Апта бейнелері: 14 – 19 қазан

14 қазанда Мәскеудің Бирюлев ауданында ұлтшылдар тәртіпсіздік жасады. Оған "орыс азаматын мигрант өлтірді" деген ақпарат себеп болды.

Шеру бүлікке ұласып, бүлікшілер дүкен қиратып, мигранттар істейтін көкөніс қоймасына басып кірмек болды. Оларды полиция ұстады.

Апта басында Коломнада "кісі өлтірді" деген әзербайжандық Орхан Зейналов тұтқындалды.

15 қазанда үш күнге созылатын Құрбан айт мерекесі басталды. Мерекенің алғашқы күні демалыс болып жарияланды. Айт қарсаңында Астана мен Алматыдағы құрбан шалатын орындар белгіленіп, әкімдік мақұлдамаған жерде құрбан шалған адамдардың айыппұл төлейтіні хабарланды.

Мәскеуде полиция арнайы операция жүргізіп, 1 мың 600-ге тарта мигрантты ұстады. Операция Мәскеудің Бирюлево ауданында ұлты орыс жас жігіттің қазасынан соң басталған жаппай толқулардан бір күн өткеннен кейін жүргізілді.

16 қазанда "Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев қамаудан шықты. Ол 1 қазанда Астанада өткен борышкерлердің митингісінен кейін "рұқсат етілмеген жиын өткізді" деп айыпталып, сот шешімімен 15 тәулікке қамалған болатын.

1 қазанда Алматы, Астана, Шымкент, Талдықорғаннан Астанаға жиналған, өздерін "ипотекаға үй алып, қарызын өтей алмай жүрміз" деп атаған 200-ге жуық борышкер президенттің атына қарыздарын жоюды сұраған хат тапсырмақ болған еді. Бірақ оларды полиция президент резиденциясы - Ақордаға жеткізбеді.

16 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан парламенті сенатының төрағасы болып сайланды. Тоқаев бұған дейін БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігі басшысы болған. Ол сыртқы істер министрі, премьер-министр, Қазақстан парламенті сенатының төрағасы қызметтерін атқарған.

Мәскеудің Киров облыстық соты 16 қазанда Алексей Навальный мен Петр Офицеровтің "Кировлес" компаниясындағы қаржы жымқыру ісі бойынша бас бостандықтарынан айыру жазаларын шартты жазаға өзгертті. 18 шілдеде сот Навальныйды "Кировлес" мемлекеттік мекемесінен 16 миллион рубль қаржы жымқырды деп айыптап, оны бес жылға, ал Петр Офицеровті төрт жылға соттаған еді. Навальный "істің саяси астары бар" деп есептейді. Ресей президенті Владимир Путиннің саясатын сынап, жоғарғы биліктегі жемқорлықты әшкерелейтін істерімен танылған 37 жастағы азаматтық белсенді Алексей Навальный 8 қыркүйекте өткен Мәскеу мэріне сайлауға түсіп, ресми есеп бойынша екінші орын алған.

17 қазан күні Алматыда Іле Алатауы ұлттық паркінде 2012 жылы болған жаппай кісі өліміне күдікті, "террористік ұйым жұмысына қатысты" деп айыпталған Саян Хайыровтың ісі бойынша алғашқы сот тыңдауы басталды. 2012 жылы тамыз айының ортасында Алматы маңындағы ұлттық парк аумағынан 11 адамның мәйіті табылған еді. Олардың арасында парктің қорықшысы да болған. Бір адам сол оқиғадан соң із-түзсіз жоғалып кетті. Кісі өліміне күдікті деп былтыр қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының тумасы Саян Хайыров пен Жамбыл облысынан шыққан Зауырбек Ботабаевқа іздеу жарияланған. Саян Хайыров 2013 жылы мамырда Бішкекте ұсталып, Қазақстанға қайтарылған.

АҚШ президенті Барак Обама елді бюджет дағдарысынан шығарып, үкіметтік мекемелер жұмысына қайта кірісетін заң жобасына қол қойды. Осылайша АҚШ дефолттан аман қалды. Дауға айналып, елді дефолтқа ұрындыра жаздаған заң жобасын Конгресс екі апта талқылады. 16 қазанда ғана Конгрестегі екі партия мәмілеге келді. Конгресс мүшелері үкіметтің қарыз алу шегін 16 триллион 700 миллиард АҚШ долларынан асыру жөнінде бір мәмілеге келе алмай, елде бюджет дағдарысы туындаған еді. 17 қазанға дейін Конгрестегі екі партия өкілдері келіспесе, АҚШ-та дефолт жарияланып, ол әлемдік қаржы дағдарысына қосымша себеп болатын еді.

17 қазанда "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі "Теміртауда "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының ғимаратына жанғыш сұйықтығы бар шөлмек лақтырған еңбек мүгедегі ұсталды" деп хабарлады. Компания кәсіпорындарында еңбек етіп жүріп денсаулықтарынан айырылып, мүгедек атанған азаматтар осы күні өтемақы төлеуді талап еткен. Наразылық танытушылардың бірі компания департаментінің ғимаратына жанғыш сұйықтығы бар шөлмек лақтырып, екі адам зардап шеккен. «Арселор Миттал Теміртау» кеңсесінде өткен наразылық акциясы кезінде «өрт шығарған» жұмысшыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әріптестері жергілікті биліктен оған араша түсуді сұрайды.

19 қазанда Астанада «Антигептил» қозғалысының белсенділері қарсылық акциясын ұйымдастырды. Белсенділер гептил отынымен ұшатын Ресейдің «Протон-М» зымыран тасығышын Байқоңырдан ұшыруға, қазақ жерінде атом электр станциясын салуға және ядролық қалдықтар әкелуге қарсылықтарын білдірді. 2 шілдеде Байқоңырдан ұша бергенде апатқа ұшыраған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің таралуы Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызды.

19 қазанда Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының маңындағы алаңда «Лайықты өмір сүру үшін» деген тақырыппен митинг өтті. Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы ұйымдастырған жиынға ондаған адам қатысқан. Митингке жиналған ондаған адамның арасында коммунистік халықтық партиясынан сайланған мәжіліс депутаттары, зейнеткерлер мен жастар болған. Жиында сөйлегендер азық-түлік бағасы мен коммуналдық тарифтерді қымбаттатуға, зейнет жасын ұзартуға қарсылық білдіріп, зейнетақы мен бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға жеңілдіктер енгізіп, жас және көпбалалаы отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету туралы туралы талаптар айтқан.