Freedom House есебі: интернеті еркін емес Қазақстанда кибершабуыл көбейген

Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымының биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде Қазақстан тағы да "интернеті еркін емес ел" қатарында аталды. Кейінгі бір жылда Қазақстан "интернет пайдалану", "контентті шектеу" және "қолданушы құқығын бұзу" жөнінен бұрынғыдан еш өзгермеген.

Зерттеуде қамтылған кезеңде (2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың мамыры) елде журналистер, блогерлер және саяси белсенділер интернеттегі контентіне бола қудаланған. ТМД-да Қазақстаннан басқа ешбір ел "интернет еркіндігі" жағынан бұрынғы орнынан алға жылжымаған. Грузия мен Армения бір жылда 18 ұпайдан жоғалтып, "жартылай еркін" ел атанса, Қырғызстан 4 ұпайынан айырылып, "жартылай еркін" статусында қалған.

Freedom House ұйымының "Интернет еркіндігі" есебінде Қазақстан 34 балмен биыл да "еркін емес" елдер қатарында қалды. Есепте былтыр қыркүйекте және биыл тамызда күшіне енген жарнама және масс-медиа туралы заңдар интернет қолданушылар құқығын шектейтіні айтылған.

Халықаралық ұйым талдауында 72 ел қамтылған. Тізімдегі 19 елге "еркін", 32 елге "жартылай еркін", ал қалған 21-іне "еркін емес" статусы берілген.

Freedom on the Net есебінде 2024 жылғы әлемдегі интернет еркіндігінің жайын көрсеткен.

АҚШ-тың Вашингтон қаласында орналасқан Freedom House ұйымы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашизм мен тоталитаризмге қарсы күресу, еркіндік пен демократия құндылықтарын дәріптеу мақсатында құрылған. Ұйым 1973 жылдан бері Freedom in the World (әлемдегі еркіндік), 1995 жылдан Nations in Transit (өтпелі кезеңдегі елдердегі демократияның дамуы) және 2009 жылдан бастап Freedom on the Net (интернет еркіндігі) есебін жариялап келеді.

Халықаралық ұйымды АҚШ мемлекеттік департаменті қаржыландырады. Одан бөлек, институтқа қоғамдық әрі жеке қорлар қолдау танытады.

Freedom on the Net есебі үш негізгі категория бойынша 21 сұрақтан тұратын зерттеу әдістемесіне негізделген. Әр елдегі интернет еркіндігінің индексін анықтау үшін интернетті пайдалану жеңілдігі, контентті шектеу және интернет қолданушы құқықтарының бұзылуы сияқты мәселелерге баса мән береді.

Зерттеуге әр елден ғалымдар қатыстырылады. Олар әр сұраққа ашық дереккөздерден мәлімет іздеп, елдегі жағдайды 100 балдық өлшем бойынша бағалайды.

Мәселен, есепте Қазақстанда интернет инфрақұрылымының сапасы жоғары, халықтың 96,2 пайызы интернетті еркін пайдалана алады деп жазылған. Қазақстан "биліктің интернетті заң әрі техникалық құралдар көмегімен бақылауға алу" мәселесі бойынша 6-дан 3 балл алған. Себебі, қазақ үкіметі 2024 жылдың мамыр айында су тасқынынан Құлсарыда зардап көрген халық наразылық білдірген аймақта интернет жылдамдығын баяулатқан.

Елдегі интернет еркіндігін анықтауға бағытталған сұрақтар бойынша жиналған деректерде балл қою былтырғымен салыстырғанда өзгермеген. Десе де, азаматтардың интернеттегі белсенділігі мен мобилизациясына бағытталған жаңа заңдар және үкіметтің TikTok әлеуметтік желісін шектеу мәселесін қарастыруы алаңдатады деп жазылған. Зерттеудің былтырғы бағалауында институт сарапшысы "үкімет наразылық болған өңірлерде троттлинг әдісімен интернетке кіруді баяулатқанымен, Қаңтар оқиғасы кезіндегідей бүкіл елде интернетті өшіріп тастамады", – деп жазды.

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Цифрлық құқық және пропаганда бойынша зерттеуші Дана Маликова мұны үстірт бағалауға жатқызады.

"Себебі, наразылықтардың айырмашылығы туралы талдау жоқ, наразылық деңгейі мен оған мемлекеттің реакциясы арасында корреляция жоқ. Яғни, Қаңтар оқиғасының Қазақстандағы кәдімгі наразылықтардан түбегейлі айырмашылығы бар екенін түсіну маңызды. Қазақстандағы әдеттегі наразылықтар ауқымды емес және қатысқан адам саны аз, сәйкесінше, бұл авторитарлық режимге онша үлкен қауіп төндірмейді. Сондықтан қолданылатын құралдар әртүрлі. Ал интернетті өңірлерде шектеу – жағдайдың жақсарғанын білдіреді деу, менің ойымша, қисынсыз", – деді Дана Маликова.

ИНТЕРНЕТТЕГІ СЕНІМНІҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Институттың биылғы есебі дәл осылай аталған. Freedom House сарапшылары кейінгі бір жылда интернеттегі ақпаратқа сенім төмендегенін байқаған. Зерттеуге енген 21 елде үкіметшіл комментаторлар қоғамдық пікірді бұрмалауға тырысып, сайлау барысын бақылаған демократиялық институттарға деген сенімнің төмендеуіне септескен.

Дегенмен интернеттегі ақпаратты бұрмалауды шектейтін заңдар да қабылданған. Оңтүстік Африка, Тайвань және Еуропа одағындағы елдер генеративті жасанды интеллектінің фейк контент дайындауға қолданысын шектейтін заңдар қабылдаған.

Биылғы есепке алғаш рет Чили мен Нидерланд елдері де кіріп отыр. Екі елде де цифрлық құқық жағдайы жақсарған деп жазды авторлар. Бірақ кейінгі он жылда интернеттегі контент жиі шектелген елдер саны да өскен. Мәселен, Сербияда 2023 жылы желтоқсанда өткен сайлау қарсаңында үкіметшіл медиа оппозиция өкілі жөнінде жалған мәлімет таратып, абыройына нұқсан келтіруге тырысқан. Ал Зимбабведе 2023 жылдың тамызында өткен сайлау барысында биліктегі партияға қатысы бар комментаторлар тәуелсіз бақылаушыларға әлеуметтік желілерде қысым көрсеткен.

Зерттеушілер интернет кеңістігінде жалған ақпаратты әдейі таратып, қоғамдық пікірді бұрмалауға тырысатын авторитар режимдерге қатысы бар не жеке дара агенттер әртүрлі технологиялық құралдарды қолдана бастаған деді.

2024 жылдың қаңтарында британдық Times басылымы Еуропаның бірнеше редакциясына жасанды интеллектінің көмегімен жазылған, Қазақстан үкіметін қолдайтын материалдар келгені жөнінде жазған. Кейіннен мақалаларға аты-жөні жазылған ғалымдар бұған өздерінің еш қатысы жоғын мәлімдеген.

Зерттеуші Дана Маликова "авторитар режимдерде технологиялар қолданылғанда, олар пікір білдіру еркіндігі жағдайын тек нашарлататынын" айтты.

"Біздің үкіметке, жалпы Орталық Азия елдеріне, сондай-ақ Ресей мен басқа да демократиясы тамырымен жойылған елдерге жасанды интеллектіні дұрыс қолдану үшін ең әуелі қарапайым адам құқықтарын, және де онлайн ғана емес, сонымен қатар оффлайн да сақтау керек болады", – деді Маликова.

СӨЗ ЕРКІНДІГІ ЖӘНЕ ІШКІ ЦЕНЗУРА

Есепте 2023 жылдың маусымы мен 2024 жылдың мамыр аралығы қамтылған. Бұл кезеңде Қазақстанда "Онлайн платформалар мен жарнама туралы" және "Масс-медиа туралы" заңдар қабылданды. Freedom House жаңа заңдарда интернет қолданушыларын мәдени, ұлттық немесе отбасылық құндылықтарға қайшы деп танылған контентке бола жазалау қарастырылғанын жазған. Одан бөлек, қамтылған кезеңде елдегі онлайн ресурстарға хакерлік шабуылдар жасалып, тәуелсіз журналистердің әлеуметтік желілердегі аккаунттары бұзылғаны айтылған.

Ұйым сарапшылары Қазақстанда телеарналар мен газеттерге қарағанда онлайн медиа ресурстар салыстырмалы түрде еркін, ал тәуелсіз ақпарат және пікір алмасу көбіне әлеуметтік желілерде жүреді деп баға берген.

"Онлайн дискурс көбіне үкімет қаржыландыратын комментаторлар тарапынан бұрмаланып жатады. Бір талдауда жалдамалы комментаторлар [ақпараттық] дағдарыс кезінде интернет қолданушылардың назарын мемлекеттің жетістіктеріне қарай бұруға тырысқаны жайлы жазылған. Ал сайлау бақылаушыларының айтуынша, 2022 жылдың қараша айына жоспарланған президент сайлауы қарсаңында [әлеуметтік желілердегі] боттар президент Тоқаевты қолдап, посттар жазған", – делінген есепте.

Бұрын үкіметшіл басылымда істеген Бэлла Орынбетова үкіметке қатысы бар жеке тұлғалар мен ұйымдар әлеуметтік желідегі танымал адамдарға үкімет шешімдерін құптайтын пост жазғаны үшін 50 мың теңгеден төлейтіні туралы айтқан.

Журналист Динара Егеубаева (ортада) өзін куә ретінде шақыртқан Медеу аудандық полиция басқармасы алдында сұхбат беріп тұр. Алматы, 16 қыркүйек 2022 жыл.

2023 жылдың қаңтар айында журналист Динара Егеубаева көлігін әлдебіреулер өртеп кеткенін, баласын қарумен қорқытқанын мәлімдеген. Сол айда белгісіз біреулер журналист Вадим Борейконың үйінің есігін желімдеп, оның әріптесінің көліктеріне от қойған.

LGBT+ қауымдастығының Қазақстандағы өкілдері онлайн қудалауға жиі ұшырайтынын, соның есебінен ішкі цензура қалыптасқанын айтады.

Қазақстанда азаматтық қоғам мен саяси ұйымдар өз ұстанымын айтып, мақсатын жүзеге асыруға көбіне әлеуметтік желі платформаларын пайдаланады. Freedom House олардың интернеттегі контенті наразылық кезінде жиі шектеледі деп атап көрсеткен.

Зерттеуге енген 72 елдің 43-інде саяси, әлеуметтік және діни көзқарастағы контент жарияланған сайттар бұғатталған. Оның қатарында Қазақстан да бар.

Мәдениет және ақпарат министрлігі 2023 жылы ел аумағында үкімет талабымен 15,835 веб-парақша бұғатталды деп мәлімдеген. Оның 435-і kz доменінде тіркелген деп айтылды. Ал 2024 жылдың шілдесіне дейін жалпы Қазақстанда бұғатталған веб-парақша саны 89 959-ға жеткен. Оның 3878-і сот шешімімен шектелген. Үкімет бұғаттауға "жалған ақпарат таратқаны", "экстремистік және террористік контент бөліскені" себеп болды деп түсіндірген.

Биыл қаңтар айында Мәдениет және ақпарат министрлігі LGBT+ қауымдастығының жасөспірімдерге бағытталған Selftanu.kz атты сайтын бұғаттауды бұйырды. Үкімет аталған сайт жасөспірімдер денсаулығына кері әсер тигізетінін меңзеген.

"Еркін интернет – еркін Қазақстан" деген жазуы бар плакат ұстаған азаматтық белсенді Анна Шүкеева пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 26 шілде, 2019 жыл.

Ұйым есебінде Қазақстанда журналистер, саяси белсенділер мен өзге де интернет қолданушылар ішкі цензураға жиі тап болады деп жазған. 2019 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін елде онлайн талқылаулар күшейіп, адамдар әлеуметтік желілерде белсенді бола бастағанымен, журналистер үкіметтің репрессивті шарасына тап болмас үшін ішкі цензураға жол береді дейді сарапшылар.

Цифрлық құқықты зерттеп жүрген Дана Маликова бұл үдеріс 2019 жылдан бері күшейгенін айтты. Ол "бұл тенденция жалғасын тауып жатыр, әсіресе елде саяси оқиғалар болған кезде" деді.

"Биылғы [2024] жыл туралы айтар болсақ, референдум қорытындысына көз салсақ жеткілікті. "Уральская неделя" бас редакторы [журналистік жұмысы үшін] сотқа шақырылды. Бірқатар БАҚ өкілдерінің ресурстары бұғатталды, шабуылдар жасалды. Медиа жұмысын шектейтін көптеген заң бұзу фактілері болды. Бұл келесі жылдың есебіне кіретін шығар және бұл Қазақстанның рейтингте тағы да төмендеуіне негіз болуы мүмкін", – деді сарапшы.

Кейінгі бір жылда Өзбекстанда да азаматтарды интернеттегі белсенділігіне бола қудалап, сотқа тарту оқиғалары жиілеген. Шотландиядағы Сент-Эндрюс университетінде Орталық Азиядағы интернеттегі әлеуметтік мобилизация мен азаматтық қоғамның дамуын зерттеп жүрген Эрнест Жанаевтың пікірі осындай. Ғалым Freedom on the Net 2023 есебін дайындауға қатысқан.

"Тәуелсіз блогерлерге қарсы қолданылған негізгі баптар көбіне жала жабу бойынша болды. Блогерлер заңсыз келісімдер туралы ақпарат таратып немесе сыбайлас жемқорлық элементтері бар істер жайлы сұрастыра бастаса, жала жабу [бабы] қолданылды. Өкінішке қарай, көптеген блогерлер жала жабу бабымен сотталды. Бірақ кейбірін алаяқтық жасады деп айыптап, ұзақ мерзімге соттады", – деді ғалым.

Адам құқын қорғаушы халықаралық ұйымның биылғы есебінде 2022 жылдың шілде айында болған Нөкіс оқиғасы мен оның салдары да қамтылған. Институт сарапшылары Өзбекстандағы "интернет еркіндігінің" нашарлауына биліктің Нөкіс оқиғасына реакциясы себеп болған" деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарақалпақстанда қантөгістен кейін жағдай тұрақталып келеді, бірақ интернет істемейді

"[Қарақалпақстандағы] наразылықтар қарсаңында және барысында үкімет интернетті шектеді, наразылықтар туралы ақпарат таратқаны үшін журналистер мен белсенділерді қамады. [Құқық қорғаушылар] Қарақалпақстанда блогерлер азапталғаны жөнінде хабарлады. Кейін үкімет наразылыққа қатысы бар деп соттаған кемі 61 адамның бір бөлігіне интернеттегі белсенділігі үшін айып тағылды", – деп жазылған есепте.

2023 жылы маусымда Ташкентте апелляция соты қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың шағымын қанағаттандырмай қойғаннан кейін Қарақалпақстанда жастарға қысым күшейген. Жыл басында Азаттық редакциясына хабарласқан қарақалпақ азаматының бірі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың суретін Telegram-арнада бөлісіп, оны "батыр" деп атағаны үшін милиция бақылауына түскенін айтты.

Нөкіс оқиғасынан кейін саяси белсенділігін Қазақстанда жалғастырған қарақалпақ азаматтары Өзбекстан билігінің оларды экстрадициялау туралы талабы бойынша ұсталып, бір жыл уақытша ұстау изоляторында отырды. Ташкент оларға интернеттегі белсенділігі үшін қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған, Астанадан оларды Өзбекстанға қайтаруды сұратқан. Қазақстан үкіметі белсенділерге саяси баспана бермегенімен, экстрадиция талабын да қанағаттандырмады.

Нөкіс оқиғасынан соң Қазақстанда қарақалпақ белсенділері қудалауға түскенін айтып шағынған.

"Қазақстан үкіметі Google және Meta компанияларына контентті шектеу мақсатында талап-арызын жіберіп отырған" деп жазды Freedom House биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде.

Әйткенмен Қазақстан үкіметі Google және Meta компанияларына контентті шектеу мақсатында талап-арызын жіберіп отырған. Нақтырақ айтқанда, Facebook пен Instagram әлеуметтік желісіне және WhatsApp мессенджеріне иелік ететін Meta Қазақстан билігінің еш талабын орындамағанын мәлімдеген. Ал Google 2023 жылдың бірінші жартысында қазақ үкіметінен браузердегі 38,419 контентке қатысты 188 шағым түскенін мәлімдеген. Оның 1,1 пайызын шектеген. Ал сол жылдың екінші жартысында түскен шағымдардың 12,5 пайызындағы деректерді компания ережесін бұзды деп браузерден алып тастаған.

Freedom on the Net 2024 есебінде қамтылған 72 елдің 27-інде цифрлық құқық шектелген, ал 18 елде алға ілгерілеу бар деп қорытынды жасаған авторлар. Қытай осымен қатарынан 9 жыл бойы "интернет еркіндігі" ең төмен ел атанса, Мьянма биыл Қытайды басып озуға аз қалған. Ал бір жылда көп ұпайдан айырылған елдердің басында Иран тұр.

DDOS-ШАБУЫЛДАР ЖӘНЕ ТРОТТЛИНГ

Freedom House сарапшылары есепте қамтылған кезеңде Қазақстанда тіркелген медиа ресурстары мен журналистер кибершабуылға тап болған деп жазған. Соның есебінен Қазақстан бір ұпайынан айырылған.

Kursiv, Inbusiness.kz, ProTenge, Airan және журналист Асхат Ниязов осы жылдың қаңтар айында кибершабуалға ұшырағанын айтып, елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетінен шара қолдануын сұраған. Сол айда ҚазТАГ агенттігінің сайтына да DDos-шабуыл жасалғаны айтылған.

Онлайн медиа ресурстар осыған дейін де кибершабуылға тап болғанын жазған. Мысалы, 2023 жылдың наурыз айында Factcheck.kz сайтына DDos-шабуыл болғанын, 2023 жылдың қаңтарында UlysMedia сайты бұзылғанын мәлімдеген.

Қазақстанда Азаттық сайтының ашылуы баяулады (27 қыркүйек, 2022 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда Азаттық сайтының ашылуы баяулап қалды

Ұйым сарапшысы Қазақстанда 2022 жылдың қыркүйегінде Азаттық радиосы Қазақ қызметінің сайттарына (www.azattyq.org және rus.azattyq.org) кіру баяулағанын жазған. Ал 2023 жылдың тамыз айында қазақстандықтар Яндекс браузері мен компанияның өзге қызметтерін пайдалану қиындағанын айтқан.

Одан бөлек, зерттеуде елде контентті күшпен алдырып тастау және TouchVPN және TunnelBear секілді VPN қызметтері блокталғаны айтылған.

Жымысқы әдіспен шектелген Азаттық сайттарын Қазақстанда жабылған сайттармен салыстыру кестесі. Әлемдегі интернет-цензураны бақылайтын OONI data талдауынан алынған скриншот.

Азаттық радиосына Қазақстан аумағынан кіру әлі күнге дейін қиын: сайт өте-мөте бәсең ашылады, кейде мүлде ашылмайды. 2023 жылдың сәуірінде әлемдегі интернет-цензураны бақылайтын Open Observatory of Network Interference (OONI) коммерциялық емес ұйымы Азаттықтың Қазақ қызметінің сайттары 2022 жылғы қыркүйек пен 2023 жылғы сәуір аралығында Қазақстан аумағында бұғаттаудың жымысқы әдісіне ұшыраған деп жазған. Былтырғы 28 сәуірде жарияланған ұйым талдауында осындай мәлімет айтылды.

Адам құқықтары жөніндегі мәселелерді зерттеуші Эрнест Жанаев "кейінгі бес жылдағы есептерге қарасақ, бүкіл әлемде [адам] құқықтары мен бостандығын қорғауда кері шегіну, авторитаризм күшейгені байқалады", – деді.