Сәуірдің соңында Азаттық редакциясына қазақстандық жоғарғы оқу орындарының бірінде оқитын студенттер президенттікке кандидатты қолдайтын сайлаушылардан қол жинау парағының фотокөшірмесін жолдады. Заң бойынша, ОСК ресми түрде президенттікке кандидат ретінде тіркеу үшін үміткер кемінде 118 140 сайлаушыдан өзін қолдайтыны туралы қол жинап өткізуі тиіс.
Әлгі құжатта президенттікке үміткердің аты-жөні жазылмағанымен оған "қолдау" білдірген сайлаушылардың аты-жөні, туған жылы, мекен-жайы көрсетіліп, қолдары қойылған. Редакцияға құжат фотокөшірмесін жолдаған студенттердің хабарлауынша, мұны және басқа парақтарды "барша факультетке" деканаттың тапсыруымен таратқан.
"Кандидаттың аты-жөні неге көрсетілмегенін сұрадық. Олар "кейін толтырамыз" деді және құжатты толтыруды міндеттеді. Бір жігіт қол қоюдан бас тартты. Бірақ олар қолдарында әлгі жігіттің жеке куәлігінің көшірмесі барын және содан өздері толтыратынын айтты" деп жазады аты-жөндерін атамауды сұраған студенттер.
Азаттық хатта аталған жоғарғы оқу орны басшылығына хабарласты. Басшылық өкілі "тек оқу процесімен ғана айналысатындықтан" студенттерге қол жинау парақтарын тарату жайлы "еш нәрсе білмейтінін" айтты.
Азаттықтың сәуірдің 30-ы күні жолдаған сауалына жауабында Қазақстан орталық сайлау комиссиясы №29105 қол жинау парағы "Ауыл" партиясынан президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтің штабының жетекшісі әрі сенімді өкіліне берілгені "анықталғанын" хабарлады. ОСК-ның айтуынша, мамырдың 1-і күні аумақтық сайлау комиссиясы "Ауыл" партиясы штабының жетекшісіне "қол жинау кезінде заң бұзылғанын" ескерткен соң штаб №29105 қол жинау парағын жарамсыз деп таныған.
ОСК бұған дейін "кандидаттың аты-жөні көрсетілмеген қол жинау парақтарына қол жинағаны жайлы ақпарат түскен жоқ" деп хабарлады.
Мамырдың 6-сы күні ОСК "Ауыл" партиясынан ұсынылған үміткер Төлеутай Рақымбековті маусымның 9-ында өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Бұған дейін ОСК "Рақымбековтің сенімді өкіліне берілген" деп хабарлаған "даулы параққа" байланысты Азаттық тілшісінің сауалына ол:
- Бір парақта сондай болды. Ақпарат сәуірдің 30-ы түнде түсті <...>. [Облыстық] филиал төрағасы тексерді, біз ол парақты [ОСК-ге] тапсырған жоқпыз, - деп жауап берді.
ОСК мәліметіне сәйкес, Төлеутай Рақымбеков Қазақстанның 15 аймағынан өзіне қолдау білдірген азаматтардан барлығы 122 309 қол жинап өткізген. ОСК оларды тексеріп, 120 754-ін жарамды деп таныған.
Азаттық сәуірдің 30-ы күні Facebook парақшасында № 29105 қол жинау парағының (қол қойғандардың аты-жөнін көрсетпей) фотосын жариялап, Қазақстан бас прокуратурасынан қол қою құжатын бұлайша толтыру заң бұзу болып саналмай ма деп сұраған еді. Бас прокуратура әзірге жауап берген жоқ.
Азаттық редакциясына хат жазған студенттер өздеріне қол қою парағын таратқан оқу орны басшылығы оларды саяси партиялардың бірінің кандидатын қолдап қол қоюға көндіруге тырысқанын айтады. Бірақ, олардың сөзінше, басшылық үгіттеген кандидат ОСК "сайлау штабы заң ережесін бұзған" деп көрсеткен үміткерден басқа болған.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыз айында өкілетін мерзімінен бұрын доғарып, президент қызметінен кеткеннен кейін көп ұзамай елде маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетіні жарияланған. Қазіргі кезде президенттікке кандидат ретінде жеті адам тіркелді:
Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы;
Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы;
Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы;
Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы үміткер ретінде ұсынған.
Бұған дейін Қазақстан құрылысшылары одағы президенттікке үміткер ретінде ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алған. Ал "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.
Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялаған.
Мамырдың 1-і күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және тағы бірнеше қалада тұрғындар наразылық акциясына шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жауапқа тартты.