Екібастұз: төтенше режим аяқталғанмен жағдай жақсарып кеткен жоқ

Бауыржан Момышұлы көшесінде тұратын Олег Дикач пәтеріндегі шылапшынға қатқан мұзды көрсетіп тұр. Ол тұратын үйге жылу 6 желтоқсанда берілген. Бірақ тұрғын пәтеріндегі жылу батереясы мен құбыр жарылғаны себепті әлі жылусыз отырғанын айтады.

Павлодар облысының оңтүстік-батысында жатқан Екібастұз қаласында 150 мыңдай адам тұрады. "Богатырь", "Солтүстік" және "Шығыс" тәрізді ірі көмір кеніштері бар өңірдегі қаланың жылу орталығында қарашаның аяғында апат болып, бірнеше қазандық істен шықты.

Мамандар апатқа жылу орталығындағы жабдықтың әбден ескіруі себеп дейді. Билікке өкпесі қара қазандай тұрғындар бұл мәселе үкіметке бұған дейін бірнеше рет айтылғанымен ешқандай реакция болмады деп ренжиді.

Екібастұз қаласында 689 көппәтерлі тұрғын үй мен 82 әлеуметтік нысан орталық жылу жүйесіне қосылған. Жергілікті билік 28 қарашада қалада төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.

– Біз далада қалғандай күйдеміз. Жылу құбырын оңдап болғанда, су құбыры жарылды. Бәріне өзіміз ақша жинадық, қажет құрал-жабдықты өзіміз сатып алып, дәнекерлеуші жалдадық, – дейді тұрғындар.

Он күннен бері тастай суық үйін жылыту үшін әбігерге түскен тұрғындар ескірген құбырды өздерінше жөндеген болып, қолда бармен жамап-жасқап, қымтап орап қойған. Бірақ оның қанша уақыт шыдас беретіні белгісіз.

Екібастұз жылу орталығында апат болған кезде ауа температурасы -30 градусқа дейін суытқан. Өңірде аяздың беті әлі қайтпай тұр.

Жергілікті жылу орталығындағы апат салдарынан аязды күні тастай суық үйде тоңып, берекесі қашқан тұрғындар жылусыз қалғанына қоса су құбыры жарылып, кәріз жүйесінің істен шыққаны жығылғанға жұдырық болып тигенін айтады.

Тұрғын үйдегі пәтердің жарылған жылу батареясын ауыстырып жатқан адамдар.

Жарылған құбырдан аққан судан қалың болып қатқан көк мұз қаланың әр тұсынан көзге шалынады.

Жылу мен сусыз қалып, кәріз жүйесі қатқан үйлердің тұрғындары ауыз суды сырттан тасып ішуге мәжбүр болды.

Жылу желісімен бірге су құбыры да істеп шыққан үйлердегі тұрғындарға ауыз суды арнайы көлікпен жеткізді.

Үйіндегі су құбыры істен шыққан адамдар аулаға келген арнайы көліктен су алып жатыр.

Көпқабатты кейбір үйлердің сыртын тұтас көксүңгі мұз құрсаған.

Екібастұз жылу орталығындағы апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб 8 желтоқсанда қалада "жылу толық берілгенін", бірақ екі мектеп, балабақша мен балалар үйін қосқанда оннан астам нысанның құбырын қайта жалғау үшін жылу беру уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Тұрғындардың кейбірі үйінің әлі де суық екенін, су құбырының әр жерден жарылып жатқанын айтады.

Жарылып, әр тұсынан су атқылаған құбырларды жөнге келтіре алмай әуре-сарсаңға түскен жұмысшылар әбден тозып, шіріген желіні жамап-жасқағаннан пайда жоғын айтады. "Бұған осы құбырларды дер кезінде жөндемей я ауыстырмай, қараусыз қалдырған бастықтар кінәлі" дейді олар.

Жергілікті белсенділер Екібастұз жылу жүйесіндегі апат қаланың инфрақұрылымы қараусыз қалғанын көрсетті деп санайды.

Екібастұздағы жылу электр орталығы "Орталық Азия электр энергетика корпорациясы" (ОАЭК) акционерлік қоғамының иелігінде.

"ОАЭЭК" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Бағдат Орал ЖЭО табысты жұмыс істеуі үшін қызмет бағасын көтеруге тура келетінін, бірақ әлеуметтік сала нысаны болғандықтан тарифті көтеруге мүмкіндік болмағанын айтады. Ол ЖЭО-ны мемлекет иелігіне қайтару жайлы шешім барын да растады.

Төтенше жағдай кезінде жедел жөндеу жұмыстары атқарылып, әупірімдеп жүріп жылу берілген үйлердің ішіндегі батареялары да жарылып жатыр. Көбінікі жылу берілмей қалған соң екі-үш күн өткенде сыр берсе, кейбір пәтерде апаттан кейін жылу қайта берілгенде жарылған.

Жарылып, тесілген ескі құбырды ауыстырып жатқан жұмысшылар

Екібастұз жылусыз қалғанда қалаға арнайы барған премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр алғашында Екібастұздағы жылу проблемасының себебін "станция қызметкерінің қателігінен" іздеген.

"Көптеген құбыр жарылып, аса көп мөлшерде су кетуі салдарынан ЖЭО қазандықтары істемей қалды" деп түсіндірді Скляр.

Қала халқының жылусыз, кейбірінің тіпті жарықсыз әрі сусыз отырғанына екі аптаға жуық уақыт өткенде, Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің превенция қызметінің жетекшісі Саян Ахметжанов бұл апат жемқорлық салдары болуы мүмкін дегенді айтты.

Қала әкімі Аян Бейсекин: "Биылға белгіленген тариф аясында Екібастұз жылу электр саласына 500 миллион теңгедей қаражат жұмсады, оның 300 миллион теңгесі ЖЭО-ға, ал жөндеу жұмыстарына 200 миллион теңге жұмсалды" дейді.

Екібастұздағы ЖЭО-ның бұрынғы инженері Сергей Соколов: "Гидравлика мен жылу режимі егіз тәрізді қатар сақталуы тиіс. Бірақ бұл жүйе бізде мүлде бұзылған. Қалада жылу жүйесіне әртүрлі қосымша тұтыну көздері жоспарсыз, қалай болса солай қосылады. Оның бәрін ретке келтіру үшін бұл мәселеге үкімет араласуы керек" дейді.