қазақстанды сынайтын қарар қабылдады