Қазақстанның қазба байлығын кімдер игеріп жатыр? Офшор аймақта тіркелгені қанша?

Қазақстанда мұнай мен газ ғана өндірілмейді. Елде Менделеев кестесіндегі 118 элементтің 99-ы табылған. Бұл байлықтың бәрін біреулер өндіріп жатыр. Азаттық кімдер екенін анықтады. Толығырақ материалдан оқыңыз.

Қазақстанның жер қойнауындағы пайдалы қазбалары, Конституцияда жазылғандай, расымен халыққа тиесілі ме? Осының шындыққа сай екенін анықтауды көздеген "Жер қойнауы" жобасының екінші шығарылымын назарларыңызға ұсынамыз.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРСАҚ:

  • Қазақстанда мұнай-газдан басқа пайдалы қазбалар өндірісімен айналысатын компаниялардың жартысына жуығы офшор немесе офшор сипаты бар аймақтарда тіркелген. Мұндай елдер бизнесті төмен немесе нөлге тең салығымен ынталандырып, фирма иесінің аты-жөнін құпия ұстайды.
  • Өндіруші компаниялардың салықты басқа елге төлеуінен Қазақстан жылына жүздеген миллион доллардан қағылады. Ал кәсіпорындардың көбінің түпкі иелерін анықтау қиын немесе мүмкін емес.

ОФШОРЛАР ЖАЙЛЫ

Толығырақ зерттеп қарасақ, көмір, алтын, сирек кездесетін металдар мен басқа да пайдалы қазбаларды өндіретін компания иелері экзотикалық елдерде тіркелгенін көреміз.

Азаттық өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жер қойнауын игерушілермен келісімшарт тізіміндегі мұнай-газ өндірісінен басқа салада жұмыс істейтін 264 компанияны зерттеп көрді. Нәтижесінде бұл компаниялардың 40 пайызы тікелей немесе жанама түрде офшор саналатын немесе сондай сипаттағы ұйымдарға тиесілі екені анықталды. Өндіруші компанияларды ғана қосса, бұл үлес 76-дан 171-ге артып, 44 пайыз болады.

Жер қойнауын Ұлыбританияның Виргин немесе Кайман аралдарында тіркелген компаниялар игеріп жатыр. Самоа тәуелсіз мемлекетінде тіркелген компания да бар. Бұл – Тынық мұхитында орналасқан, Қазақстаннан алыс, шағын архипелаг. Гернсилік фирма да табылды. Ол да Ұлыбританияға тиесілі, Ла-Манш бұғазында орналасқан арал.

Қазақстандағы пайдалы қазба өндіруші компанияларға экзотикалық елдерден бөлек, фискалды саясаты мен жеке ақпарат құпиялығына кепілдік беруімен танымал Кипр, Нидерланд, Шотландия, Сингапур, Люксембург, Ұлыбритания сияқты елдердің фирмалары да иелік етеді.

"Офшор аймағы" деген не?

Оларды басқаша "салық айлағы" деп атайды. Әдетте мұндай аймақтар бизнеске жеңілдетілген шарттар ұсынады: салығы аз немесе мүлде жоқ, есеп беру талабы жеңіл, компания иегерлерін құпия сақтауға болады. Офшор аймағында тіркелген компаниялар "халықаралық" немесе "трансұлттық" мәртебеге ие.

Бәрі білетін, жалпыға ортақ мойындалған офшор аймақтары бар. Қазақстан оларды жеңілдетілген салық режимі бар елдер санатына жатқызады. Бұл тізімге Самоа, Виргин, Кайман, Норманд аралдарын қосқанда, 57 аймақ кіреді.

Кей территориялар заңдарын өзгертіп, офшор аймағы қатарынан шығып қалған. Мысалы, олар енді фирма иелерінің аты-жөнін ашық көрсетеді.

Сингапур, Кипр немесе БАӘ офшор сипаты бар елдерге жатады. Олар компания иелерінің жеке деректерін жарияламайды, үлкен салықтан босатады, мәселен, саудадан немесе дивиденттен түскен табысқа салық салмайды. Бірқатар мемлекет, оның ішінде Қазақстан да бар, аталған елдерді офшор аймағына жатқызбайды.

Салықтан жалтару, офшор аймағы мен салық теңсіздігіне қарсы британдық Tax Justice Network ұйымы Қаржы құпиялығы индексін жасайды. Бұл – құқық қорғау органдарынан қаржы айналымын жасыратын елдер рейтингі. Рейтингте 140 аймақ аталған. Қазақстан тізімі бұдан 3 есе қысқа.

"Схемы" жобасының зерттеуші журналисі Дмитрий Сухаревтің айтуынша, офшор аймағы арқылы бизнес жүргізу заңды әрі кең таралған тәжірибе. Бұл заң процедурасын жеңілдетіп, салық ауыртпалығын азайтады, кей жағдайда активтерге қол сұғылудан сақтайды.

"Бұл – постсоветтік елдер үшін өте маңызды", – дейді Сухарев.

"Ірі бизнес өкілдері компаниясын офшор аймағында тіркегісі келеді. Өйткені офшор аймақтар ағылшын-саксон құқық жүйесін пайдаланады. Ірі бизнес жергілікті құқық жүйесіне сенбейді, сот процесін ағылшын-саксон жүйесімен жүргізгенді жөн көреді. Компания жай елде тіркелсе, рейдерлер бизнесін тартып алуы мүмкін. Қандай да бір олигарх немесе мемлекет кәсіпкердің активін тартып алғысы келсе, пиғылын оп-оңай жүзеге асырады. Ал офшор аймағы болса, бәрі әлдеқайда қиын", – дейді зерттеуші.

ЖАБЫҚ ОФШОРЛАР

Бұрынғы "салық айлақтарының" бірі – Кипр. Қазақстандық жер қойнауын игеруші компаниялар арасында Кипр өте танымал. 2019 жылы Кипрдегі заң өзгеріп, реестрлердегі құпия ақпарат жария болды. Содан бері Кипр офшор аймағына жатпайды. Бірақ компания иелерін анықтау үшін біраз тер төгу керек. Офшор компаниялар салдарынан туатын мәселенің бірі – осы, олардың қызметінде ашықтық жоқ.

Бірнеше мысал келтірейік. "БАС" сауда-өндірістік компаниясы Қарағанды облысында тіркелген. Көмір өндіруге лицензия және оны экспорттауға эксклюзив құқық алған. Жалғыз акционері – кипрлік CIGARDES LIMITED компаниясы. Директоры – Денис Черкашин деп көрсетілген. Ол – Кипрде тіркелген тағы 3 компанияның басшысы. Ашық құжаттар мен компания иелері базасында CIGARDES LIMITED туралы дерек жоқ. Ақпарат алу үшін Кипр үкіметіне хат жазып, ортадағы делдал сайттарға ақша төлеу керек.

"СТС-1" көмір өндіру компаниясының түпкі иесінің хикаясы да осыған ұқсас. Бұл компания да Қазақстан көмірін шетелге экспорттау құқығына ие. Акционері – кипрлік MD ENLIGHTEN FUTURE LIMITED компаниясы. Директоры – Михаил Тасос. Ол Кипрдегі кемі 20 шақты компанияны басқарады.

2022 жылға дейін "СТС-1" акционері Ильдар Закиров болған. Оны "көмір олигархы" деп атайтын. 2011 жылы Закировқа ақша жымқырды, салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Закиров елден қашып кетті. 2012 жылы оған тағылған айыптар алынып тасталды. Қазір Закиров – Қарағандыдағы ГРЭС-1 құрылтайшыларының бірі. Оның "БАС" компаниясымен де байланысы бар, 2009 жылы компаниялардың бірінің құрылтайшысы болған.

Қазақстан көмірін шетелге сату құқығы SatKomir және "Разрез Кузнецкий" компанияларына да берілген. Құрылтайшылар Сингапурде тіркелген. Сингапурде компания иелерінің аты-жөнін білуге болады, бірақ ол үшін біраз бюрократиялық кедергіден өтуге тура келеді.

Көмір экспорттаушылардың бірі – "Транскөмір" компаниясы. Оның иелерінің бірі Кипрде, екіншісі БАӘ-де тіркелген. БАӘ өз аумағында тіркелген компания иесінің деректерін құпия ұстайды.

Көмір экспортына айрықша құқығы бар компаниялардың меншік иелері тіркелген елдер

2023 жылы Қазақстан көмірін экспорттау бойынша эксклюзив құқыққа 33 компания ие болған. Бұл компаниялардың үштен бірінің иелері (10) Нидерланд, Сингапур, Кипр немесе БАӘ-де тіркелген.

ОФШОРДЫҢ "ТОСЫН СЫЙЫ"

"Анонимді құпиялықтың" жақсы жағы да бар: компания иесі туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, соның ізімен қызық деректер табуға болады. Мысалы, аңызға айналған офшор аймақ – Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген фирма иелерін қарапайым әдіспен анықтау мүмкін емес: олар толық аноним құқығына ие. Бірақ әшкере болған деректерден бенефициарлардың аты-жөні белгілі болды. Осындай құжаттардың бірінен 2006 жылдан бері Қазақстанның тау-кен өндірісінде істейтін "Тоқтар" компаниясы жайлы ақпарат таптық.

"Тоқтар" компаниясына "КАМЛ Казахстан Холдинг" ЖШС арқылы Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген WILDORF HOLDING LTD иелік етеді. Әшкере болған офшор деректерін зерттеумен айналысатын журналистер консорциумының дерегінше, бұл ЖШС "КАМЛ Казахстан Холдинг" басшысы Мұхамеджан Тұрдахуновтың иелігінде.

WILDORF HOLDING LTD Тұрдахунов "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің" төрағасы болған кезде құрылған. Бұл компания Eurasian Resources Group-қа тиесілі. "Тоқтар" компаниясы Қостанай облысындағы "Тоқтар" кен орнынан алтын өндіру келісімшартын алу үшін құрылған сияқты.

Кей қазақстандық компанияларды басқару тізбегі ұзын. Олардың иелері бір офшор аймағынан екіншісіне өтіп, соңында бенефициарлары анықталады. Мысалы, "Қазақстан алюминий" компаниясы "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі" сияқты Еуразия тобына қарайды.

Қағазда бұл былай көрінуі мүмкін: "Қазақстан алюминий" компаниясын EKT Holding ЖШС, ал оны – NC Eurasian Holding B.V. мен Eurasian Resources Group B.V. басқарады.

Ары қарай тізім бойынша: ERG Sales AG - ENRC N.V. – ENRC Finance Limited – Eurasian Natural Resources Corporation Limited – Eurasian Resources Group B.V – Eurasian Resources Group – ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті 40%, ALM Management S.a.r.l 20,72%, Silverfjord Holding S.a.r.l. 20,71%, Eleanore Luxembourg II S.a.r.l 18,57%; ALM Management S.a.r.l – ALM Luxembourg Holdings S.a.r.l – ALM Group S.a.r.l– STAK ALM Holdings I – Машкевич Александр (Израиль); Silverfjord Holding S.a.r.l. – Westfjord Capital S.a.r.l – Ибрагимов Алиджан (ҚР, 2021 жылы қайтыс болды, активтері отбасы мүшелеріне өтті – ред.); Eleanore Luxembourg II S.a.r.l - Eleanore Luxembourg I S.a.r.l – Шодиев Патох (Бельгия) 100%.

ERG немесе Eurasian Resources Group Қазақстанның металл өнеркәсібінің негізгі бөлігін бақылауда ұстап, 26 кәсіпорынға иелік етіп отыр. Олардың қатарында осыған дейін аты аталған "Қазақстан алюминий" және "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі", "Павлодар көлік құрастыру зауыты" бар.

Көп жылдан бері Eurasian Resources Group-тың негізгі иелері Александр Машкевич, Патох Шодиев және 2021 жылы қайтыс болған Алиджан Ибрагимов болып келді. 1990-жылдардың ортасынан бастап компания Eurasian Natural Resources Corporation деген атпен таныла бастады. Жекешелендіру кезінде бұл компания металлургия саласындағы активтерді жаппай сатып алды. Компанияның негізін қалаған олигархтардың Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысы бар деп айтылатын. "Тікұшақ Қазахгейт" (Қазақстанның француз тікұшақтарын сатып алуына қатысты дау-дамай) кезінде осы олигархтардың аты-жөні аталды.

Сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Франция президенті Николя Саркозидің Астанада кездесуі. 6 қазан, 2009 жыл.

ENRC акциялары бұрын Лондон биржасында сатылатын, бірақ 2013 жылы делистинг жүргізілді. Ұлыбритания билігі компанияның Африкадағы бизнес операцияларына қарсы тергеу бастады. Тергеу былтыр ғана дәйектердің жеткіліксіздігіне байланысты аяқталды. Қазір ENRC 100 пайыз Люксембургте тіркелген жекеменшік компания – Eurasian Resources Group-қа тиесілі. Компания сайтында акциялардың 40 пайызы Қазақстан үкіметінің үлесінде деп жазылған. Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Машкевич, Ибрагимов пен Шодиевтің ұлы Сабир Шодиев және Шухрат Ибрагимов көрсетілген.

Осындай "тосын сыйлар" арасынан олигархтарды да, ірі шетелдік компанияларды да табуға болады. Мәселен, ТОО Aktobe Steel Production компаниясын зерттеп, Виргин аралдары арқылы Асаубаевтар отбасына шығамыз. Ал қазақстандық "ҚазГеоРуд", "Коппер Текнолоджи" және "Ақтөбе мыс компаниясы" кәсіпорындарының голландиялық және кипрлік иелерінің артында "Русская медная компания" тұр.

Кейде тізбектегі соңғы нысан ешқандай ақпарат бермейді. Мысалы, алтын өндіретін "Қазақалтын" компаниясын алайық. Қазір бұл компания "Алтыналмас" АҚ-на тиесілі. Компания өзін Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші кәсіпорын деп атайды.

Компанияның көп акциясы нидерландық Gouden Reserves B.V. тиесілі. Акцияның одан аз бөлігі Владимир Жұманбаевтың қолында. Нидерландық компания Сингапурде тіркелген Trustee Pte Ltd компаниясына қарайды, ал ол аудиторлық есепке сәйкес, Family Trust компаниясының атынан жұмыс істейді. Бұл компания туралы дерек таба алмадық: бірде-бір құжатта компанияның мекенжайы көрсетілмеген. Family Trust компаниясын нидерландық Gardien B.V. В басқарады. Бар тізбектің соңында Ресей мен Нидерланд азаматы Анна Березина тұр.

Анна туралы ақпарат аз, ол 2013 жылдан бері қазақстандық алтын өндірісінде үлеске ие. Березинаны кәсіпкер Владимир Ким және Эдуард Огаймен байланыстырады.

Қаза тапқан құтқарушы Айдос Шаймерденнің жесірі күйеуі отырған автобус түсіп кеткен жерде тұр. Павлодар облысы Майқайың ауылы. 28 наурыз, 2024 жыл.

Алтын өндірісі тақырыбын жалғастырсақ, Павлодар облысында жұмыс істейтін "Майқайың алтын" иесі – Кипрде тіркелген Rence Enterprises Limited. Оның директоры – Сербия азаматы Милан Попович деп көрсетілген. Оған Кипрдегі тағы 8 компания қарайды. Поповичтің ресейлік олигарх, Ресей мыс компаниясының негізін қалаған Игорь Алтушкинмен байланысы бары айтылады. Оның аты-жөні – Forbes журналындағы Ресейдегі ең бай адамдар тізімінде 37-орында тұр.

Бірнеше ай бұрын "Майқайың алтын" шахтасына 4 құтқарушы мінген автобус құлап кетті. Екі кісі сол күйі табылмады. Іздестіру жұмыстары тоқтады. Жоғалған адамдар марқұмдар қатарына қосылмады, сол себепті жақындары өтемақысыз қалды.

ЕҢ ЭКЗОТИКАЛЫҚ ОФШОРЛАР

Гернси және Джерси территориясы Норманд аралдарына кіреді. Бұл жер ресми түрде Ұлыбританияға қарайды, бірақ өз салық, денсаулық сақтау жүйесі, ұлттық таңбалары, валютасы мен банкі бар. Гернси және Джерси аралдары бір кездері ең атақты офшорлар еді. Кейін Еуроодақ пен Ұлыбританияның қысымымен фискалдық ережелерін өзгертіп, танымал болудан қалды.

Гернси және Джерси аралдарында Қазақстандағы екі өндіруші кәсіпорынның иелері тіркелген. Бірі – AltynEx Company, Ақтөбе облысындағы "Юбилейное" кен орнынан алтын өндіреді. Иелері кім екені түсініксіз. Электронды үкімет сайтының дерегінше, компания акциялары Джерсиде тіркелген Terra Minerals Exploration Limited және LINKORNLIMITED тиесілі. Әшкере болған Paradise Papers құжаттарына сәйкес, бірінші компанияның директоры – қазақстандық кәсіпкер Дінмұхаммед Ыдырысов, ал иесі – үндістандық SUN Gold концерні. Linkorn Limited иесі – ресейлік Борис Лузин деп аталған. Ақпарат құралдарының дерегінше, 2016 жылы компанияның жаңа акционерлері пайда болған. Олардың қатарында Дінмұхаммед Ыдырысов (25 пайыз) пен Анна Березина (6 пайыз) бар.

Қазақстандық қор биржасының ақпараты бұған сәйкес келмейді. KASE дерегінше, AltynEx Company жалғыз акционері – Сәрсенов Елдар Рәшитұлы. Қазақстандық Forbes тізіміне кіретін Сәрсеновтер отбасы "Нұрбанк", "Француз үйі" желісі, "Бьютимания" және басқа да активтерге ие.

Гернси аралына "Балауса" фирмасының да қатысы бар. Бұл компания Қызылорда облысындағы әлемдегі ең ірі ванадий кен орны – Баласауысқандыққа иелік етеді. Аталған металл түрі метталургия, электроника, химия өнеркәсібінде қолданылады. Кен орнының бір ерекшелігі – металдың сипатына байланысты өндіріске аз ақша кетеді. "Балаусаға" Ferro-Alloy Resources Limited компаниясы иелік етеді, оның акциялары Лондон қор биржасында сатылады.

Компанияның ірі акционері – Theseus (Guernsey) Ltd. Компания дәл осы Гернси аралында тіркелген TheAthol 3 Settlement компаниясының сенімді басқарушысы. 2020 жылы құрылған Vision Blue Resources Limited инвестициялық қорымен байланысы бар. Қорды Ұлыбританияның консервативтік партиясының бұрынғы қазынашысы Мик Дэвис құрған.

Ferro-Alloy Resources Limited екінші ірі акционері және бас операциялық директоры – Андрей Кузнецов. 1990-жылдары ол "Альфа-Банк Казахстан" бас директоры болған. 2006 жылы "Балауса" компаниясын басқаруға көшті.

Қазақстанның жер қойнауын игеруші компаниялардың иелері тіркелген жерлер

Самоа тәуелсіз мемлекеті Полинезияда орналасқан, 200 мың халқы бар мемлекет. Ондағы офшор компаниялар жергілікті салықтың барлық түрінен (табыс, капитал өсімі, транзакция және келісімшарт салығы) босатылған. Аралда орналасқан компания Shine Lead GroupLimited деп аталады. Ол алтын өндіруші IRG Kazakhstan компаниясына иелік етеді. Бұл компанияны 2010 жылы International Resources Group Limited пен Сырым Бақытжанұлы Берікболов құрған. Кәсіпорын бірден Шаралтын компаниясынан "Шар" алтын кен белдеуін игеру құқығын алған.

Shine Lead Group Limited IRG Kazakhstan компаниясын 2017 жылы сатып алған. Аудиторлық есеп бойынша, кәсіпорынның екі акционері бар – Dragon Presper Investments Limited пен Dragon Sum International Limited. Екеуі де Ұлыбританияның Виргин аралдарында орналасқан. Иелері – Қытайдың екі азаматына тиесілі TianjinDragon Fly Invest Development Co Ltd.

ОФШОРЛАР, ТРЕЙДЕРЛЕР, САЛЫҚТАР

Қазақстанның кен өндіру саласындағы "Қазатомөнеркәсіп", "Қазминералс", "Қазхром", "Қазгеология" сияқты алпауыттар да қол астындағы кей өндіруші кәсіпорындарға тікелей емес, шетелдік компаниялар арқылы иелік етеді. Сарапшылар мұны былай түсіндіреді:

– Пайдалы қазба экспорттайтын өндіруші бизнес клиенттерімен тікелей емес, трейдерлер арқылы жұмыс істейді. Азия нарығы болса, көбіне Сингапурды пайдаланады. Еуропа нарығы болса, Швейцария. Чилиге көмір сататын болса, чилилік компанияларға Швейцарияға еуромен, франкпен немесе доллармен төлеген ыңғайлы. Олар ары қарай төлемнің қалай аударылатынына бас қатырмайды. Бұл елдерде банк жүйесі ашық, бұрыннан жұмыс істеп келе жатыр, оған сенім жоғары. Сондықтан көбі соны қолданады. Сингапур де солай, – дейді журналист-зерттеуші Дмитрий Сухарев.

Қазақстандағы мұнайдан басқа салаларда істейтін өндіруші компания иелерінің жартысына жуығы белгісіз. Оларды шетелдік реестрлерден іздеп тауып, көп хат жазып, шұбатылған ұзын тізбекті зерттеп шығу керек. Түпкі бенефициары анықталады деуге кепілдік жоқ. Кейде компания иелері толықтай анонимді болады.

Сарапшылар сөзінше, бұл – бөлек бір мәселе.

– Компания өзі жұмыс істейтін елде тіркелсе, кәсібін рейдерлер тартып алуы мүмкін: бір олигарх немесе мемлекет бизнесін тартып аламын десе, қолынан келеді. Шет аймақтарда болса, қиын. Елдегі ірі компаниялар мен олардың иелері басқа мемлекетте тіркелсе, бұл елде құқық жүйесі дұрыс жұмыс істемейтінін, инвестициялық климат нашар екенін көрсетеді. Ірі кәсіпкерлер өз активтерін осылай қорғауға тырысады, – дейді Сухарев.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің дерегінше, 2018-2022 жылдары Қазақстандағы заңды тұлға-резиденттер офшорларға табысынан 505 миллиард теңге салық төлеген. Оның 285 миллиардын жер қойнауын пайдаланушы компаниялар берген. Комитет Азаттық сұрақтарына жауап беріп, иелері офшорда тіркелген компаниялар Қазақстанда да салық төлейді деп түсіндірді.

"Салық кодексінің 646-бабының 2-тармағы бойынша, жеңілдетілген салық жүйесі бар елде тіркелген, 644-бапта анықтама берілген, құзырлы орган бекіткен тізімдегі тұлғаның табысына 20 пайыз салық салынады" деген комитет жауабында.

Қазақстанды өндіруші компаниялар арасында танымал, "жеңілдетілген салық режимі бар" Нидерланд, Кипр немесе Сингапур сияқты елдерге жатқызбайды. Әйткенмен олармен қосарланған салыққа жол бермеу туралы келісім жасалған. Бұл – компания салықты тек бір елде ғана төлейтінін білдіреді.

Осы тұста мыс өндірумен айналысатын KAZ Minerals Aktogay компаниясының хикаясын еске түсірейік. Компания 100 пайыз KAZ Minerals AktogayFinance Limited-ке тиесілі. Бұл – KAZ Minerals компаниясының британдық бөлімшесі. 2023 жылы жазда Алматы прокуратурасы KAZ Minerals Aktogay 2018 жылдан бері 4 жыл бойы Қазақстанда аз салық төлеп, ірі көлемдегі дивиденттерін британдық акционеріне аударып отырған деп мәлімдеді. Прокуратура қазынаға 8 миллиард теңге түспей қалғанын, тексерістен соң, бұл ақша мемлекетке қайтарылғанын хабарлады.

Британдық Tax Justice Network есебінше, салық заңнамасының бұзылуы салдарынан Қазақстан жыл сайын 183 миллион доллар табыстан қағылып отыр. Оның 118 миллионы компаниялардың офшорда тіркелуі салдарынан шетке кетіп жатыр.

Tax Justice Network болжамынша, бұл мәселенің тек көзге көрінетін бер жағы ғана болуы мүмкін.

– Ақшаның шығу төркініне байланысты нақты сандарды анықтау қиын. Ақшаны жасыруға тырысатындары түсінікті. Қаржы ауқымын бағалаудың жанама әдістері бар. Tax Justice Network кейінгі жарияланған есебі бойынша, ұлттық корпорациялар табысының офшорға кетуінен және олардың байлығын жасырып, салық төлеуден жалтаруынан қазынаға жылына шамамен 470 миллиард доллар ақша түспейді. Осыған қарап, басқа да заңсыз жылыстаған қаржы барын топшылауға болады, – дейді Карлов университетінің экономика профессоры, Tax Justice Network зерттеу бөлімінің басшысы Мирослав Полански.

Поланскидің айтуынша, көп елдегі жағдайдың өзгеруіне ықпалды тұлғалардың мәселені шешуге құлықсыздығы, жүйеден пайда көріп отырған элитаның лоббиі кедергі болуы мүмкін.

– Осындай адамдар көп болған сайын, саясаткерлерге қысымға төтеп беріп, ашық әрі әділ салық жүйесіне қадам жасау қиын. Ықпалды тұлғалардың мұндай өзгерістерге мүдделі болмауы – үлкен мәселе. Олардың қалауы қоғамның қалған бөлігінің сұранысына сай келмейді, – дейді Полански.

Журналист-зерттеуші Дмитрий Сухаревтің айтуынша, уақыт өте келе офшорлар "бәрібір ақша жымқырып немесе жасырғысы келетін адамдар үшін қауіпті болады".

– Не құжаттар әшкере болады, не [офшор аймағының] билігі қандай да бір деректерді ашады. Қазір цифрлық әлемде тұрамыз, деректердің жария болуынан ешкім қорғалмаған. Қалаған адам кез келген жасырылған ақшаны іздеп таба алады, – дейді Сухарев.

Өнеркәсіп министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 350 көмірсутегі және 950 қатты пайдалы қазба кен орындары бар. Ресми статистика дерегі бойынша, 2023 жылы тау-кен өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 13 пайызға тең болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан ураны кімнің қолында?