Назарбаев 20 жыл бұрын қалай қайта сайланды?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылғы инаугурациясы (Сурет Ақорда сайтынан алынды).

20 жыл бұрын Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтті, ресми деректер бойынша ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев 80 пайыздан аз дауыс жинады. Бұл Назарбаевтың сайлаушылардан алған ең аз дауысы еді. Сарапшылардың айтуынша, сол кезде билік алғаш рет өзіне ұнамсыз қарсыластардың «көзін құрту» әдісін ойлап тапты, бюллетеньге билікке тәуелді кандидаттарды қосты, ал кезектен тыс сайлау саяси дәстүрге айналды.

Қазақстанда 1999 жылғы қаңтардың 10-ында өткен сайлау балама кандидат болған бірінші бүкілхалықтық президенттік сайлау болып саналады. Оның алдындағы 1991 жылғы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз кандидат ретінде жеңіске жеткен еді.

«ДАЙЫНДАЛУҒА МҰРША БЕРМЕДІ»

20 жыл бұрынғы сайлау жоспарланған мерзімнен бұрын өтті: 1995 жылғы референдум президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін созып, 2000 жылға дейін билікте қалдырды.

Алайда 1998 жылғы қазанның 7-сі күні парламент конституцияны өзгертуді жақтап дауыс берді, президенттік мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзартылды, максималды жасқа қойылатын шектеу (63 жас) алынды. Бұдан соң елде кезектен тыс сайлау өтетін болды.

1999 жылғы сайлау алды науқаны қаржылық дағдарыс кезінде өтті, ұлттық валюта құнсызданды, бір баррель мұнай бағасы тоғыз долларға түсті, инфляция өршіп кетті, халық қатты кедейленді.

Электоралдық науқанға дайындық «қолайсыз» кандидат – бұрынғы премьер Әкежан Қажыгелдиннен «құтылу» әрекетімен есте қалды. 1993-1997 жылдары министрлер кабинетін басқарған бұрынғы үкімет басшысы саяси салмаққа ие болып, қызметінен кеткен соң президент болуға ниетті екенін мәлімдеді.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин

Оппозицияға өткен Қажыгелдиннің сайлауға қатысуына жол бермеу үшін

президент жарлығында көрсетілген тармақты қолданды. Ол бойынша
«тіркеуге тұрар алдында бір жыл ішінде әдейі құқық бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған адам» президент немесе депутат болуға үміткер ретінде тіркеле алмайды.

Билік «рұқсат етілмеген жиын» деп санаған «Әділетті сайлау үшін» құрылтай конференциясына қатысқаны үшін бұрынғы премьерге қарсы әкімшілік іс қозғалды, кейін сот оған айыппұл салды. Бұдан соң Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Қажыгелдиннің кандидатурасын тіркеуден бас тартты (кейін Қажыгелдинге қарсы сыбайлас жемқорлық бойынша іс қозғалды, ол Қазақстаннан кетті, сот оны сырттай 10 жылға түрмеге кесті).

Қазақстан оппозициясының жетекшісі болған кезінде Әкежан
Қажыгелдинмен тығыз жұмыс істеген журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дувановтың айтуынша, 1999 жылғы мерзімінен бұрын өткен президент сайлауына оппозиция дайын болмаған, толыққанды сайлау науқанын өткізуге қаржысы, күші және уақыты жетпеген.

— Жағдайдың алдын орап кету үшін бірінші рет әрекет жасалды. Ол кезде экономикалық тұрғыда да жағдай күрделі еді, Ресейде болған оқиғадан соң Қазақстанның да экономикалық жағдайы шатқаяқтап кетті. Оның үстіне елеулі қарсылас пайда болды. Нұрсұлтан Назарбаев Әкежан Қажыгелдиннің саяси салмағы бар екенін сезді, сондықтан оны премьерліктен алып тастады. Бірақ Қажыгелдин саяси күреске дайындалды. Назарбаев оны білді, Қажыгелдин күш жинап үлгермесін деп асықты, - дейді Дуванов.

Құқық қорғаушы Назарбаевтың 1999 жылы мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешімін осылай түсіндіреді.

ШЫНАЙЫ БӘСЕКЕЛЕС

Президенттікке кандидат ретінде қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев, оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин, Қазақстанның Кеден комитетінің төрағасы Ғани Қасымов пен сенат депутаты Энгельс Ғаббасов тіркелді.

Ресми нәтиже бойынша, Назарбаев 79,78 пайыз дауыс жинап жеңіске жетті, Серікболсын Әбділдин 11,7 пайыз дауыс алды, Ғани Қасымов 4,61 пайыз дауыс жинаса, Энгельс Ғаббасов 0,76 пайыз дауысты иеленді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев немересі Айсұлтанмен бірге сайлау учаскесінде тұр. Астана, 10 қаңтар 1999 жыл

ОСК дерегі бойынша, 1999 жылдан кейінгі сайлауларда Назарбаев 90 пайыздан жоғары дауыс жинап келеді, әр науқан сайын оның көрсеткіші артып, бәсекелестерінің пайызы азайып барады.

Билікте де, оппозицияда да болған 71 жастағы экономист Петр Своик Азаттыққа 20 жыл бұрын өткен сайлаудың Қазақстандағы шынайы
бәсекелестік болған алғашқы әрі соңғы сайлау екенін айтады.

— Оларды Серікболсын Әбділдин құтқарды, ол жасанды емес, шынайы
қарсылас болды. Қалған сайлауларда Назарбаевтың бірде-бір нақты қарсыласы болған емес, - дейді Своик.

Оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының (сот шешімімен 2015 жылы жабылған) бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин расымен де Назарбаевтың шынайы қарсыласы болғанын айтады, бірақ дауыс беру нәтижесін бұрмалау кесірінен жапа шектім дейді.

— Кейін премьер-министр Нұрлан Балғымбаев көптеген адамның көзінше «төрт облыста Әбділдин басым түсті, алты облыста Назарбаев көп дауыс жинады» деп мәлімдеді. Солайша 1999 жылғы сайлауда екінші тур өткізу керек еді. Бірақ сайлау комиссиясына кірген команданың бәрі қазіргі президенттің қолшоқпары болды, президенттік сайлау қорытындысына қажетті пайызды қолдан жасап берді, - дейді Серікболсын Әбділдин.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық сайлау комиссиясы «хикаялары»

1999 жылы президенттік сайлауда бұрмалау болғанын Петр Своик те айтады.

— Ол кезде жай байқап көрді, кейінгі сайлауларда (оның ішінде
парламенттік те бар) бұрмалау әдісі жаппай қолданылды. Сол кездегі сайлау жүйенің негізін қалады, ол әлі күнге дейін сақталып тұр, - дейді Петр Своик.

Қазақстан билігі сайлауда бұрмалау болғанын терістейді және батыс
бақылаушыларының «Қазақстандағы сайлау демократиялық стандарттарға сай емес» деген сынымен келіспейді.

Дегенмен 1999 жылы президенттік сайлаудан кейін парламент сайлауында депутат болғандар ОСК төрайымы Зағипа Балиеваның «Бұл жерге қалай тап болғандарыңды ұмытпаңдар» деген сөзін ұмыта қоймас.

КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУ ӨТКІЗУ «ДӘСТҮРІ»

Соңғы 28 жылда Қазақстанда бүкілхалықтық президенттік сайлау 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 жылдары бес рет өтті. 1999, 2011 және 2015 жылдағы сайлаулар мерзімінен бұрын өтті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлау күні дауыс беріп жатыр. Астана, 26 сәуір 2015 жыл

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, мерзімінен бұрын

сайлау өткізу демократиялық ережелерге сай емес ойнау әдісі, ережені
қалауынша өзгертетін авторитарлық режимдер осындай әдісті таңдайды.
Төреғожинаның айтуынша, Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік
сайлау 1999 жылы емес, одан да ерте – 1991 жылдың желтоқсанында
басталған.

— Қазақстан парламенті 1990 жылы сәуірдің 24-інде Нұрсұлтан Назарбаевты бес жылға президент етіп сайлағандықтан, 1991 жылы желтоқсанда болған сайлау да мерзімінен бұрын өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын сайлау өткізу әдісін
жақсы меңгерген, себебі мұндай бәсекеде жеңілмейді. Президенттік сайлауға қатысудан шеттету әдісі де жетіліп келеді. Жақында өзін-өзі ұсыну институты заңға сай тарады, ал президентке қойылатын талаптар
күшейе түсті, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің пікірінше, 1999 жылы
президенттік сайлау өткізуге биліктің «нашар мен өте нашардың бірін таңдауға мәжбүр болғаны» ықпал еткен.

— Ол кезде Қазақстан өте қиын жағдайға ұшырады, мерзімінен бұрын
президенттік сайлау өткізуді тарихи процесс талап етті. Егер саяси
тиімділік пен демократиялық процедураларды сақтау арасында
таңдау жасасақ, ол кезде саяси тиімділік басым түсті. Басталған
реформаларды соңына дейін жеткізу керек болды. Бірнеше міндетті
қатарынан шешу керек еді, әрине, олардың бәрі шешімін тапты, - дейді
Нұрмұхамедов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін бе?

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей
Чеботарёвтің айтуынша, 1999 жылғы президенттік сайлауда Нұрсұлтан
Назарбаев екі маңызды қарсыласқа тап болған: идеялық-саяси тұрғыда – оппозициялық коммунистік партия жетекшісі Серікболсын Әбділдин мен биліктегі элита ішіндегі келіспеушілік тудырған – бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин. Қарсыластардың алдын орауға деген ұмтылыс саяси дәстүрге айналып, келесі президенттік сайлаулар да кезектен тыс өте бастады.

— Сайлау процесіне әкімшіліктің килігуі де айтарлықтай күшейді. Билік ол кезде сайлауды бәсеке етіп көрсету үшін және басты
қарсыластардан дауысты бұру үшін өзіне адал кандидаттарды
шығарды, сол кезде сенатор Энгельс Ғаббасов пен Кеден комитетінің
төрағасы Ғани Қасымов сондай рөл атқарды. Келесі президенттік
сайлауларға тәуелсіз саясаткер деп атауға келмейтін тұлғалар
жіберілді, - дейді Андрей Чеботарёв.

Чеботарёвтің пікірінше, сол кездегі оппозиция белсенділігі күшейгеніне
қарамастан, қатарын нығайта алмады. Сол себепті Серікболсын Әбділдин коммунистік партия қолдаушыларының ғана дауысын жинады, ал жалпы электорат енжарлық танытты.

Андрей Чеботаревтің айтуынша, содан бері жағдай өзгермеді. «Сайлау
процесі ғана емес, саяси өмірде де бәсекелестік деңгейі төмендеді» дейді ол.