Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауының үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр. Мамырдың 11-і күні кешкісін басталған науқан аясында президенттікке кандидат жеті адамға сайлауалды үгіт-насхихат материалдарын шығарып, сайлау жарнамаларын ілуге рұқсат берілген. Кей кандидаттарды қолдауға арналған үгіт-насихат өнімдері қала көшесінде бірден көзге түссе, кейбірінікін табу үшін біраз уақыт жұмсап, іздеуге тура келді.
ҚАЛА ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ҮШ БИЛБОРД
Алматының орталығындағы Достық және Қонаев көшелерінің қиылысында бірінен соң бірі үш билборд қойылған. Оларда Қазақстан коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков (ұраны - "Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!"), "Ақ жол" партиясы атынан сайлауға түскен Дания Еспаева (ұраны - "Табысқа ұмтылу!") және "Ұлт тағдыры" қоғамдық қозғалысы ұсынған Әміржан Қосанов бейнеленген. Қосановтың билбордында "Ұлт тағдыры - ұлттық құндылықтар" деп жазылған. Азаттық тілшісі осы үгіт-насихат материалдарын суретке түсіріп жатқан кезде көшеде жүргіншілер кездеспеді.
Абай даңғылы бойында кандидат Амангелді Таспиховтың "Жұмыс істейтін шақ" ұраны жазылған билборды ағаш жапырақтарының тасасында қалғандықтан көзге бірден түспейді. Сайлауға Қазақстан кәсіподақтар федерациясы атынан қатысып жатқан Таспихов сайлауалды бағдарламасында азаматтарға қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз етіп, жалақыны көтеру және шетелге қашқан миллиардерлер капиталын Қазақстанға қайтаруға уәде береді.
Абай даңғылы бойында кемінде екі жерде "Ауыл" партиясынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков бейнеленген билборд та кездеседі. Аграрлық сала бойынша жоғарғы білімі бар Рақымбеков бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығын дамыту, дәстүрлі құндылықтарды сақтау және жастармен (әсіресе ауыл жастары) белсенді жұмыс істеу туралы ұсыныстар айтып жүр.
Желтоқсан мен Құрманғазы көшелерінің қиылысына кандидат Сәдібек Түгелдің билборды қойылған. Қою күлгін түсті жарнама басқа кандидаттардың плакаттарынан ерекшеленіп тұр. "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігінен сайлауға қатысып жатқан Түгел сайлауалды бағдарламасында Қазақстанның кен орындарынан шетелдіктер көріп жатқан пайданы мемлекет меншігіне алуды ұсынады. Кандидат әр қазақстандыққа пайдалы қазбадан түскен табыстан қаржы аударуға және жаппай жұмыссыздықты жоюға уәде береді.
Кандидаттың тегіндегі "в" әрпінің орнына қызыл түсті таңдау белгісі қойылған "ТоқаеV" деген жазу Алматы көшелерінде жиі ұшырасады. Қазіргі президентке дауыс беруге шақырған үндеулер біресе LED экраннан, біресе көпқабатты үй қабырғасына ілінген плакаттан көзге түседі, енді бірде тұрғын үйдің сатпақ-сатпақ қабырғасына жапсырылып тұр.
Тоқаевтың үгіт-насихат материалдарын суретке түсіріп жүрген Азаттық тілшісіне аялдамада тұрған әйел:
- Неге Тоқаевтың плакаты әр қадам сайын кездеседі, ал басқа кандидаттар туралы ақпарат аз? Біз олардың кім екенін және қайдан келгендерін де білмейміз ғой, - деген сұрақ қойды.
- Ал сіз кімге дауыс бересіз?
- Тасмағамбетовке.
- Ол сайлауға түскен жоқ қой.
- Сайлауға түссе, дауыс берер едім. Ал мыналарға, - ол парақшалар жаққа нұсқады, - дауыс бермеймін.
"ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК"
Азаттық үгіт-насихат материалдарын Қазақстандағы жағдаймен жақсы таныс украиналық саясаттанушы және саяси технолог Александр Кочетковпен талқылап көрді.
- Қасаңдау ресми сипаты көзге бірден түседі. Бұл (үгіт-насихат материалдарының) безендірілуіне де, мазмұнына да қатысты. Барлығы белгілі бір стандартпен жасалғанға ұқсайды. Кандидаттардың бәрі өзіне таңдап алған сайлау алаңын елестетер болсақ, президенттіктен үміткерлер өзара келісіп, әркім өзінің мақсатты аудиториясына жұмыс жүргізіп отырғандай көрінеді. Мысалы, [экс-президент] Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне дейінгі жетістіктерге назар аударып, сол даму жолын жалғастыратынына меңзеп отыр. Амангелді Таспихов кәсіподақтар құндылығы туралы айтып, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге уәде береді. Сіздердегі шартты оппозиционер Әміржан Қосанов либералды құндылықтар мен митингілер еркіндігі жайлы жеңіл-желпі меңзеп ғана сөйлейді. Бірақ оның үндеуін ашып түсіндірмесе, ешкім оның мағынасын өздігінен ешқашан ұға алмайды, - дейді саяси технолог.
Кочетковтың айтуынша, кандидаттардың барлығы үгіт-насихат материалдарында азаматтар қажымай-талмай, адал әрі көп еңбек етуі тиіс деген емеурін білдіріп отыр.
- Олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жайлы айтуға сараңдық танытқанымен, міндеттер туралы еске салуды ұмытпаған. Мұны кәсіподақ та, либералдар да, ауылды көтергісі келетіндер де айтады. Жұмыстың адал атқарылуын бақылауға уәде беріп отыр. Алдыңғы президенттің саясатын жалғастыру, жұмысшылар құқығын қорғау не бұрынғы тұрақтылық пен әлеуметтік қамсыздандыруды қайтару болсын, кандидаттардың қай ұсынысын алсақ та, олардың рационалды сипатта екенін көреміз. Бәрі адамдардың санасына ықпал еткісі келеді. Ал Украинадағы тәрізді сайлаушының сезіміне, эмоциясына әсер етіп, оның жүрегіне жол табуға тырысу мүлде байқалмайды. Тағы бір нәрсе, бізде кандидаттар креативті болуға, бір-бірінен ерекшеленуге күш салды. Қазақстандық кандидаттардың ондай мақсат қойғаны байқалмайды, - дейді ол.
Александр Кочетковтың пікірінше, сайлауалды тартыс ресми шарттылық сияқты көрінеді.
- Құдды әлдебір құпия орталық комитетте бәрін алдын-ала кесіп-пішіп қойғандай. (Сайлау) нәтижесі әлден түсінікті, сондықтан үгіт-насихат жүргізудің бәлендей маңызы жоқ, кандидаттар сайлауалды науқанын аса тыраштанбай, бір сарынмен өткізіп, өздеріне бөлініп берілген сайлау алаңынан шықпай жұмыс істеуге тырысып жатыр, - дейді түйіндейді саяси технололог.
"ЖЕҢІМПАЗЫ АЛДЫН АЛА БЕЛГІЛІ САЙЛАУ"
Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, 2019 жылғы сайлауалды науқанның бұған дейінгілерден бір ғана айырмашылығы бар – биылғы сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды.
- Жеңімпазды алдын ала белгілеп алып, қызу жұмыс жүріп жатқандай кейіп танытатын саяси спектакльден жоқ дегенде іш пысады, әйтпесе, ашуға тиеді. Мен қазір билікке жақын сарапшылардың әлдебір саяси технологияларды мұқият талдағаны жайлы саусақтан сорып жасаған талдау материалдарын "елжіреп" оқып отырмын. Шын мәнінде онда талдайтын дым да жоқ. Қазақстандағы қазіргі сайлаудың бұрынғылардан еш айырмашылығы жоқ. Бұл сұрқай үгіт-насихат материалдарынан және сүреңсіз сайлауалды мәлімдемелерден көрінеді. Жеңетіні күні бұрын шешіліп қойған кандидаттың жанында өздеріне көпшілік рөлі берілгенін жақсы білетін басқаларға электоратпен жұмыс істеп, қиналудың қажеті қанша?
Сәтпаев үгіт-насихат материалдары электорат үшін емес, сайлау ережелерін сақтау үшін әзірленген деп санайды. Оның пікірінше, үгіт-насихат материалдары заң бойынша өткізілуі керек сайлауалды науқанға бюджеттен бөлінген қаржыны игеру үшін ғана жасалған сияқты.
- Маған жақында парламент сайлауы өткен Финляндияның үгіт-насихат материалдарын сыйлады. Ол елде сайлау шынайы, аса тартысты өтеді. Үгіт-насихат материалдарының формасы мен түстер гаммасы әртүрлі, ұрандары қысқа әрі түсінікті, суретте күлімдеген кандидаттардың электоратқа ұнауға тырысып, өздері жаңа толқын екеніне сендіргісі келетіні көрініп тұр. Біздегі жарнамалардағы көңілсіз бейнелермен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Үгіт-насихат материалдарына қарап, елдің саяси жүйесі қандай екенін түсінуге болады, - дейді саясаттанушы.