"Куәлікті бергенде төбем көкке жеткен еді". Босқын мәртебесін алған төрт қазақтың бүгінгі жай-күйі

Қытайдан Қазақстанға қашып келген қазақтар Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) мен Қастер Мұсаханұлы. Нұр-Сұлтан, 17 қыркүйек 2021 ж.

Қытайдан қашып келген төрт қазаққа Қазақстан былтыр берген босқын куәлігінің мерзімі биыл қазанда аяқталмақ. Шыңжаңдағы қысым тақырыбын мейлінше қозғамауға тырысатын Қазақстан үкметінің құжат мерзімін созар-созбасы белгісіз. Қытай коммунистік билігінің қудалауынан қорқып, атамекенге қашуға мәжбүр болған олар енді не боларын білмей, болашағына алаңдап отыр.

"УАҚЫТ ӨТЕ КУӘЛІКТІҢ КҮШІ ЖОҒЫНА КӨЗІМ ЖЕТТІ"

2018 жылы Қазақстан-Қытай шекарасын заңсыз кесіп өтіп, шартты жаза алған Қайша Ақанның босқын мәртебесі туралы куәлігінің мерзімі 29 қазанда аяқталады. 43 жастағы қытай қазағы құжат мерзімі біткен күні не күтіп тұрғанын білмейді.

– Әзірге құжат уақыты ұзартыла ма, жоқ па белгісіз. Бірақ бір білерім – билік Қытайға депортациялау туралы шешім шығарса, қудалаудан қашып, бас сауғалаған бірнеше қазақтың тағдырына балта шабады, – деп бастады ол сұхбатын.

Қайша босқын мәртебесін алғанда қуанғанын, бірақ уақыт өте қуанышы сейіліп, көңілі түсе бастағанын айтады.

Қайша Ақан Қазақстан билігі өзіне бір жылға берген босқын куәлігін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 30 қазан 2020 ж.

– Босқын куәлігі берілгенде төбем көкке жетіп, ауыртпалықтың бәрі артта қалатындай сезіліп еді. Бара-бара оның еш күші жоқ, жай ғана бір парақ қағаз екеніне көзім жетті. Ол құжатпен жұмысқа тұра алмадым. Қыл-аяғы телефон нөмірін де тіркету мүмкін емес, – деп күрсінеді ол.

Айтуына қарағанда, мұндай құжаттың барын кейбір мемлекеттік органның өзі біле бермейді. Куәлігін көрсетсе, "мұны қайдан алдың?", "қолдан жасаттың ба?", "кім берді?" деп сұрақтың астына алған. Адам ақтала беруден де жалығады екен деп қынжылды Қайша.

– Босқын куәлігін көрсеткенде, бетіме таңырқай қарайтындар көп. Сол кезде мемлекеттік органдардың өзі білмейтін бұл не құжат деп таңқалам. Кейбір мекемедегілер тіпті "бұл қандай статус?" деп сұрайды. Мұның бәрі ауыр тиеді, – дейді ол.

Қайша Алматыда тұрады. Тұрмыста. 80 мың теңгеге екі бөлмелі пәтер жалдайды. Айтуынша, күйеуі жұмыс істейді. Бірақ тапқаны пәтерақы мен ас-судан аспайды.

– Қытайда есепші болып істегем. Табысым жақсы еді. Ресми түрде босқын куәлігін алған соң, мамандығым бойынша жұмыс іздеп көрдім. Бірақ жұмыс беруші бірден диплом сұратады. Басқа бірдеңе істейін десем де, сол құжат мәселесі алдымнан шығады. "Босқын" екенімді естігендер бірден "жоқ" деп теріс айналады. Қарап отырамын ба? Арасында таныстардың есеп-қисабын реттеп берем. Бірақ ол тұрақты емес, – дейді әйел.

Қайша Ақан шабуылдан кейін. Алматы, 21 қаңтар 2021 ж.

Биыл қыста 21 қаңтарда белгісіз біреулер Қайша Ақанды соққыға жыққан. Осы оқиғадан кейін ол өмірі үшін қауіптенетін болған.

– Шынын айтсам, сол оқиғадан кейін мүлдем өзгердім. Бойымды бір үрей билеп алды. Біреу үнемі аңдитындай көрінеді. Енді ізіме түсетіндер бар ғой. Әсіресе кешқұрым кәдімгі қарапайым адам сияқты киінген әлдекімдердің сырттай бақылайтынын білем. Бірақ бұрын олардан қорқып, сезіктенбегем. Қазір бейтаныс адамдар үйге келіп, есік қақса, абдырап қалам. Тіпті қолыма пышақ алған кездер болды, – дейді алматылық тұрғын жыламсырап.

Оның сөзінше, бұрынғы Қайша мен бүгінгі Қайшаны салыстыруға келмейді, екеуі екі бөлек адам.

– Бұрынғы Қайша бақытты, төрт құбыласы тең еді. Жұртпен ашық-жарқын, батыл араласып, емін-еркін жүретін. Ал қазіргі Қайша уайымшыл, сенімсіз, қорқақ. Күмәншіл әрі сезіктенгіш адам. Оның үстіне ұйқы жоқ. Күніне екі-үш сағат қана көзім ілінеді. Соның өзінде түсіме үнемі Қытайға қайтарылғаным кіреді. Шошып оянам, – дейді ол.

"Психологқа жүгіндіңіз бе?" деген Азаттық сауалына Қайша күліп "жоқ" деп жауап берді. Бірақ кәсіби маманның кеңесіне зәру екенін жасырмады.

"ҚЫТАЙ ТҮРМЕСІН КӨРГЕМ, ҚАЙТА ҚАМАЛҒЫМ КЕЛМЕДІ"

Қытайда "тәрбиелеу лагеріне" түсіп қалудан қорқып, Қазақстанға қашқан, артынша шекарадан заңсыз өтті деген айыппен сотталып, кейін босқын мәртебесін алған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы қазір Нұр-Сұлтанда тұрады. Бірі 32, бірі 27 жастағы екі жігіт қаладан 70 шақырым жердегі Аршалы ауылында бір таныстың малын жайып, жан бағып жүр. Бұлардың да 2020 жылы күзде берілген "босқын" куәлігінің уақыты биыл 16 қазанда бітеді.

– Босқын мәртебесін алғанда "осымен Қазақстанда қалдық" деп ойладық. Бірақ кейінгі кездері күдік күшейіп барады. Бір жылда еш өзгеріс жоқ. Ешкім "не болдыңдар?", "қайтпексіңдер?" деп хабарласпады. Ұзарта ма, әлде тоқтата ма, ол жағы беймәлім. Өзіміз анықтап, білейік десек қол қысқа. Адвокат жалдауға, ары-бері жүруге ақша жоқ. Сол отырмыз, басымыз қатып, – дейді Азаттыққа сұхбат беруге Нұр-Сұлтанға арнайы келген Қастер Мұсаханұлы.

Қазақстан билігі Қытайдан шекараны заңсыз кесіп өткені үшін соттаған Шыңжаң қазақтары Мұрагер Әлімұлы (сол жақта) мен Қастер Мұсаханұлының Семей түрмесінен шыққан сәтте түскен суреті. Шығыс Қазақстан облысы, 22 маусым 2020 ж.

Оның сөзінше, кейінгі уақытта тұрмыс жағдайы қиындап кеткен. Мұның бірнеше себебі бар.

– Әуелде туыс-туған көмектесіп, қолдаған еді. Ана үйде бір, мына үйде бір жүрдік. Кейін жақының болса да, салт жігіттің сабылып жүргені кімге жағады. "Кет" демесе де, қас-қабағынан түсінесің. Оның үстіне тұрақты жұмыс жоқ. Жұмыс болмаған соң тиын-тебеннің өзі қиын. Шынын айтсақ, бүйтіп сандалып жүргеннен шаршап кеттік, – дейді.

Қастер мен Мұрагер – Шыңжаңдағы Дөрбілжің ауданының тумасы. Ауылдас. Екеуі де малмен айналысқан. Үйлі-баранды. Отбасылары Қытайда қалған. Бұрын ата кәсіпті дөңгелетіп, жақсы өмір сүрдік дейді. Кейінгі жылдары Қытайдың түркітілдес мұсылман ұлттарға қысымы күшейген тұста екеуі еріксіз шекараны кесіп өтуге бел буған екен.

– Жергілікті құқық қорғау органында істейтін бір танысым "жақында сізді алып кетеді, түзету лагеріне қамаласыз" деп ескертті. Шынын айтсам, Қытай түрмесін бұрын да көргем. 2009 жылы Үрімжіде ұйғырлар көтерілісін естіген шығарсыз. Сол кезде бір ұйғыр досыммен алаңға барған едім. Араға төрт жыл салып, 2013 жылы осы шеруге қатыстың деген айыппен сотталдым. Төрт жыл түрме жазасына, сосын тағы бес жыл үй қамаққа кесті. Сондықтан түрмеге қайтып барғанша, Қазақстанға қашам деп шештім, – дейді Қастер Мұсаханұлы.

ТУЫСТЫҢ МАЛЫН БАҒЫП, КҮН КӨРІП ЖҮР

Мұрагер Әлімұлы да заңсыз әрекетке Қытайдағы қудалаудан қорқып барғанын айтады. Бірақ Қазақстанға келіп, "осындай бейшара күйге түсемін деп ойламадым" деп қынжылады ол.

– Босқын куәлігі қолға тиген соң алдымен Алматыға кеттім. Сондағы жақындарымның үйін паналап біраз жүрдім. Бірақ ол жақта жұмыстың реті келмеді. Кейін Нұр-Сұлтанда тұратын әпкем шақырып, астанаға қайтып келдім. Құжат болмағандықтан, мұнда да тұрақты жұмысқа болмады. Кейін Қастер аға жанына алды. Қазір екеуміз осы кісінің жиенінің малын кезектеп бағып жүрміз, – дейді Мұрагер.

Дәл осы тұста әңгімеге Қастер қосылды. Оның айтуынша, танысың болмаса, сотталған адамға төрт түлігін ешкім сеніп тапсырмайды.

– Қорқады ғой, кейбір туыстың өзі алаңдап, алыс жүруге тырысады. "Ойбай, басыма пәле боласыңдар!" деп ашық айтқандар да болды. Түсінеміз. Өйткені Қазақстанда тұрса да, көбінің туысы Қытайда қалған ғой, – дейді ол.

"ҚҰЖАТСЫЗ ДӘРІГЕРГЕ ҚАРАЛУДЫҢ ӨЗІ МҰҢ"

Азаттық тілшісімен әңгіме кезінде Қастер Мұсаханұлы бірнеше рет жүрек тұсын ұстап, ауыр күрсініп отырды. Сөзінше, кейінгі жеті айда жүрегі ауыратынды шығарған. "Дәрігерге барып, тексертпедіңіз бе?" дегенімізде "құжат жоқ, қарала алмаймын" дейді ол.

– Кім екенімізді түсінбей қалдық. Не Қазақстанда, не Қытайда емеспіз. Екі ортада қалдық қой. 16 қазаннан кейін өміріміз не болатыны белгісіз. Егер Қазақстан билігі Қытайға қайтару туралы шешім шығарса, білмеймін енді. Қытайға барған күні біз ғана емес, сондағы бар туыстың басы кететіні анық. Өйтіп бәрінің түбіне жеткенше, өлгеніміз артық, – деп қинала жауап берді Қастер.

Белгісіз екі адам шабуыл жасаған күннің ертесіне Мұрагер Әлімұлы полиция сұрағына жауап беруге келіп тұр. Қоянды ауылы, Ақмола облысы, 22 қаңтар 2021 ж.

Биыл қаңтарда Қайша Ақан соққыға жығылған күні Мұрагер Әлімұлына да шабуыл жасалған. Нұр-Сұлтан маңындағы Қоянды ауылында кешқұрым белгісіз екі адам оған тап беріп, пышақтап кеткен. Кейін Ақмола облысы Целиноград аудандық ішкі істер басқармасы "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғады. Мұрагер "тергеу басталғанымен, ешкім ұсталмаған, істің немен аяқталғанын білмеймін" деп қысқа қайырды.

Былтыр қазанда босқын мәртебесі берілген төртінші қазақ – Бағашар Мәлікұлы. Ол Қазақстанға 2015 жылы келіп, тұрақты түрде тұрып жатқан. Бір жылдан кейін Қытайдағы ата-анасына қыдырып барып, кері қайта алмай қалған. Кейін Қытай құқық қорғау органында жұмыс істейтін танысы "жақында саяси лагерьге қамалатынын" ескерткен соң, 2017 жылы Қытайдан жаяу қашуға мәжбүр болған. Өз айтуынша, үш күн жүріп, Қазақстанның Алматы облысындағы Нарынқол ауылына жеткен.

Бағашар Мәлікұлы 2017 жылы қаңтарда Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға қашып келген. Алматы, 18 желтоқсан 2019 ж.

2019 жылы 23 қарашада Қазақстан билігі Бағашар Мәлікұлының үстінен "шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша іс қозғап, кейін қысқарған еді.

Бағашар Мәлікұлының кәмелетке толмаған үш баласы мен әйелі бар, олар – Қазақстан азаматы.

Биыл сәуірде босқын мәртебесі бар үш қазақ – Қайша Ақан, Мұрагер Әлімұлы және Қастер Мұсаханұлы Қазақстан билігінен азаматтық сұрап, өтініш жазған. Кейін ішкі істер министрлігі үшеуіне ресми хат жолдап, Қазақстан азаматтығы берілмейтінін хабарлаған. Онда "Көші-қон туралы" заңның 49-бабына сай, Қазақстанға заңсыз келген, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн өздерi шыққан елдердiң заңнамасы бойынша қудалауға ұшыраған; сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстаннан тыс болған адамдарға азаматтық берілмейтіні жазылған.

Қазақстан Шыңжаңнан қашқандарға азаматтық беруден бас тартты. 24 мамыр 2021 ж.

Your browser doesn’t support HTML5

"Қауіпсіз елден пана сұраймын". Қазақстан Шыңжаңнан қашқандарға азаматтық беруден бас тартты

"БИЛІКТІҢ ҚАСАҚАНА ЖАСАҒАН ӘРЕКЕТІ"

Қытай қазақтары мәселесімен айналысып жүрген, Нұр-Сұлтанда тұратын қоғам белсендісі Меллатхан Айтқали "Қазақстан билігінің Қытай шекарасынан қашып өтуге мәжбүр болған бұл азаматтарды қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-тармағымен ("Қазақстан шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту") қылмыстық жауапқа тартуының өзі саясат деп есептейді.

– Қытайдағы қысымнан қашып, шекараны заңсыз кескен азаматтарды осы баппен соттауының өзі депортациялауға әу бастан дайындық сияқты көрінеді. Өйткені 392-баппен сотталған адамға азаматтық берілмейтіні айдан анық. Меніңше бұл Қазақстан билігінің әдейі, қасақана жасаған әрекеті болуы мүмкін, – дейді қоғам белсендісі.

Меллатхан Айтқали "енді қайтпек керек?" деген сауалға жалғыз жол барын айтты.

– Әлем Пекиннің аз ұлттарға қатысты саясатынан хабардар. Сондықтан қазіргі уақытта Қазақстан билігі осыны пайдаланып қалу керек деп ойлаймын. Яғни қашып келген қазақтардың басына таңған соттылығын жойып, азаматтық мәселесін қарастыру. Басқа жол жоқ, – дейді ол.

Солдан оңға қарай: Ауыт Мұқибек, Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы. Оң жақ шеттегі Қайша Ақан.

"Атажұрт жастары" қоғамдық ұйымы төрағасы Қыдырәлі Оразұлы Қазақстан билігінің шекараны заңсыз кесіп өткен азаматтарды қайтармай, босқын мәртебесін беруінің өзі жеңіс екенін айтады.

– Қазақстан-Қытай арасында шекараны заңсыз кесіп өткендерді бір-біріне қайтару туралы шарт бар. Мұндай келісімді, білуімше, көп ел жасасқан. Өйткені қашып келгендер ол елде түрлі қылмысқа қатысты болуы мүмкін ғой? Екі ел шекарасын заңсыз кескендер бұған дейін де болған және олар қайтарылған. Бірақ кейінгі жылдары Қазақстан қудалаудан қашып, бас сауғалаған қазақтарды қайтармады, оларға босқын мәртебесін берді. Меніңше, куәліктің мерзімі ұзартылады. Кейін азаматтық алатындай мүмкіндік жасалады, – деді Азаттыққа Қыдырәлі Оразұлы.

БАС САУҒАЛАП КЕЛГЕНДЕРГЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУДЫҢ ӨЗІ ДҰРЫС ЕМЕС

Қандай да бір елден зәбір көріп, жапа шеккен азаматтар шекара бұзып, басқа елге босқын мәртебесін сұрап барса, қылмыстық іс қозғалмауы керек. Бұл – Біріккен ұлттар ұйымы қабылдаған "Босқындар туралы" Женева конвенциясының талабы. "Халықаралық құқықтық бастама" қоры президенті Айна Шорманбаева Қазақстан осы конвенцияға мүше әрі оны сақтау міндетін ала тұра, Қытайдан қашуға мәжбүр болған этникалық қазақтарды жауапқа тартты, сөйтіп халықаралық стандарты бұзды дейді.

"Халықаралық құқықтық бастама" қоры президенті Айна Шорманбаева.

– Қазақстан әу бастан бұл төрт қазақтың қудалаудан қашып келгенін білді. Олар өз еркімен шекара асқан жоқ. Өмірін сақтап қалу үшін осындай заңсыз қадамға барды. Халықаралық стандарт бойынша, мұндай жағдайға тап болған адамды қылмыстық жауапқа тарту дұрыс емес. Меніңше, ұлттық қауіпсіздік комитеті мән-жайды анықтап, істі дер кезінде тоқтатуы керек еді, – дейді ол.

Айна Шорманбаева азаматтық алуға соттылық басты кедергі дейді. Оны жою үшін жоғарғы сотқа жүгіну қажет. Ал босқын мәртебесін ұзарту үшін тағы өтініш жазып, босқын екенін қайтадан дәлелдеуі керек.

– Өтінішті комиссия қарайды, содан кейін не ұзарту, не тоқтату туралы шешім қабылданады. Босқын мәртебесі берілмесе, Қазақстан заңына сәйкес бұл азаматтар елден кетуі керек. Яғни Қытайға қайтады. Ал бұл олар үшін қауіпті. Негізі адамды өміріне, денсаулығы мен отбасына қауіп төнетін елдерге қайтармау туралы халықаралық ұстаным бар. Сондықтан Қазақстан билігі қалай болса да, қудалаудан қашып келген қазақтарды Қытайға қайтармау жолын қарастырғаны жөн, – дейді құқық қорғаушы.

Биыл көктемде Қайша Ақан, Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы Қазақстан билігінен азаматтықтан бөлек үшінші елге кетуге мүмкіндік беретін куәлік сұраған еді. Кейін ішкі істер министрлігінен арнайы хат келген. Онда жол жүру куәлігі 2022 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енетіні ескеріліп, қазіргі кезде бұл азаматтарға мұндай құжат беру мүмкіндігі жоғы хабарланған.

"Босқын мәртебесі ұзартыла ма?" деген Азаттық сауалына ішкі істер министрлігі "Босқын мәртебесін беруге негіз болған мән-жайлар сақталса, босқын мәртебесін алған азаматтар куәлік мерзімі аяқталудан бір ай бұрын өтініш бере алады. Соған сәйкес куәліктің мерзімі бір жылға немесе әрбір кейінгі жылға ұзартылады" деп жауап берді. Министрліктің баспасөз қызметі босқын мәртебесін алған төртеудің де куәлік мерзімін ұзарту жөнінде өтініш түсіргенін хабарлады.

Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны жайлы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отырған болуы мүмкін деп мәлімдеген.

Бастапқыда Пекин Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген. Кейін оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.

АҚШ пен Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Бірақ Қазақстан билігі қоғам қысымына қарамастан, Пекиннің мұсылмандарға жасаған қысымына ресми баға бермеген. Елдің ресми өкілдері бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдай – Қытайдың ішкі мәселесі" деп, әуелі тарихи атамекенге бас сауғалап қашқан қазақтарға баспана беруге құлықсыз болды. Олардың көбіне шекарадан заңсыз өтті деп айып тағып, жаза кесті. Кейбіріне депортация қаупі төнді. Алайда халықаралық қауымдастықтың дабылынан кейін Нұр-Сұлтан Қытайдан қашқан қазақтарды депортациялауға бармады, бірақ қандай да бір құқықтық мәртебе тағайындауға да асықпады. Қазақстанға қашуға мәжбүр болғандардың бірі Сайрагүл Сауытбай босқын мәртебесін сол күйі ала алмай, 2019 жылы маусымда Швецияға біржола көшті.