"Нан орнына картоп жейміз". Ұн неге қымбаттады?

Көрнекі сурет.

Қараша айынан бастап Қазақстанда ұн және одан жасалатын өнімдерінің қымбаттағаны байқалды. Биыл астық былтырғыдан аз жиналды деп уәж айтатын билік, нан бағасы айтарлықтай өспейді деп сендіргісі келеді. Кей сарапшының сөзінше, сапалы астық экспортқа жіберілуі ішкі рыноктағы бағаға әсер етеді.

"ҰННАН КАРТОПҚА КӨШУ"

Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы облысы Қабанбай ауылынан Алматыға тақау жерге көшіп келген Омаровтар отбасында он төрт адам бар. Алпыстан асқан шаңырақ иесі Жантөре жұмысқа жарамайды. Әйелі Жамалдың айтуынша, балалары мен келінін бөлек шығару үшін ауыл шетінен жер алып, үй бастағанымен қаражат тауысылып, бітіре алмай тоқтаған.

Қариялардың өздері 60 мың теңге айналасында зейнетақы алады. Балалардың киім-кешегі мен күнделікті ішіп-жеміне бірде жетіп, бірде жетпейді. Азық-түлік үнемдеу үшін айына 50 және 25 келі екі қап ұн сатып алады.

Тұрмысы жұпыны отбасының кешкі асы. Көрнекі сурет.

Бірінші сортты елу келі ұннан нан пісіреді, 25 келі жоғарғы сортты ұнды басқа да ұннан жасалатын тағамдарға пайдаланады. Алайда, ақша үнемдеуге сеп болып отырған ұн да соңғы кездері күрт қымбаттап, отбасы бюджетіне салмақ түсіре бастаған.

Қарияның сөзінше, бұған дейін Шымкенттің 5 мың теңгеден сатылып келген "Пионер" деген бірінші сортты ұнның қабы (50 келі) қазір 8 мың теңге тұрады. Ал жоғары сұрыпты ұнның 25 келісі бес мың теңгеден сатылып жатыр.

- Қысқа тоғыз қап Нарынқолдың картобын алып қойдық. Қазір арзан тұр ғой, килосы 80 теңгеден екен. Ұн қымбаттаса енді нанның орнына картоп жейміз. Соғым соймағалы да үш жыл болды, - дейді Жамал.

Ұн тасып жүрген жұмысшылар. Көрнекі сурет.

Қара күзге қарай ұн бағасының күрт қымбаттай бастағаны әлеуметтік желілерде де сөз болды. Желі қолданушылардың бірі Жәнібек Көпжасар ұн бағасы былтырғымен салыстырғанда "екі есе өсті" деп жазады.

"Былтыр осы уақытта 4 мың теңге болған бір қап ұн қазір 8 мың теңге. Ал біз наразылық танытпақ түгілі "тағы қымбаттайын деп жатыр, 12 мың теңге болады екен, тағы да екі-үш қап алайық деп жүрміз. Жалақымыздың бір тиын да өспегенінде шаруамыз жоқ" дейді ол.

"МИНИСТРДІҢ ЖҰБАТУЫ"

Азаттық тілшісі Алматыдағы бірнеше базарды аралап, ұн бағасын сұрастырып көрді. Ең қымбаты "Dani nan" ұны болып шықты. Сатушылардың айтуынша, бұған дейін келісі 450 теңге болған ұнның бағасы қазір 550-600 теңге аралығында. Ал осы күнге дейін әр келісі 350-400 теңге болған "Цесна" ұны 450-500 теңгеге жеткен.

Алматы базарындағы ұн. 7 қараша 2019 жыл.

Алматыдағы "Түрксіб" базарында 13 жылдан бері ұн және ұн өнімдерін сатумен айналысатын Айнасыл биыл ұн бағасының күрт өскеніне таңырқайды. Оның сөзінше, бұған дейін жылдың осы мезгілде ұн көбейіп, бағасы арзандайтын.

- Бір қап ұнға әрі кеткенде 200 теңге ғана қосып сатамыз. Ең қымбат ұн Шымкенттен келетін Қостанайдың "Дани-наны". Бірінші сортты ұнның келісі 500 теңге. Ал осы сорттағы ең арзан ұнның бір қабы 4000 теңге, - дейді Айнасыл.

Алматыдағы ел аузында "Көк базар" аталатын орталық базар сатушылары да ұнның қымбаттағанын айтады. "Үстеме бағамызды азайтсақ да қымбат болып тұр, алушылар қиналады" дейді олар.

Ауыл наубайханасында нан әзірлеп жатқан адам. Көрнекі сурет.

Базардағы ұн сатушылардың көпшілігі ұнның қымбаттағаны жайлы ашық айтқысы келмейтіні, қысым жасайды деп тартынатыны байқалады. Олар "мұнан кейін ұннан жасалатын тағамның бәрі қымбаттайды, тағы да қымбатшылық басталады" деп алаңдайды.

Азаттық тілшісі Алматы қаласындағы бірнеше дүкенді аралап, нан бағасын да сұрастырып шықты. Сатушылардың сөзінше, нан бағасы қымбаттауы мүмкін деген хабар шыққалы, яғни қыркүйек айының басынан бері бөлке нан бағасы біртіндеп көтеріле бастаған. Қазір бір бөлке нан орта есеппен 70-75 теңгеден өсіп, 80 теңгеге тұрақтаған.

Нан бағасы қымбаттауы мүмкін деген хабарды биыл қыркүйек айының соңында ауыл шаруашылық министрлігі де растаған еді. Қазанның ортасында баспасөзге сұхбат берген ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстан жылдағыдан 1-1,5 миллион тонна астық кем жинағанын айтқан.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

"Егер 19 миллион тонна астық жинасақ, оның 9 миллионы ішкі рынокта қалады, 7-8 миллион тоннасын экспорттаймыз. Тағы да 2 миллион тонна артық қалады. Оның үстіне былтырдан қалған 1,5 миллион тонна астығымыз бар" деген министр күнделікті пайдаланылатын нан бағасы қымбаттамайтынын айтып жұбатқан.

- Астық қымбаттаған жағдайда "Азық-түлік корпорациясы" мен әр облыс әкімдігі тұрақтандырғыш қорға жинаған астықты пайдаланылады, - деді ол.

Министр Қазақстан нан бағасын ұстап тұру үшін резервтегі астық қорын бұрын да пайдаланып, арзандатылған бағамен таратқанын айтады.

- Ішкі рынокты тұрақтандыру үшін жыл сайын ақпан пен шілде арасында "Азық-түлік корпорациясы" нан пісіретін комбинаттарға 150 мыңнан 250 мың тоннаға дейін астық таратады. Биыл 150 мың тонна астық ішкі рынокқа таратылды, - деді ол.

"БІРДЕ АЗАЙЫП, БІРДЕ КӨБЕЙГЕН ЭКСПОРТ"

Азаттық тілшісімен сөйлескен экономист Дәулет Тоқтасынұлы министрдің сөзін алға тартып, "Азық-түлік корпорациясы" арқылы жылда арзан бағамен астық таратып, бағаны ұстап отыр. Биыл да солай істейді. Олай болса биыл неге қымбаттайды?" деген қарсы сұрақ қояды.

Оның сөзінше, "мемлекет арзандатылған азық-түлік арқылы бағаны ұстауға тырысқанымен негізгі бағаны ұн өндіретін кәсіпорындар мен астық элеваторлары белгілейді. Ал санаулы алпауыттардың қолындағы элеваторлар астық бағасын көтере алады".

- Ұн бағасы қымбаттайды деген ақпарат шыққан соң алпауыттар қолдағы астығын барынша сақтап отыруға тырысады, бағаның одан әрі көтерілуін күтеді, - дейді ол.

Мектеп асханасында ұн өнімдерін қосып сорпа әзірлеп жатқан аспаз. Көрнекі сурет.

Қазақстанның астықты өлкесі Қостанай облысында ұн өндірумен айналысатын "Қазақ ұны" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Қайрат Бекенов биыл жаздағы қуаңшылық астықты азайтып қана қоймай, сапасын да төмендетіп жіберді деп санайды. Оның сөзінше, "сапалы астық экспортқа жіберіледі, ал ішкі рынокта қалатын астық көлемі жылдағыдай болғанымен сапасы төмен. Сондықтан сапалы астыққа сұраныс көбейеді".

Қазақстандағы азық-түлік бағасына мониторинг жасаған energyprom.kz сайтының деректеріне қарағанда, биыл қараша айында ұн мен нан бағасы айтарлықтай қымбаттап, ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынан асып түскен.

Ақтөбе қаласында "әлеуметтік" нанның бөлкесі 1-7 теңгеге қымбаттап, 87 теңге болса, Атырауда 20 теңгеге қымбаттап, 95 теңгеге, Павлодарда 20 теңгеге қымбаттап, әзірге 110 теңгеге тоқтаған.

Ақмола облысында астық орып жүрген комбайн. Көрнекі сурет.

Қазақстан 2018 жылы 20,3 миллион тонна, биыл 19,1 миллион тонна астық бастырған. Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметке қарағанда, Қазақстан Орталық Азия, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран сияқты бұрынғы дәстүрлі рыногынан өзге Түркия, Грузия, Италия, Испанияға астық сата бастаған. Биыл Әзербайжанға сатылған астық былтырғыдан 30 пайызға көбейген. 2016 жылы Қытайға 300 мың тонна астық пен ұн сатылса, 2018 жылы 600 мың тоннаға жеткен, 2020 жылға қарай одан әрі көбейту жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың мәліметінше, 2019-2020 жылдары Қазақстанның астық экспорты 3 миллион тоннаға дейін азаюы мүмкін, бірақ 5 миллион тоннадан кем болмайды. Ол перспективасы жоғары саналатын Қытай рыногынан айырылмау үшін Қытаймен жасалған келісімді орындауға тырысу қажеттігін айтқан. Қазақстан 2018 жылы шетелге 6 миллион тонна астық, 1 миллион 700 мың тонна ұн экспорттаған.