«ПРЕЗИДЕНТТІҢ КЕҢ ШАПАНЫ»
Оңтүстік Кореяда шығатын International Policy Digest онлайн-журналында жарық көрген «Қазақстан: алдағы сайлау жай көзбояушылық па?» деген мақалада 9 маусымға жоспарланған президент сайлауы және елдегі жалпы саяси ахуал сөз болады.
«Қазақстандағы демократия туралы айтсақ, бұл еуразиялық ұлттың конституциясында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Ал іс жүзінде дәл осы сөз жазылған плакатты көтеріп наразылыққа шыққандарды тұтқындап, сот оларға бұзақылық жасады деп айып тағады. Өткен аптада жай ақ қағаз ұстап шыққан адамды қамауға алды. Нағыз күлкілі де қаһарлы қазақ демократиясы - осы» деп жазады International Policy Digest.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі мәртебесі жайлы айта келе мақала авторы алдағы сайлауда жеңген адам «кең шапан» киіп, оны «[Назарбаевпен] бөлісуге тура келетін шығар» деп жазады.
«Назарбаев биліктен кете отырып, қауіпті прецедент қалыптастырды. Бүкіл халықтың дерлік қолдауына сүйенгенімен, ол жалған сайлау ұйымдастырып, кез келген бөтен саяси ойды тойтарып отырды. […] Жұрттың көбі бұл саяси транзит көп нәрсені өзгертпейді деп санайды» деп жазады International Policy Digest.
Сегіз адам кандидат болып тіркелді, бірақ «бір адамның жарысынан басқа нәрсені күтпей-ақ қою керек». Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың және оның партиясының толық қолдауына ие болып отыр, сондықтан “жеңілісті айтпаған күннің өзінде 90 пайыздан төмен дауыс ешкім күтпеген оқиға болар еді” деп жазады IPD.
«Тоқаев бізді келесі айда «еркін, әділ және ашық сайлау өткіземін» деп сендіріп отыр, бірақ Қазақстандағы институтталған автократияның тамыры тереңге кеткені сондай, бұл уәдені орындау мүмкін болмас» деп жазады International Policy Digest.
«ОРЫНДАЛМАҒАН ДЕКОРАТИВТІК ДЕМОКРАТИЯ»
АҚШ-та орналасқан Jamestown Foundation қорының «Қазақстандағы мазасыз саяси транзит» атты мақаласы да елдегі саяси жағдайға талдау жасайды. «Жұрттың бәрі, тіпті Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де, оның 30 жыл билігінен кейінгі транзит оңай өтпейтінін білді». Нұрсұлтан Назарбаев «қиындықтың алдын алу үшін елдегі басты күш рөлін сақтап отыр», бірақ соңғы жағдайлар елде «терең бөліністің» бар екенін айғақтап берді.
«Қалыптасқан жағдай Қазақстанның басқару саласында шешілмеген мәселелер бар екенін, әрі саяси және діни ұйымдардың бұл олқылықтарды кәдеге жаратуға дайын екенін көрсетті. Әзірге Назарбаев пен Тоқаев жағдайды бақылауда ұстап тұра алар. Бірақ ұзақмерзімдік тұрғыдан алғанда олар бұдан да үлкен проблемаларға тап болуы ықтимал» деп жазады Jamestown Foundation.
Жақында болған наразылық шараларын, соның ішінде мамырдың 1-і күнгі оқиғаларды талдай келе, сарапшы жиынды «көп адамды тұтқындау арқылы басып тастағанын», «режим қарсыластарының жиналуына кедергі жасау үшін билік тіпті интернетті де өшіріп тастағанын» жазады.
Jamestown Foundation сарапшысының жазуынша, Қазақстанның ресми орындары «80 адамның тұтқындалғанын, олардың көбі жастар мен мемлекеттік жәрдемақыны өсіруді талап еткен көпбалалы аналар болғанын» мойындаған. Дегенмен белсенділердің айтуынша, «[тұтқындалғандардың] нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы керек, ескі де жаңа режимге қарсылардың қаншалық көп екенін көрсетпеу үшін билік мәліметті жасырып отыр».
«Қазақстандықтардың көбі Назарбаевтан соң тым болмаса көрші постсоветтік елдердегідей декоративті демократияландыру болады деп күткен. Алайда, бұлай болмады. Оның орнына Тоқаев Назарбаев жүйесін болар-болмас өзгерістермен сақтап қалды. Және бұл өзгерістердің көбі негатив бағытта жүрді» деп жазады Jamestown Foundation. Осындай өзгерістердің қатарында автор «полицияның адалдығын қамтамасыз ету үшін» олардың жалақысын көтеріп, қайта аттестация өткізуді кейінге қалдыру шарасын атаған.
Бұған қоса, кей сарапшылар Тоқаевтың «нағыз бет-бейнесін ашуға уақыты болмағанын, сайланып алмайынша, оның өзімен өзі бола алмайтынын» атап өткен. Оның үстіне, сарапшылардың айтуынша, «Назарбаев пен оның отбасы мүшелері, соның ішінде Назарбаевтың қызы – Дариға билік тетіктерін қолында ұстап отырғанда, Тоқаев ешқашан тәуелсіз бола алмайды».
Қарай отырыңыз: Жеңіс күні белсенділерді ұстап, интернетті бұғаттады
Your browser doesn’t support HTML5
Соңғы наразылық шараларын талдай келе автор «қалалардағы шерушілердің көбі әлдеқайда зайырлы, демократиялық Қазақстанды қалайтын тәрізді» деген қорытындыға келеді. Мұнымен қоса автор «бұл жағдайды өз мақсатына жету үшін пайдаланып қалғысы келетін» үш топты атайды. Jamestown Foundation қорының ойынша, олар – «қазақстандық мұсылмандар, қазақ ұлтшылдары және орыс ұлтының өкілдері».
БІЛІМДЕГІ ТЕҢСІЗДІК
Вашингтонда шығатын Diplomat газеті «Қазақстандағы аймақтық теңсіздік жалпы білім процесіне кері әсерін тигізіп жатыр» деген мақалада білім беру саласындағы мәселелерге тоқталады.
2016 жылы Қазақстанның оқушылары Trends in Mathematics and Science Study (TIMSS) математика мен ғылым саласындағы нәтижелер рейтингінде Ұлыбритания, АҚШ, Австралия сияқты елдерді артта қалдырып, Ресей, Канада, Ирландия мемлекеттерінің қатарында ең үздік ондыққа енді.
«Бұл – Қазақстанның үлкен жетістігі әрі жалпыұлттық деңгейде білім сапасы артқанының айғағы. Бірақ TIMSS мәліметтерін аймақтар, оқу тілі және тұратын жері бойынша бөлсек, жағымсыз жайтты байқаймыз. Қазақстанның түрлі аймақ оқушыларының білімі мен білігі арасында бірнеше жылдық айырмашылық бар» деп жазады Diplomat.
Мәселен, 2015 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы енгізген шетелдік оқушыларды бақылау бағдарламасының нәтижесі бойынша, Батыстағы (Атырау және Маңғыстау облыстары) және Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы) облысындағы 15 жастағы оқушылар математика және өзге де нақты ғылымдар бойынша Алматы қаласындағы құрдастарымен салыстырғанда кемінде екі жылға қалып келеді екен.
Атырау облысындағы 15 жастағы жасөспірімдердің жартысы ғылымда мүлде сауатсыз болса, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы оқушылардың 50 пайыздан астамы оқуда сауатсыз болып шыққан, олар бірінші дәрежелі күрделі сынақтан өтпей қалған. Diplomat-тың жазуынша, TIMSS-тың сол жылғы нәтижесі орта білім берудегі «жер мен көктей айырмашылықты» көрсетеді.
«Бұл – барлық азаматтарына сапалы білім беруге тырысатын унитарлық мемлекет үшін дұрыс нәтиже емес. Бұл саладағы қазіргі саясаттың басты мәселесі – сол саясаттың жоқтығы» деп жазады Diplomat.
Аталған теңсіздіктің кері әсері көп болмақ деп жазады басылым. Болашақта еңбек нарығында бәсекеге түсу үшін жүздеген мың қазақстандық оқушының тиісті білім ала алмауы ұлттық экономикаға да залалын тигізбек.
Қазақстанға кеңес берген авторлар аймақтарда үлгерімнің төмендігіне себеп болған факторларды талдайтын жалпыұлттық зерттеу жүргізіп, әр аймақтың тұрғынына лайықталған адами капиталды дамыту бағдарламасын енгізуді ұсынады. Бұған қоса, отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігінің өтемі ретінде артта қалған аудандарда мемлекеттік білім беру мекемелерін ашып, ауыл мектептерін қаржыландыруды арттыруды, яғни “позитив дискриминацияны” қолдануды лайық көреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақылы олимпиадалар неге көбейді?