АЛМАТЫ МЕН НҰР-СҰЛТАН
2018 жылы швейцариялық AirVisual ұйымы жариялаған есепте Қазақстан ауаның ластану көрсеткіші жағынан (ауа құрамында тыныс алу және қан айналым жүйесіне әсер ететін РМ2,5 бөлшектерінің мөлшері бойынша – ред.) әлемде 20-орында тұрған.
Қазақстанның ірі қалалары – Алматы мен Нұр-Сұлтан бір ай бұрын коронавирус пандемиясына байланысты карантинге жабылған. Қазақстандағы ауа сапасының жақсаруы және оған карантиннің әсері туралы сарапшылар пікірі екіге жарылды.
Коронавирус қоршаған ортаның тазаруына әсер етті, өйткені әдетте экологияның ластануының антропогендік сипаты бар.
"Жемқорлыққа қарсы халық комитеті" қоғамдық ұйымының жетекшісі және халықаралық экология академиясының президенті Мұсағали Дуамбеков коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин қоршаған ортаға оң әсер етті деп есептейді.
- Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ауаның ластануына үш фактор әсер етеді: көліктен бөлінетін улы газ, жылу электр станциясы мен көмір және өзге де отын жағатын жеке сектордан шығатын түтін. Коронавирус қоршаған ортаның тазаруына әсер етті, өйткені әдетте экологияның ластануының антропогендік (адамның табиғатқа әсері – ред.) сипаты бар, - дейді Дуамбеков.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің сөзінше, бір қыста ЖЭС-1 және ЖЭС-2 – 3 миллион 800 мың тонна, жеке сектор 500 мың тонна көмір жағады. Қыс мезгілінде ел астанасын жылытуға 4,5 миллион тонна көмір жағылады. Соның салдарынан атмосфераға 40 мың тонна зиянды қалдық бөлінеді дейді шенеунік.
Нұр-Сұлтан мен Алматыда жылыту маусымы 21-22 сәуірде аяқталды. Алматылық эко-белсенді Павел Александров ауадағы PM2.5 қалдығының мөлшерін өлшеп, нәтижесін AirKaz.org сайтына жариялап отырады. Ол сондай-ақ "Қазгидромет" ұйымымен де жұмыс істейді. Эко-белсенді қала ауасының тазара бастауының себебін карантиннен емес, жылыту маусымынан іздеу керегін айтады.
- Сәуірдің ортасынан қаланың ауасы тазара бастайды. Бұл шамамен қазан айының ортасына дейін жалғасады. Алматы ауасының ластану деңгейін бақылап жүргеніме үш жыл болды. Осы уақыт ішінде байқағаным, маусым сайын ауадағы өзгеріс қайталанып отырады. 2020 жылы да солай болады, – дейді Александров.
Ауа сапасының жақсарғанын астана тұрғындары да байқаған. Олар ауаның ластануына жылыту маусымы ерекше әсер ететінін айтады.
- Қаланың ауасы тазара бастағаны анық. Бірақ жылыту маусымы әлі біткен жоқ. Жеке секторда тұратындар көмір жағып отырған жерлерде ауаның лас екені байқалады, - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Рүстем Жансейітов.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы "Биосфера экологиясы" физика-химиялық зерттеу әдістері мен сараптама орталығының зертхана меңгерушісі, 15 жылдан бері ауаның сапасын зерттеумен айналысып жүрген эколог Насиба Байматова әріптестерінің пікіріне қосылмайды. Ол тұман азайғанымен, карантин елдегі ауа сапасына айтарлық әсер еткен жоқ деп санайды. Сарапшының пікірінше, карантин бар болғаны ауаның ластануына ықпал ететін көздердің бірқатарын азайтқан.
- Бізде ауаның ластануы кешенді түрде жүреді. Көлік жүруіне тыйым салып еді, ауаның ластануы азайып шыға келді деген байлам жасауға болмайды. Температураның өзгеруі, жауын-шашынның мөлшері, желдің бағыты сияқты өзге де факторларды ескеру керек, - дейді ол.
Органикалық қосындылар – у сияқты. Кішкене қасығының өзі ағзаға килограмм тұз жегенмен бірдей зиян келтіреді,
Байматованың сөзінше, елдегі көп елді мекенде байқалатын тұман – "улы газдардың ірі қосындысы" емес, масса. Эко-белсенділер бақылау жүргізіп, арнаулы құрылғылар көрсететін деректер ауа құрамындағы қозғалыссыз бөлшектер мониторингіне жатады. Ал Байматова адамның денсаулығына әлдеқайда қауіпті саналатын, ұшатын органикалық қосындыларды өлшеу саласында зерттеу жүргізеді. Ұшатын органикалық қосындылардың негізгі көзі – кез келген жану процесі (қатты, сұйық отындардың, оның ішінде көмірдің жануы). Жанатын заттар қатарында кейде канцерогендер де болады, ал олар онкологиялық ауру туғызуы мүмкін.
- Қарапайым тілмен айтсақ, белсенділер мен "Қазгидромет" мониторинг жүргізетін бейорганикалық қосындылар – тұз. Оның зияны килограмдап жегенде ғана байқалады. Ал органикалық қосындылар – у сияқты. Кішкене қасығының өзі ағзаға килограмм тұз жегенмен бірдей зиян келтіреді, - дейді Насиба Байматова.
ТЕМІРТАУ
179 мың халқы бар, қара түсті қарымен танылған Теміртау қаласы да наурыздың 30-ынан бастап карантинге жабылған. Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар карантин ауаның ластануы мәселесіне оң әсер етуі мүмкін дегенге күмәнмен қарайды.
Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков қолында өндірістік нысандардың жұмысы туралы дерек жоғын, сондықтан соңғы тенденцияларға баға беру қиын екенін айтады.
- Ірі өндіріс орындарының ешқайсысы әзірге өндіріс көлемін азайтатыны жайлы мәлімдеме жасаған жоқ. Өнеркәсіп саласының қазіргі жағдайы туралы нақты дерек жоқ. Тоқтаусыз циклде жұмыс істейтін металлургия, энергетика сияқты өнеркәсіп орындары жұмыс істеп тұр, - дейді эколог.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Теміртауда арнайы аспап ауаның қатты ластанғанын көрсеттіҚазақстандағы жалпы өндірістік қалдықтың 24 пайызы (305 мың тонна) Теміртауға тиесілі. Қаладағы өндірістік қалдықтың 80 пайызын "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургия комбинаты шығарады.
Бірақ компания ауаны негізінен жылу электр станциялары ластайтынын айтады. Карантинге қарамастан, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысын тоқтатқан жоқ. Бұл ақпаратты компанияның бас директорының кеңесшісі Алексей Агуреев растады.
Теміртауда "Отражение" қоғамдық экологиялық ұйымы АҚШ елшілігі бөлген қаржыға ауаға мониторинг жүргізетін арнайы аспаптар (датчик) орнатқан. Жергілікті экологтар карантин кезінде ауа сапасының аздап жақсарғаны байқалғанын айтады.
"Отражение" қоғамдық экологиялық ұйымының басшысы Елена Варганова ауа сапасын тексеретін аспаптардан алынған деректердегі өзгеріске карантин емес, басқа фактор әсер еткен деп санайды.
- Бізде бәрі желге байланысты. Жел жоқ кезде көрсеткіштер жоғары болады. Қалада көлік азайғанымен, құралдардың көрсеткіші жағдайдың өзгермегенін көрсетіп отыр, - дейді Варганова.
АУА ЖӘНЕ COVID-19
Көп елдің ғалымдары ауаның сапасы мен COVID-19 вирусынан көз жұмғандар арасында байланыс бар деген қорытындыға келген.
АҚШ-тағы Гарвард университетінің ғалымдары сәуір айының басында жариялаған зерттеуде елдің үш мыңға жуық округінен алынған деректерді талдап шыққан. Ғалымдардың пікірінше, ауадағы улы бөлшектер көлемі сәл ғана – 1 мкг/шаршы метр PM2,5 артса, COVID-19 вирусынан қайтыс болатын науқастар саны сегіз пайызға көбейеді.
Италияның Сиена университеті мен даниялық Орхус университетінің ғалымдары жариялаған зерттеу Италияның коронавирустан көп адам көз жұмған солтүстік бөлігінде елдегі ең нашар ауа көрсеткіші тіркелгенін анықтады. Бүкіл ел аумағында коронавирус жұқтырған адамдардың төрт пайызы, ал солтүстік аудандарда 12 пайызы қайтыс болған.
Неміс ғалымдары да сәуірдің 20-сына жариялаған зерттеуінде осыған ұқсас қорытындыға келген. Олар атмосфера құрамында азот диоксидінің мөлшері жоғары және ауа айналымы нашар аудандарда тұратын азаматтар "коронавирусқа сезімтал келетінін" анықтады.
Зерттеуде "Солтүстік Италия, Испанияның астанасы Мадрид пен Қытайдың Ухань қаласы таудың ортасында орналасқан. Сондықтан бұл қалаларда ауаның алмасуы нашар және улы заттардың мөлшері көп" екені айтылған. Мұндай аумақ пен ландшафт Алматы табиғатын еске салады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын тіркелетін адам өлімінің жартысына жуығына қан-тамыр аурулары, ал төрт пайызы – созылмалы респираторлық аурулар себеп болады.
Сарапшылар бұл аурулардың халық арасында кең таралуын ауаның сапасымен байланыстырады. Ресми дерек бойынша, қазір елде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар 3 мыңға адамға жуықтады, 25 адам вирустан көз жұмған.