ІІМ НАРАЗЫЛЫҚҚА ӘБЛЯЗОВТі АЙЫПТАДЫ
Алматыда жүздеген адам «Астана» алаңына келіп, сайлауға қарсылық білдірді. Олар «Бойкот!», «Масқара!» деп айғайлады. Полиция жүзден астам адамды ұстап, бөлімшеге апарды.
Алматыда ұсталғандар арасында Азаттық тілшісі Петр Троценко, Vlast.kz журналисі Екатерина Суворова, халықаралық AFP агенттігінің журналисі Крис Риклтон бар. Полиция тілшілерді бір сағаттан кейін босатқан.
«Бірнеше рет журналист екенімді айтсам да, ұсталғандармен бірге тергеді. Кейін формасыз кірген бір адам «Троценко кім?» деп сұрады. Мен екенімді айтып едім, босатты. Полиция формасын кигендердің бірі журналист екенімді бірден айтпадың ба деп ескертті» деді Троценко.
Your browser doesn’t support HTML5
Нұр-Сұлтанда да түстен кейін полиция "Жастар сарайы" маңында митингіге шықпақ болғандар ондаған адамды ұстады. Оқиға орнынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді де полиция ұстап, автобусқа отырғызған. Оларды Есіл аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген. Полиция Сәния Тойкенді бір сағаттан соң босатты.
Шымкентте Бауыржан Момышұлы мен Тәуке хан көшесінде полиция жиырмаға жуық адамды ұстады. Полиция ұстаған адамдар ешқандай ұран айтпаған. Полиция Азаттық тілшісіне «адамдарды кім екенін анықтау үшін ұстағандарын» айтты.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритманн Twitter парақшасында «журналистер жұмысын атқарып жүргенде, ал адамдар бейбіт митингіге шығу құқығын пайдаланған кезде ұсталды» деп жазды.
Ішкі істер министрлігі маусымның 9-ы күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда жүзге жуық адам ұсталғанын растады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, Алматы мен Нұр-Сұлтанда елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының шақыруымен қаладағы орталық алаңға жүздеген адам жиналған.
- Ұйымның қашқын жетекшісі билікті алалау және сайлауға бойкот жариялау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырды. Бірақ соған қарамастан сайлау штатты жағдайда өтіп жатыр. Әрине, мұндай жаппай насихат жұмысы "нәтижесіз" қалуы мүмкін емес, кейбір азаматтар соларға ерді, бірақ тәртіп пен заңды орнатумен айналысамыз, - деді Қожаев Орталық сайлау комиссиясының жиында.
Қожаев кешкісін тағы да брифинг өткізіп, Алматы мен Нұр-Сұлтанда "қоғамдық тәртіпті бұзған" 500-дей адам ұсталғанын мәлімдеді.
Қожаевтың сөзінше, "екі қалада радикал пікірдегі адамдар заңсыз митинг ұйымдастырылып, қоғамдағы тыныштықты бұзбақ болған". ІІМ өкілі митингіге қатысқандарды "арандатушылар" деп атап, олардың заң алдында жауап беретінін айтты.
Министрдің орынбасары полицияның әрекетін заңға сай деп сипаттады.
- Полиция өздерін заңға сай ұстады. Адамдарды ұстаған кезде ешқандай құрал қолданған жоқ. Әлеуметтік желіде "адамдар полицияның қолынан зардап шекті, қаза тапты" деген ақпарат шындыққа жанаспайды, - деді Қожаев.
Министрлік өкілінің айтуынша, "наразылық кезінде ешкім дәрігер көмегіне жүгінбеген. Заңсыз митинг өткен жерде 12 адам дәрігерге қаралған. Олардың көбінің қысымы көтерілген. Наразылық кезінде үш полицияның зардап шеккен".
Қожаев "наразылар полицияға тас, қолдарына түскен заттарды лақтырды. Көз ашытатын баллон қолданды" деп айыптады.
Министрлік өкілінің сөзінше, екі полицияға тас тиген, біреуінің көзі газ баллонынан күйген.
Your browser doesn’t support HTML5
Маусымның 9-ы күні Азаттық тілшісі сайлауға дауыс беруге келген елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Елдегі наразылықтан хабарыңыз бар ма? "Тоқаев біздің президентіміз емес" деген елде көтеріліп жатқан ұранға не айтасыз?" деп сұрады
- Оның бәрінен хабарым бар. Мен әртүрлі жаңалықтарды естіп отырмын. Бұл - халықтың таңдауы. Егер кейбір азаматтар осындай ұрандар тастаса, енді олардың таңдауы сондай, - деп жауап берді Тоқаев.
«ҚЫЗЫМ ҮШІН ДЕ ДАУЫС БЕРДІМ»
Маусымның 9-ы күні Азаттық тілшілері Алматы, Шымкенттегі сайлау учаскелерінде бірнеше заң бұзу фактілерін байқаған. Азаттық журналисі Алматыдағы Алғабас шағын ауданындағы №528 сайлау учаскесінде дауыс берушілердің бірі дауыс беру жәшігіне екі бюллетень салғанын байқаған.
Дауыс берген адам «қызым үшін де дауыс бердім» деді. Ал сайлау учаскесінің төрайымы екі бюллетень бір-біріне жабысып қалған болар» деп жауап берді.
Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі қаладағы №152 сайлау учаскесінде дауыс беру жәшігінде бес бюллетень бірге бүктеліп жатқанын көрді. Бірақ сайлау учаскесінің төрайымы Азаттық тілшісіне әуелі "бір отбасыдан салған шығар" деп айтқанмен, кейін бұл оқиғаны мүлде жоққа шығарды.
Азаттық тілшісі №480 сайлау учаскесінде дауыс беру кабинасынан екі адамның шыққанын көрген. Олар тілші сұрағына жауап бермей кетіп қалды. Сайлау уческесінің төрайымы Шолпан Оспанбекова дауыс беру басталғаны кабинаға екі адам кірген оқиға болғанын айтты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген сайлау учаскесінде бақылаушылардың бірі бюллетень салатын жәшіктің дұрыс бекітілмегенін байқаған.
ИНТЕРНЕТТЕГІ АҚАУ
Әлемдегі интернет бостандығын бақылайтын халықаралық NetBlocks тобы маусымның 9-ы күні Қазақстанда бұғаттаулар байқалғанын хабарлады. Ұлыбританиядағы ұйымның атқарушы директоры Альп Токер Азаттыққа Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 11 шамасында интернет жылдамдығының күрт баяулап кеткенін айтты. Түске қарай жылдамдық жартылай қалпына келген.
NetBlocks тобының хабарлауынша, таңертеңгі сағат 7-ден бастап Қазақстанда желілердің тікелей эфир тарату функциясы істемей қалған. Топтың кейінірек жариялаған есебінде «Маусымның 9-ы күні таңертең қазақстандық интернет-провайдерлердің онлайн-стримингті бұғаттап, интернет байланысын шектеді» деп жазды.
Түстен кейін қазақстандық қолданушылар қоғамдық орындарда мобильді байланыстың жөнді істемей тұрғанына шағымданды. Бұған Азаттық тілшілері де куә болды. Сайлау учаскелері мен шаралардан тікелей эфирде хабар таратпақ болған Азаттық тілшілерімен байланысу қиынға соқты.
Альп Токер Азаттыққа «сайлау күні ақпарат таратуды шектеу үшін интернет әдейі бұғатталғанын» айтты.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.
Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.
Полиция адамдарды қалай ұстады? Алматы, 9 маусым 2019 жыл.