13 ақпанда Алматыда Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісі өтті. Өмірден өткен адамның қырқын беріп, марқұмға құран бағыштайтын салт-дәстүр бойынша, халық құрбандарды еске алуға Республика алаңына жиналды. Жұртты митингіге бірнеше оппозициялық қозғалыс пен құқық қорғаушылар шақырған. Әртүрлі есеп бойынша, алаңға 300-700 адам келген.
"ХАЛЫҚҚА ОҚ АТУҒА БҰЙРЫҚ БЕРГЕН АДАМ ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ БОЛА АЛМАЙДЫ"
Жүздеген адам қатысқан еске алу акциясы алты сағатқа созылды. Митингіде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты отставкаға жіберу, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты жауапқа тарту туралы талаптар айтылды. Полиция күштеп алып кеткендер да болды.
Митингі басталады деп белгіленген уақыттан бір сағат бұрын алаң маңында полиция көліктері көбейіп, байланысты бұғаттайтын арнайы техника мен автозактар әкелінді. Күндізгі сағат 12-ге қарай алаңда интернет байланысы күрт нашарлап, кейін мүлде ажырап қалды, айналаға түгел темір қоршау қойылды.
Алаңда полицейлер көрінбеді, бірақ үстіне қара күртеше, басына күләпара киіп, бетіне маска таққан адамдар көзге жиі түсті. Олардың кейбірі митингіге жиналған адамдарды видеоға түсіріп жүрді.
Тәуелсіздік ескерткіші алдына ондаған адам жиналды. Көбінің қолында Қаңтар көтерілісі кезінде қаза тапқан немесе полицияға түсіп, азапталған азаматтардың суреттері мен плакаттар болды. Бір қария "Тоқаев, кет. Сені бүкіл қазақ елі жек көреді" деген жазу, тағы бір ақсақал "Халқына оқ атқан адам ұлт көшбасшысы бола алмайды" деген плакат ұстап алған.
Ақ күртеше киген әйелдің плакатына полицияда қамауда болғанда азапталған Азамат Батырбаевтың суреті ілініпті. Плакаттың жоғары жағында "Фашизм тоқтатылсын!" деген жазу бар. Басқа плакаттарға "Алматы — қаһарман қала. Желтоқсан-86, Қаңтар-2022", "Қанды қаңтар — қазақ қасіреті. Шындық ашылуы керек!", "Тоқаев, азаптауды тоқтат!" деп жазылған.
Жиналғандардың көбі "Халық — террорист емес" деген жазуы бар ақ мата ұстап тұрды. 6 қаңтарда кешкісін Республика алаңына жиналғандардың қолында қара бояумен жазылған дәл осындай үлкен ақ жайма болған. Оқиға куәгерлерінің сөзі мен видеоайғақтарға қарағанда, "Біз – террорист емеспіз. Қарапайым халықпыз" деген жазу ұстап тұрған бейбіт халыққа тұтқиылдан оқ жаудырған. Куәгерлер оқ әскерилер келген жақтан атылғанын айтады.
Кей плакат иелері ағылшын тілінде жазылған үндеулерінде Назарбаев, Тоқаев пен Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа дербес санкция салуға шақырған.
"9 ҚАҢТАРДА КҮЙЕУІМДІ ҮЙДЕН АЛЫП КЕТІП, ҰРЫП-СОҒЫП, ТҮРМЕДЕ ӨЛТІРДІ"
Алаңға жақын маңнан "Назарбаев сотталсын! Назарбаев сотталсын!" деген дауыстар естілді.
"Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай мен жақтастары – барлығы 20 шақты адам митинг өтетін жерге осындай ұранмен шерулетіп келді. Бұған дейін Мамай Facebook парақшасында үндеу жариялап, халықты 13 ақпанда дәл осы Республика алаңына қаңтар құрбандарын еске алу митингісіне шығуға шақырған.
Мамай мен жақтастары Тәуелсіздік монументіне жетіп, сонда тұрған халыққа қосылды. Алаңда у-шу көбейді. Жиналғандар "Сөзді кім бастайды?" дегенге келісе алмай, сәл тұрды да, артынша "Бірінші құран оқимыз, кейін балалары қаза тапқан және тұтқындалған аналарға сөз береміз" деп ортақ шешімге келді.
Құран оқылғаннан кейін адамдар ескерткіштің айналасына топтасты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қалелхан Әділханов жиналғандарды көзімен бір шолып өтіп, митингіге Болат Әбіловтің, Жанболат Мамайдың жақтастары келгенін еске салып, "Бүгін бәріміз біргеміз!" деп саңқ етті.
– Тәртіп бұзғандар арандатушы саналады. Тәртіпке бағынып, бөлінбейік! – деп ескертті Әділханов.
Митинг модераторларының бірі Гаури Дауленбекова "Тоқаев өз халқына оқ атты! Осыдан кейін қалай президент болады?!" деді. Сәл үнсіздіктен кейін микрофонды түрмеде азаптауға ұшырап, көз жұмған Жасұлан Анафияевтың әйеліне берді.
– Күйеуімді азаптады. 9 қаңтарда үйден әкетіп, ұрып-соғып, түрмеде өлтірді. 12 қаңтарда мәйітханаға апарып тастаған. Алты баламыз бар. Күйеуім — террорист емес! Күйеуімді өлтіргендердің құдай жазасын берсін, әділдік орнасын! Түрмеде отырғандар босатылсын! — деді Гүлзия Омарбаева.
Оның артында тұрған митинг модераторы Жан Ахмадиев "Бостандық! Бостандық!" деп ұрандады. Көп ішінен "Бостандық! Бостандық!" деген дауыстар естілді.
Осыдан кейін ұлдары қаңтар оқиғасына қатысты күдікті деп танылған аналар сөз алды.
– Ұлымды ауруханада жатқан жерінен СИ-18 [тергеу изоляторына] алып кетіп, ұрып-соққан. Ұлым қазір сонда отыр. Оны босатуды талап етемін! Түрмеде отырғандардың бәрін босатсын! Аналарды жылатпаңдар! – деді қара қалпақ киіп, көзілдірік таққан әйел. Оны жанындағылар Дәулетхан апа деп таныстырды.
Микрофон алған тағы бір әйел түрмеде жетім балалар да отырғанын айтты.
– Нұртай аяғынан жараланған. Аяғындағы оқпен әлі түрмеде жатыр. Төрт күн аш ұстап, ұрып-соққан. Ұлымыз Нұртайды босатуға көмектесулеріңізді сұраймыз. Ол сияқты қанша жетім жатыр?! Оларды ешкім іздемейді! – деді ол.
Қара құлақшын киген қарт адам (сөз алғандардың көбі аты-жөнін айтқан жоқ) азаптау туралы жаппай шағымдардан кейін қазақстандық тергеушілерге сенуге болмайтынын айтты. Ол объективті тергеу жүргізу үшін тергеушілерді шетелден алдыруды ұсынды.
Жұрт оған "Бүгінгі мақсат — бір-екі сөз айтып, тарқау емес" деп шүйлікті.
– Біз [билікті] шақырып, алаңға келуін талап етуіміз керек. 2011 жылы Жаңаөзенде қанша адам қайтыс болды. 10 жыл өтті, бұл қырғын үшін ешкім жауап берген жоқ. 10 жылдан кейін опасыз билік Жаңаөзен оқиғасын қайта жасады. Мәселені түбірінен жойып, билікті қуып жібермесек, бұл жағдай тағы да қайталанады. Жағдайды бақылауда ұстауымыз керек! Билік кетуі тиіс! – деді Мұратбек Жұмағалиев.
БОЛАТ ӘБІЛОВ: "ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ КҮШІН ЖОЯЙЫҚ! БАРЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТІНЕН АЙЫРАЙЫҚ!"
Микрофон Болат Әбіловке тиді. Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Әбіловтің өртенген әкімдік алдында тұрып, қазақстандықтарды 13 ақпанда сағат 12:00-де Республика алаңына қаңтар құрбандарын еске алуға шақырған видеосы тараған.
– Не айтатынын көрейік, – деді жанымда тұрған ер адам.
Болат Әбіловке микрофон бергенімен, оған ешкім жұрттың алдына шығып сөйлеуді ұсынған жоқ. Кәсіпкер сөзін камуфляж формасын киген денелі адамның артында тұрып бастады.
– Өмірден өткен әпке-қарындастарымыз мен іні-бауырларымызды еске алуға келгендеріңізге алғыс білдіремін, – деп ол сөзін қазақ тілінде бастады.
Әбілов 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын еске алып, "бұл оқиғаға әлі күнге тиісті баға берілмегенін айтты.
– 20 жылдан кейін замандасым, әріптесім болған Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовты өлтірді. Не үшін? Кім? Әлі күнге белгісіз…
– Белгілі! Өлтірген Назарбаев! Назарбаев өлтірді! – деп айқайлады бірнеше адам.
"Назарбаев сотталсын!" деген ұрандар Әбіловтің сөзін басып кетті. Ол кезінде Ораз Жандосов, Төлеген Жүкеевпен бірігіп, "Алтекені (Алтынбек Сәрсенбайұлын) еске алып, митинг өткізгені" үшін 15 тәулікке қамалғанын айтты. Жиналғандар "15 тәулікке кім қамалмады дейсің?" деп күлді.
Бұрын белгілі саясаткер болған Әбілов сөйлеп тұрған кезде арагідік сөз таба алмай, кідіріп қалды. Ол бұрынғы президенттің байлығын халыққа қайтарып, Назарбаев даңғылының атын "Қаңтар" деп өзгерту керек деген ұсыныс айтты. Халықтан "Қолдайсыздар ма?" деп сұрады.
– Дұрыс! – деп жауап қатты жұрт.
– Тұңғыш президент туралы заңның күшін жояйық! Назарбаевты барлық құзыретінен айырайық! – деді Әбілов сөзін орыс тілінде жалғастырып.
Жиналғандар қазақша сөйлеуін сұрады. Әбілов жұрттың өтінішіне құлақ асып, Назарбаевты сотқа тарту керегін айтты.
Біреу Әбіловтің қолындағы микрофонға жармасып, жұлып алмақ болды, бірақ ол сөз тізгінін бермей, әңгімесін әрі қарай жалғады. Ендігі сөзін жылдам аяқтауға тырысқан кәсіпкер қаңтар құрбандарына ескерткіш қоюды ұсынды. Митингіге қатысушылар бұл ойды бірауыздан қолдады.
ЖАНБОЛАТ МАМАЙ: "ҚАҢТАР ҚЫРҒЫНЫН НАЗАРБАЕВ ОТБАСЫНЫҢ АРАНДАТУШЫЛАРЫ МЕН ОЛАРҒА БАҒЫНАТЫН БҰЗАҚЫ ТОПТАР ҰЙЫМДАСТЫРДЫ"
Бұдан соң Жанболат Мамайға микрофон берілді. Ол сөзін қаза тапқан азаматтарды "Қаңтар қаһармандары" деп танып, оларға арнап ескерткіш қою керек деген ұсыныстан бастады. Мамай сондай-ақ ұсталған азаматтарды босатуға шақырды. Жиналғандар "Бостандық! Бостандық!" деп ұрандады.
– Қаңтардағы қантөгіс үшін Тоқаевты жауапқа тартуды талап етеміз! Өз халқына оқ атқан адамның билікте отыруға құқығы жоқ. Әділ сайлау өтіп, халық ел қамын жейтін лайықты кандидатты таңдауы керек, — деді Мамай.
Кейінірек Мамай журналистерге берген сұхбатында қаңтар оқиғасына бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты кінәлады.
"Назарбаевтар жауапқа тартылуы керек деп есептейміз. Өйткені қаңтар қырғынын Назарбаев отбасының арандатушылары мен оларға бағынышты бұзақы топтар ұйымдастырды. Олар қаңтардағы қантөгіс үшін ғана емес, Қазақстанды отыз жыл бойы тонағаны, жемқорлығы үшін жауап беруі тиіс" деді тіркелмеген демократиялық партия басшысы.
Мамайдың жақтастарының бірі Абзал Достияров "Тоқаев саяси мүгедек емесін дәлелдеу үшін Назарбаев билігінің тас-талқанын шығаруы керек еді, оның орнына халқын қырып салды" деді.
– Билікке тыныштық бермейміз. Тоқаев саяси реформалар жүргізіп, адамдарды босатып, халықтан кешірім сұрауы керек. Ол екінші мерзімге сайланбауы тиіс. Тоқаевтың қолы қанға малшынды, ол мұны ешқашан жуып кетіре алмайды, – деді Достияров.
Тіркелмеген демократиялық партия белсенділерінің бірі Ырысбек Тоқтасын "[Қаңтар көтерілісінен бері] 40 күн өтсе де, Тоқаев билігі ешқандай реформа жүргізген жоқ" деген сын айтты.
– Тоқаев "20 мың террорист шабуылдады" деді, бірақ бұл сөзін дәлелдей алмады. Ол Назарбаевты жауапқа тарта алмайды. Өйткені өзі де осы жүйенің адамы, сондықтан ол да биліктен кетуі керек. Тоқаевқа жалпыхалықтық импичмент жариялап, кезектен тыс президент сайлауын өткізейік! – деді ол.
Осы тұста халық гу етіп, белсендіні қолдай жөнелді.
– Қазақ халқы мемлекеттік төңкеріске бармайды. Керісінше, нағыз патриоттар мемлекетті сақтап қалу үшін жанын салады. Қудаланып жатқан азаматтарды босатып, азаптауды доғарсын! Жап-жас балалар қамауда отыр. Амнистия жариялау керек. Мемлекеттен миллиардтап ақша ұрлағандарды амнистиямен босатады, ал қарапайым халықты "Магнумнен" [Алматыдағы гипермаркеттер желісі] азық-түлік ұрладың деп, сотқа тартады, – деді ол.
Азаматтарды полицияның азаптағаны туралы сөйлеген Ырысбек Тоқтасын "жазалануы тиіс болса да, бір де полицей ұсталмағанын" айтты.
Митингіде басқа саяси күштерге қарағанда тіркелмеген демократиялық партия өкілдері көп сөйледі: саны басым олар белсенділік танытты. Басқа саяси қозғалыстар да үнсіз қалған жоқ. Камуфляж формасын киген адамның жанында "Ел тірегі" қозғалысының басшысы Нұржан Әлтаев тұрды.
Билеуші партияның бұрынғы депутаты Әлтаев "ел алдына шықпаған шенеуніктер қызметінен кетіп, қала және облыс әкімдерін халық сайлауы керек" деген ұсыныс тастады.
– Назарбаев пен Тоқаевты неге атамайсың? – деді жиналғандар.
– Атай алмайды ғой, – деді біреулер өзара сыбырласып.
Нұржан Әлтаев сөзін аяқтады. Бірақ халық талап еткен адамдардың атын атамады.
ҚҰРАН ОҚУ, ШЕЛПЕК ТАРАТУ ЖӘНЕ ПРОКУРОРЛАРМЕН КЕЛІСІМ
Бұдан кейін ортаға шыққандар Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәмидің, ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың, Алматы полициясы бастығы Қанат Таймерденов пен оның орынбасары Рустам Әбдірахмановтың отставкаға кетуін талап етті.
Митингіде "Оян, Қазақстан!" қозғалысы белсенділері де болды. Олар да митинг туралы үндеу жасап, халықты қаңтар құрбандарын еске алуға шақырған.
Жұрт Тәуелсіздік монументіне гүл қойды. Ескерткіш әп сәтте қаңтар құрбандарын еске алу орнына айналды. Митингіге қатысушылар ескерткіш алдына қаза тапқан азаматтардың тізімі мен суреттерін қойып, шырақ жақты. Жиналғандардың кейбірі көзіне жас алды. Монументтің артында перформанс болды: белсенділер жерге ақ қағаз жайып, үстіне 227 алма қойып шықты.
Монументтің ар жағына қойылған үстел басында отырған әйелдер келген жұртқа шелпек пен бауырсақ таратты.
Митингінің аяғында марқұмдардың рухына құран бағышталды. Адамдар тізерлеп отырып, алақан жайды. Құран оқылды. Бұл рәсімге қоғамдық тәртіпті қадағалап тұрған полицейлер де қосылды.
Алаңда полиция көбейді. Олар "қаза тапқан азаматтарды еске алу аяқталды ғой" деп, жиналғандарды үйлеріне тарауға шақырды. Алматы прокуратурасының өкілі Ізбасар Масақов тергеуге байланысты сұрағы бар азаматтар прокуратураға барып, арыз жазса болады деп түсіндірді.
Сағат төртке қарай полиция үш адамды ұстады.
Өзін Амантай Айтқазыұлы деп таныстырған азамат прокурорлардан ұсталғандарды босатуды талап етті. Тараптар "ұсталғандар босатылса, митинг қатысушылары алаңнан кетеді" деген келісімге келді.
17:20 шамасында Республика алаңында ешкім қалмады.
Your browser doesn’t support HTML5