Айман Тұрсынхан: Мемлекет халықтың алдында техникалық дефолтқа ұшырады

Алматы базарында жүк тасып жүрген адамдар. Көрнекі сурет.

Экономист, Eximar форсайт агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан Азаттыққа берген сұхбатында "реформа бойынша" жұмыс істейтін жаңа ведомстволар құру нені білдіретіні, оған кірген адамдарға қандай міндет жүктелетіні, биліктің қазақстандықтарға зейнетақы қорында жиналған ақшасын мерзімінен бұрын алуға рұқсат беруінің астарында не жатқаны, кедейлік деңгейі қалай өзгеретіні туралы ой бөлісіп, "Тағы бір девальвация бола ма?" және "Қазіргі дағдарыс қаншалықты ұзаққа созылуы мүмкін?" деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫ МЕН ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУЛАР ТУРАЛЫ

Азаттық: Жақында қоғам президенттің бастамасымен құрылған жаңа агенттіктер мен кеңесті қызу талқылады. Екіұшты реакция туғызған соңғы эпизодтың бірі – Қайрат Келімбетовтың стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі жаңа агенттіктің басшысы қызметіне тағайындалуы болды. Көбі Ақорда экономикалық реформалар дайындаудағы негізгі міндет жүктелетінін мәлімдеген ведомство басшылығына Келімбетов келгеніне таңғалды. Сіз бұл тағайындауды қалай қабылдадыңыз?

Айман Тұрсынхан: Кез келген адамға орбиталарымыз тоғыспайынша, қандай моральдық қағида ұстанса да, бейтарап қараймын. Бірақ Қазақстанда биліктің барлық деңгейіндегі атқарушы қызметке тағайындалу – қыраны бар, көк түсті төлқұжат ұстаған кез келген азаматтың өз ісі. Мұны жеке басқа қол сұғушылық деп қабылдамауды сұраймын. Тек осы тұста Келімбетовтың Қазақстанға қосқан "орасан зор" үлесіне бір тоқталып өтуді жөн көріп отырмын:

  • Ұлттық қор құру – бес жыл бұрын "мұнайдан түскен қомақты пайданы" қос азаматтығы мен офшорлық есепшоттары бар нақты бенефициарлардың пайдасына қайта бөлуді заңды тұрғыда жасыруға арналған жақсы идея. Нәтиже – ұлттық әл-ауқат қорларына арналған халықаралық талаптарға сәйкес, қауіпсіз активтер деңгейі 2020 жылдың бірінші жартысының өзінде жаратуға болмайтын 30 пайыздық мөлшерлемеге жетті (бұл жерде [Ұлттық банктің қазіргі төрағасы] Ерболат Досаевтың сөзін келтіріп отырмын);
  • Ұлттық банкті дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасын дайындау және қабылдау арқылы басқару. Бүкіл активті үш олигополия тобының қолына жинау үшін қаржы нарығы қатаң әкімшілік қысымның көмегімен реттелді. Бір қолға шоғырланған ең көп актив көлемі ашық диктатураларға тән деңгейге жетті – елдегі несие нарығының 70 пайызын бақылауда ұстайтын суперконгломерат құрылды. Балама қаржы құралдары жойылды. Капиталдың, исламдық қаржыландырудың, инвестициялық басқарушылардың, банктен тыс қаржы құралдарының еркін нарығы өліп, сақтандыру нарығы банктердің ырқына жығылды. Нәтиже – девальвацияның үш толқыны, бюджеттен тыс қорлардың бүкіл активін жеп қойған, қордаланып қалған бюджет тапшылығы.
  • "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын құру – барлық нарық пен салада толық монополия орнағандықтан, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған реформалар нәтиже бермеді.
  • Үкімет пен Ұлттық банктің олигополия капиталын люстрациядан қорғау үшін британдық құқық жүйесін енгізіп, АХҚО ("Астана" халықаралық қаржы орталығы) құру туралы бірлескен іс-қимыл жоспары.

Қолға алынған шаралар нәтижесінде Қазақстан қоғамындағы поляризация процесі толық аяқталды. 1990 жылдардың басында халықтың ең кедей және ең бай топтарының табысындағы айырмашылық заманауи Еуропа деңгейінде – тоғыз еселенген көрсеткіштен аз болса, қазір бұл әлеуметтік алшақтық едәуір артты: ұлттық жалпы табыс пен активтердің 99,9 пайызы Қазақстанның 0,3 пайыз халқының қолына шоғырланған. Тіпті қатардағы азаматтардың жеке мүлкі де (баспана, жер, көлік, жиһаз, техника мен жалақы) несиеге алынған – банктен қарыз алған халықтың үлесі 18 жастан асқан азаматтардың 70 пайызын құрайды. Халықаралық бағалауға сәйкес, бұл толықтай несие құлдығы саналады.

Қазақстандық экономист Айман Тұрсынхан.

Сонымен осындай сенімді тұлға соңғы 25 жылда кімнің мүддесін қорғады деп ойлайсыз? Оның өзіне сенім артқан Қазақстан халқының мүддесін қорғамағаны айтпаса да түсінікті.

Енді стратегиялар мен реформалар жөніндегі агенттік құрылды. Бұл агенттік белгілі бір ортадағы адамдардың капиталдарын қорғау ісін аяқтаумен және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді толықтай аталған топтардың немесе шетелдік серіктестердің иелігіне өткізумен айналысатын болар деп топшылаймын.

Азаттық: Бізде одан бөлек, реформалар жөніндегі жаңа жоғары президенттік кеңес бар. Оған премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова, президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев және сол баяғы Келімбетов мүше. Аталған жаңа институттар туралы не айтасыз? Агенттік пен кеңестің екеуін бірдей құрудың қажеті не?

Айман Тұрсынхан: Реформалар жөніндегі кеңес құрамы реформалар болмайтынын анық көрсетеді. Бұл "реформаторлардың" қандай еңбегімен есте қалғанын санамалап көрейік:

  • 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы – Ұлттық қордағы қаржыны "Исекешевтің зауыттарына" ие белгілі бір топтағы адамдардың қалтасына жіберуді заңдастырған бағдарламалық құжат.
  • Жемқорлықтың ең жоғары деңгейі және республикалық бюджеттен "Самұрық-Қазынаның" жарғылық капиталына тікелей ақша аударымдарын жасау арқылы жабылған "Қазақстан темір жолы" компаниясының сыртқы қарызы.
  • Коронавирусқа қарсы күрес бағдарламасының сәтсіздікке ұшырауы және 2020 жылдың бірінші жартысының өзінде 20 миллиард доллар қаржы жұмсау.
  • Кедейлерге арналған салық және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деп аталғанымен, шын мәнінде жұмыссыз саналатын адамдарды ең төменгі міндетті мемлекеттік тегін қызмет түрлеріне (орта білім, қоғамдық денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мен зейнетақы) қолжетімділіктен айыру.
  • Көпбалалы аналар мен биліктің екі жылға созылған соғысы.
  • Бюджеттен "жүйені құраушы банктерді" құтқаруға қаржы бөлу арқылы бизнес саласындағы борышкерлер мен қатардағы азаматтардың 70 пайызын құлдыққа түсіру.
  • Базалық мөлшерлемені 12 пайызға көтеру және 2020 жылы наурызда болған үшінші девальвация.

Жалпы алғанда аяқ астынан жасалатын мұндай қимылдар асығыстықпен байланысты. Сын сағаты жақындап келеді, олар жүк сөмкесіне соңғы түйіншегін жинап, сырттағы жетекшілеріне стратегиялық активтерді тапсырғаны үшін қауіпсіз дәлізге қол жеткізіп үлгеруі қажет. Қос орган мынау үшін керек: кеңес ақыл береді, агенттік соны орындайды. Олар өз рөлдерін жай ғана заңдастырып алған. Бұрын да солай еді – Тимур Құлыбаев тілегін айтатын, Қайрат Келімбетов соны орындайтын. Оларға артынан былығын тазалайтын, ештеңеден жиренбейтін адамдар (ассенизаторлар) керек. Өйткені сын сағаты келгенде, халықтың талауына тастайтын біреу керек қой? Міне, осыларды көкпарға салып қойып, қалғандары шетке қарай ығысады.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ ЖИНАҚ АҚША ТУРАЛЫ

Азаттық: Келесі жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін мерзімінен бұрын ала алады. Тоқаев бұл туралы 2019 жылы айтқан, бірақ ұсыныс жақында ғана бекітілді. Бірақ бұл идея 2016 жылдан бері талқыланып келеді. Мұндай шешім неге дәл қазір қабылданды деп ойлайсыз?

Айман Тұрсынхан: Зейнетақы қорындағы жинақ қаржының бір бөлігін алуға рұқсат беру халықтың БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) қаржысының желге ұшып жатқанына назар аудармауы үшін жасалып отыр. Әрине, қордағы қаржының бір бөлігі шешіледі, бірақ БЖЗҚ қаржысын олар тауысқан жоқ. Қоғам ақша санауды үйренуі керек. Қарапайым арифметика.

Ежелгі Египетті елестетіп көрейік. Заң бойынша фараон құрғақшылықтан туған аштық кезінде абыздарға қамбаны ашып, халыққа шаруалардың соңғы бес жылда жинаған астығын үлестіруді тапсыруы керек. Бірақ абыздар қамбадағы тышқандар сияқты астықтың көп бөлігін жымқырып үлгерген. Не істеу керек? Жоғарғы абыз алдын-ала (фараон жарлығы жарияланардан бірнеше апта бұрын) кей тәуелсіз шаруа мен құл ұстайтын ірі плантация иелерінің жағдайы тым ауыр екенін айтады. "Олар империядан бөлініп, не бүлік шығаруы мүмкін. Шексіз билік иесіне адалдығын сақтап қалуы үшін оларға қамбадан астық егуге арналған бидай алуға рұқсат берейік" дейді. Фараон бірінші кезекте өз қауіпсіздігін ойлап, абыздың айтқанына келіседі. Абыздар бәрін заңды бұйрық негізінде жүзеге асырады. Кейін фараон популистік қадамға барып, аш халықты тойдырғысы келетінін айтқанда қамбада астық жоғы белгілі болады. Шу. Ашу-ыза. Кім кінәлі? Сол кезде бидайды бірінші алғандар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жаппай кәсіпкерлікпен айналысатындар кінәлі деп танылады. Халық өзіне тиесілі дүниені бәрінен бұрын алғандардың тас-талқанын шығарады. Азаматтық текетірес басталып, фараон – құтқарушы және тұрақсыз әлемдегі сенімді қорғанға айналады. Бірақ бұл сценарийді әуел бастан фараон да, абыздар да, римдіктердің флотымен бірге жақын маңда серуендеп жүргендей сыңай танытқан шетелдік елшілер де жақсы біледі...

ПАНДЕМИЯ САЛДАРЫ ТУРАЛЫ

Азаттық: Көктемгі және жазғы екі карантиннің салдары 2020 жылдың бірінші жартысында ресми дерек бойынша, үш пайызға қысқарған экономикаға қалай әсер ететіні жөнінде есептік деректер мен болжамдар бар ма? Карантин шектеулері шағын және орта бизнес саласына қалай әсер етті? Коронавирус дағдарысы жұмыссыздық мәселесіне қалай ықпал етеді?

Айман Тұрсынхан: Экономиканың жай-күйін есептік мерзімде бюджетке түскен салық төлемдеріне қарап-ақ түсінуге болады. Салық – бизнестің саулығы мен халық табысының көрсеткіші. 17 тамызда Ekonomist.kz сарапшысы, Бірінші президент қорының әлемдік экономика және саясат институтының бұрынғы жетекші сарапшысы Сергей Домнин Facebook парақшасына 2020 жылдың бірінші жартысында бюджетке түскен салық төлемдерін өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі деректермен салыстырып, сараптама жариялады. Төменде сарапшының жазбасын беріп отырмын:

"Салық инспекторларының дерегі негізінде Қазақстанның экономикалық жағдайына шолу (қаңтар-шілде 2020):

  • тауарлар мен қызметтерді сатудан түскен жиынтық ақша айналымы: -12,4%;
  • ірі салық төлеушілердің ақша айналымы: -20,2%;
  • кассалық бақылау аппараттары мен онлайн саудадан түскен табыс: -32,5%;
  • қосымша құн салығынан түскен төлем (ішкі өндіріс): -20,7%;
  • (ЕЭО-ға кірмейтін) үшінші елдерден келген импортқа салынған қосымша құн салығынан түскен төлем: -7,8%;
  • корпоративті табыс салығынан түскен төлем: -31,8%".

Бұл жерде Ұлттық қорға төлем аударатын шикізат секторының жағдайы көрсетілмеген. Енді жыл соңына дейін жағдай жақсармайтынын, қайта одан әрі ушығатынын білеміз. Шикізат өндірмейтін салалардан жиналатын салықтың 60 пайызға азаюы өте қорқынышты фактіге айналады. Оның үстіне, жер қойнауын пайдаланушыларға бұрын төленген салықтары мен айыппұлдарын қайтару арқылы кері ағын жүріп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұлттық қорға қол салуға тура келеді". Коронавирус, мұнай және Қазақстан

Осыған дейін жасаған болжамымда Тоқаев қабылдаған салықтық жеңілдіктер барлық бизнес субъектісінің қалыпты жұмыс қарқынын сақтап қалуға көмектессе, теңгемен есептегендегі салық түсімдері 25 пайызға қысқаратынын айтқанмын. 2020 жылдың 16 наурыз-25 мамыр аралығында болған карантиннен кейінгі экономикалық шығын дұрыс бағаланбады. Мен өндірістік әдіске сүйеніп, 2020 жылы Қазақстандағы жалпы ішкі өнім 2019 жылмен салыстырғанда 34-36 пайызға қысқарып, жиналатын салық мөлшері 51-52 пайызға төмендейді деп болжағанмын. Кедейлік шегінен тыс өмір сүретін (табысы күнкөріс шегінен төмен) халықтың үлесі ресми деректің өзінде 13,8 пайыз (2018 және 2019 жылдары бұл көрсеткіш 4,6 пайыз болған), ал іс жүзінде 25 пайыз болуы керек еді. Мемлекеттік бюджет тапшылығы мәселесін тағы бір девальвация шешеді деп күтілген.

Бірақ бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштердің өзі менің шығын көлемін дұрыс бағаламағанымды дәлелдеді. Жазғы карантиннің енгізілуіне байланысты бюджеттің жалпы шикізаттық емес салалар бойынша тапшылығы 70 пайызға жуықтаған.

2020 жылы мамырда өндірістік әдіске сүйеніп, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі мен құрылымына қатысты мынадай болжам жасадым (статистика комитетінің теңгемен есептелген, ғажайып өсім туралы есебі негізінде дайындалған болжамда барлық саланы доллар эквивалентіне ауыстырып, есептеу кезінде шынайы шығын көлемін 0,3 пайызға қате бағалаппын): қызмет көрсету саласындағы жалпы ішкі өнім – 44-50 пайызға, агроөндірістік кешен саласында – 18,7 пайызға, өңдеуші өнеркәсіпте – 21,8 пайызға, шикізаттық секторда – 49,7-60 пайызға қысқарады; сәйкесінше, өндіріске қызмет көрсетумен айналысатын жарықпен, сумен қамтамасыз ету, корпоративті сегментке және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына газ тарату сияқты салаларда энергия өндірісі мен сатылымы 37-40 пайызға, су бойынша сәйкес көрсеткіштер 9-10 пайызға төмендейді. Құрылыс нарығы, әсіресе, коммерциялық және тұрғын үй құрылысы 67-70 пайызға қысқаруы керек еді. Бұл саланың жетістіктері туралы ақпараттың негізінде әкімдіктердің жол құрылысы мен көшелерге тас төсеуге алған 200 миллиард теңге қарызы жатыр. Бұл нарық сұранысына жауап ретінде туған жалпы ішкі өнімдегі шынайы өсім емес, болашақ салықтарды кепілге қойып, тартылған қарыз. Көшеге төселген тасқа құйылған инвестиция қандай табыс есебінен қайтарылады? Бұл BI Group салған қымбат ауруханаларға да қатысты.

МЕМЛЕКЕТ КӨМЕГІ МЕН КЕДЕЙЛІК ТУРАЛЫ

Азаттық: Бүкіләлемдік банк биыл кедейлік деңгейі 8,3 пайыздан 12,7 пайызға дейін өседі деп болжап отыр. Бұл туралы не ойлайсыз?

Айман Тұрсынхан: Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен KPMG аудиторлық компаниясының қызметкерлері зерттеу жүргізді, оның қорытындысы жаздың басында жарияланды. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, карантин кезінде мәжбүрлі еңбек демалысына жіберілген жалдамалы жұмысшылардың 60 пайызы жұмыс орнына қайта оралмаған. Яғни карантин кезінде еңбек нарығы 60 пайызын жоғалтқан – үш жұмыс берушінің екеуі өндірісін тоқтатуға мәжбүр болған. Үкімет жаңадан пайда болған жұмыссыздарды, табысынан айырылған жұмыс берушілерді қолдау үшін ақылға қонымды шаралар қабылдаған жоқ. Елде дұрыс сақтап, басқарса бәріне жететін қор болды. Қазақстанда жалпы активі 92 миллиард долларды құрайтын бюджеттен тыс төрт қор бар. Сәуірдің басында Ұлттық қорда 59 миллиард доллар болған және бұл қаржы экономикаға салынатын инвестицияның көзі болуы керек еді. Қалған үш қорда 33 миллиард доллар актив бар, олар толықтай азаматтардың қаржысынан құралған:

  • БЖЗҚ-ға қазірге дейін 11 659 миллиард теңге зейнетақы жарнасы аударылған;
  • dfo.kz есебінше, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істеп тұрған жылдары онда 1 439 миллиард теңге жиналған;
  • Міндетті медициналық сақтандыру қорында біздің жалақымыз бен жеке кәсіпкерлердің төлемдерінен құралған 972 миллиард теңге бар.

Соған қарамастан мемлекет көмек сұраған азаматтардың көбіне карантин кезінде 42 500 теңге төлем беруден де бас тартты. Карантин де, бірнеше рет жасалған девальвация да сақтандыру төлемдерін қажет ететін жағдайдың классикалық үлгісіне жатады. Мұндай кезде сақтандыру жарнасын төлеген адамдарға міндетті түрде сақтандыру сыйақысы берілуі керек.

Шымкент базарындағы сатушы. Көрнекі сурет.

Бір жағынан, карантин мәжбүрлі түрде тұтынуды шектеді. Адамдар үйде отырып, азық-түлік, байланыс, коммуналдық төлем мен несиеден басқа тұрмыстық қажеттіліктерге ақша жұмсамайтын болды. Халық толықтай табысынан айырылды. Бүкіләлемдік банктің Қазақстанға арналған әдісі бойынша қалалардағы ең төменгі кедейлік шегінің деңгейі 2,5 доллар (бір айда жаңа туған сәбиден қартқа дейін бір адамға 32 000 теңге) деп есептелетінін ескерсек, қалада бір отбасында орташа есеппен 3,5 адам, ауылда 4,5 адам тұрады деп есептегеннің өзінде бәріне бірдей берілмеген 42 500 теңге көмектің кедейлік шегінен 62 пайызға, кедейліктің ең ауыр формасынан 30 пайызға аз екенін көруге болады.

Азаттық: Неге қазір мемлекет жәрдемақылар мен әлеуметтік көмекке бұрынғыдан аз қаржы жұмсай бастады?

Айман Тұрсынхан: Мемлекет бюджетті қатардағы азаматтарға көмекке жұмсағысы келмейді. Өйткені көмекке арналған қаржының бәрін жер қойнауын пайдаланушы ірі "салық төлеушілерге", банктерге, квазимемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компанияларға және ойын-сауық орталықтарына жұмсап қойған. Бұл біздегі олигополиялық-кландық мемлекеттік капитализм жүйесі мен дамыған елдердің қалыпты нарықтық экономикасының арасында үлкен айырмашылық барын көрсетеді. Дамыған елдердің үкіметі бюджетті қатардағы азаматтарға – қарапайым тұтынушыларға жұмсап отыр. Өйткені нарықта бір (тұтынушының) шығыны – басқа (өндірушінің) табысы саналады. Бәрі өзара байланысты. Тұтынушылардың тамаққа немесе тұрмыстық қажеттіліктерге ақшасы болмаса, азық-түлік, тұрмыстық тауарлар мен қызметтер ұсынатын кәсіпкерлердің қызметі тоқтайды. Ал Қазақстанда жүйе былай құрылған: жаппай кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар мен тұтынушылар шама-шарқынша күнелтіп, салық төлейді. Кейін осы салыққа ұлттық компания, банктер мен басқа да табиғи монополистер сияқты бюджет қаржысын жатыпішерлер өмір сүреді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жәрдем жұғын болмады". 42500 теңге күнкөріске жете ме?

Азаттық: Осыған дейін талқылағанымыздай, кейінгі айларда халықтың табысы едәуір азайды. Соңғы жылдары тұтынушылық несие көлемі артып келгенін ескерсек, бұл несие бойынша міндеттемелердің орындалуына ықпал етті ме? Төлеу мерзімі кешіктірілген несиелер көбейді ме? Қазіргі жағдай банк секторына қалай әсер етті?

Айман Тұрсынхан: Менің білуімше, сарапшылардың әртүрлі бағалауы бойынша, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы нәтижеге сәйкес, мерзімінен кешіктірілген қарыздар 1 триллион теңгеден асып кеткен. Корпоративті сала және жеке сегменттің жиынтық қарызы 14 триллион теңгені құрайды. Бұл әлі дауыл емес – барлық шаруашылық субъектісінің кредиторлық және дебиторлық қарыздарының, жұмыс берушілердің қызметкерлерінің алдындағы дағдарыс апаты. Шынайы картина еліміздің толық делеверидж жағдайында (несие бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің болмауы) екенін көрсетеді. Біз осыған ұқсас жағдайдың шет-жағасын СССР тараған кезде Қазақ ССР-інен байқадық.

Пандемия мен көмірсутек нарығының құлауы кезіндегі қазіргі дағдарыс жүйелі салдарлардың ауқымы бойынша өткен ғасырдың 20-жылдары болған Ұлы дағдарыстан асып түсті. Өйткені қазір 100 жылда құрылған қаржы жүйесі қирап жатыр. Жаһанданудың дәуірі өтті. Бұл процесті кейін қайтару мүмкін емес. Пандемия әлемдік еңбек бөлінісі арқылы неоколониализмнің жетістігін қамтамасыз етіп келген өндіріс әдістері мен жеткізу тізбегін бұзды. Техникалық даму бүтін жүйелерді кластерлерге бөлу арқылы жергілікті жерге бейімдеуге мүмкіндік береді. Қазақстанда әлемге қосымша құны жоғары, сапалы өнім ұсынатын тұйық жүйедегі өндіріске негізделген экономикаға айналуға қажетті барлық ресурс (ақылды азаматтарды қосқанда) бар. Сондықтан қазіргі тарихи кезеңде бізге жол таңдауда жаңылмау керек. Шикізат қана өндіретін ел болып қала берсек, халық қайдан байиды?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бизнеске қысым күшейеді". Қазақстандағы шағын және орта бизнестің пандемия кезіндегі жайы

АҚШАНЫҢ "ҚҰБЫЛМАЛЫ" ҚҰНЫ

Азаттық: Билік биыл екі еселенген инфляция болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сіз бұл туралы қандай пікірдесіз?

Айман Тұрсынхан: Үкімет техникалық дефолтты еңсеру үшін кезекті девальвация жүргізуді жоспарлап отыр. Бірақ біз халық тұтынатын тауарлар, бөлшектер мен өндіріс құралдары бойынша экономика мен ішкі нарықтың доллар және еуро зоналарынан келетін импортқа тәуелділігі 60 пайыздан асатынын жақсы білеміз. Сәйкесінше, екі еселенген инфляция туралы айтқанда үкімет екі еселенген девальвацияны меңзеп отыр. Әлемдік баға бұрынғы қалпында қалады немесе пандемия кезінде тұтынудың төмендеуіне байланысты арзандайды. 2019 жылы желтоқсанда "бір доллар – 380 теңге" деген бағаммен шетелден импортталатын қызанақтың бір келісін бір долларға алып келдік делік. Енді қазір дәл сол қызанақтың бір келісі 0,95 доллар тұрады, бірақ "бір доллар – 465 теңге" деген бағамды аламыз (2020 жылы наурызда тіркелген ең жоғары көрсеткіш). Сонда қызанақтың теңгемен есептегендегі бағасы қандай болады? Бір келі қызанақ көлік шығыны (жеті пайыз), кедендік төлем (15 пайыз), қосымша құн салығы (14 пайыз) мен импорттаушының табысын қоспағанда 460 теңгеден түседі. Ал дәл осы параметрлер бойынша қызанақтың бағасы жарты жыл бұрын қанша еді? 380 теңге. Тұтынушы бағасындағы инфляция мөлшері қандай? 16,25 пайыз. Тұтынушы бағасында екі еселенген инфляция тіркеліп отыр. Ал девальвация ше? 22,23 пайыз – ол да екі еселенген. Бұл да қарапайым арифметика.

Осылай девальвация қарқынды өскен сайын инфляция да арта береді. Мысалы, бәрін өзіміз өндіріп, өзіміз тұтынып, валюта бағамынан қорықпайтын болсақ, жағдай қалай болар еді? Ұлттық банк "монетарлық саясаттың түпқазығы – бағаны ұстап тұру" (инфляциямен күрес) деп мәлімдейді. Инфляция шектен тыс тұтынудан туады деп түсіндіреді. Ал шектен тыс тұтынуға арзан несие беру ықпал етеді. Халық түсінбей, қолына түскеннің бәрін несиеге ала береді. Ал Ұлттық банк "Қазір біз ақымақ тұтынушыға ақшаның құнын түсіндіреміз – базалық көрсеткішті ақымақ адамдар несие алмас бұрын жүз рет ойланатындай етіп көтереміз" дейді.

Ұлттық банк монетаристердің бастамасымен кез келген дағдарысқа "Біз кінәлі емеспіз, инфляцияға халық кінәлі!" (бұл Ерболат Досаевтың 2019 жылы айтқан сөзі) деп жауап беру үшін осындай ақылға қонымсыз концепцияны 2007 жылдан бері ұстанып келеді. Нәтижесінде базалық мөлшерлемені 9,5 пайыздан 24 пайызға дейін көтереді. Ақшаның бағасы құбылмалы – несие бойынша жылдық мөлшерлеме 36–50 пайыз. Қарыздың өндірілетін тауарлар мен атқарылатын қызметтердің өзіндік құнынан қайтарылатын үлесі 16–20 пайызға дейін жетеді. Яғни, кез келген кәсіпкердің бүкіл табысы банкте қалады деуге болады. Бірақ кәсіпорын жабылып қалады. Жұмыссыз адам көбейіп, халық кедейлене түседі, қарызын қайтара алмайды, баспанасынан айырылады, ал инфляция бұрын қандай үлкен қарқынмен өссе, дәл солай арта береді.

Жұмыссыз адам көбейіп, халық кедейлене түседі, қарызын қайтара алмайды, баспанасынан айырылады, ал инфляция бұрын қандай үлкен қарқынмен өссе, дәл солай арта береді.

Не істеу керек? Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі үш пайыз көлемінде тұрақтап, өсімқорлық пен тұтынушылық несиелер беруді шектеу туралы заң қабылдануы керек.

Бизнес пен халықты несиелік оңалтудан өткізіп, банктердің қаржыландыру операцияларындағы монополиясын шектеп, қаржы секторын толықтай либерализациялау қажет. "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасынан бизнеске арналған қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды алып тастаған дұрыс. Бұл "Бизнестің жол картасы-2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларына қарастырылған бюджеттің 47 пайызын үнемдеп, қаржыны мақсатсыз жұмсаудың алдын-алады. Осылай жылына 500 миллиард теңгеден астам қаржы үнемдеуге болады.

МҰНАЙ БАҒАСЫ МЕН БОЛҒАН ЖАҒДАЙДАН САБАҚ АЛ(МА)У ТУРАЛЫ

Азаттық: Сәуірде Қазақстанның экспортқа шығаратын негізгі тауары – мұнай бағасы төмендегеннен кейін теңгенің едәуір құнсызданғанына куә болдық. Қазір біраз өскен мұнай бағасы қайта төмендеп жатыр, сонымен қатар теңге де әлсірей бастады. Неге? Бұған не әсер етеді? Мұнай ғана ма?

Айман Тұрсынхан: Мұнай бағасы ұлттық валюта бағамының қалыптасуында негізгі рөл атқармайды. Өйткені бүгінде мұнай шикізатынан түсетін табыстың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 17 пайыздан, Ұлттық қорға аударылған төлемдер арқылы жиналған салықтағы үлесі 12 пайыздан төмен. Валюта бағамы мен кез келген тауардың бағасына ұсыныс пен сұраныс әсер етеді. Бұл қарапайым теңдеу:

  • Сыртқы сауда бойынша қатты валютадағы кіріс пен шығыстың қатынасы – сауда сальдосы.
  • Сыртқы міндеттемелер мен инвестициялар бойынша валютадағы кіріс пен шығыс қатынасы – шетелдік инвестициялар мен қарыздардың кірісі, міндетті төлемдерге жұмсалған шығын мен капиталдың елден шығарылуы.
  • Заңды және физикалық тұлғалардың операциялары бойынша (азаматтардың қарапайым ақша аударымдарына дейін) қатты валютадағы кіріс пен шығыстың қатынасы. Сізге қызық көрінетін шығар, бірақ көрші мемлекеттерде жұмысшы мигранттар экспортындағы теңдік Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жақсы.

Бізде валюта бағамына нарықтан тыс жасалатын әсерге Ұлттық банктің валюта нарығындағы интервенциясы, Ұлттық қордан мемлекеттік бюджетке жасалған трансферт конвертациясы кезіндегі валютаның жаппай сатылымы жатады.

Азаттық: Қазақстандағы пандемияның әсерінен туған дағдарыс қаншалықты ұзаққа созылуы мүмкін?

Айман Тұрсынхан: Нарық заңдылығы бойынша, делеверидж кемі үш-бес жылға созылады. Радикалды реформаларсыз 2021 жылдың 1 наурызына дейін дағдарыстың салдары түзетуге келмейтін қалыпқа түседі. 2021 көктеміне дейін реформаларды жүзеге асыру үшін бізге дәл қазір жедел өзгерістер керек.

Азаттық: Үкімет пен халық қазіргі жағдайдан қандай сабақ алуы керек деп ойлайсыз?

Айман Тұрсынхан: Үкімет ешқандай сабақ алмайды. Неге? Оларды қысқа мерзімде ғана ойлануға үйреткен. Олар функционалды міндетінен артық ештеңе көрмейді. Олар бәрін дұрыс жасап отырмыз деп сенеді. Бүкіл адамзатқа берілген жалғыз суперми соларда ғана бар. Ал олар – ашу шақыратын сыртқы дүниелерге мүлде реакция білдірмейтін, орталықтан жүйке импульстерін алып отыратын дене мүшелері ғана.

Қазіргі белсенділіктің төмендігі мен шүкіршілікке қарап, бұл жағдайдан халық та ешқандай сабақ алмайтын шығар деп қорқамын. Басына не салса да, көніп, ойланбастан азапқа мойынсұнған адам құтқаруға лайық емес те шығар.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қоғам мүддесін шетке сырып". Мемлекеттік сатып алу саласы жемқорлықтан қайтсе арылады?