Құқық қорғаушылар пандемия кезінде рақымшылық жасауды сұрайды

Әйелдер колониясында асханаға кіріп бара жатқан жаза өтеушілер. Көрнекі сурет.

Қазақстанда қамауда отырған бірнеше адамға коронавирус жұққаны анықталды. Туыстары мен құқық қорғаушылар биліктен ауыр қылмыс жасамаған, егде жастағы және науқас жазасын өтеушілерге коронавирус пандемиясы кезінде рақымшылық жариялауды сұрайды. Билік заңда бұл қарастырылмағанын айтады.

Cәуірдің 26-сы күні Алматы облысы Жауғашты кентіндегі ЛА-155/4 колонияда жазасын өтеп жатқан әйелдің COVID-19 жұқтырғаны анықталды (Сәуірдің 28-і күні билік түрмедегі әйелдің қайта тапсырған анализінен коронавирус табылмады деп мәлімдеді). Оның алдында елдегі уақытша қамау изоляторында отырған екі адамға коронавирус жұққаны хабарланған. Елде індет тарап жатқан шақта түрмеде отырғандардың туыстары мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен ауыр қылмысы жасамаған, жасы ұлғайған және науқас жазасын өтеушілерге рақымшылық жариялап, оларды қамаудан босатуын сұрайды.

Шымкент қаласының тұрғыны Сағыныштың (аты-жөні өзгертілді) күйеуі былтыр ұрлық жасағаны үшін сот үкімімен төрт жылға бостандығынан айырылған. 26 жастағы жігіттің Шымкенттегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқанына биыл сәуірде бір жыл толды. Колония іші "санитарлық талаптарға сай емесін" айтқан Сағыныштың билік орындарына күйеуін ертерек босатса деген тілегі бар.

- Биыл ақпанда кездесуге бардым. Қазір енді таксофонмен хабарласып тұрады. "Бәрі жақсы" дейді. Бірақ кездесуге барғанда мекеменің іші лас, суық екенін көрдім. Қазір Шымкентте вирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. Соған алаңдап, ертерек босап шықса екен деп тілеймін, - дейді ол.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Аяулымды да (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) дәл осындай мәселе мазалайды. Ол былтыр бір жарым жылға сотталған күйеуінің аман-есен шыққанын күтіп жүр.

Жазасын кешірмесе де, пробацияға босатса жөн болар еді.

- Күйеуім 2019 жылы тамызда "Парақорлыққа делдал болу" бабы бойынша айыпталып, бір жарым жылға сотталған. Мен қазіргі жағдайда аз мерзімге сотталған, қоғамға қауіп төндірмейтін азаматтарды қамаудан босатқан жөн деп ойлаймын. Жазасын кешірмесе де, пробацияға босатса жөн болар еді. Олар істі болып, онсыз да жазаланған адамдар ғой, - дейді Аяулым.

Азаттыққа хабарласқан екі әйел де колония ішіндегі медициналық көмектің тиісті деңгейде емесін айтып, егер мекемеге вирус кірсе жағдайдың күрт нашарлайды деп санайды.

Түрмеде отырғандардың құқығын қорғап жүрген құқық қорғаушы Елена Семенова да қазіргі жағдайда жазасын өтеп жатқан кей азаматтарға рақымшылық жасау керек деп санайды. Ол "Қылмыстық атқару жүйесінің сақтық шаралары мәлімдемелеріне қарамастан уақытша қамау изоляторында вирус жұқтырғандар анықталғанын" еске салады.

Құқық қорғаушы Елена Семенова (сол жақта) түрмеде отырған ақын, диссидент Арон Атабекпен бірге. Павлодар, 26 шілде 2019 жыл.

- Егер қазір ең болмаса бір жазасын өтеуші вирус жұқтырса, екі-үш күнде барлық колониядағыларға тарайтыны анық. Сондықтан жазалауды қажет етпейтін категориядағыларды, мүгедектер мен Арон Атабек (2006 жылы Алматыдағы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған) сияқты егде жасқа келгендерді босатуға болар еді. Мысалы, Қостанайдағы колонияда бірінші топ мүгедегі бар, жағдайы қиын, салмағы небәрі 37 килограмм, оны қамауда ұстаудан не пайда? Тағы сол сияқты ауыр дертке шалдыққан жаза өтеп жатқан бірнеше адам жазасын жеңілдетуді сұрап, президентке хат жолдағанын да білем. Олар колонияда өлместің күнін көріп жатыр. Қамаудағыларды босатып, түрмедегілердің санын азайтуға болар еді. Кездесулерді кейінге шегергенімен вирус колонияларға жетуі мүмкін. Түрмеге вирусты күнде жұмысқа келіп жүрген қызметкерлер әкелуі мүмкін. Келетін сәлем-сауқыт пен өзге заттар арқылы да жетпесіне кім кепіл? Ол заттар қанша адамның қолынан өткені де белгісіз, - дейді Семенова.

ПРОКУРАТУРАНЫҢ АДВОКАТҚА ЖАУАБЫ

Адвокат Абзал Құспан наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, вирус тарап жатқан шақта қамауда отырғандарды босатуды сұраған.

Түрмедегілер қандай жағдайда босатылады?

Қылмыстық атқару кодексінің 161-бабына (Жазадан босату негіздері) сәйкес, үкімде көрсетілген жазасын толық өтегендер, ақталғандар, түрме жазасы шартты жазаға ауысқандар, рақымшылыққа ілінгендер, кешірім берілгендер, дәрігер анықтамасына сай дертке шалдыққандар ғана уақытынан бұрын босап шығады. Заңда жаппай вирус я эпидемия тараған кезде түрмеден босату қарастырылмаған. Қазақстан Конституциясының 54-бабына сай, рақымшылық жасауды парламент шешеді. Рақымшылық жекелеген адамдарға емес, адамдардың белгілі бір тобына мәселен, жасөспірімдер, әйелдер мен мүгедектер, қылмысы аса ауыр емес сотталушыларға жасалады. Амнистия жасалатындар тізімін Бас прокуратура түзеді. Ал жеке адамдарға президент рақымшылық жариялайды.

Адвокатқа жақында Бас прокуратурадан келген жауапта төтенше жағдай кезінде түрмеде отырғандарды босату қарастырылмағаны, "сотталған азаматты жазадан босату тек Қылмыстық атқару кодексінің 161-бабына сәйкес жүзеге асырылатыны" жазылған.

Бірақ Бас прокуратураның адвокатқа берген жауабында "төтенше жағдай кезінде істі болып жатқан күдіктілерді қамауға алу мәселесін қайта қарау туралы шешім қабылдағаны" айтылған.

Прокуратураның хабарлауынша, наурыздың 31-іне өткен жедел штаб отырысында жүрек және тыныс алу органы дертіне шалдыққан 50 жастан асқан және зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ, яғни экономикалық қылмысқа күдіктілерді қамауға алу мәселесін қайта қарау, тергеуді, сот отырыстарын жедел өткізіп, апелляция шағымын тез арада қарау туралы шешім қабылданған.

Бас прокуратура "вирус тарап жатқан шақта сотқа дейінгі тергеу органдары қоғамға қауіп төндіретін күдіктілерді, тергеу кезінде қашып кетуі мүмкін адамдарды ғана қамауға алып жатқанын" мәлімдеген.

"РАҚЫМШЫЛЫҚ – БІР-ЕКІ КҮНДЕ ШЕШІЛЕТІН ІС ЕМЕС"

Қазақстанда осыған дейін тоғыз рет (1991, 1994, 1996, 1999, 2000, 2002, 2006, 2011 және 2016 жылдары) рақымшылық жарияланған. 2016 жылы мемлекет тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық кезінде мың жарымға жуық адам түрмеден босап, 20 мыңнан астам адамның жазасы жеңілдеген.

Сол кезде рақымшылық жасау комиссиясының жетекшісі болған парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтің сөзінше, рақымшылық тез арада шешілетін іс емес.

- Рақымшылықтың негізгі мақсаты – гуманизм. Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты қарау керек. Бір-екі күнде шешілетін іс емес. Қамауда отырғандардың арасында қанша адам жеңіл жазамен отыр, қаншасының жасы келген, қаншасының денсаулығы сыр берген? Осындай кешенді мәселелерді анықтап, мәселені көтеруге болады. Алайда қазіргі жағдайда бұл қиын, әдеттегі жұмыс істеу режимінен шығып қалдық. Төтенше жағдай режимі аяқталып, жұмысқа толық кіріскеннен кейін неге бұл мәселені көтеруге болмасқа? - дейді депутат Азаттыққа.

Қазақстанда әдетте рақымшылық атаулы датаға байланысты жарияланады. Депутат Нұрлан Дулатбеков өзіне "Екінші дүниежілік соғыстың 75 жылдығына орай рақымшылық жасала ма?" деген сұрақтар түсіп жатқанын, алайда елде "жазасын өтеушілер арасында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар жоқ болғандықтан" бұл датаға орай рақымшылық қарастырылмағанын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмеде отырғандарды коронавирусқа байланысты босату керек пе?