Тамыздың 15-інде бейресми түрде қазақстандық археологтар кәсіби мейрамын атап өтеді. Солардың бірі - тәуелсіздіктен кейін өскен археологтардың жаңа буын өкілі Айбар Қасеналин. Азаттық жас зерттеушімен олжа іздеп заңсыз қазба жұмыстарымен айналысатын "қара археологтардың" әрекетіне қалай тоқтау салуға болатыны, елдегі тарихи ескерткіштер қаншалықты тіркеліп-қорғалғаны және жалпы археологияның ахуалы туралы сұхбаттасты.
«ҚАЗЫНА ІЗДЕУШІЛЕР» МЕ, ҚАРАҚШЫЛАР МА?
Азаттық: – Соңғы жылдары ел ішінде археологиялық орындарға заңсыз түрде түсіп, тонаумен шұғылданатын «қара археологтар» жайлы жиі айтылып жүр. Мұндай жұмыстармен айналысатындар кім және олардың әрекетіне заңмен тосқауыл қою мәселесі қалай реттелген?
Айбар Қасеналин: – «Қара археологияны» ғылыми тұрғыдан «заңсыз қазба жұмыстары» деп атайды. Онымен айналысатындар әдетте металл іздегіш құрылғымен және магнитті аспаптармен жарақтанып алады. Олар өздерін сіз айтқандай «қара археолог» емес, «қазына іздеушілер» деп атайды. Әлеуметтік желідегі [қазба орындарына түсу туралы] түрлі видеоларды көріп алады да, сонымен айналысуға тырысады. Әрине, заңдық тұрғыда оларға шектеу қойылған. Мәселен, олардың археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуіне тыйым салынған. Қылмыстық кодекстің 295-бабында «Тарихи-мәдени мұра объектісінде археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған.
Азаттық: – Қазақстанның қай өңірінде археологиялық мұраларды тонау жиі кездеседі?
Айбар Қасеналин: – Бар екенін жасыра алмаймыз, бірақ сонымен қатар оның аз немесе көп екенін туралы да айта алмаймыз. Өйткені арнайы статистика жүргізілмейді. Бірақ Ресеймен шекаралас аймақтарда жиі кездеседі. Себебі Ресейде заңсыз қазба жұмысымен айналысатындарды қатты қысып тастады да, олар бізге қарай шығып кетті. Шығыс Қазақстанда заңсыз жұмыстармен айналысқандар бар. Батыс Қазақстанда «Қырық оба» деген жерде бес метр тереңдікке төбесінен қазып түскен жағдай болды.
Азаттық: – Заңсыз қазылып алынған археологиялық заттар қайда саудаланады?
Айбар Қасеналин: – Біріншіден, археологиялық затты сатуға болмайды. Өйткені бұл - тарихи құндылыққа ие жәдігер. Сол себепті оны заңсыз қазып алған адам ғана емес, сатқан адам да заң бойынша қудаланады. Бірақ соған қарамастан олар тапқан «олжаларын» әлеуметтік желідегі топтар арасында саудаға қояды.
«ҚАЗІР АРХЕОЛОГИЯДА ЕСЕП БЕРУ МІНДЕТТЕЛМЕГЕН»
Азаттық: – Қазақстанда қазір археологиялық қазба жұмыстарымен айналысатын топтар өте көп. Оларға арнайы лицензияны кім береді және жұмысына кім бақылау жүргізеді?
Айбар Қасеналин: – Лицензия беру - автоматтандырылған жүйе. Egov.kz сайтына кіріп, сол жерден арнайы қойылған талаптарды орындайсыз. Ол талап – археологиялық қазба жұмысымен айналысатын топта тарихшы немесе археолог маман болу керек және оның үш-бес жыл аралығындағы тәжірибесі болуы тиіс. Сонымен бірге қазба жұмыстарына қатысты құралдармен бірге ғылым субьектісі ретінде аккредитациядан өткен мекеменің ұсыныс хаты болуы қажет. Қазба жұмыстарына ешқандай бақылау жүргізілмейді.
Азаттық: – Ал қазба жұмысын жүргізуге берілген лицензияның шектеулі уақыты бар ма?
Айбар Қасеналин: – Жоқ. 2013 жылға дейін лицензия бір жылға ғана берілетін. Одан кейін лицензиядағы уақыт шектеуін алып тастады. Яғни, қазір лицензияны бір рет аласың. Сонымен өмір-бақи қазба жұмыстарын жүргізе бересің. Бірақ бұл кімнің қай жерде қандай жұмыс жүргізіп жатқанын анықтауға мүмкіндік бермейді. Өйткені қазіргі қазба жұмыстары жоспарланбайды. Қолында лицензиясы бар адам өзі қалаған жерін барып қаза береді.
Азаттық: – Жақсы, қаза берсін. Бірақ, сол қазған жұмыстары туралы қандай да бір мекемеге немесе министрлікке есеп бере ме?
Айбар Қасеналин: – Мысалы, бізде қазба жұмыстарына қатысты екі министрлік бар. Біріншісі - Білім және ғылым министрлігі, екіншісі - Мәдениет және спорт министрлігі. Біріншісі ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізсе, екіншісі тарихи мұраларға қатысты қазба жұмыстарымен айналысады. Екеуі екі бағытта қаржыландырылады. Ал қазба жұмыстарымен айналысу үшін лицензия алған 100-ден астам ұйым бар. Осы ұйымдар қолдарына түскен қаржыға байланысты өздері қалаған жерлерін қаза береді. Оның есебін ешкім сұрамайды да. Әрине алғаш жобаны бекіткен кезде «Үш жыл ішінде мынандай жерлерді қазамыз» деп бірдеңені көрсетеді. Ал оның қазған - қазбағаны жайлы ешкімге есеп бермейді. Мысалы, өткен жолы түгендегенімде 2018 жылы 90-ға жуық археологиялық ескерткіштерге қазба жұмыстары жүргізілу керек болатын. Солардың қазған материалдары қайда? Кім кімге есеп беріп жатыр? Бұрын Ә. Марғұлан атындағы Археология институтына қазба жұмыстарының есебін тапсыратын еді. Қазір ол жұмыс міндеттелмеген.
«ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ МӘЖІЛІСКЕ ЖОЛДАНДЫ»
Азаттық: – Қазылған ескерткіштің көмілмей, консервация жасалмай, сол беті ашық-шашық қалып кетуі де осы есеп бермеудің салдары ма?
Айбар Қасеналин: – Ондай жағдайлар жиі-жиі болып тұрады. Өйткені осыған дейін қаражат тек қазуға бөлініп келді. Кейін жергілікті жердегі тұрғындардың наразылығына байланысты қайтадан көміп, қалпына келтіру мәселесі қолға алынып жатыр.
Осыған дейін қаражат тек қазуға бөлініп келді. Кейін жергілікті жердегі тұрғындардың наразылығына байланысты қайтадан көміп, қалпына келтіру мәселесі қолға алынып жатыр.
Азаттық: – Археологиялық ескерткіштерді заңды тіркеуге алу жұмыстарымен кім айналысады?
Айбар Қасеналин: – Жергілікті ескерткіштер тіркеу бойынша бірнеше категорияға бөлінген. Біріншісі - әлемдік мәдени мұра. Ол ЮНЕСКО тізіміне енген ескерткіштер. Екіншісі – республикалық мәдени мұра тізіміне енген ескерткіштер. Олардың саны шамамен - 219. Үшіншісі – жергілікті маңызға ие ескерткіштер. Олардың саны мөлшермен 13 мыңдай. Содан кейінгісі тіркелу процесіндегі ескерткіштер. Оны түгендеумен жергілікті жердегі атқарушы органдар айналысады.
Азаттық: – 1992 жылы қабылданған «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен сақтау» туралы заң археологиялық мұраларды сақтауға қаншалықты қауқарлы?
Айбар Касеналин: – Осы заңға бүгінге дейін көптеген толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Бірақ жетіспейтін жерлері әлі бар. Соның бірі – жүргізілетін қазба жұмыстарын жүйелеу мәселесі туралы арнайы бап жоқ. Қазір жаңа заңның жобасы дайындалып мәжіліске жолданды. Егер жаңадан заң қабылданса, археологиялық қазба жұмыстарын бір жүйемен, есеппен ғана жүргіземіз.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет!