"ҚОРҒАНБАҒАН АДАМ ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ШАЛДЫҒУЫ МҮМКІН"
Францияның France 24 телеарнасының тілшілері Шығыс Қазақстан облысындағы бұрын Семей ядролық полигоны болған аймаққа келіп, репортаж жасаған. “Семейге оралу: Қазақстандағы ядролық полигонның қалдығы” деп аталған 15 минуттық арнайы хабарда өңірдің экологиялық ахуалы, халықтың тұрмыс жағдайы суреттелген. Репортажда журналистер жергілікті басшылардың “бұрынғы сынақ алаңын пайдалану жоспарына таңқалғанын” жазады.
Хабар авторлары "Қазақстанда ресми дерек бойынша, 500 мыңға жуық адам ядролық сынақтан жапа шеккен" дейді. Полигон жабылғалы 30 жылға жуық уақыт өтсе де түрлі дертке шалдыққандар өте көп. Аймақта қатерлі ісік, жүрек-қантамыр дертіне шалдыққандар саны елдегі деңгейден екі есе артық.
“Бұл – Дүниежүзілік ядролық қаруды таратпау күнін енгізген ел. Әр жылдың 29 тамызында жаңбыр жауғанына қарамастан мыңдаған адам Семей қаласындағы мемориалға жиналады” дейді хабар авторы.
Тілшілер Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының ғалымдарымен 1949 жылы ең алғаш атом бомбасы жарылған аймаққа барып, радиацияны өлшеген. Жарылыстың эпицентріндегі радиация қалыпты мөлшерден 20 есе артық болып шыққан.
“Қорғанбаған адам бірнеше аптаның ішінде-ақ қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін” деп тұжырымдайды тілші.
Телеарнаның хабарлауынша, Курчатов қаласындағы радиоактивтілікті зерттеу орталығының ғалымдары полигонның табиғатына кешенді тексеру жүргізіп жатыр. Бұл өңірде көмірдің, алтынның және басқа да қазба байлықтардың барланған қоры бар. 2021 жылы зерттеу аяқталған соң егер адам ағзасына зияны жоқ деп танылса, бұл кен орындарын игеруге рұқсат берілуі мүмкін.
Француз журналистері бұрынғы полигон орнында ескерту белгілерінің жоқтығына да назар аударған. Жарылыс орнында пайда болған жасанды көлдің маңында бірнеше адам балық аулаған.
"ҚАЗАҚСТАН – 5 "СТАН" ЕЛДІҢ ІШІНДЕ ҚЫТАЙДЫҢ ЕҢ ІРІ ӘРІПТЕСІ"
Британдық Geographical журналының веб-сайты Қазақстанның Қытаймен шекарадағы “Қорғас” құрғақ портынан репортаж берген. “Ғаламшардағы адам ең сирек қоныстанған орындардың бірі” деп өңірді сипаттаған тілші “қытай-қазақ амбициясы жер бетіндегі ең ауыр климаттың өзіне төтеп беріп жатыр” деп жазған.
Дүниежүзілік банк қаржыландырған “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” тасжолын салудың арқасында Қорғасқа барар жол жеңілдеп, бизнес-ортаға таныла бастаған, соның арқасында 2016-17 жылдары “Қорғаста” жүк өткізу екі есе артқан.
Осыдан үш жыл бұрын Іле өзенінің бойымен Батысқа алғашқы пойыздарын жіберген “Қорғас” жаңа Жібек жолының “кіндігіне” айналды. “Іле шатқалы мыңдаған жылдар бойы адамдар мен заттарды, идеяларды жөнелткен табиғи көпір рөлін атқарған” деп жазылған репортажда.
“Қорғас” қанат жайған сайын Еуропа-Қытай пойыздары бұрыннан өтіп жүрген “Достық” кеденіндегі жүк осында бағыттала бермек, себебі онда жүк өткізу ұзақтығы “Қорғастағыдан” 20 сағат артық.
“Қорғастың” бұлайша тиімді жұмыс істеуіне “Қытайдың мемлекеттік COSCO Shipping компаниясы мен Ляньюньган порты көп үлес қосып жатыр” дейді автор.
“Былтыр мамыр айында “Бір белдеу – бір жол” саммитінде бұл компания жоба акцияларының 49 пайызын иелену туралы келісімге қол қойған”. Бұл компанияның мұндағы рөлі онша байқалмағанымен, “Экономикалық Жібек жолы” жобасы аясында ол стратегиялық инвестицияны көптеп салып жатыр. Соның арқасында “Қазақстан бес “стан” елдің ішінде Қытайдың ең ірі әріптесіне айналмақ” деп жазады автор.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытаймен интеграция - Ресей ықпалын азайту"Арнайы экономикалық аймақтың ашылуы, жолдардың салынуы Қазақстанның осы өңіріндегі жұмыссыздықты азайтуға, экономиканы жақсартуға, сауда-сатттықты арттыруға елеулі үлес қосқан.
Дегенмен авторлар Қытаймен салыстырғанда Қазақстан жағының әлі де бос жатқанын айтады.
“Қытайдың арнайы экономикалық аймақты толтыруда ерекше мүмкіндігі бар, ал қазақтарда ол жоқ... Қорғас әзірге жаңа дамып жатыр. Егер ол жай құмнан болат пен әйнекке айналғысы келсе, болашақта мұнда Қытай жағы мемлекеттен алған қолдаудың көлеміндей жеке инвестиция қажет болуы мүмкін” дейді автор.
"ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫНДА ТУРИЗМ ДАМЫП КЕЛЕДІ"
Bloomberg сайты жаңа Жібек жолын туристер үшін қызықты маршруттардың бірі ретінде сипаттайды. Қытай “Бір белдеу – бір жол” жобасына 800 миллиард доллар салу арқылы тек сауда-саттықты ғана емес, барыс-келісті де дамытпақ.
“Қауіпсіздікті арттырып, виза алуды оңайлатса, Орталық Азияның базарға толы қалаларына бару бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдемек” делінген мақалада.
“Өзбекстанның туризм саласы жыл сайын 40 пайызға өсіп келеді деседі. Әзербайжан да постсоветтік “ұйқысынан” оянып, Еуропа мен Орталық Азиядағы ең қарқынды туристік бағытқа айналып келеді” деп жазды тілші. Дегенмен, автор әзірлеген Жібек жолы картасында Қытайдың, Өзбекстан мен Әзербайжанның, Грекияның қалалары ғана көрсетілген, ал аймақтағы ірі экономикалық жобалар шеңберінде Қытаймен қарым-қатынасын дамытып жатқан басқа елдердің, соның ішінде Қазақстанның ешқандай елді мекені аталмайды.
Деректі фильм: Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
Мақалада қалалардағы тарихи жәдігерлерге, архитектура нысандарына, Шығыс пен батыс мәдениетінің ерекше үйлесіміне көп көңіл бөлінеді. Мәселен, Өзбекстанда “тарихтың, архитектура мен діннің, мыңдаған жылдар бойы жиналған әлемдік мәдени дәстүрдің ерекше үлгісін көресіз”. Мұнда сапалы қонақүй мәселесі әлі толық жолға қойылмаған. Дегенмен, туристердің бірі Самарқан мен Хиуаны Лондон, Париж, Үндістаннан еш кем емес туристік мекен деп суреттейді.
“Ал көне тарих пен жаңа заманның, Батыс пен Шығыстың нағыз тоғысқан жерін көргің келсе, Бакуге бар” деп кеңес береді Bloomberg тілшісі.
“ҚАЗАҚСТАН ЖҰРТЫ ӨСЕККЕ ҚАТТЫ СЕНЕДІ”
Eurasianet порталы Қазақстанда сенімді ақпарат көзінің жоқтығын, сондықтан түрлі өсек-аяңның әлеуметтік желі арқылы көп тарайтынын айтады.
“Бұл мәселені сөз бостандығының шектелуімен түсінетіндер көп. Сондықтан, үкіметтің өмір сапасы жоғарылап кеткені туралы тым әсіреленген әңгімелерінен гөрі халық дәлелсіз ақпаратқа көбірек иланатын жағдай қалыптасқан” дейді автор.
Әдетте үрейлі ақпарат мәтін не аудиожазба күйінде елде көп қолданылатын WhatsApp сияқты мессенджерлермен таралады. Қисынсыздығына қарамастан, бұл өсек жұртқа тез жайылады, себебі халық оны өз таныстарына таратып жібереді. “Бұл – Қазақстандағы шектен тыс цифрланудың кесірі” дейді порталға пікір білдірген қоғаммен байланыс бойынша маман Әлішер Елікбаев.
Өсек қаншалық қорқынышты болса, соншалық тез тарайды. Бұдан әсіресе Қазақстанның банктері көп жапа шегіп отыр. “Банк банкрот болады” деген дәлелсіз ақпарат халықты дүрліктіріп, салымшылар банк бөлімшелерін басып қалған кездер көп. Тіпті Kaspi bank басшысы Михаил Ломтадзе банк туралы жалған өсекті алғаш таратқан адамды тапқан кісіге қомақты сыйақы да тағайындаған. Көп жағдайда өсекті таратушылар ешқандай қаржылық мақсатты көздемейді, тек ел ішінде үрей туғызуды мақсат тұтады.
Сөз бостандығын қорғайтын “Әділ сөз” ұйымының қаңтардағы есебіне сенсек, 2017 жылы жалған ақпарат таратқандарға қарсы 25 қылмыстық іс қозғалған, олардың 18-інде қылмыскер табылмаған. Тұтқындалғандардың бірі үш жыл түрме жазасына кесілген және бірі жеңілдеу жазамен құтылған.
Ақпарат және коммуникация вице-министрі Нұргүл Мауберлинова халықтың өтірік ақпаратқа сенетін себебі – ол көбі дос, туыс сияқты жақын әрі сенімді адамнан келеді. Министрлік өсек тез таралып кетпеуі үшін материалды интернеттен алып тастап, кей ресурстарды бұғаттау әдістерін қолданады екен.
"Бірақ, бар мәселе – дәстүрлі ақпарат құралдарына сенімнің аздығында" дейді PR агенттігінің өкілі Нұркен Халықберген.
“Қазақстанда масс медианың басым бөлігі, тіпті мемлекетке тікелей бағынышты емес ақпарат құралдары да үкіметтен қаржыландырылады. Демек, олар тарататын ақпараттың көбі – жағымды жаңалық” дейді Eurasianet авторы.
ҚОНАҚБАЕВ АРЫЗЫ
Спорт бойынша Арбитраж соты AIBA әуесқой бокс федерациясының президенттігіне кандидат ретінде тіркелмей қалған қазақстандық бұрынғы боксшы Серік Қонақбаевтың арызы бойынша 30 қазанда шешім шығаратынын хабарлады. Бұл туралы Washington Post сайты жазды.
Сонымен бірге сот Қазақстан бокс федерациясының қарашаның 3-інде Мәскеуде өтеді деп белгіленген президент сайлауын кейінге қалдыру туралы өтінішін де қабылдағанын айтты.
Әзірге AIBA президенті болудан үміткер жалғыз кандидат – бұрынғы өзбек боксшысы, ұйымның қазіргі уақытша басшысы Гафур Рахимов. АҚШ Қаржы министрлігі Рахимовты “Өзбекстандағы ірі қылмыскерлердің бірі” деп атап, оның Америкадағы активтерін бұғаттаған.
AIBA ұйымның вице-президенті Қонақбаевтың президенттікке кандидат етіп тіркеу өтінішін қабылдамай тастаған.
Бұл туралы толығырақ Азаттық материалынан оқыңыздар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қонақбаев пен Рахимов AIBA-ны басқару үшін жекпе-жекке шықты