Қазақстанның екінші президентінің бір жылы. Елде не өзгерді?

Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурация кезінде. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.

Тура бір жыл бұрын, 2019 жылғы 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев ант беріп, Қазақстанның екінші президенті ретінде қызметіне кірісті. Ол басқарған бір жылда елде қандай өзгеріс болды?

2019 жылы 9 маусымдағы кезектен тыс сайлауда жеңімпаз деп жарияланған соң үш күн өткенде Тоқаев ан қабылдап, тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті болды. Ол сайлауда 71 пайыз дауыс алды деп жарияланғанымен, халықаралық бақылаушылар науқан кезінде көп заң бұзылғанын тіркеді. Бұған қарамастан жеңіске жетті деп танылған Тоқаев үшін президенттіктің алғашқы жылы оңай болған жоқ.

Елдің алғашқы президенті қызметтен кететінін мәлімдеп, орнына сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты уақытша президент етіп қалдырған 2019 жылғы 19 наурыздан бастап бұл жоғары лауазымға Тоқаевтың сайланатынына ешкімнің шүбәсі болмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 20 наурыз 2019 жыл.

Тоқаев қоғам тарапынан қатты наразылыққа тап болып, елде митингілер жиіледі. Бұл ол үшін күтпеген тосын сый болды.

Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның елдегі екінші жоғары лауазымды қызмет – сенаттың төрағалығына сайлануы әрі ел астанасы Астананы азаматтардың пікірін сұрамастан Нұр-Сұлтан етіп ауыстыру жағдайды ушықтырып жіберді.

Глазго университетінде Орталық Азияны оқытатын ғалым, жақында жарық көрген "Қазақстанның сыртқы саясатына талдау: Назарбаев дәуіріндегі неоеуразианизм дәуірі" деп аталған кітаптың авторы доктор Лука Анчески Тоқаевтың астана атауын жылдам ауыстыруын "шешуші сәт" деп санайды. Бұл оқиға "Қазақстанда авторитарлық режимнің жалғасатынын және Назарбаевпен ұзақ қоштасу кезеңіндегі халықтың өзгеріске шақырған үндеуіне биліктің құлақ аспайтынын дәлелдеді" дейді.

Тоқаев уақытша президент бола салысымен елде наразылық басталды. Оның ауқымы 2016 жылғы сәуір-мамырдағы жерді жекешелендіруге қарсы шерулердей болмағанымен, тұрақты түрде өтіп тұрды. Бұл оқиғалар қоғамның кей бөліктерінің басқарылған транзитке бас шұлғи салмайтынын көрсетті.

Қазақстан халқы бірлігі күні биліке талап айтып, наразылық акциясына шыққан адамдар. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Жұрттың көбі нағыз өзгеріс болар деп күтті және елді отыз жылдай басқарған Назарбаевтың кетуі жаңа басшыға талаптарын жеткізуге тиімді уақыт деп санады.

Бірақ Тоқаевтың әу бастан Назарбаев салған жолмен жүремін деп уәде бергені әрі бірінші президенттің Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы болып тағайындалуы бұл үмітті азайта түсті. 2018 жылы конституцияға енген өзгерістер Қауіпсізік кеңесіне жаңа құзырет беріп, оның билігін кеңейте түскен еді.

Тоқаев 2019 жылғы 9 маусымда өткен сайлауда 70,96 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Тоқаевтың алты қарсыласының ішінде "Ұлт тағдыры" патриоттық қозғалысының атынан додаға түсіп, өзін оппозицияшыл кандидат ретінде көрсеткен Әміржан Қосанов 16,23 пайыз дауыс жинады.

Кезектен тыс президент сайлауы өткен күні наразылық акциясына шыққан адмдар. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 года.


Бұл – Қазақстан тарихында болған президент сайлауларымен салыстырғанда солғындау нәтиже. Назарбаев ешқашан 81 пайыздан төмен нәтиже көрсеткен емес (1999), әдетте ол 90 пайыздан жоғары дауыс жинап келген (1991, 2005, 2011, 2015 жылдардағы сайлаулар). Оның үстіне бұл өзгерістен үміт күткен жұрт үшін елеулі жеңіс болды. Себебі Назарбаев "қарсыластарының" ешқайсысы бұрын-соңды Қосановтікіндей көп дауыс алып көрген емес. Осыған қарап кей адамдар Тоқаев саяси режимнің тізгінін сәл босаңсыта ма деп үміттенді.

Бірақ бұл Тоқаев үшін ауыр жыл болды әрі бұған "оянған" саяси оппозиция ғана себеп болған жоқ.

ҚОС БИЛІК

Тоқаев президент болған бір жыл ішінде көп жұрт оны Қазақстанның бірінші президенті әрі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билігін сақтап қалған Назарбаевтың қуыршағы деп санады.

Назарбаев үкімет өкілдерімен, банк төрағасымен, шеттен келген жоғары лауазымды адамдармен, мемлекет басшыларымен үнемі кездесіп отырды. 2019 жылғы қарашада Ташкентте өткен Орталық Азия басшыларының саммитіне де, желтоқсанда Санкт-Петербурге өткен Еуразия экономикалық одағы елдері басшыларының бейресми жиынына да Тоқаев емес, Назарбаев барды.

21 қазанда Тоқаевтың министрлердің көбін (қорғаныс, ішкі істер, сыртқы істер министрлерінен басқаларын), президент әкімшілігі мүшелерін, бас прокурорды, Ұлттық банк төрағасын, ұлттық гвардия басшысын, жемқорлыққа қарсы агенттік басшысын, аймақтар мен ірі қалалар әкімдерін және басқа да лауазымды адамдарды тағайындардан бұрын Назарбаевтың рұқсатын алуын талап ететін президент жарлығы жарияланды. Тоқаев бұл жарлыққа 9 қазанда қол қойған.

Назарбаев бұдан әрі мемлекет басшысы емес деп кесіп айту қиын болып қалды.

Тоқаевқа елдегі қос билік туралы сұрақ жиі қойылды. Ол Назарбаевтың бірінші президент және "елбасы" ретінде құрмет пен беделге ие екенін, тәжірибелі саясаткер ретінде оның пікіріне құлақ асатынын айтумен болды.

Сонда да билік тізгіні кімнің қолында екенін айыру қиын еді.

НАРАЗЫЛЫҚ ТОЛҚЫНЫ

Тоқаев ант беріп, президенттікке кіріскен күні наразылық басталды, демонстрация инаугурация өткен соң да бірнеше күнге созылды.

"Шындықтан қашып құтылмайсың", "Тоқаев менің президентім емес", "Нұр-Сұлтан менің астанам емес", "Дариға сенат спикері емес" деген ұран көтерген наразылықтар мұның алдында да өткен. Назарбаев әлі де ел басқарып отыр деп сенген жұрт "Шал, кет!" деп ұрандай бастады.

12 маусым. Алматыдағы оқиғаның хроникасы

Your browser doesn’t support HTML5

12 маусым. Алматыдағы оқиғаның хроникасы


Көбіне Назарбаевтың тұсында туып-өскен жастардан құралған "Оян, Қазақстан" қозғалысы бейбіт шерулер өткізіп, Тоқаев инаугурациясының қарсаңында конституцияға өзгерістер енгізу туралы үндеу жасады. Олар сол арқылы Қазақстанды президенттіктен парламенттік басқару формасына ауыстыруға шақырды.

Кейін адам құқықтарын қорғайтын "Қаһарман" тобы, "Көше партиясы" және журналист Жанболат Мамайдың "Қазақстанның демократиялық партиясы" құрылды.

Қуғындағы банкир, Назарбаевтың ұзақтан бергі қарсыласы Мұхтар Әблязов Ресейдің экстрадициялау туралы сұранысы негізінде үш жылдай Франция түрмесінде отырып, 2016 жылы бостандыққа шыққан соң ол басқарған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы белсене түсті.

Қазақстан соты 2018 жылы ҚДТ-ты экстремистік топ деп жариялаған, сөйтіп оны жақтап, демонстрацияға шығатындарға көбірек қауіп төнді.

2019 жылғы 9-11 маусым аралығындағы наразылықтар кезінде Алматы мен Нұр-Сұлтанда 1 мыңға жуық адам қамалды. 12 маусымда БҰҰ-ның Адам құқықтары ұйымының Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу және пікір білдіру бостандықтарын қамтамасыз ету туралы құқықтық міндеттемелерін орындауға шақырды.

Кейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев 9-13 маусым аралығында 4 мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты.

14 маусымда Алматыда "Менің президентім емес" деген баннер ілінді.

Сол күні Euronews Тоқаевпен сұхбатты көрсетті, онда президент "наразылықтың басты себебі... кедейлік" деді.

Тоқаев наразы жұрттың пікіріне құлақ аспайтындай көрінді.

Астана күні ретінде тойланатын Назарбаевтың туған күні - 6 шілдеде де наразылық шаралары өтті.

Көбіне бір адамнан тұратын наразылықтар жыл бойы әр жерде өтіп жатты. Ең ірі шеру 16 желтоқсан – тәуелсіздік күні Қазақстанның бірнеше қаласында ұйымдастырылды.

Демонстранттар басқа мәселелермен қоса саяси тұтқындарды босатуды талап ете бастады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 2019 жылғы наразылықтың себебі мен салдары

2020 жылғы 24 ақпанда полиция ұстап әкеткен белсенді Дулат Ағаділ абақтыда қайтыс болған соң бұл талап күшейе түсті.

Ағаділдің жұмбақ өлімінен екі апта өткен соң наразы топ босатуын талап етіп жүрген саяси тұтқынды түрмеден босату туралы шешім шықты.

"Қазатомөнеркәсіп" мемлекеттік компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев мемлекет ақшасын жымқырды деп айыпталып, 2010 жылы ұзақ жыл түрме жазасына кесілген. Кейбіреулердің айтуынша, оның қамалуына 2009 жылы елден қашан Мұхтар Әблязовпен жақындығы себеп болған.

Аз уақыт бұрын, 2019 жылғы шілдеде, сот Жәкішевтің денсаулығына байланысты шартты түрде мерзімінен босату туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған.

Билік интернетті, әсіресе демонстрация ұйымдастыруға ыңғайлы құрал саналған әлеуметтік желіні жиі бұғаттаумен болды. Сондықтан Freedom House Қазақстанды интернет бостандығы нашарлап бара жатқан елдердің қатарына қосты.

Оның үстіне билік демонстрация болардан бірер күн бұрын ұйымдастырушылар мен жетекшілерді қамау және тұтқындау әдісін жиі қолданды.

Басқа себептермен де шеруге шыққандар болды.

Көп балалы аналар наразылығына қатысушы Ақорданың алдында тұр. Нұр-Сұлтан. 4 қыркүйек 2019 жыл.

Көп балалы аналар Назарбаев билікте отырған кезде-ақ наразылықты бастаған, осы оқиғалардан соң, ақпанда Назарбаев үкіметті отставкаға жіберген. Олармен қоса жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналар әлеуметтік көмектің мардымсыздығын, оны алудың қиындығын және кейде мүлде берілмейтінін айтып, жиі наразылық өткізді.

Батыстағы мұнайшылар да еңбек шарттарын жақсартып, жалақыны арттыруды талап етіп шеруге шықты.

ҚЫТАЙ МӘСЕЛЕСІ

"Қытайдың Қазақстандағы экономикалық ықпалына қарсымыз" деген жұрт та митинг өткізді. Сондай жиындардың бірі 2019 жылғы 3 қыркүйекте елдің батысындағы мұнайлы қала Жаңаөзенде өтті, жиналғандар Қазақстанда Қытай өндіріс орындарын салуға қарсы шықты, оларды Қазақстанның ең ірі үш қаласы – Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент тұрғындары да іліп әкетті.

Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл


2016 жылғы көктемдегідей жаппай наразылықтың алдын алуды ойлаған Тоқаев 2019 жылғы шілдеде Қазақстанда жер шетелдіктерге сатылмайды деп кесіп айтты, дегенмен ол Қазақстанның "Қытайға қарсы жаһандық майданға" қосылмайтынын да мәлімдеді.

Сонымен бірге Тоқаев үкіметіне Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданындағы саясатының кесірінен туындаған мәселелерді де шешуге тура келді. Пекин Шыңжаңдаған миллионнан аса мұсылманды "қайта тәрбиелеу лагерлерінде" ұстап отыр. Қамалғандардың арасында қазақтар да көп.

Тоқаев ант берерден бірер күн бұрын ғана Шыңжаңнан бір жылдай бұрын келген қазақ Сайрагүл Сауытбай шетелге көшіп кетті. Қытайдағы қайта үйрету лагерінде жұмыс істеген ол отбасымен қауышу үшін 2018 жылдың басында Қазақстанға заңсыз өткен.

Сайрагүл Сауытбай халықаралық ақпарат құралдарына Шыңжаң қазақтарының лагерлердегі сұмдық оқиғаларын айта бастаған соң Қытай үкіметі оны қайтарып алуға тырысқан.

Қазақстан үкіметі халықтың қазақтарды Қытайға қайтаруға қарсы екенін тез байқады. Тоқаев президенттікке ресми кіріскен соң Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтетіндер көбейе түсті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытайдан қашқандарға шыққан үкім – Пекинмен ренжіспеудің амалы"

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы 2019 жылғы қазанда қазақ-қытай шекарасын кесіп өткен. Билік өкілдері бастапқыда "олар Қытайға қайтарылады" деген. Шалғайдағы Зайсан қаласында 2020 жылғы 21 қаңтарда өткен сот процесіне наразы топ жиналды. Екі азамат Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыпталып, қысқа мерзімге түрме жазасына кесілді, Қытайға жіберілмейтін болды.

Шыңжаңнан қашып келіп, осындай жағдайда жүрген тағы бірнеше қазақ бар. Олардың барлығы Қазақстаннан бассауға сұраған.

ЖАРЫЛЫСТАР МЕН АПАТТАР

Президент Тоқаевтың алғашқы жылына ешкім күтпеген апаттар да көп салқынын тигізді.

2019 жылғы 24 маусымда Түркістан облысының Арыс қаласына жақын маңдағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймадағы қару-жарақ жарылды.

Төрт адам қаза тауып, 200-ге жуық тұрғын жарақат алды, қала қатты бүлінді, 40 мыңға жуық кісі эвакуацияланды.

Тамызда Алматыға ауызсу беретін Қарғалы өзенінде сел жүрді, билік елдің ең халқы көп қаласын таза сумен қамтамасыз ету үшін шұғыл әрекет етуге мәжбүр болды.

27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының жолаушы ұшағы Алматы әуежайынан әуеге көтеріле бергенде құлап, 98 адамның 13-і қаза тапты, көп кісі жарақат алды.

2020 жылғы ақпанда оңтүстіктегі Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданында дүнгендер мен қазақтар арасында қақтығыс болып, 11 кісі қаза тапты, 20 мыңға жуық дүнген көрші Қырғызстанға босып кетті.

Наурыздың басында Венада мұнай экспорттаушы елдердің кездесуінде тараптар өндірісті қысқарту бойынша келісімге келе алмай, Сауд Арабиясы өндірісті еселеп арттырды, бұл Қазақстанның басты экспорт тауары – мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасын құлдыратып жіберді.

Наурыздың ортасында Қазақстан елде коронавирус жұқтырған алғашқы адамның тіркелгенін хабарлады, маусымның ортасындағы жағдай бойынша, елде індет жұқтырғандар саны 13500 адамнан асты, 67 кісі осы аурудан көз жұмды. Жұрттың көбі бұл сан тым азайтылып көрсетілген деп санайды.

"ОРЫНДАЛМАС ІС"

Коронавирустың Қазақстанға келуі Тоқаев үкіметін індеттің таралуын тоқтату үшін батыл қадамдарға баруға мәжбүрледі. Басқа елдер сияқты Қазақстан да ірі қалалар мен елдімекендерді карантинге жапты, онсыз да мұнай бағасының арзандауынан шатқаятқап тұрған экономика одан сайын әлсіреді.

2020 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,8 пайызға өседі деп болжанған, қазір бұған еш үміт қалмағандай.

Коронавирусты ауыздықтау үшін енгізілген карантин Қазақстандағы наразылықты біраз уақыт тежеді, бұл Тоқаев үкіметінің біраз дамылдап алуына мүмкіндік берді. Дегенмен, 6 маусымда Алматы мен басқа да қалаларда қайта наразылық болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билік оппозиция митингісіне шыққандарды алаңға өткізбей, жүзден аса адамды әкетті

Биыл шілдеде 80-ге толатын бірінші президент Назарбаев Қазақстанда коронавирус алғаш тіркелген күннен оқшауланып, жұрт алдына шықпайтын болды.

Назарбаевтың ел көзінен таса болуы Тоқаевтың барлық тізгінді өз қолына алуына мүмкіндік берді. Президент мүмкіндігінше ел көзіне жиі түсуге тырысқандай. Ол вирустың таралуына қарсы науқан бастап, аймақ басшыларымен жиі кездесті, басқа елдер басшыларымен телефон не видеобайланыс арқылы жиі сөйлесіп отырды.

Мамырдың басында Дариға Назарбаеваны сенат спикері қызметінен босату туралы шыққан шешім Қазақстанға қатысты жағымсыз ақпаратты бәсеңдетуге ықпал етті.

Дариға мен оның үлкен ұлы Нұрәлидің байлығы, кіші ұлы Айсұлтанның Ұлыбританиядағы ерсі қылықтары мен есірткіге тәуелділігі, Назарбаевтың бауыры Болаттың аста-төк өмірі мен ақша шашуға құмарлығы туралы ақпарат жаңа президент денсаулық сақтау, экономика саласында үлкен қиындыққа тап болып жатқанда оның көңілін бөле берді.

Болат Назарбаевтың "әйелі" қанша ақшаға киінеді?

Your browser doesn’t support HTML5

Болат Назарбаевтың "әйелі" қанша ақшаға киінеді?


Қазақстанды жақсы білетін сарапшы, Dark Shadows: Inside the Secret World of Kazakhstan кітабының авторы Джонна Лиллистің айтуынша, "Тоқаев қиын жағдайда. Ол Назарбаевтың саясатын жалғастырамыз деп уәде беріп билікке келді, оның мұрагер ретінде таңдалу себебі де, оның президенттігінің алғышарттары да – сол".

"Әлеуметтік желіде, көшелерде айтылып жатқан қоғам пікірі реформа жаса деген талапты күшейтті.

- Меніңше Тоқаевтың реформа жүргізуге икемі бар, ол реформаның пайдасын сезіп отыр... – деді Лиллис.

Алайда Тоқаевтың бейбіт жиындар және оппозициялық саяси партия құруға рұқсат ету туралы уәделері жұрт күткендегідей нәтиже бермеді.

Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Заңның кемшілігі қандай?

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Заңның кемшілігі қандай?


"Тоқаев президенттігінің алғашқы жылы, жұмсартып айтқанда, тым ауыр болды. Режим өзіне өзі тілеп алған қиындықтар болды... Сырттан келген қатерлер де болды, бірақ ішкі деңгейде оған тым мардымсыз жауап қайтарылды" дейді Лука Анчески.

Лиллис Тоқаев президенттігінің бірінші жылын былай сипатады: "Ол сабақтастықты сақтай отырып реформа жасаймын деген орындалмас істі мойнына алды. Сондықтан бұл Тоқаев үшін ауыр жыл болды, оны алда әлі талай ауыр сынақ күтіп тұр".