Таудағы "саяси таңбалар"
1997 жылы осы галереяның авторы Алматы маңынан 50 шақырым жердегі Есік көліне барған кезде жартасқа салынған Владимир Лениннің түрлі-түсті суретін көрген еді. Сурет совет заманында салынғанға ұқсайды. 2010 жылы да барған кезде сурет өзгермеген. Біреу жанына қол қойған. Алматы облысы, 18 шілде 2010 жыл
Бірнеше жыл бұрын Медеуге жақын шатқалдардың бірінде Владимир Лениннің бюсті пайда болды. Ленин бюсті ұзақ жыл бойы Алматыдағы фабрикалардың бірінде тұрған. СССР құлап, советтік идеологияға тән барлық атрибутика керексіз болып қалғаннан кейін тау саяхатымен шұғылданатын азаматтардың бірі мүсінді тау шатқалына әкеліп қойған. Уақыт өте келе кейбір азаматтар бюсті біраз өңдеп, астын таспен қалап қойған. Алматы облысы, 5 қараша 2017 жыл
Азаттық тілшісі биыл жазда аталған шатқалға қайта барған кезде Ленин мүсінінің жерде жатқанын көрді. Өзі құлады ма, әлде біреу құлатты ма, белгісіз. Алматы облысы, 17 маусым 2018 жыл
Комсомол-Нұрсұлтан шыңы. Биіктігі - 4376 метр. Жергілікті альпинистер алғаш бағындырған, қалаға көрініп тұрған шыңдардың бірі. Оған бірінші болып 1929 жылы мектеп мұғалімі Григорий Белоглазов шыққан. 1935 жылы тұңғыш рет жалпыхалықтық альпиниада ұйымдастырылып, шыңға "Комсомол" аты берілді. Шыңды қазір "Нұрсұлтан шыңы" деп те атайды. Оны президент атымен атау туралы ұсыныс жоғары жақтан түссе де, ресми түрде бекітілмеген. Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде альпиниада өтеді. Ұйымдастырушылар алпиниада өтетін күнді жазғы маусымның басталуымен байланыстырады. Бірақ бәрі алпиниаданың президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған шара екенін біледі. Алматы облысы, 5 шілде 2009 жыл
Комсомол асуы. Биіктігі - 4000 метр. Алматы облысы, 5 шілде 2009 жыл
Пионер шыңы. Совет кезінде Іле Алатауында да Ленин атындағы жалпыодақтық пионерлер ұйымының мерекесін атап өткен. Оған 9 бен 14 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысқан. Пионер шыңын бағындыру өте қиын. Оны алғаш рет 1937 жылы 16 тамызда бір топ алматылық альпинист бағындырған. Алматы облысы, 5 шілде 2009 жыл
Пионер шыңына шығу үшін әуелі Пионер асуын бағындыру керек. Оның биіктігі - 3840 метр. Алматы облысы, 22 тамыз 2009 жыл
Бұрынғы пионерлер Пионер асуында. Алматы облысы, 22 тамыз 2009 жыл
Октябренок шыңы. Совет заманында октябрят деп пионерге дейінгі 7-9 жастағы мектеп оқушыларын атаған. Октябренок шыңы Пионер мен Комсомол/Нұрсұлтан шыңдарына қарағанда сәл төмендеу. Биіктігі - 3950 метр. Алайда жол нашар болғандықтан оған шығу өте қиын. Алматы облысы, 10 қыркүйек 2018 жыл
Физкультурник / Қазақстан халықтарының ассамблеясы шыңы. Бұрын Физкультурник деп аталып келген шыңға 2018 жылы белгісіз себептермен Қазақстан халықтарының ассамблеясы атауы берілді. Бұл ұсыныстың авторы президент Нұрсұлтан Назарбаев. Шыңның бірнеше ұшы бар. Ең биігі Комсомол/Нұрсұлтан деп аталады. Күн шұғыласы түсіп тұрғаны сол.
Орджоникидзе шыңы. Ол да Октябренок немесе Пионер секілді кіші Алматы өзені бассейнінде орналасқан. Биіктігі - 4410 метр. Оған альпинистер тұңғыш рет 1936 жылы 11 тамызда шыққан. Шыңға қашан СССР-дегі ауыр өнеркәсіп комитетінің жетекшісі Серго Орджоникидзенің есімі берілгені белгісіз. 1936 жылы ол елу жылдық мерейтойын атап өткен. 1937 жылы 18 ақпанда советтік БАҚ оның "жүрек талмасынан" қайтыс болғанын хабарласа, оның "өз-өзін атқаны" туралы дерек те бар. Алматы облысы, 10 қыркүйек 2018 жыл
Антикайнен шыңы. Фин коммунисі Тойво Антикайненнің (1898–1941) құрметіне орай аталған. Ол Ресейдегі азаматтық соғыс кезінде қызыл армиясы құрамында шайқасқан. 1934 жылы Финляндияға астыртын тапсырма орындау үшін жіберіліп, сол жылы ұсталған. Оған "адам өлтірді" деген айып тағып, айдауға жіберген. 1940 жылы совет билігінің өтінішімен босатылып, СССР-ға берілген. Ресми дерек бойынша, 1941 жылы қазан айында ұшақ апатынан қаза тапқан. Суретте мұздықтың Антикайнен шыңынан құлап бара жатқаны бейнеленген. Алматы облысы, 22 тамыз 2009 жыл
2003-2006 жылдары Қазақстанда "Асар" партиясы болған. Оны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева басқарған. 2006 жылы партия "Нұр Отан" партиясына қосылды. "Асар" партиясы болған кезде кейбір шатқалдарға партияның логотипі бар белгілер қойылды. Онда жер атауы, биіктігі сияқты мәліметтер жазылды. Бұл белгі кіші Алматы өзенінің жоғары жағында әлі де бар. "Асар" жоқ болса да, оның іздері Алматы тауларында қалған.
Совет/Сәтбаев шыңы. Үлкен Алматы өзенінің оңтүстігінде орналасқан. Биіктігі - 4310 метр. Совет заманында шыңға нақты қай оқиғаның құрметіне орай ат берілгені белгісіз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шыңға академик Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді. Алматы облысы, 8 қазан 2006 жыл