«ЕРКІН САЙЛАУ ҮШІН»
Вашингтонда шығатын Diplomat басылымында жарық көрген «Жастар болашақты талқылап жатқанда Қазақстанның негізгі партиясы президентті таңдады» деген мақалада Алматыдағы «АRTиШОК» театрында өткен сайлауға қатысты пікірталас пен сол кезде Нұр-Cұлтанда болған “Нұр Отан” партиясының съезі туралы айтылады.
Партия съезінде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидаттығы бірауыздан мақұлданды.
Жастар жиынында алдағы сайлау туралы, «Шындықтан қашып құтылмайсың #adilsailayushin #меніңтаңдауымбар» баннерімен көшеге шығып, ертесінде 15 тәулікке қамалған белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков туралы әңгіме қозғалды.
«Жиын өткізетін орын мәселесінде қиындықтар болғанымен, «АRTиШОК-тағы» кездесу жақсы ұйымдастырылды. Мінбер маңына 200-ге жуық адам жиналды, қауіпсіздік шектеулеріне байланысты ондаған адам ішке кіре алмады. Жүздеген кісі бірнеше тікелей трансляция арналары арқылы жиынды онлайн тамашалады. Бір қызығы, Алматыда өткізіліп жүрген басқа саяси пікірталастарға қарағанда мұндағы қатысушылардың орта жасы біршама жас болды. Бұл [Төлесова мен Толымбековтің] тұтқындалуы және Назарбаев дәуірінің номиналды түрде аяқталуы халықты саяси қатысуға ынталандыра түскенінің дәлелі іспетті» деп жазады Diplomat.
Дегенмен пікірталасқа қатысқандар мен жиынды интернеттен тамашалағандардың арасында бұл кездесуді «Алматының орталығындағы элитаның үнемі болып тұратын қатардағы басқосуларының бірі» деп сынағандар да болды деп жазады басылым.
Қарай отырыңыз: Әділ сайлауды қалайтын жастар жиын өткізді (23.04.2019).
Your browser doesn’t support HTML5
Diplomat шарада сөйлеген саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірін келтіреді. Оның айтуынша, алдағы сайлауда «халықтың таңдау мүмкіндігі болмайды». Кездесуде сөз алған саясаттанушы Димаш Әлжанов «билік транзиті үнемі құқықтық реформамен бірге жүруі керек», «биліктің бейбіт түрде ауысуына әрқашан да мүмкіндік бар» деген пікір айтқан.
Diplomat-тың жазуынша, Нұр-Сұлтандағы “Нұр Отан” съезі “статус-квоның сақталатынын көрсетті. Маусымда Тоқаев дауыстардың басым көпшілігін иеленіп, Назарбаевтың ел басшысы ретінде рөлін заңдастырады. Элитаның, шетелдік компаниялардың және көрші елдердің өз іс-әрекеттерін жалғастыруына кепілдік беріп тұрған Назарбаевтың қалқасындағы Тоқаевқа бұрынғы сценариймен ел басқара беруге болады. Марафондағы флешмобтан кейін адамдарды тұтқындау арқылы үкімет елдегі сөз бостандығын әрі қарай да шектей беретін “мығым қолын” паш етті» деп жазды Diplomat. Десе де, «белсенділерге мықты қолдаудың көрсетілуі жоғарыда ештеңе өзгермесе де, жастардың келіспейтінін білдіріп, өзгерісті талап ете бастағанын аңғартады» деп санайды басылым.
Қарай отырыңыз: Назарбаев Тоқаевты билік партиясы атынан үміткер ретінде ұсынды (23.04.2019).
Your browser doesn’t support HTML5
ДИССИДЕНТТЕРДІ ҚУДАЛАУ
Eurasianet.org ағылшынтілді сайтындағы «Қазақстан: Алдын ала дайындалған жарыста Тоқаев додаға жолдама алды» деген мақалада Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтың тұтқындалуы сөз болады және «Қазақстан басшылығы үшін әділ сайлауға шақырудың өзі шектен шығу саналады» деген ой айтылады.
Делегаттары қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде бірауыздан ұсынған Нұр-Сұлтандағы “Нұр Отан” съезі туралы айта келе автор “Қазақстандағы сайлау – таңдау емес, хореография жайлы” деген пікір білдіреді.
«Тоқаев оп-оңай сайланады, бұған күмән аз. Міндеттері демократиялық процедураның симулякрына реңк беру ғана болатын ешкімге таныс емес бәсекелестер шығатын сияқты. Кандидаттардың өздерін ұсынуына тыйым салынған» деп жазады Eurasianet.org.
Басылымның бас редакторы, мақала авторы Джоанна Лиллистің айтуынша, бұл тұтқындау биліктің «саяси транзит кезінде диссиденттерге қырын қарайтынын» дәлелдеді. «Тоқаев негізгі азаматтық құқықтардың сақталуын қадағалайды» деген Назарбаевтың сөзі «бос сөз болды» дейді журналист.
«Қазақстанда халықаралық бақылаушылар еркін әрі әділ деп мойындаған сайлау ешқашан өткізіліп көрген емес. Басты мәселелер ретінде таңдаудың жоқтығы, бұрмалау және «әкімшілік ресурсты» жаппай қолдану жайттары айтылады» деп жазады Eurasianet.org. Материалда қарапайым азаматтардың пікірлері келтіреді. Солардың бірі, Семейде тұратын сайлаушы «Назарбаев [Тоқаевқа] сенсе, біз де оған сенуіміз керек» деген.
САЙЛАУШЫЛАРҒА АРТЫЛҒАН СЕНІМ
Жапонның Asia Nikkei онлайн-журналындағы “Қазақстанның бұрынғы басшысы президент сайлауында өз ізбасарын қолдады» деп аталған мақалада Тоқаевтың кандидат ретінде ұсынылуы “бұрын шешілген мәселе” делінеді.
«9 сәуірде сайлау өтетінін жариялау арқылы Тоқаев «еркін, ашық әрі әділ» дауыс беруді ұйымдастыратынын айтты. Бірақ 11 мамырға белгіленген сайлау науқаны басталмай жатып-ақ саяси еркіндікті шектеу жағдайды нашарлатып жіберді» деп жазады Asia Nikkei.
Мұнда да олар Алматыдағы марафон кезінде «Шындықтан құтыла алмайсың #adilsailayushin #уменяестьвыбор» деген баннер көтергендердің тұтқындалуы туралы айтады.
Басылым оппозицияшыл саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлының «егер елде еркін де әділ сайлау өткізілер болса, Назарбаев жүйесінің күні бітер еді» деген пікірін келтіреді. Сондықтан режим «ешқашан саяси реформа жүргізбейді», ал Тоқаев «өзгертістерді жақсы көрмейтін адам» дейді ол.
Алайда бұған қарсы пікірлер де бар деп жазады Asia Nikkei. Мәселен, 20 жастағы сайлаушы Настя «барлығы бұрынғы қалпында қалғанын қалаймын» деген. «Назарбаев сайлауға түссе, сол кісіге дауыс берер едім» деген Настя. Дегенмен, ол «Астананы Нұр-Сұлтан деп атау туралы ұсыныс тастап, бізді мазаққа айналдырған» Тоқаевқа дауыс бермеймін деп айтқан.
«ҚАЗАҚСТАН ДИКТАТУРАСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ»
Американың Washington Post басылымында жарық көрген «Диктатор кеткен соң Қазақстандағы диктатураның жайы қалай болады?» деген мақалада елдегі билік транзиті әрі қарай қалай жүретініне қатысты болжам жасалады. Онда автор саясаттану теориясына жүгініп, билікті келесі қолға ың-шыңсыз өткізудің үш факторын айтады. Олар:
- амбицияшыл элитаны ауыздықтау үшін билік ауысуының нақты белгіленген ережелері;
- оппозициялық элитамен жұрыс істеу үшін заң шығару органын қолдау;
- халықтың белсенділігін төмендетуде саяси партияларға қолдау көрсету.
Газеттің жазуына қарағанда, Қазақстандағы режим «Нұр Отанның» қырағы бақылауы, парламенттің үздіксіз жұмысы және жаңа президентті сайлаудың конституция арқылы бекітілген ережелері негізінде құрылған. «Қазақстан диктатурасында биліктің жаймен ауысуына ықпал ететін қажетті институттардың барлығы бар тәрізді. Осы сияқты институттық тұрғыда заңдастырылған диктатура жағдайында билікті ауыстырған көршілес Өзбекстан мен Түркіменстанның тәжірибесі көрсеткеніндей, Қазақстан режимі де орнында қалады» деп жазады Washington Post.